Сирияның болашағы: Америка «үлкен ойыннан» шыға ма?

Күні кеше АҚШ президенті Дональд Трамп Америка сарбаздарының Сирия территориясын тастап шығатынын мәлімдеді. «Себебі, Америка өзінің алдына қойылған басты әскери мақсатты орындады. ДАИШ лаңкестік ұйымы (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым – авт.) толықтай талқандалды. Сондықтан, Сирия территориясында бұдан әрі қала беру, ақшаны құмға құюмен тең. Онсыз да Сирияға триллион АҚШ доллары жұмсалды», – деп нақтылады Дональд Трамп.

Асад нені көздейді?

АҚШ-тың бұл мәлімдемесін мүдделі елдердің басшылары қалай қабылдады? Сараптап көрелік. Сирия соғысындағы басты фигурант – Башар Асад. Соғыс басталғалы бері, тақ үшін текетіресте талай маневрларға барған Башар Асадтың қазіргі таңдағы басты мақсаты – елдегі билікті өз қолына қайтару. Оның үстіне, қазіргі өліара кезең Асад үшін аса маңызды роль ойнайды. Себебі, кім қалай десе де, ДАИШ баскесерлері белгілі бір дәрежеде бәрібір саябырсыды. Дәл бүгінгі таңда Асад Сирия Евфратының батыс бөлігіне ғана билігін жүргізіп отыр. Евфрат болса, осал аймақ емес. Себебі, бұл территорияда мұнай, газ, одан қалды агробайлық топтасып жатыр. Халықаралық сарапшылар «америкалықтар кетісімен, Асад режимінің бизнесмендері елдің шығыс аумағындағы байлықты талап жеуге дайын» деген пікірде.

Иранның есебі

Иранның жоғарғы лидері Али Хаменеи үшін «үлкен ойынды» аяқтаудың екі факторы маңызды. Яғни, Сирия толықтай Башар Асадқа бағынуы тиіс, екіншіден, «Хезболла» Сирия халқын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтындай деңгейде болуы керек.

Ресейдің арманы

Башар Асадтың билікке сенімді түрде оралуына Ресей де мүдделі. «Себебі, бұл фактор Владимир Путинге жаңаша мәлімдеме жасауға мүмкіндік береді. Яғни, Владимир Путин америкалықтарды толықтай жеңіп, сириялық режимді құлату идеясының күлін көкке ұшырғаны туралы жар салады», – дейді сарапшылар.

Эмоциялық бояуларсыз қарасақ та, Ресей бәрібір Сириядан оңайлықпен бас тарта қоймайды. Себебі, Сирияның Тартуста орналасқан әскери-теңіз базасы Ресей үшін стратегиялық мәнге ие. Аталмыш базаны Ресей Үнді мұхитындағы кемелерін қамтамасыз етуге пайдаланып отыр. Демек, Тартустағы базаны жаңғырту арқылы Ресей Жерорта теңізіндегі әскери салмағын арттыруға мүдделі.

Осыдан тура сегіз жыл бұрын Сирия президенті Башар Асадтың Тартусты Ресейдің әскери кемелерінің тұрақты базасына айналдыруға келісім бергені де өте маңызды штрих. Соңғы кезде Владимир Путиннің ел қаражатының ауқымды мөлшерін зымырандардың жаңа толқынын қалыптастыруға, жалпы, қару-жарақ әлеуетін күшейтуге жұмсап отырғанын ескерсек, Батыс санкцияларына, соның ішінде АҚШ-қа қарсы кез келген уақытта жойқын күшпен жауап беру үшін де Сирия басты қақпа саналады. Себебі, ресми Мәскеу Таяу Шығыс пен Жерорта теңізі жағалауына ықпалын Сирия территориясы арқылы ғана арттыра алады.

Зерттеу институттары жүргізген мәліметтерде, ресейлік әскери бір ұшақтың Сирия аумағымен бір сағат ұшуы шамамен 12 мың долларға жетеді екен. Мәселен, британдық «Ай-Эйч-Эс-Джейнс» институты сол зерттеулерде Сирияның Хмейм базасында жұмыс істеп жатқан ресейлік офицерлердің жалақысына айына 440 мың доллардай қаражат жұмсайтыны туралы мәлімет келтірді. Ресейдің «Яблоко» оппозициялық партиясы 2015 жылдың 30 қыркүйегі мен 2018 жылдың 28 ақпаны аралығында Ресейдің Сириядағы әскери операцияларға 3,06 миллиард доллар жұмсағанын мәлімдеді. Бұл цифр Ресейдің ішкі жалпы өнімінің 0,2% тең. Демек, осындай құрбандықтарға барып отырған Ресей Асадтың Сирия тағында қалуы үшін соңына дейін күресе береді.

Бір мемлекеттегі екінші пікір

Енді мына қызыққа қараңыз. Американың Қорғаныс министрлігі үш жылдан астам уақыттан бері ДАИШ-ке қарсы жүргізіліп келген соғыстың шығыс Сирия аумағы үшін аяқталмағанына сенімді. Мәселен, жақында Түркия Сирияның солтүстік-батыс аймағы – Африн территориясына басып кірді. Бұл жағдай Сирияның демократиялық күштерінің ықпалын әлсіретіп жіберді. ДАИШ-пен күресте бұл күш Америка үміт артып отырған басты механизм. Ал, халықаралық ақпарат агенттіктері таратқан соңғы мәліметтерде, бірнеше жүздеген лаңкестер әлі күнге дейін жасырын түрде болса да Сирияның оңтүстік-батысында өз әрекеттерін атқарып келеді. ДАИШ-пен күреске күш салып отырған халықаралық мемлекеттер лидерлері бұған дейін «лаңкестердің басым бөлігі өз ұяшықтарын Ирак территориясына салу арқылы, қайта күш жинауға мүдделі болып отыр» деген мәлімдеме таратқан болатын. Осы жағдайлар бүгінде террористік ұйымға қарсы күрестің белгілі бір деңгейде бәрібір жалғасып жатқанын көрсетеді. Бұл Американың Қорғаныс министрлігінің ресми пікірі.

Нөмірі бірінші сұрақ

Бір ел бола тұра, президенті мен құзырлы министрлігі екі түрлі пікір ұстанып отырған Сирияға қатысты саясат қалай жалғасады? Қазіргі таңда өткір тұрған сұрақ осы.

Егер Дональд Трамп ДАИШ-пен арадағы соғыстың жеңіспен аяқталғанын мәлімдеп, америкалық әскерилерді кері қайтаруға бұйрық берсе, сарапшылар террористік ұйымға қарсы күрестің құмға сіңген ақшадай далаға кетеріне сенімді. Айталық, бұдан әрі сценарий Башар Асадтың әлсіреген армиясы Иран әскерлерінің көмегіне жүгініп, бұған дейін АҚШ-тың ДАИШ-тен тазартылған территорияларын бағындырумен жалғасатын болса, сарапшылар Сирияның шын мәнісіндегі тәуелсіздікке қол жеткізе алмайтынына сенімді. «Мұндай жағдайда Иран Сирияға үстемдігін толықтай орнатады» дейді сарапшылар.

P.S. Біздіңше, Башар Асадтың алдында қазір екі жол тұр. Не Иранмен одақтасу немесе Ресей қанатының астына өту. Аталған мемлекеттердің бірінің көмегімен Сирия территориясына толықтай билік орнатқаннан кейін, Асад өзгенің дегенін екі етпей орындайтын байлаулы қуыршаққа айналады. Сандаған жылдардан бері жүздеген мың адамның қаны төгілген Сирия даласы өзгенің ықпалындағы өгей елге айналуы мүмкін. Бірақ, бұл да болса қаннан көз ашпаған халыққа бонус болмақ. Себебі, сириялықтар соғыстан, жарылыстан шаршады. Оларға қандай жолмен келсе де, тыныштық керек.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікірлер