ОЛИМПИАДА ТҰТҚЫНЫ

Уақыт өз iзiн салып кеткен ол оқиғаға да мiне 42 жыл толып отыр. ХХI жазғы Монреаль Олимпиадасының ойындары қызған сәтiнде жергiлiктi Канада теледидарының дикторы Бас баспасөз орталығынан тiкелей хабар берiп: «Бүгiн, 29 шiлде күнi кеңестiк спортшы, суға секiрушi 17 жастағы алматылық Сергей Немцанов олимпиадалық қалашықты тастап шығып, Канада үкiметiнен саяси баспана сұрады» деп жариялайды. Мәлiмдеме бiрнеше рет хабарланады.

Немцанов жалпы есепте 9-орында келе жатқан. Жүлделi орыннан да үмiттi едi. Оның суға секiрудегi түрлi комбинациядағы шеберлiгiне әлем бапкерлерi қызыға қарайтын.

Монреаль Олимпиадасы 1 тамызда (1976 жылы) мәресiне жетедi. Кеңестiк Олимпиадашылар командалық есепте 125 медаль, оның iшiнде 47 алтын, 43 күмiс, 35 қола медальмен бiрiншi орынды иемденедi. Алайда КСРО командасы өз құрамында бiр мүшесiнсiз Сергей Немцановсыз Мәскеуге қайтып оралады. Себебi, Канада билiгi Немцановты күшпен жасырып ұстап қалады.

Жалпы, Монреаль Олимпиадасы атышулы оқиғаға толы болды. 100 метрге жүгiрудің финалдық сатысынан бiр тәулiк бұрын белгiсiз бiреу кеңестiк желаяқ Валерий Борзовқа телефон шалып, егер ол ертең жарыс алаңына шықса, көзi жойылатынын айтып, қорқытады. Бұл туралы сол мезетте Кеңес делегациясы басшылары құлақтандырылып, ұйымдастырушылардың қауiпсiздiк қызметi толық құрамда iс-шаралар жоспарын жасайды. Қанша жерден үркiту болса да, Борзов ертеңiне қауiпсiздiк қызметiнiң қарулы күзетiмен жаттығу алаңына шығады. Бұған дейiнгi алған жарақатына қарамастан Борзов бұл жолы америкалық әрiптесiне жол берiп, күмiс медаль иеленедi.

Борзовқа жасалған бұл тұңғыш шабуыл емес едi. Оқиға орын алған күннiң ертеңiне «Канада радиосы» сенсациялық жаңалық ретiнде Борзовтың саяси баспана сұрағанын хабарлап жiбередi. Бұл жымысқы саясатты әлемдiк ақпарат құралдары бiр-бiрiнен iлiп әкетiп, кеңестiк өмiр салтын адам төзгiсiз етiп көрсетедi. Не iстеу керек?

Кеңес делегациясы ертеңiнде-ақ, баспасөз конференциясын өткiзiп, Борзовтың жүгiру алаңынан басқа ешқайда қашпайтынын айтудан басқа амалы қалмайды. Бiрақ шындығында солай едi. Шетелдiк ақпарат құралдарының қолдан ұйымдастырған «қақпанына» жауап ретiнде Борзов 400 метрлiк жарыста тағы да күмiс медаль алады.

Сөйтiп, Батыс әлемiнiң КСРО-ға деген жеккөрушiлiк туғызудағы қитұрқы саясаты екiншi рет өтпей қалады.

Ал, Сергей Немцанов басынан кешірген жағдай сәл бөлектеу. Ол балалық махаббаттың уызына мас болып, ең алғашқы сүйгенiн мұхиттың ар жағынан табады. 1973 жылы спорттағы карьерасын бастаған Немцанов араға екi жыл салып, Еуропа чемпионы атанады. Оның бiр күндiк дайындық кезiнде 10 метр биiктiктен 180 рет секiруiн байқаған әрiптестерi болашақта Олимпиада жеңімпазы болатынына сенiм бiлдiредi.

1976 жылы КСРО командасының сапында Немцанов тұңғыш рет Торонто қаласында өткен халықаралық жарысқа қатысып, жеңiмпаз атанады. Онда бірер күн барған Сергей америкалық мультимиллионер Кэрол атты сұлу бикешпен танысып, бос уақытын бiрге өткiзедi. Өзiн бақытты санайтын Кэролға Сергейден өзге адамды қажетсiнбей, басын әбден айналдырады. Оған түрлi сый-сияпаттар жасап, қолға түсе бермейтiн 70 шақты күйтабақ тарту етедi. Сергей де оны мақтаныш көрiп, жанындағы достарына сыйлайды. Жарыс аяқталған соң, Кеңес құрамасының төрт күндей осында қалуына тура келедi. Кэрол бүкiл құраманы сол күндерi аршылған жұмыртқадай етіп жуындырып, елде қолы жете бермейтін киімдермен киiндiредi.

Арада бiрнеше күн өткен соң, Немцановтың Алматыдағы үйiне Америкадағы бақытты күндерден естелiк ретiнде бiр бума суреттер келедi. Мiне, осыдан кейiн оның iзiн аңду басталады. Бапкерлер де билiк пен қауiпсiздiк қызметiнiң ықпалымен Немцановқа сенiмсiздiк танытады.

Олимпиада аяқталып, КСРО мен АҚШ құрамалары жолдастық кездесу өткiзуге келіседi. Алайда бұл кездесуге команда құрамына Немцанов алынған жоқ. Сол күнi ол қонақүйдегi бөлмесiнен кешкi сағат 6-ға дейiн шықпайды. Бапкерлер iздемеген соң, көшеге шығады. Өзiнiң жалғыз қалғанын сезiп, екi көзiне ерiк бередi. Қос жанары өксiкке толы Сергейдi канадалық спортшылар байқап қалып, көңiлiн аулағансып, Монреаль қаласының көрiктi жерлерiн аралатады. Оның канадалықтармен бiрге кеткенiн көрген шетелдiк журналистер сол күнi-ақ кешкiлiк радиодан берiп, телеканалдардан көрсетедi. Канадалық бiр «жанашыр» ендi Олимпиада қалашығына қайтып оралудың мәнi жоқтығын түсiндiрiп, бiраз уақытқа дейiн өзiнiң вилласын босатып бередi. Телеканалдар әрбiр 15 минут сайын кеңестiк спортшының Батыстан саяси баспана сұрағанын хабарлап отырады. Хабар барысында «Немцанов еркiндiк алды» деп өзге кеңестiк адамдарды халықтар түрмесiнде отырғандай етiп көрсетедi.

Ертеңiне виллаға орыс тiлiнде еркiн сөйлейтiн Джордж деген белгiсiз бiреу келiп: «Мәселе тығырыққа тiрелдi, егер сен елiңе оралсаң, комсомолдан шығарады, аяғына тұсау салынады. Ал егер мұнда қалғың келсе, кез келген қаланы таңдауыңа еркiндiк берiледi. Сенiң шотыңа адамдар қазiрдiң өзiнде 40 мың доллар салуға дайын. Егер қалауың болса, отандастарыңа бұл жөнiнде айтуға тиiссiң, бұл өте маңызды», – деп оны емексiтiп қояды.

Командалас достары Сергейге туған Отанына оралуды ұсынады. Ертеңiне адвокаттар келiп, эмигранттық билiк өзiне өмiр сүруге құқық беретiнiн, оқу үшiн өзiне лайықты университет таңдауға болатынын түсiндiредi. Алайда Канаданың құқықтық мемлекет екенiн, сондықтан түпкiлiктi шешiм жасамас бұрын орыстардың тарапынан тапсырылған кассетаны тыңдау қажеттiгi айтылады. Бар мәселе осы тұста шешiледi. Онда «Балам, сен менi кiмге қалдырып барасың? Менiң бар үмiтiм сен болатынсың. Менiң ендi ешкiмге керегiм жоқ. Өлер алдымда ендi маған ешкiм де бiр ұрттам су бермейдi» деген Алматыдағы сүйiктi әжесiнiң дауысын естидi.

Сергей үшiн әжесi жалғыз едi. Анасы мен әкесi ажырасқаннан кейiн оны әжесi бауырына салып, жалғыз өзi асырап бақты. Әкесi әскери ұшқыш. 1976 жылы Монреаль Олимпиадасы дауынан кейiн, Венгрияда қызмет атқарып жүрген жазықсыз әкенi 24 сағат iшiнде қызметiнен босатады.

Рас, Сергейге бұ дүниеде әжесiнен басқа жақын жан жоқ-тын. Оның аянышты дауысын естісімен «басқа түскен iстi көрермiн, менi Кеңес елшiлiгiне апарыңдар» деп талап етедi. Оны қалдыру үшін канадалықтар әуелгісінен екi есе артық ақша ұсынады. Төртiншi күн дегенде оны қонақүйден шыға берiсте белгiсiз екi адам елшiлiктiң машинасына күшпен мінгiзiп, Кеңес резиденциясына әкелiп, тұла-бойын әбден тексерiстен өткiзедi. Аэропортқа алып шыққанда да артқы орындыққа жатқызып, ел көзiнен тасада ұстаған. Үстiне түрлi заттарды үйiп, күндiз-түнi аңдып жүрген репортерлерден жасырып бағады. Ұшаққа басқа жол арқылы отырғызылады. Онымен бiрге Мәскеуге тоғыз адам ұшып барған.

Арада жиырма жыл өткен соң «Немцанов iсiмен» айналысушылар оның iшкi психологиялық сырын ашады. Сол кезде Канадада КСРО-ның Төтенше және Өкiлеттi Елшiсi, кейiн СОКП Орталық Комитетiнiң хатшысы, Саяси бюро мүшесi болған Александр Яковлев қызмет істеген еді.

Немцанов Олимпиада тұғырына шыққанда небәрi 17 жаста болатын. Демек, оның үш дүркiн Олимпиада ойындарына қатысу мүмкiндiгi бар едi. Оны канадалықтар әрiден ойлап қойған болатын. Кеңес және Канада билiгi арасында бiрнеше рет кездесулер өткiзiлiп, оған жоғары шендi генералдар да қатысады. Шегiнерге жер қалмаған Канада билiгi Немцановты КСРО-ға қайтаруға уәде бере отырып, оған ешқандай жазалау шараларын қолданбауды өтiнедi.

Алматыда оны ешкiм құшақ жая қарсы алмайды. Тiптi, пәтерiнде бірге тұрған досының өзi: «Мұндайлардың тұмсығын бұзу керек» деп есiктi тарс жауып кетіп қалады.

Спорт саласындағы функционерлер уәделерiнде тұрып, оған институттағы оқуын бiтiруге мүмкiндiк бередi. Жарыстарда үздiк нәтиже көрсетсе де оған төмен баға қойылатын. Халықаралық додаларға өте жиi жiберiлгенімен, кейде көпшiлiк орындарда оның ар-намысына тиюшiлер де аз болмайтын. Мұндайда Сергей шыдамсыздық танытып, жұдырығын ала жүгiретiн. Уақытша оқшаулау мекемесiне түнеген кездері де бар. Сөйте тұра Румыниядағы бiрiншiлiкте бiр өзi команда есебiне 50 ұпай салып, турнир жеңiмпазы атанады.

Грузияда өткен КСРО-АҚШ жолдастық кездесуiне Сергей тағы да көзге түседi. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында Немцанов 7-орынды иеленедi. Бұл – оның спорттағы ең соңғы жарысы. Осыдан соң ол әскер қатарына шақырылып, Семейде 2 жылын босқа өткiзедi. Отбасын құрып, сәби сүйедi.

Өмiрде бiр сүрiнсең, оны түзеу қашанда қиын. Сергей әскерден оралған бетте әрнәрсеге ұрынып, адасады. Ащы суға құмартады. 1986 жылғы iшiмдiкке қарсы аккомпонементке түсiп, 1 жыл емделеді. Өмiрден шаршаған әйелi Питерге, туыстарына кетiп тынады. Сергей екiншi рет отбасын құрады, жеке көлiк жөндеу шеберханасын ашып, кәсiпкерлiкпен айналысады. Ол кезде қалада «Мерседес» көлiгiн жөндейтiн орындар тiптi болмайтын. Сергей бiрден осы көлiктi жөндеудi шебер меңгерiп алды.

Тарихтың қайталанатыны сияқты, тағдырдың да қайталанатыны бар. Немцановтың жалғыз ұлы Денис мектеп бiтiрген соң, Америкаға оқуға түседi. Жалғыз ұлдың соңынан Сергей екiншi әйелiмен iздеп барып, тұрақтап қалады. Бұл күндерi Сергей Немцанов Алматыда бастаған сүйiктi кәсiбiн (көлiк жөндеу) Атлантада жалғастырып жүр. Сол баяғы сұлу бикеш Кэрол оны мұнда да iздеп тауыпты. Қайтесiң, тағдырдың жазуы осы болар…

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Пікірлер