Түркі жұртының бірігуі – үлкен геосаяси күш

Астанада Үлкен Түркі құрылтайына қызу дайындық жүріп жатыр. Осыған орай Құрылтайды шақыру үшін Халықаралық ұйымдастыру комитеті құрылды. Ұйымдастыру алқа мүшелігіне Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Әзірбайжан, Молдова, Ресей елдерінің белгілі мәдениет және қоғам қайраткерлері тартылып отыр.

Осыдан бірер жыл бұрын «Барша әлем түркілеріне үндеу» жарияланды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алтай мен Жерорта теңізінің аралығында 200 миллион қандас өмір сүріп жатыр. Егер біз біріксек, алып күшпіз!» деген үндеуі түркі халықтарының бәрінің ойынан шықты. Халықаралық ұйымдастыру комитеті мүшелерінің айтуынша, бір жыл ішінде әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан түркі халықтарының бәріне сол тұста осы үндеу таратылып, ол түрлі ұлттардың тіліне аударылып, бірлікке, ұйысуға шақырумен толысты. Үндеу барша түркілерді, Карпат тауларындағы мадиярлар мен секелдер, Якутиядағы сахалар, Солтүстіктегі долғандар, Үнді теңізі жағасындағы қашқайларды қамтып, ешбір түркі жұрты ескерусіз қалмады.

Алдағы Үлкен құрылтайда барша түркі халықтарына ортақ сөздік құрастыру мәселесі талқыланбақ. Бұдан бөлек, руна жазуы негізінде жасалған ортақ түркі әліпбиін жасау, түркі халықтарының ортақ тарихы мен ортақ кітабын жазу мәселелері ортаға салынады. Егер ортақ әліпби жасау ниеті ойдағыдай жүзеге асса, онда тіл мамандарының айтуынша, барлық түркі халықтары 20 жылдан соң бір-бірімен еркін түсінісетін болады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы да осы өзекті мәселені қамтып отыр.

Үлкен Түркі құрылтайын ұйымдастырудағы мақсат – түркі халықтарының интеграциясын жандандыру, рухани-мәдени байланысын күшейту. Бұл құрылтай ешбір мемлекеттің ішкі ісіне араласпайды, саяси мәселелерді де қозғамайды.

Өткен жылы Мажарстанда бесінші Үлкен Ғұн-Түркі құрылтайы өтті. Бұл жиын өзінің ауқымдылығымен Гиннестің рекордтар кітабына енді. Әлемнің жиырма елінен келген аса мәртебелі қонақтардың алдында ежелгі ғұн әскері сап құрып, Аттила-Еділ заманындағы түркінің жеңімпаз рухын тірілткендей болатын. Әлем елдерінен 150 мың түркілер қатысқан құрылтайға Қазақстаннан арнайы делегация барып, ат өнері мен қазақтың көкпар ойынын көрсетіп қайтқан. Мажарлық қыпшақтар осы өнерін өткен тамыз айында Астана қаласында өтіп жатқан ЭКСПО-2017 аясында тағы бір көрсетті. Тақырып аясында арнайы «Қыпшақтар апталығын» өткізіп, онда ежелгі түркілер тарихына тағы бір рет шолу жасады.

Алдағы Үлкен Түркі құрылтайы Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы түйіскен жерде, Хан Тәңірі тауының етегінде өткізілмек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл құрылтайға шамамен 10 мың адам қатысады делініп отыр.

Біз кезінде ерікті, еріксіз алыстап кеткен өз рухани қазығымызға қайта келе жатқан жұртпыз. Қазақстан көшбасшысының «Рухани жаңғыру» бастамасы соның көрінісі.        Тағдыр тәлкегімен еңсе көтерместей болған көкбөрі рухты түркі жұрты қайта өрлеп келеді. Түркілік бірлік өте баяу жүргенімен, оның келешегіне үмітіміз зор. Өйткені түбіміз, тегіміз, тіліміз, дініміз, діліміз бір болғандықтан, түркі бірлігінің іргетасы қандай дауылға да шайқалмай, қасқайып тұратынына сенім мол. Отаршылдық салдары бүгінгі бірігуге тым көп кедергі мен қиындық түсіріп отырғаны да жасырын емес.

Қазіргі геосаяси жағдай мүлдем басқа. Әлем картасында Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданған түркі мемлекеттері – тарихи шындықтың жемісі. Алайда, бұл мемлекеттердің арасында тарихи-этникалық, тілдік, діни, әдет-ғұрып, мәдени жақындықтар бар екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. ХХІ ғасыр көгінде терезесі тең түркі мемлекеттері экономикалық, мәдени және саяси негізде арна тауып, бір-бірімен достық, туыстық қатынаста ілгері дамитын болса, бұдан ұтатынымыз көп. Бұдан алдымен түркі дүниесінің ортақ мүддесі ұтатын болады.

Түркі әлемінде алты мемлекет – Қазақстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан ғана тәуелсіз ел болса, қалған түркі халықтары басқа мемлекеттердің құрамында өмір сүріп жатыр. Былайша айтқанда, жарты түркі әлеміне азаттықтың ауасын жұту бақыты бұйырмай келеді. Қытайда – Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы, Ресейде – Башқұртстан, Татарстан, Кабардин-Балқар Республикасы, Карашай-Шеркес Республикасы, Дағыстан, Алтай Республикасы, Долған-Ненец автономдық округы, Саха, Тыва, Хакасия, Чувашия, Молдовада – Ғағаузия, Өзбекстанда – Қарақалпақстан Республикалары бар. Бұлардың ішінде Кабардин-Балқар Республикасында, Қарашай-Шеркес Республикасында, Дағыстанда, Алтайда, Сахада, Хакасияда жергілікті түркі халықтары азайып кеткен. Тіпті, кейбірінде түркі жұрты 12-14% қамтитынын ұмытпауымыз керек.

Алайда, тәуелсіз деген алты түрік мемлекетінің өзара бірлігі аса қуантарлықтай емес. Сол геосаяси, экономикалық қуаты, энергетикалық әлеуеті орасан зор алты түркі елі өз мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай отыр. Мәселен, тәуелсіз түркі тектес алты елдің жиынтық жалпы ішкі өнім көлемі 1 триллион 430 млрд доллардан асып жығылады. Ал, халқы 111 млн 243 мың адамнан асады. Бұл, біле-білсек, өте үлкен геосаяси күш.

Түркі бірлігі дегеніміз – тенденция. Ол идея дүние жүзінде бар тәжірибе. Бүгінгі таңда осы мазмұндағы басқосу шаралары жиі өткізіліп жүр. Бұдан түркі идеясының шындыққа қарай бағытталып жатқанын көреміз. Халықаралық сарапшылар бұл идеяға сындарлы қарайды. Соңғы рет мұндай басқосу Нахичеванда болды. Кездесуде саясаткерлер келелі ұсыныстар айтты. Саясаткерлердің ұсынысын түрік қоғамы қолдап отыр.

Бұған дейін Фин-угор тенденциясы болды. Оның аясына Финляндия, Карелия, Мордва халықтары бірікті. Бертін келе ол тенденция жарты жолда сөніп қалды. Парсы тілді елдердің де тенденциясы бар. Оған Иран, Ауғаныстан, Тәжікстан елдері қамтылды. Парсы тілді елдердің саммиті деп аталатын жиында мемлекет басшылары жиі бас қосып тұрады. Бірақ сол тенденция түркі бірлігінен гөрі әлсіз. Қазір Ресейдегі татар, башқұрт, Кавказдағы бірқатар халықтар да түркі әлеміне қызығушылық танытып, сырттан бақылап отыр. Егер бастаманы қолдауда тараптар жағынан табандылық болса, болашақта Түркі бірлігі геосаясат деңгейінде негізгі ойыншыға айналуы мүмкін.

Түрікшілдік идеясы бұрын отаршылдыққа қарсы ағартушылық сарында сипат алса, қазіргі кезде бұл идея ортақ интеграцияға қызмет етуді көздейді. Демек, игілік жолындағы түркі идеясы әлем елдері тарапынан қарсылықтарға ұшырамайды. Әйтсе де, біз түркілік интеграцияға үлкен талпыныстар барысында қиындықтарға тап болып келеміз. Бүгінгі таңда түркі бірлігіне бірқатар батыл қадамдар жасалып отыр. 2009 жылдың 3 қазанында алғаш рет Нахичеванда Түркі тектес елдердің кеңесі құрылды. Қазіргі кезде «Түрксой» ұйымы түркі тектес елдердің арасында мәдени ынтымақтастық саласындағы қатынасты дамытуға бастамашылдық танытып келеді.

Түркі тілдес елдердің Парламенттік ассамблеясы, Астанадағы Түркі академиясы, оның жанынан ашылған түркі әлемінің мұражайы жұмыс істеп тұр. Бұл жетістіктерге Қазақстан Президентінің де қосқан үлесі бар. Алайда, Түркі кеңесіне туыстас елдердің төртеуі ғана – Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан және Қырғызстан бас біріктіріп отыр. Ал, Өзбекстан мен бейтарап Түркіменстан ұйымнан әлі де тысқары қалуда. Түркі кеңесі саяси одақ емес, оның үлгісі Ұлыбританияның Ұлттар қауымдастығына, Араб мемлекеттерінің Лигасына ұқсайды. Бұл – ортақ мүдделерді тоғыстыратын еркін алаң екенін танытады.

1993 жылы 12 шілдеде құрылған «Түрксой» ұйымы туының аясына бүгінде 14 түркі елін біріктіріп отыр. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Түркия, тәуелсіздігі танылмаған Солтүстік Кипр Түрік Республикасы және басқа елдің территориясындағы федералдық субъекті немесе автономды аймақ болып саналатын Алтай Республикасы, Башқұртстан, Молдовадағы Гагаузия, Хакасия, Саха, Тыва, Татарстан «Түрксой» ұйымының шаңырағын бірлесіп көтеріп келеді.

Түркі жұртының жалпы саны – 190 миллионға жуықтайды. Түркия – 60 млн, Түркіменстан – 5 млн, Өзбекстан – 30 млн, Әзірбайжан мен Иран – 40 млн, Кавказ (Әзірбайжанды қоспағанда) 2 млн, Қазақстан – 12 млн, Қырғызстан – 3 млн, Ресей – 11 млн, Қытай – 13 млн, Еуроодақ – 2 млн (Ұлыбританияны, Германия мен Францияны есепке алмағанда), АҚШ – 8 млн, Германия – 3 млн, Франция – 40 мың, Ұлыбритания – 40 мың, Моңғолия – 80 мың, Жапония – 10 мың, Канада – 10 мың, Бразилия – 10 мың, Аргентина – 10 мың, Украина мен Белоруссия – 30 мың, Латын Америкасы (Бразилия мен Аргентинаны есептемегенде) – 80 мың, Австралия – 60 мың, әлемнің басқа аймақтары – 1,4 млн адам.

Түркі әлемі тарыдай шашырап орналасқан. Ортаазиялық түркі елдерінен Әзірбайжан мен Түркияның шекарасы өте алшақ орналасқан. Олардың жазу мәдениеті де әртүрлі. Түркі елдерінің бірі латын әліпбиін, енді бірі кириллицаны қолданады.

Түркілік тренд дамып келеді. Себебі, олар географиялық жағынан ұқсас. Қазір түркі бірлігінің дамуында шынайы факторлар бар. Оны біріктіріп отыратын қауымдастықтар да жетерлік. Уақыты келгенде Ресейдегі Татарстанның, Башқұртстанның дербес мемлекеттік туын көтеруі ғажап емес.

Түркілік тренд мәселесі 2010 жылдан бастап туыстас елдер басшыларымен болған басқосуларда ресми түрде көтеріліп келеді. Осы жылдан бастап Түркі одағының іргетасы құрыла бастады. Бірақ, осыған орай бізге ешбір тарап неге бұл тақырыпты талқылайсыздар деп кінә қойған емес. Түркі одағының мақсат-міндетін анықтау туралы Түркі одағының хатшылығы Стамбұл қаласында құрылған. Әзірбайжан қаласындағы «ТүркПА» одағына төрт мемлекет бірігіп отыр. Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Түркия. «ТүркПА» – Парламентаралық ассамблея, оның штаб пәтері Әзірбайжанның Баку қаласында орналасқан. Одақ шеңберінде Түркі академиясы жұмыс істейді. Ол Астана қаласында орын тепкен.

Түркі өркениетінің даму тенденциясын ғылыми түрде зерттеп, оны одан әрі дамытуға екпін түсіру керек. Біздің тарихи дамуымыз бір, көздеген мұратымыз да ортақ. Түркі халықтарының тарихи дамуын мәдени диалог, рухани диалог, ғылыми диалог арқылы дамытуды қолға алуымызды өмірдің өзі талап етіп отыр. Біз ұзақ уақыттар бойы әртүрлі мемлекетте әртүрлі идеология ауанында өмір сүріп келдік. Түркі әлемінің гүлдену дәуірі енді туды. Түркі өркениетінің жаңа өмірі басталды! Туыстас халықтар қайсар рухына мініп, өз жұртына қайтуы тиіс. Түркі әлемі, түркі әлеуеті, түркі халқының бақыты енді оңынан туып отыр. Біз ғаламның қараңғы бетін бүркіп тастап, ортақ бірлігімізді бекемдей түсуіміз керек.

Түркітілдес егемен мемлекеттердің қай-қайсысы да еш уақытта бірігіп бір мемлекет, бір ұлт бола алмайды. Ол бізге қажет те емес. Олар өздерінің күл төккен жерлерінде отырып-ақ, бірлігіне бекем болса жетіп жатыр. Бүгіннің өзінде жас түркілердің әлемдік кеңістікте дербес мемлекет, өз алдына ту көтерген ел болып отырғаны зор айбар. Айбарымызды арттыру үшін рухани-мәдени мәселелермен ғана шектеліп қалмай, экономикалық-саяси жақындықты да өрістете түсуіміз қажет. Бүгінгідей әркім өз көрпесін өзіне тартып, айналасын жаумен қоршап жатқан аласапыран мезгілде біздің ортақ мүддемізді қорғайтын тұстарымыз көп. Ал саясаттағы бірліктен күллі түркі этносының ұтары бар.

Ынтымақты одақ дегенде біз Еуроодақты алға тартамыз. Олар бір-бірімен виза, валюта, кеден, шекара мәселесінде ортақ кеңістік енгізіп отыр. Егер бұйырым болса, түрік бірлігінің жанында Еуроодақ жіп есе алмайды. Ұзақ жылдар бойы бір-бірінің басынан сөз асырмай жауласқан Еуропа неге бір кеңістікке бірігіп отыр? Француз бен ағылшын жүздеген жылдар бойы ортақ диалогқа келмеген елдер. Еуроодақтың жиегі әу баста-ақ, шірік жіппен көмкерілген-ді. Ал, мұндай жіптің бір күні үзілетіні анық еді. Біз ауыз ашып айтқанша бұл одақтың арасына жік түсті. Бүгінгі таңда Ұлыбритания Одақ құрамынан шығуда.

Түркі жұртын мықтап қайыс жіппен көмкеретін тетіктер баршылық. Түркілік интеграцияны геосаяси мазмұннан гөрі өркениеттік, гуманитарлық, мәдени, ақпараттық, сауда-экономикалық тұрғыдан нығайту барынша маңыздырақ. Осындай саладағы ықпалдастық кемеріне жеткен кезде саяси одақ құруға негіз қаланбақ. Өйткені, үлкен саяси шешімдер қабылдау үшін де оған негіз керек. Сондықтан, дамыған түркі интеграциясы бірнеше жылды қажет етеді. Әлі күнге дейін түркі кеңістігіне ортақ мәдени-ағартушылық, спутниктік телевизиялық каналдар аша алмай отырмыз. Онсыз геосаяси бірігуге қадам жасау мүмкін емес. Бұл интеграцияда жоғары лауазымды саясаткерлерге ғана емес, интеллектуалдық ортаға, мәдениет және өнер қайраткерлеріне үлкен миссия артылып отырғанын ұғыну керек.

Біріншіден, «Түрксойдың» жұмысын бұрынғыдан да жандандыру, екіншіден, түркілік мәдени-ақпараттық орта құру, үшіншіден, осы болмыстарды алға апаратын локоматив ретінде түркі елдерінің кәсіпкерлеріне жеңілдіктер жасау қажет.

Жалпы, өркениеттің өзі тарихтан ғана тұрмайды. Түркінің өнерінде әлем мойындаған асыл қазына мол. Ақындық, айтушылық, жыршылық өнер басқа өркениеттен алда екенімізді білдіреді. Бұл да түркі әлемінің ортақ құндылықтарына айналуы шарт. Бесінші бағыт – қазіргі жағдайдағы түркі мемлекеттері үшін бірлік идеясы.

Адам баласы еш уақытта тек қазіргі күнімен өмір сүре алмайды. Өткенін пайымдап, сондағы асыл мұра жауһарларын мақтан тұтып, оны өзге жұрттың алдына паш етуге ұмтылады. Тарихын түгендеген елдің болашағы зор. Кеңес Одағы тұсында да түркі мәдениеті ұлы өркениетті қалыптастырды. Бірақ бағзыдан келе жатқан жазуымызға, бабаларымыздың тасқа қашап кеткен өшпестей аманатын білуімізге жол ашпады. Осылайша, асыл қазынадан айырып, өзіміздің ұлы тарихымызды бұйыртпау саясатының ұстыны халықтарды, оның ішінде туыстас ұлттарды ортақ тегінен ажырата отырып, әрқайсысын өз қазанында қайнатып, билеп-төстеп, сол арқылы үстемдік ету идеологиясы жүрді.

Бүгінгі таңда түркі әлемінің бірлігі туралы сөз еткенде, алдымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі қоса айтылуға тиіс. Мемлекет басшысы түбі бір түркінің бірігуіне көп еңбек сіңірген және сол бағыттан таймай, тер төгіп келе жатқан қайраткер. «Түркі ошақтары» қоғамдық қоры атынан 2010 жылы өткен құрылтайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа Алғыс хат тапсырылуы соның бір айғағы. Осыған орай Қазақстан Президенті алғысын білдіріп, бүкіл түркі әлеміне үндеу хат жазды. Сол хат барша Түркі халықтарының төрінде бүгінге дейін сақталып тұр.

Түркі-мұсылман құндылықтарынан нәр алған ұлттық мәдениетіміз, санамыз бен болмысымызда жоғарыда аталған дәстүрлер бір-бірінен ажырағысыз күйде біте қайнасып, біртұтас дүниетанымға айналды. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақ елі өркениеттік түп-төркіні мен этностық негіздері тұрғысынан ислам әлемінің ажырамас бір бөлігі деуге болады.

Түркі халықтарының арасында мәдени де, рухани да экономикалық та байланыстарды қалыптастырудың өзіндік жолы бар.

«Түркология саласында терең зерттеулерді тоқтату керек!» деген кезінде шешім болған. Содан бастап түрколог ғалымдар қудалана бастады. Тіпті, Радлов пен Орхон-Енисей жазуын ашқан Томсонның кітаптарына сілтеме жасаған ғалымдардың өзі қуғын-сүргінді басынан өткерді. Бұл – түркі өркениетінің өте терең, ұлан-ғайыр, ұлы өркениет екенін білдірсе керек және бізді содан тамыр үзуге мәжбүрлеу еді. Саясат кешегі ғұндардан, ұлы далада қанат қаққан мемлекеттерден бастап, Атилладан, Үйсіндерден, Көктүріктерден бергі мемлекеттік этностық сананы түп тамырымен өзгерте алмады. Оның себебі түркі өркениетінің түпкі өзегінде жатыр. Сол ұлы мемлекеттерді құрған, төл жазуы, мәңгілік мәдениеті болған өркениет тарихын қайта түлету, оны ортақ жүйеге салу, сол тарихи ортақтастық арқылы ықпалдасу қазір сұралып отыр. Бүгін түркілердің мизамы туып отыр. Тамырлас ұлттар бүгін кез келген, даму жағынан алға кеткен мемлекеттердің өзімен тең дәрежеде мәміле жасай алады. Тарихтағы ортақтықты қайта қалпына келтірудегі бүгінгі бағытымыз дұрыс жолға түсіп отыр. Бұл саясатта Қазақстан түрік әлемінде жаңашыл, бейбітшіл бастама көтеріп келеді.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Пікірлер