Бізде неге спорт дәрігері жеткіліксіз?

Дамыған елдерде болашақ чемпиондардың ағзасындағы әрбір өзгеріс медициналық бапкердің назарында жүреді. Оның спорттағы ғұмыры тікелей дәрігеріне байланысты. Ал біздің елімізде спорттық медицина қаншалықты дамыған?

Спорттың аты – спорт. Спортшылар жарақаттан қашып құтыла алмайды. Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, ең көп жарақат алатындар – спорттық гимнастика мен мәнерлеп сырғанаумен айналысатындар. Одан кейінгі орындарда күрес, футбол, бокс, ауыр атлетика спорты түрлері тұр. Бәрі де бізге таңсық емес. Сондықтан, бұл салада білікті мамандардың жеткілікті болуы өте маңызды.

Денеге күш түсетін спорт түрлерінің қай-қайсысында да жарақат, негізінен, омыртқадан басталады. Спортпен айналысатындарды айтпағанда, жай адамдардың өзінің 80 пайызының омыртқасы зақымданады. Адамдар омыртқасының ауыратынын біле бермейді. Ал спортшылар көбіне омыртқа, жамбас, тізе ауруларына ұшырайды.

Спорт дәрігерінің жұмысы өте ауыр. Басты мақсаты – жарақат алған спортшыға барынша тез көмектесіп, жарысқа қайта қосу. Оның жағдайын жан-жақты қарастыра білетін қасиет бойда болуы да шарт. Себебі, әр жарысқа спортшы тыңғылықты дайындалады. Бір қарағанда спортшы үшін уайымдағандай көрінгенімен, оның ар жағында арманынан алыстатып жатқанын дәрігер түсінуі керек. Бір немесе одан да көп жыл бойғы еңбегі ескерусіз қалмауы тиіс. Жарысты жалғастыру тіптен мүмкін болмаған жағдайда, әлбетте, тоқтатады. Бірақ, дәрігерлер тарапынан жасалған қате диагноздың кесірі түгел елге тиюі мүмкін. Бәлкім, жарысты сол кезде тоқтатпағанда келешек чемпионды көз алдымызда көрер ме едік?! Дәрігерлері сайысты доғарып жатқанда, кейбір спортшылар ашуланып жатады. Өзге елге барғанда климат ауыстыру оңай емес. Бұған да спорт дәрігері жауап береді.

Дамыған елдерде әр кәсіпқой спортшының немесе команданың жеке дәрігері болады. Жарыстарға бірге шығып, топтың әр мүшесінің денсаулығының қыр-сырына дейін біледі олар. Осы дәрігердің нұсқаулығымен бапкер жаттығу тәртібін, жоспарларын анықтайды. Ал бұл әрекеттер түптің түбінде көрсетілген нәтижеге тікелей ықпал етеді.

Біздің елде бұл жүйе дамыған елдердегідей жолға қойылмағанымен, әр облыс орталығында спортшылардың денсаулық жағдайын тексеретін орталық бар. Қостанай қаласында 2015 жылға дейін дәрігерлік дене шынықтыру диспансері жұмыс істеп келді. Кейін бұл диспансер салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының құрамына беріліп, бөлім болып қалды. Қазіргі кезде мұнда травмотолог, офтальмолог, лор, невропатолог, емдік дене шынықтыру және басқа дәрігерлер, ЭКГ, массаж секілді арнайы бөлмелер, лаборатория жұмыс істейді.

Бұнда тек Қостанай қаласындағы ғана емес, сондай-ақ аудандардағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жас спортшылары келіп, дәрігерлік тексеруден өтеді. Спорт мектептерінің спортшылары жылына бір рет толық тексеріледі, арасында үш-төрт рет ағымдағы тексерулер бар. Спортшы жарақат алған жағдайда оны емдеумен, оңалтумен де айналысады.

– Жарыстар уақытында ғана дәрігерлік көмек көрсетумен шектелмейміз. Сайыс өтетін орынды тексеріп, дайын болса рұқсат береміз. Ғимараттың температурасы мен клиникалық жағдайы міндетті түрде қаралады. Мәселен, қыс айларында ауа температурасы 25 градустан асса, шаңғышылардың жарыс жолына шығуына тыйым салынады, – дейді бөлім басшысы Роза Әбішова.

Алдын ала дәрігерлік тексеруден өтіп жүрген сау спортшы ғана жоғары көрсеткішке қол жеткізе алады. Егер денсаулығында кінәрат болса, қанша шебер деген спортшының өзі жақсы нәтиже көрсете алмайды. Сондықтан спорт дәрігерінің қызметін спортшының жеке бапкерінің қызметімен салыстырып қарауға болады. Тексеруден өту кезінде қай спортшыға қандай ем қолдануымен қатар, қандай дәруменді пайдалану қажеттігін де анықтап береді диспансердегілер. Тамақтану, киім кию жағдайлары да назардан тыс қалмайды. Ал оқу-жаттығу жиындары кезінде спорттық дәрігер спортшылармен бірге жүреді.

– Алайда дәрігерлік дене шынықтыру диспансерлерінің, бөлімдердің қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталуы жақсы деп айта алмаймын. Спорттық медицина саласында еңбек еткеніме 40 жылдан асты, әлі сол бұрынғы медициналық қондырғылармен жұмыс істеп келеміз. Соңғы жылдары ғана лабораторияға, ЭКГ бөлмесіне қажетті құралдар жаңартылды. Шындығын айту керек, қазір дәрігерлер спорт саласына баруға құлықсыз. Өйткені жалақысы мардымсыз. Дәрігерлер одан гөрі айлығы жоғары ауруханалар мен емханаларда жұмыс істегенді дұрыс көреді. Алдағы уақытта спорттық медицина қызметі жақсарады деген ойдамын, – дейді Роза Әбішова.

Сонымен қатар, диспансердегі мамандардан бөлек, қаладағы спорт мектептерінде дәрігерлер бар. Олар жаттығу кезінде орын алған жарақаттарды емдейді, жарыс алдында спортшының салмағын бақылайды немесе жоғарыда аты аталған бөлімге жолдама жазып береді. Мұндай дәрігерлер әр спорт мектебінде болуы керек. Бірақ елімізде спорттық дәрігерлерді даярлау ісіне аса мән беріліп отырмағанын №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дәрігері Байдәулет Мондыбаев та айтады.

– Бұрын, кеңестік дәуірде спорттық дәрігерлерді арнайы оқытатын. Қазір ол жоқ. Маған өзім дәрігер әрі бұрынғы спортшы болған соң спорттық жарақаттар таныс. Мәселен, бір тізенің өзінде бірнеше жарақат түрі болады. Оны мерзімінде ажыратып, анықтай білу керек. Рентген арқылы анықтау қиынға соғатын да жарақаттар болады. Оған тек машықтану керек. Уақытында анықтамаса, спортшы карьерасын тоқтатуы да мүмкін. Сол себепті, спорттық медицинаға үлкен көңіл бөлу керек, – дейді дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, баласының жақсы спортшы болып шығуы үшін ата-аналар да сауатты болулары керек.

– Әрине, қай ата-ана да баласының спортпен айналысып, денінің сау болғанын қалайды. Бірақ күнделікті жұмыста көріп жүрміз, кейбір ата-ана балаларын орынсыз тықпалайды. Жүрегі ауыратын баланы спорт залға жетектейді. Күреске немесе боксқа қабылдауымызды өтініп, тұрып алады. Онсыз да жүрегінің немесе бауырының, бүйрегінің кінәраты бар баланы спортқа тықпалаудың еш қажеті жоқ, – дейді Байдеулет Мондыбаев.

Шынымен, спорттық дәрігерлерді арнайы оқытуды қайта қарастыру керек секілді. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, бұл саладағы дәрігерлердің көтеретін жүгі өзінше ауыр. Спорттық дәрігер дене тәрбиесі мен спорт саласында жұмыс істеу үшін арнайы біліктілікті жетілдіру дайындығынан өткен медицина маманы болуы тиіс.

– Біздің облыс бойынша барлығы 30 спорттық мекеме және 26 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, жоғары спорт шеберлігі мектебі, спорттық ойындар түрлері клубы, мүгедектердің спорты клубы жұмыс істейді. Спортшылардың денсаулығын бақылап, дәрігерлік көмек беру үшін спорт мектептеріне медбикелер, дәрігерлер қарастырылған. Кейбір спорт мектептерінде дәрігердің де, медбикенің де штаты бар. Алайда спорттағы кәсіби жарақаттарды ажырата алатын арнайы спорттық дәрігер мамандары аз, жетіспейді. Себебі әр спорт түрінің жарақаты әртүрлі болып келеді ғой, – дейді облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Анатолий Писковой.

Спорттың басы-қасында жүретін адамдар көп. Біздің көріп жүргеніміз – бер жағындағы бапкер мен спортшы ғана. Негізі, әр жеңіс пен әр рекордқа көптеген маманның үлесі бар. Солардың ішінде спорт дәрігерлерінің еңбегі орасан. Жарыс қатысушысымен бірге жарқ етіп шықпаса да, жарақат алса жанынан табылады. Денсаулығының қалыпты болуын қадағалап, алдын алуға барын салады. Жұмысының жауапкершілігі зор екені сонша, ағаттығы аз не көп деп бөлінбейді. Сәл қиыс кетсе, құрамаға, одан қала берді ел болашағына зияны тиеді. Медицинаның бұл саласына баруға екінің бірінің жүрегі дауаламайтынының бір себебі де осы болар, бәлкім. Жалақы мәселесі де жанға бататыны түсінікті. Дегенмен, көлеңкеде қалса да, қоғамға қалтқысыз қызмет етіп жүрген спорт дәрігерлері көбейсе еліміздегі спорт саласы да алға басары анық.

Алмас БАЙДРАХМАН

Пікірлер