Жеңістер мен жетістіктер

Жақында Қостанай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы 2017 жылдың үздік споршылары мен бапкерлерін марапаттады. Жылда анықталатын дәстүрлі рейтингте жаңа есімдер де бар.

Үздік ондықты ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, конькимен жүгіруден әлем чемпионы Денис Кузин бастады. Одан кейін ҚР халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері Анастасия Крестова (шорт-трек), Даниил Марухин (велоспорт), Виталай Пухкало (шаңғышы) және Темірлан Шадукаев (грек-рим күресі). Аталмыш спортшылар (Марухин мен Шадукаевтан басқасы) қазір Пхёнчханда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындалып жатыр. Сондай-ақ, тізімге тоғызқұмалақтан әлем чемпионы, ҚР халықаралық деңгейдегі спорт шебері Қымбат Нөсерова да кірді. Ал арбадағы би спортынан әлем біріншілігінің қола жүлдегері Малика Мұхтарова марапаттан бөлек, аталмыш спорт түрінен халықаралық спорт шебері куәлігіне ие болды. Сонымен қатар, үздік спортшылар тізімінде қазақ күресінен әлем чемпионы Ерлан Омаров, көпсайыстан абсолютты әлем чемпионы Әнуар Қозыбаев, гір спортынан жастар арасындағы әлем чемпионы Илья Кангаш, пауэрлифтингтен әлем біріншілігінің қола жүлдегері Залим Кувамбаев та бар.

Бапкерлер арасында үздік ондықты конькимен жүгіру спортынан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Петр Пастушенко бастады. Сондай-ақ, тренерлер тізімінде Николай Федоренко (шорт-трек), Николай Хатунцев (велоспорт), Виктор Завялов (шаңғы жарысы), Серік Байжанов (грек-рим күресі), Жұмахан Қасымханов (қазақ күресі), Батырхан Әбілбеков (тоғызқұмалақ), Василий Кнышев (көпсайыс), Құрманғали Батырбаев (гір спорты) және Әскер Макубаев (кикбоксинг) бар.

Мүмкіндігі шектеулі спортшылар да марапатталды. Олар: Данияр Ескендіров, Қанат Қоңқыбаев (екеуі де үстел теннисі), Тұрсынай Қабыл (пауэрлифтинг), Алексей Лукутин (жеңіл атлетика). Олардың бапкерлері Ғайып Данияров, Серік Данияров, Андрей Нужный, Дмитрий Царенко, Павел Сидорчук те арнайы сыйлыққа ие болды.

Марапаттау рәсімінде 2017 жылдың спорт саласындағы қорытындылары да аталды. Жыл қысқы Универсиада алауын тұтату эстафетасымен басталды. Аталмыш жарысқа Қостанай облысынан 4 спортшы қатысып, Виталий Пухкало (шаңғы жарысы) мен Максим Грязнов (шайбалы хоккей) күміс жүлдегер атанды. Анастасия Крестова (шорт-трек) қанжығысына қола байлады. Анастасия 16-26 ақпанда Саппоро (Жапония) қаласында өткен Азия біріншілігінде осы көрсеткішін қайталады. Сол сайыста Денис Кузин күміс және қола медаль ұтып алды.

Маусым айында Қостанайда алғаш рет WSB әлемдік бокс сериясының жетінші маусымының жартылай финалы өтті. Рингте Astana Arlans пен британдық British Lionhearts жұдырықтасты. Кездесуде 4:1 есебімен қазақстандық былғары қолғап шеберлері жеңіске жетті.

– Мұндай іс-шаралар жас спортшыларды ынталандырады. 2018 жылы Қостанайда тағы бокс кеші ұйымдастырылады, – дейді дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Евгений Вильямс.

Халықаралық «Жібек жолы» ралли жарысының бір кезеңі дәстүрлі түрде Қостанай облысының аумағында өтті. 10 шілдеде Қостанай әуежайы аумағында шамамен мың адам және 500 техника жиналды. Қазақстандық пилот Артур Ардавичус жалпы есепте жарысты төртінші орында аяқтады.

20 тамызда Рудный қаласында «Тың-Целина-2017» спартакиадасы қорытындыланды. Жарысқа 20 команда қатысты. Бірінші орынды рудныйлықтардан 2 ұпай көп жинаған Қостанай қаласының командасы алды. Үшінші орында – Қостанай ауданының құрамасы.

2017 жылы аймақта барлығы облыстық деңгейдегі 243 жарыс және республикалық 30 сайыс өткізілді.

– Қостанай спорты үшін 2017 жыл жарқын әрі жетістіктерге толы болды деп айта аламын. Спорт залдары аз, соған қарамастан, мемлекеттік жекеменшік серіктестік арқылы бірнеше жоба жүзеге асып жатыр. Біріншісі – Рудный қаласындағы Futsal Arena. Күш қолданатын спорт түрлеріне де арналған ғимарат салынуда. «Қостанай» спорт және ойын-сауық кешенінің де құрысылы аяқталып қалды, – дейді Евгений Вильямс.

Биыл Қостанай облысында олимпиадалық стандарттарға сай бассейн бой көтереді. Сондай-ақ, жоспарда 2500 адамға шақталған мұз сарайын салу да бар.

Даниил МАРУХИН, велоспорттан әлем кубогының қола жүлдегері:
– Мен үшін 2017 жыл жемісті болды. Жаттығулардың арқасында ұлттық құрама сапында бірнеше оқу-жаттығу шараларын өткіздім. Азия біріншілігінде бірінші орын алсам деген кішігірім мақсатыма да жеттім. Чехия, Франция, Швейцария мемлекеттерінде де өзімді жақсы көрсеттім. Ел чемпионатында үшінші орынды иелендім. Одан соң Оңтүстік Кореяда өткен біріншілікте екінші орынға қол жеткіздім. Ең соңғысы – Норвегиядағы жетістігім. Әлем чемпионатында ұлттық құрамамыз жалпы есепте екінші орын алды. Жыл соңында халықаралық деңгейдегі спорт шебері атандым. Біздің Қостанай облысында велоспорт жақсы дамыған дей аламын. Жас велоспортшылар өте көп. Оларды жастайынан жақсы дайындайды, оқу-жаттығу шараларына шығып тұрады. Бұл өте дұрыс. Бір айтарым, велоспорттың шығыны көп. Спортшы белгілі бір жетістікке жетпейінше, барлық қаражатты өзі шығаруы қажет. Киім, велосипед, витаминдер, бәрі өте қымбат тұрады. Мен қазір «Астана сити» атты мықты велокоманда сапында өнер көрсетіп жүрмін.

Петр ПАСТУШЕНКО, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
– Менің екі шәкіртім, Денис Кузин мен Александр Жигин – еліміздің конькимен жүгіру спортындағы үздіктердің қатарында. Александр жақында Қазақстанның жастар құрамасының жаттықтырушысы атанды. Оның сыртында елдің бірнеше дүркін чемпионы, Азия ойындарының жүлдегері. Ал Денис – әлем чемпионы. Жоғары деңгейлі жарыстарда спортшылардың жанында жеке бапкерлері болуы міндетті деп есептеймін. Себебі, біз оларды кішкентайынан дайындап, тәрбиелейміз. Олардың мықты жақтарымен қатар, осал тұстарын да білеміз. Мінездерінің қыр-сырын, психологиялық ерекшеліктерінен де хабардармыз. Шәкірттерім мені көргенде бірден өзгеріп сала береді. Туған әкелеріндей қарсы алады. Ешкімге айтпайтын сырларын менімен бөліседі. Қазіргі спортта мұның бәрі өте маңызды. Соңында бұл үздік нәтижеге алып келеді. Жылдың ең мықты бапкерлерінің қатарына қосылғанымды жеңіс деп білемін. Шәкірттерім жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Қазір конькимен жүгіру спортын қаржыландыру жақсы. Денис пен Александрмен бірге барлық жарыстарға баруыма мүмкіндік бар. Бірақ, олардан басқа, өсіп келе жатқан жас ұрпақты да дайындауым керек. Өте талантты балалар өсіп келеді.

Қымбат НӨСЕРОВА, тоғызқұмалақтан әлем чемпионы:
– Үздік ондыққа кіргеніме қуаныштымын. Мықтыларды анықтайды ғой. Солардың бірі болғаным жеңіс деп білемін. 2017 жылы мен Астанада өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атандым. Сайысқа 25 елден 70-тен астам спортшы қатысты. Көбісін танимын. Алдыңғы жарыстарда да көріп жүрдім. Міне, бұдан қазақтың төл спортының дамығанын көруге болады. Деңгейлері де жақсы. Қарсыластарымның ішінде олқысы жоқ, кемі республикалық дәрежеде өнер көрсететіндер. Сондай-ақ, 2017 жылы Қостанай облысы жастарының алтын кітабына есімім жазылды. 2018 жылы шәкірт дайындауға көп көңіл бөлмекпін. Балалар әртүрлі, әрқайсысына жеке ыңғай керек. Дегенмен, біздің спортта бастысы – шыдамдылық. Оларды дұрыс позицияға, жүрістерді көріп отыруға және сабырға үйретемін. Менің мақсатым – балаларды 2-3 жүріске алға ойлап барып қана шешім қабылдауға тәрбиелеу.

Алмас БАЙДРАХМАН

Пікірлер