Тарихи сапар

Астана мен Вашингтон. Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа жылдағы алғашқы сапары Америкадан басталды. Халықаралық сарапшылар «тарихи қадам» деп баға берген Елбасының бұл сапарының астарында үлкен геосаяси маңыз жатыр.

Ядролық қауіпсіздік һәм моральдық құқық

Орта Азия кеңістігінде тұңғыш рет алпауыт ұйымға төрағалық етіп отырған Қазақ елінің бұл миссиясы жаһандық саясаттағы жауапкершілігі зор, стратегиялық маңызы үлкен қадам. Әлемдік саясат аласапыран кезеңді бастан өткеріп жатқан бүгінгідей алмағайып заманда Қазақ елінің ядролық қауіпсіздік тақырыбын күн тәртібіне шығаруының өзі – саяси ерлік. Себебі, бұл жерде мәселе Америка, Ресей, Иран және Солтүстік Кореяға тікелей байланысты.

Ресми сапардың ең маңызды тұсы – әлбетте, Қазақстан көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка президенті Дональд Трамппен кездесуі. Кездесу барысында талқыланған мәселелер туралы америкалық әріптесімен бірлескен баспасөз-конференциясында журналистерге әңгімелеген Қазақстан Президенті «Бізді Америка мен Ресейдің қарым-қатынасы алаңдатады» деп, жаһандық саяси ахуалға кері әсерін тигізіп отырған қос алып держава арасындағы мәселені орынды қозғады. Әлем тыныштығына кері әсерін тигізіп отырған Солтүстік Кореямен арадағы мәселені Қазақстан Президентінің пайымынша, АҚШ, Қытай және Ресей ғана бірлесіп шеше алады.

Сондай-ақ, Назарбаев әлемдегі ең ірі төртінші ядролық арсенал саналатын ажал қаруынан бір кездері бас тартқанымызға тоқталып, «қазақстандық жолды» жалғастыруды өзгеге үлгі етуге моральдық құқығы бар бірден-бір мемлекет екенімізді орынды атап өтті.

Баспасөз конференциясы барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстанға байланысты жүргізіліп жатқан жаһандық саясатты қолдайтынын айтты. «Ауғанстан жерінде америкалық әскерилердің орналасуы ресми Вашингтонның ғана емес, күллі әлемнің мәселесі. Терроризмнің жаңа ошағына қарсы тұру – Ауғанстанға көршілес орналасқан елдердің, барлығымыздың мәселеміз» деп атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев әлемді жаһандық қауіпсіздік жолында бірігуге шақырды.

Келісім құны 7,5 миллиард доллар!

Тағы бір маңызды штрих, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапары аясында АҚШ-тың іскер топтары өкілдерімен кездесті. Басты нәтиже сол, кездесу аясында жалпы сомасы 7,5 миллиард АҚШ доллар сомаға инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы жиырмадан астам екіжақты экономикалық құжатқа қол қойылды. Енді, америкалық капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын бірлескен жобалар Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларын қамтып қана қоймай, дамудың жаңа деңгейіне көтеретін болады.

Маңызды құжаттардың қатарынан Қазақстан мен АҚШ ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерді атауға болады. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, хабарлама таратқан «ҚазАқпарат» агенттігінің мәліметінде, ҚР Аэроғарыш комитеті мен АҚШ Ішкі ресурстар департаментінің АҚШ Геологиялық қызметі («USGS») арасында Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық технологияларды қолдану саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық пен кеңістіктік мәліметтер инфрақұрылымын дамытуға бағытталған хатқа және геоақпараттық жүйелердің сапасы мен өнімділігін арттыратын ақпараттық технологиялардың жетекші әлемдік жеткізушісі «Hexagon Geospatial» компаниясымен арада ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаны айтылады. Бұл жаңалықтың өзі қазақ ғарыш саласының дамудың жаңа сатысына көтерілетінін көрсетеді.

Екі жақты карт-бланш

Асылында, бұл Қазақстан көшбасшысының Дональд Трамппен алғашқы жүздесуі емес. Қос президент бірінші рет өткен жылдың мамыр айында Сауд Арабиясында кездескен. Америкалық беделді портал The Daily Signal-дың пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақүйге ресми сапармен келуі – Дональд Трампқа Америка мүддесін, соның ішінде геосаяси, экономикалық мүдделер, қауіпсіздік тақырыбын Орталық Азияға көрсету мүмкіндігін берді.

«Бастысы, Орталық Азия Еуразияның маңызды геосаяси торабында орналасқан. Қазақстан құрлықтың дәл жүрегінде орналасқан және экономика, қауіпсіздік, энергетикалық мәселелер бойынша өңірлік көшбасшы болып отыр. Америка мүддесі үшін өңір елдерімен, әсіресе, Америка серіктесі – Қазақстанмен жақсы қарым-қатынаста болу аса маңызды. АҚШ Орталық Азиямен анағұрлым тұрақты стратегиялық өзара қарым-қатынас орнатуы керек, ал Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақ үйге келуі – оның тамаша бастамасы» деп жария етті портал.

Қалай десек те, тарих қойнауында қалған сонау ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бері Қазақстанның Америкамен арадағы орнықты байланысы дамыды. Бүгінде жаһандық игілікті істердің бастамашысы болып жүрген еліміздің дала дипломатиясына негізделген «қазақстандық моделін» Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі күллі планетаға үлгі етуі, әрине, тарихи маңызы зор жеңіс.

Қазақ еліне деген сенім

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы және төрағалық ету мәртебесіне ие болуын жаһандық сарапшылар әлемдік қоғамдастықтың Қазақ еліне және оның бейбітшіл саясатына деген сенімі ретінде бағалауда.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап өткеніндей, мәртебелі қызметтегі Орталық Азияның бірінші мемлекеті бола отырып, Қазақстан Дүниежүзілік ұйымның бұл маңызды органындағы өңір халықтарының «үніне» айналды.

Мәртебелі шара барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруды таратпау саласындағы сенімді нығайта түсуді қамтамасыз ететін бірнеше ұсыныс тастады. Біріншіден, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет. «Корей Халық Демократиялық Республикасының әрекеті ядролық қаруды иеленсем деген амбициясы бар басқа елдерді осындай қадамға итермелеуі мүмкін. Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа күмән келтірмей, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы резолюциясын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл құжат Шартты бұзатын елдер үшін осының нақты салдарын, соның ішінде санкция шаралары мен мәжбүрлеу шараларын айқындайтын болады», – деп атап өтті Президент.

Жаппай қырып-жоятын қаруды иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзірлеу, Елбасы ұсынған екінші мәселе болды. Қазақстан лидерінің пікірінше, бұл жерде жаппай қырып-жоятын қаруды иемдену ниетіне жол бермеудің басты шарасы ретінде ядролық державалардың кепілдігін заң жүзінде міндеттейтін жүйені дамыту маңызды. Яғни, бұл ядролық қаруы жоқ мемлекеттер үшін керек.

Қазақстан басшысы еш мағынасы жоқ әрі арандатушылық туғызатын әскери блоктарға бөлінуді өткеннің үлесіне қалдыру керек деп есептейді. Сондай-ақ, Президент халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтаруды ұсынды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікірлер