Ауыл боксының арыны қандай?

Біздің ауылдан шыққан спортшылардың көбісі күреспен немесе бокспен айналысады. Жілік шағып, көкпар тартып өскен ұрпақтың жетістіктері де аз емес. Қостанай облысында да ауыл боксы жақсы дамып жатыр.

Жалпы, Қостанайдың боксы жайлы сөз қозғағанда Рудный қаласын айтпай кету мүмкін емес. Себебі, әлемдік және республикалық жарыстарда облыс намысын сәтті қорғап жүрген Иван Дычко да, Антон Пинчук те кеншілер қаласының тумасы. Дегенмен облыс құрамасына мығым жігіттерді дайындап беріп жүрген ауылдар да аз емес.

Ауылдардың арасында Қарабалықтың бокс мектебі мықты саналады. Жыл сайын облыстық жарыстарда осы ауданның боксшылары жүлделі орындардан көрініп жүр. Республикалық сайыстарда да көзге түскендері жоқ емес. Содан болар, соңғы бес жылда бокспен айналысатын жастардың саны екі есе артқан. Мәселен, Қуаныш Бұқарбаев аталмыш спорт түріне келген үш жылда облыстың үш дүркін чемпионы атанып үлгерді. Боксты теледидардан тамашалап, ұнатып қалған.

– Олимпиаданы қарап отырып, боксқа деген қызығушылығым пайда болды. Бұрын тек жұдырықтасу деп ойлайтынмын. Негізінде бокс үлкен өнер екен, – дейді Қуаныш.

Жастар арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Анастасия Рылина да туған ауылынан кетуге асықпайды. Өзі жаттығып қана қоймай, боксқа енді қадам басқандарды да дайындайды.

– Жаттығуға барлық жағдай жасалған. Залдың бос тұрғанын көрген емеспін. Бұл қуантады, әрине. Бәсекелестік үлкен. Содан шығар, нәтижелеріміз де жаман емес, – дейді Анастасия Рылина.

Мұнда балалар бірнеше топпен жаттығады. Дайындық барлығына тегін. 8 жас пен 20 жас аралығындағы боксшылар Қарабалыққа көрші ауылдардан да келіп тұрады.

– Жыл сайын бокс секциясына келушілер саны артып жатыр. Ауылдағы спорт мектебіне барлығы 400 адам келсе, соның 80-дейі бокспен айналысады, – дейді Қарабалық ауданының аға жаттықтырушысы Азамат Балмағамбетов.

Жаттығу залы таңертеңнен кешке дейін босамайды. Қазір жұмыс тіпті қызуда. Себебі, келер жылдың ақпан айында облыс біріншілігі өтеді. Сол кезде қарабалықтық боксшылар шеберліктерін тағы бір паш етпек.

Облыстық жарыстарда Жітіқара ауданының спортшылары да жасындай жарқылдайды. Әсіресе, Милютинка ауылының жігіттері ерекше көзге түсіп жүр. Қазір облыс құрамасында жүрген Николай Шваб осы ауылдан шыққан. Бұл ауыл жастар арасындағы республикалық біріншіліктің қола жүлдегері Данил Шорикпен де мақтанады. Кеңес Одағы кезінде Мәскеуде өткен олимпиадада өнер көрсеткен Берік Жаманқұлов та осы ауылдың тумасы. Ол кезде КСРО құрамасы қатарына ілігу де оңай емес. Кезінде бірталай халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанған Берік Жаманқұлов қазір Жітіқара ауданының аға жаттықтырушысы.

– Бокс – бай-шоншарлардың спорты емес. Мен балаларды тегін жаттықтырамын. Елдің абыройын көтерер іс үшін ақша алған дұрыс емес. Қазіргі менің алдымда жүрген бұзық балалар болашақтағы ел азаматтары, оның қорғанышы. Олар дені сау, мығым болып өсуі тиіс, – дейді бапкер.

Бокс өнері облысымыздың оңтүстік өңірлерінде де жақсы дамып келеді. Мәселен, Аманкелді ауданы жастарының соңғы жылдардағы табыстары көңіл қуантады. Олар облыстық жарыстарда әрдайым үштіктен орын алып жүр. Арман Қуанышбек пен Елдархан Ағатанов аймақтағы үздіктердің қатарында. Ал оларды Жеңіс Махатов жаттықтырады. Өзі ұстаздық еткен 50 жылда Жеңіс Махатов шәкірттерін тек бокс қана емес, жеңіл атлетика, шаңғы, волейбол, баскетбол спортына дайындады. Олардың ішінде үздік нәтижеге жеткендер ондап саналады. Алайда ұстаздың басты мақсаты – баланы тек жеңіске емес, жақсы әдетке бейімдеу.

– Спорт деген сөз мен үшін бейбітшілік деген сөздің синонимы. Қарсыласыңды құрметтеу, ел намысын қорғау, мықтылығыңды көрсету. Бір мемлекеттің туы басқа елде екі жағдайда ғана көтерілуі мүмкін. Біріншісі – президент барса, екіншісі – спортшы жеңіске жетсе, – дейді Жеңіс Махатов.

Жанкелдин ауданында да бокспен айналысушылар қатары көбейген. Торғайда жақында Шилі ауылының тумасы, спорт шебері Жұмабек Мырзағалиевті еске алу турнирі өтті. Осымен екінші рет ұйымдастырылған жарысқа оңтүстіктегі үш ауданның үздік боксшылары қатысты. Бұл да ауылды жерлерде боксқа деген көзқарастың өзгергенін білдірсе керек. Турнирге Жұмабек Мешітбайұлының бауырлары демеуші болды. «Өрендердің жүрегіне от беретін, шеберлігін шыңдайтын осындай жарыстар жиі ұйымдастырылуы керек» дейді жергілікті жаттықтырушылар.

Жұмабек Мырзағалиев Жанкелдин ауданының боксына серпін берген бапкер еді. Ол 2010 жылы жас былғары қолғап шеберлерін дайындап, облыстық спартикадаға алып шықты. Оған дейін Торғайда бокс құрамасы жоқ-тұғын. Шәкірттері жақсы нәтиже көрсетті.

Қаржы бөлінбесе де ауыл спортын алға сүйреп жүрген осындай спортшылар. Мысалы, кәсіпқой құрал-саймандардың жоқтығы Көкалат ауылының ұландарына еш кедергі емес. Облыстағы ең шалғай ауылдың тұрғындарын шаршы алаңға жергілікті ардагер спортшы Мәлік Баймағамбетов дайындап жүр. Бүгінде бокс мұндағы балаларды қызықтыратын спорт түріне айналып келеді. Жас өрендер белгіленген уақытта кешікпей бұрынғы аурухана ғимаратында жиналады. Бірнеше бос тұрған бөлмені спортзалға ыңғайлап алған. Жаттықтырушы Мәлік Баймағамбетов құрал-саймандардың біраз бөлігін өзі жасап беріпті.

– Елбасы Жолдауында спортты дамытып, белсенді түрде айналысу керек деді. Мен «Алға» қоғамдық қорын құрып, балаларды жаттықтыра бастадым. Өкінішке қарай, аудан бізге қаржылай көмек бере алмайды. Ал спорт құрал-саймандары өте қымбат тұрады. Сол себепті өзім жасауға тура келді, – дейді Мәлік ағай.

Ауылдың кез келген тұрғыны келіп, жаттығуға болады. Барлығы тегін, әрине. 16 жасында бокспен айналыса бастаған Бекзада Сәкен екі жылдан соң облыстық жарыста екінші орын алды.

– Тек бокспен ғана айналысып қоймай, Мәлік ағайдың бойындағы жақсы қасиеттерді өзімізге сіңіруге тырысамыз. Ол бізге жағдай қаншалықты қиын болса да бәрібір бір амалы болатынын үйретті, – дейді Бекзада.

Шынымен соңғы кезде мемлекет тарапынан жастар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында облыс орталықтары мен қалаларда арнайы кешендер салынып жатқаны анық. Алайда бұл игі шара шалғайда жатқан елді мекендерге әлі жете қойған жоқ. Бірақ, соған қарамастан, жас ұрпақты спортқа баулып жүргендер аз емес. Олар туралы жоғарыда айттық. Ауылдарда спортты дамыту үшін әр елді мекенге сондай қайреткерлер керек-ақ. Бұл пікірімізді спорт басқармасы мамандары қоштайды.

– Әрине, өз ісін білетін жақсы мамандар қажет. Олар ауылдарға бара бермейді, сондықтан, спорттан хабары бар, оны жақсы көретін энтузиаст, жасампаз адамдарды қолдау керек. Екіншіден, әр ауылда спорт әдіскері жұмыс істеуі тиіс. Олардың міндеті – халықпен жұмыс істеп, дене тәрбиесі мен спортпен айналысуға шақыру. Облыста барлығы 252 инструктор-әдіскер бар. Олардың 148-і ауылды жерлерде жұмыс істейді. Бұл, әрине, өте аз. Үшіншіден, жергілікті халықтың бойында салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуға деген ынта болуы керек, – дейді Қостанай облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Сергей Богаченко.

Түнде ұшатын құс жұлдыздарды бағдар етеді екен. Сол секілді, ауыл таланттарына бағыт-бағдар көрсетіп, қамқорлығына алатын орындардың болғаны өте маңызды. Мемлекет ауыл спортын дамытуға арналған арнайы бағдарлама жазып, жастар болашағына бей-жай қарамағанда ғана таланттарымыз ел тарихында есімі қалатын тарландарға айналатанына сенім мол.

Алмас БАЙДРАХМАН

Пікірлер