Сингапурлық ғажайып

Қазақстандық арманға қалай қол жеткіземіз?

Биыл Қазақстан мен Сингапурдың арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толып отыр. Атаулы күнге орай, екі мемлекеттің басшылары бір-бірін құттықтап жеделхат та жіберді. Онда екі ел арасындағы әріптестік байланыстың одан әрі нығая түсеріне сенім білдірілген.

 Жемқорлықтан ада ел

Әлемнің ең дамыған озық отыздығының қатарынан, жалпы, әлемдік геосаясатта өркениетті елдер санатынан аталатын Сингапур – бүгінде әлемдегі ең ірі мегаполис. 4,2 миллион тұрғыны бар мемлекет тәуелсіздігін 1965 жылы жариялады. Нарықтық жүйеге негізделген экономика жағдайында тұрмыстық электроника, ақпараттық технологиялар, фармацевтика өндірісі және қаржылық қызмет түрлері жоғары дамыған Сингапур экономикасына трансұлттық компаниялардың ықпалы әлі күнге дейін сақталып отыр. Сарапшылар «экономикасы ашық, әрі жемқорлықтан ада ел» деп бағалаған Сингапурда бағаның тұрақты болуы да жергілікті тұрғындар үшін қолайлы жағдайдың жасалуына ықпал етуде.

 Шығысазиялық жолбарыс

Сингапурдың «Шығысазиялық жолбарыс» атануына елдің бірінші лидері Ли Куан Юдің ықпалы жоғары болды. Әлем лидерлері әлдеқашан мойындап қойған Лю Куан Ю Сингапурдың тарихын Үкімет пен Әкімшілік құрамын қайта толықтырудан бастады. Патриоттық рухымен ерекшеленген жастардан басқарушы органды қайта құрған Ли Куан Ю «ескі гвардияның» ішіндегі шынайы тарландарды да таңдап алды. Саланың тарландары жастарға жол көрсетуге, бай тәжірибесімен бөлісу үшін қажет еді. Осындай ұрпақ сабақтастығының сәтті аралығын тапқан реформатор Қаржы министрлігі жанынан «Темасек Холдинг» компаниясын құрды. Аталған компания мемлекет меншігіне қарайтын 500-ге жуық кәсіпорындарды басқарды. Іле-шала құрылған Сингапурлық даму банкі аталған кәсіпорындарды қаржыландырумен айналысты. Көп ұзамай мемлекеттік «Singapore Airlines» әуе компаниясы әлемдегі бәсекеге қабілетті базалардың біріне айналды. Себебі, аталмыш компания заманауи ұшақтарды сатып алып, жолаушыларға жоғары дәрежеде қызмет көрсетуімен ерекшеленді.

 500 доллардан 25 мың долларға дейін

Мемлекеттік компанияларды вице-министрлер басқарды. Олар кәсіпорынның қаржылық және экономикалық нәтижелі жұмыс атқаруына жауап берді. Бұл талап қағаз жүзінде қалмай, нақты жүзеге асты. Бір ғана оқулық мәселесін алсақ, біздің елімізде әлі күнге дейін басынан дау арылмай келе жатқан оқулықтардың жасалуы, дайындалуы, тіпті полиграфияда басылып шығу сапасына дейінгі процесті Сингапурде Білім министрінің орынбасары тікелей бақылайды. Осындай деңгейдегі барлық салаға тән тыңғылықты бақылаулар отыз жылға жетпейтін уақыт ішінде, яғни, небәрі 25 жылдың ішінде Сингапурдағы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің көлемін 500 доллардан 25 мың долларға дейін ұлғайтып тастады. Шын мәнісіндегі қарқынды серпіліс қуатты заңнамалық база, нәтижелі басқару, күнделікті орын алып жатқан процестерді жүйелі түрде талдап отыру, орын алған қателік-кемшіліктерді дер кезінде және жедел түрде жою, темірдей тәртіп сияқты маңызды факторлар негізінде мүмкін болды. Сингапурлық кереметтің әкесі атанған Ли Куан Юден бүгінде әлем үлгі алып отыр.

Тағы бір қызықты факт, сингапурліктер жемқорлыққа, жалпы, көлденеңнен келетін «оңай олжаға» мұқтаж емес. Неге? Себебі, сингапурлық жалақы басқа елдермен салыстырғанда жер мен көктей. Айталық, 280 миллион тұрғыны бар Америка президентінің жалақысы жылына 400 мың долларды құраса, халық саны әлдеқайда аз Сингапурда президенттің жылдық жалақысы – 1,5 миллион доллар! Премьер-министрдің айлығы – 1,1 миллион доллар. Шенеуніктерге мансабына, атқаратын міндеттеріне қарай жалақы төленеді. Енді қараңыз, қазақша айтқанда, Сингапурда әр тиынның сұрауы бар. Жалақы алдыңыз екен, жұмысыңызды соңына дейін сапалы атқарып, әр штрихына жауап беруге міндеттісіз. Бұл – талқыланбайтын бұйрық. Әрі, ас ішіп, аяқ босату үшін ғана жұмысқа келіп-кету деген бойкүйездік психологиясы сингапурлықтарға мүлде тән емес.

 Экспорт та, импорт та бар

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да Лю Куан Юмен әу бастан достық қатынаста екені белгілі. Саяси һәм ел басқарудағы сингапурлық әріптесінің бай тәжірибесін қашанда үлгі ете сөйлейтін Президент Нұрсұлтан Назарбаев аталған елмен серіктестік байланысты жан-жақты дамытуға назар аударып келеді.

Қазақстан бүгінде Сингапурға мұнайды шикізат күйінде, битуминозды минералдардан алынған шикізат күйіндегі мұнай өнімдерін экспорттап келеді. Ал, Сингапурдан импортталатын өнімдердің тізімі бұдан да көп. Химиялық өндіріс, пластмасса, текстиль, сәндік бұйымдар, қағаз өнімдері, электрлік, механикалық құрылғылар, транспорт, электронды, оптикалық жабдықтар елімізге сонау Сингапурдан әкелініп жатыр. Бір ғана 2016 жылғы деректерді мысалға алатын болсақ, Қазақстан мен Сингапурдың арасындағы тауар айналымы 71,2 миллион АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде, импорт көлемі – 27,7 миллион доллар, экспорт көлемі – 43,5 миллион доллар.

Халықаралық көрмелер бюросының мүшесі еместігіне қарамастан, Сингапур Қазақстанда өткен халықаралық ЕХРО-2017 көрмесіне де қатысты. «Кішкене қала – үлкен идеялар» ұранымен жасақталған Сингапур павильонында баламалы қуат көздерінен энергия алу тақырыбына арналған жобалар ұсынылды.

P.S. Кез келген елдің болашағын ғылым жасайтынын ескерсек, Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипломатиялық қатынастың озық нәтижесінде ретінде, 2011 жылы білім саласында қол қойылған меморандумды атауға болады. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен сингапурлық «Temasek Foundation» Ұлттық қоры және «Nanyang Polytechnic International» колледжі арасында қол қойылған меморандум Қазақстандағы техникалық және кәсіби білім беру саласын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етті. Назарбаев зияткерлік мектебі Сингапурмен арада стратегиялық байланыс орнатты. Ресми деректерде қазіргі таңда Сингапурде жүз қазақ студентінің «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алып жатқаны айтылып жүр. Мұның барлығы жақсы. Бірақ, біздің болашағымыз бұдан да жақсы болуы керек. Кешегі Сингапурлық ғажайып біздің елімізде салтанат құрып, жемісін берген қазақстандық арманға ойысатын болса, бұл Мәңгілік Еліміздің мұратына жеткендігі. Қазақстан мен Сингапурдың арасында дипломатиялық қатынастың ширек ғасырлық датасы екі елдің байланысын жаңа деңгейге көтеруі тиіс.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікірлер