Аруна ЖАҚСАҒҰЛОВА: Бақыт деген – ертеңіңе қам жасап өмір сүру

Арбада билеуден тұңғыш облыстық чемпионат Қостанайда ұйымдастырылды. Бұл идеяны жүзеге асырған «Үміт-Надежда» қоғамдық қоры болатын. Аталмыш қор мүшелері он жылдан астам уақыт ішінде көптеген іс-шараларға қатысып, өңірдің тыныс-тіршілігіне белсенді араласты. «100 жаңа есім» жобасына лайық жерлестеріміздің бірі – осы «Үміт-Надежда» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Аруна Жақсағұлова. Талай адамның жүрегіне үміт пен сенім сыйлаған адам туралы көбірек білгіңіз келсе, сұхбатқа үңіліңіз.

– Алдымен, дәстүрлі сұрақтан бастағым келіп отыр. Қай жерде туып өстіңіз? Балалық шағыңыз жайында аз-кем әңгімелей кетсеңіз…

– Кіндік қаным тамған жер – Қарасу ауданы. Сегіз баланың тұңғышымын. Әжемнің бауырында өстім. Әжем мені қатты еркелетті. Ол өте өнегелі кісі еді. Мақалдап сөйлеп, табанасты суырып салып өлең айтатын.

Қанша еркелесем де, тәртібім мен сабағым жақсы болды. Концерттер, басқа да қызықты шаралар ұйымдастырып, тыныш жүрмейтін едім. Мектепті үздік бағамен бітірдім. Құқық қорғау саласында қызмет етуді армандайтынмын. Ол кезде заң институттары Қарағанды, Свердлов сияқты қалаларда болатын. Ата-анам басқа қалаға жіберуге қорқып, Қостанайға, тарих факультетіне түсірді. Өкінішке қарай, қиын жағдайға түсіп, ол оқуды жалғастыра алмадым. 11-12-ші бел омыртқам сынып, жұлынға зақым келіп, осылай арбаға отырып қалдым. Содан кейін мүлде басқа өмір басталды. Бұл екінші өмірде бәрін басынан бастауға тура келді. Отыру мен киінуді де жаңадан үйрендім…

– Иә, ескі жараның бетін тырнаған оңай емес. Сіз ауыр жағдайға түскенде 17 жаста едіңіз. Өміріңізді өзгерткен сол бір оқиға қалай болып еді?

– Қыз бала ар-намысын қорғай білуі керек. Бұл – бала күнімнен құлағыма сіңген ақыл. Бізді отбасында солай тәрбиеледі.

Қалаға оқуға түскенде ата-анам уақытша алыс туысымыздың үйіне жатқызды. Емтихандарды тапсырып көңілім жайланған соң, дүйсенбіге дейін жатақханада орын босауын сол үйде күтетін болдым. Демалыс күні еді. Әлгі кісінің әйелі ауруханада. Кішкентайы ауырып қалған. Ешкім жоқтығын пайдаланған үй иесі маған тиісе бастады. «Қойыңыз» деген сөзімді елемеді. Бір бөлмеге тығылып, ішінен тиегін іліп алғам, ол есікті сындырып кірді. Түнгі сағат 3-4 шамасы, терезеден көмекке шақыратын ешкім көрінбеді. «Егер маған тағы жақындар болсаңыз, терезеден секірем» дедім, оған да құлақ аспады. Содан екінші қабаттан секіріп кеттім. Құлап бара жатқанда ол мені ұстап қалуға ұмтылған, қолын қағып жібердім. Жерге арқаммен түстім. Екі аяғым шар болып үріліп кеткендей, ештеңе сезбей қалды.

Ол қырыққа таяған ер адам, мен өрімдей қыз едім. Намысымды таптатпау үшін секіруден басқа жол көрмедім. Сөйтіп, арымды қорғаймын деп арбаға таңылдым.

– Қиындықта сізді алға нендей күш жетеледі? Сол кезде уайымның тереңінен өзіңізді қалай алып шықтыңыз?

– Отбасымның орасан зор көмегі жігерлендірді. Әжем, ата-анам, іні-сіңілілерім, бәрі мені жан-жақты қолдады. Әке-шешем жыл сайын мені сонау Қырымдағы шипажайға арқалап апаратын. Қарағандыдағы республикалық оңалту-емдеу орталығына да жіберіп тұрды. Сол жерге әр өңірден мен сияқты бел омыртқасы сынған жандар жиналатын. Әкем бір бөлмені жаттығу залы қылып берді. Одан қажетті жабдықтың бәрі табылатын. Не керек, туғандарым мені аяққа тұрғызамыз деп барын салды. Әсіресе, әке-шешем қатты қиналды. Олардың жылағанын көрген сайын жүрегім езілетін. Бірақ ата-анама қиналғанымды көрсетпеуге тырысатынмын. Өзім көбіне түнде кітап оқып жатқанда, ешкімге көрсетпей, үнсіз ғана көзімнің жасын сығып алатынмын. «Өмірім енді ешқашан өзгермейді, арбаға таңылған адамға не қызық қалды дерсің, махаббат та, басқа да жоқ» деген кездерімде мені сары уайымның тұңғиығынан кітап алып шыққан еді. Жан-жүрегімді мазалаған барлық сұрақтарымның жауабын сол кітаптардың ішінен кездестірдім. Арбаға таңылғаныма бес жылдай уақыт өткенде мектептегі ұстаздарым маған жұмыс ұсынды. 2-10 сынып оқушыларына тоқыма тоқу үйірмесін аштым. Солай ақырын-ақырын еңсемді тіктей бастадым. Газеттерге мақалалар беріп, конкурстарға қатыстым. Жазған дүниелерім жақсы бағаланып, жүлделер иелендім. Өмірге деген сенімім артты.

Маған ыңғайлы болсын деп үлкен үйге көштік. Ол да маған мүмкіндіктер ашты. Тамақ дайындауыма еш кедергі жоқ. Сырттағылар жұмыс істеп жүргенде ас әзірлеп қоятын болдым. Сөйтіп, отбасыма керек екенімді жақсы түсіндім…

Бірер жылдан кейін Дүйсенғали екеуміз Қарағандыдағы емдеу-оңалту орталығында кездестік. Бір-бірімізбен түсінісіп, бас қосуға шешім қабылдадық. Қасыңда өзіңді түсініп, қолдайтын адамдардың болғаны қандай жақсы?!

– Махаббат. Екі адамның арасындағы ғана емес, айналаңа, өзің өмір сүрген қоршаған ортаға, ата-анаңа деген махаббат бар. Осы бір пәк сезім, нәзік түсінік көп адамды құтқарып қалды. Ник Вуйчич деген атақты адам аяқ-қолы жоқ болса да, әлемді аралап, көптеген жанның жүрегіне үміт, сенім ұялатып жүр. Ол да бала кезде қиналған сәттерде ата-анасының шексіз махаббатын еске алғанын айтады. Бүгінде сүйіктісінің махабаттына бөленіп жүр. Сіздің де айналаңызда осындай сенім, керемет әсер сыйлайтын адамдар өте көп. Бәрі құрметпен қарайды, оны сізге деген махаббат деп түсінсе болады. Әрине, жарыңыздың орны бір бөлек. Сол кісі туралы айтыңызшы…

– Әрине, әрбір адамның өмірінде махаббаттың орны ерекше. Жақсы көретін, тіл табыса алатын адамың кездессе, одан асқан не керек? Маған Дүйсенғали секілді мықты азамат кездескеніне өте қуаныштымын. Екеуміз де арбада отырғаннан кейін әуелде қорқа соққанымыз рас. Біреуге ауыртпалық салмаймыз ба, тәуелсіз тұра аламыз ба деген қорқынышты жеңе алдық. Міне, 24 жыл отасып келеміз. Ешқандай қиындық жоқ екен. Кім өзіне сүйеніш болатын, түсіне білетін адаммен бас қосса, өмірдегі анау-мынау ауыртпалықтарың еленбей кетеді екен. Сондықтан, махаббат деген өте зор күш беретін сезім дер едім. Айналаңдағы адамдардың махаббаты ол бір бөлек әлем. Ол саған қанат бітіретін нәрсе.

– Жарыңыз екеуіңіз «Үміт-Надежда» қоғамдық қорын құрдыңыздар. Көптеген мүмкіндігі шектеулі жандардың басын біріктіріп, көмектестіңіздер. Бірі білсе, бірі білмес, ұйымның осы күнге дейін атқарған жұмыстарына тоқталып өтсеңіз…

– Баса айта кететін жетістігіміздің бірі – біз арбадағы би спортын бірінші ұйымдастырған ұйымбыз. Тұңғыш республикалық фестиваль өткіздік. Біздің бастамамыздан кейін осы спорт түрі еліміздегі паралимпиадалық ойындар тізіміне еніп, жақсы дамып келеді. Арбада отырып, үйінен он жыл бойы шықпаған жігіттер бар. Солар біздің ұйымға келіп, жаңа қырлары ашылып жатыр. Қаншама қыз-жігіттер спортпен шұғылданатын болды, бірнешеуі оқу бітірді. Өзім арбада отырып билеуден республика чемпионы атандым.

Еңбегіміз еленбей жатқан жоқ. ҚР Президенті алғыс хатын, Қостанай облыстық меценаттар сыйлығын алдық. Әкімдерден де талай мәрте сый-құрмет көрдік. Құдайға шүкір, ауылда да, қалада да танып, үлкен кісілер батасын беріп жатады. Көптеген жақсы лебіздерді естігенде, Дүйсенғали екеуміз «біз текке еңбек етіп жүрмеген екенбіз» деп марқайып бір жасап қаламыз. Ең басты марапат осы. Бізді қуантатын тағы бір негізгі награда – «Үміт-Надежда» ұйымы мүшелерінің қоғамнан өз орындарын табуы, біреулері жетістікке жетіп, чемпион атанып жатса, біреулері үлгілі отбасы болып отыр.

– Жоғарыда кітапты көп оқығаныңызды айтып қалдыңыз. Қандай авторларды парақтадыңыз? Қазір қандай кітаптар оқып жүрсіз?

– Расында, көп кітапты ақтардым. Қазір де қолым босағанда классикалық шығармаларды оқып тұрамын. Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін парақтадым. Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов сынды жазушылардың еңбектерін оқыдым. Орыс мектебін бітіргендіктен, қазақ қаламгерлерінің көптеген туындыларымен орыс тілінде таныстым. Сол шығармалардан көкейімдегі барлық сұрақтарға жауап алдым десем қателеспеймін. Өмірді сүюім, адамдарды түсінуім көкірек көзімнің ашылғанынан деп білемін.

– Бірқатар мемлекеттерде болдыңыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасаған қай елдерді ерекше атар едіңіз? Біз осы мәселеде кейін қалып қойған жоқпыз ба?

– Иә, бұл жағынан бізден озық елдер де, қалыс қалғандар да бар. Мысалы, мен Жапония, АҚШ, Ресей сияқты бірқатар елдерде болдым. Әсіресе, маған қатты ұнағаны – жапон елінің тәжірибесі. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмаған жер кемде-кем. Сол жақта бір жарым ай тұрып, қоғамдық ұйымдармен, олардың белсенділерімен танысып, жұмыстарын көрдім. 25 жылдай бұрын Токио метросында мүгедектерге ешқандай жағдай болмаған дейді. Шағымданса, метродағылар «келіңіз, көтеріп мінгіземіз» дейтін көрінеді. Бір күні арбаға таңылған мыңдаған адам метроға барыпты. Оларды көтеріп түсіруден шаршаған соң, жағдай жасаудың маңызды екенін түсініп, келесі күні-ақ іске кірісіпті. Әрбір елде, қоғамда адамдар бірігіп, билікке қиындықтарды осылай өздері түсіндіріп отыруы керек.

Шетелге шығудың бір пайдасы – билікке осындай дүниелерді салыстырып айта аласың. Мәселелерді қалай шешуге болады, жолдарын көріп тұрасың. Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Дөңгелек ойлап табудың қажеті шамалы, басқа елдерде бар нәрсені бізде жүзеге асыру керек», – деген болатын. Бұған ешқандай алып-қосарым жоқ.

Дамыған отыз елдің қатарына кіреміз деп талпынып келеміз. Қарттарға, балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға көзқарас қалай? Оларға қандай жағдай жасалған? Әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шеше алып отырмыз ба? Осы сұрақтарға толыққанды жауап бергенде біздің көздеген мақсатымыз орындалады. Ол үшін қоғамдық ұйымдардың лидерлері мен билік тығыз байланыста жұмыс істеуі керек.

– «100 жаңа есім» жобасына ұсынылдыңыз. Әрине, жетістіктеріңіз өңір жұртшылығына жақсы таныс. Осы тізімнен тағы кімдерді көргіңіз келеді?

– Әрине, өте қуаныштымын. Менің пікірімше, бұл тізімге басқа адамдарға үлгі бола алатын, жол көрсететін, қиындықтарды жеңе білген мықты азаматтар енуі керек. Қоғамда өз орнын тапқан, пайда тигізген, өзінің ғана емес, айналасындағылардың да өмірін өзгерткен тұлғаларды «100 жаңа есім» жобасына қосқанын қалаймын. Ешкімнің атын атап, түрін түстемей-ақ қояйын, бұл құрметке лайық адамдар арамызда аз емес.

Елбасының бастамасы – өте тамаша жоба. Қоғам өзінің батырларын, мықтыларын білуі тиіс. Өскелең буынды тәрбиелеуде жобаның берері мол.

– Армандарыңыз бен жоспарларыңыз туралы білгіміз келеді.

– Бірінші тілегім, ауылдағы ағайынның жағдайы жақсарса екен. Мүмкіндігі шектеулі жандар ауылдарда өте көп. Оларға жағдай жасалса, мүмкіндігі шектеулі болып есептелмейді. Яғни, жүріп-тұруға кедергі болмаса, көлікті еркін жүргізе алса, қалаған мамандығының иесі атанып, армандарына қол жеткізсе, олар мүмкіндігі шектеулі деп аталмайды.

Дүйсенғали екеуміздің бір арманымыз – техникалық қызмет көрсету бекетін (СТО) ашу. Сонда көлікті қолмен жүргізу сияқты әлемде қолданылып жүрген көптеген заманауи игіліктерді ұйымдастырып, өзіміз тәріздес адамдарға қолайлы жағдай туғызу. Бұл негізі қаланған, былайша айтқанда, бастапқы қадамдары жасалған арманым. Біз бүгінге дейін шағын ғана орында 14 көлікке қолмен басқару қондырғысын орнаттық. Чехиялық компаниямен үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп жатырмыз. Мұндай қызмет көрсету бекетін Қостанайда ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларында да ашсақ дейміз. Оған мамандарды дайындауды да ойластырып жүрміз.

Келесі бір арманымыз, мүмкіндігі шектеулі жандар да депутат атанса, мемлекеттік қызметке орналасса дейміз. Білімі мол, түсінігі толысқан ондай азаматтар арамызда баршылық. Олар депутат болса, өздері сияқты адамдардың мұңын жақсы түсінгендіктен, олардың талап-арызын тиесілі орындарға жеткізе алады.

Айта берсе, арман таусылған ба?! Қала ішінде жүріп-тұратын автобустарымыз мүгедектерге қолайлы емес. Міндетті түрде бір-екі адам көтеріп мінгізіп түсіруі керек. Оны да жиі айтып жүрміз. Бұл да әзірге арман болып тұр.

Ауызды қу шөппен сүрте берген де жарамас. Жағдай бірте-бірте жасалып жатыр. Кезінде Америкаға барғанда, автотұрақта мүмкіндігі шектеулілерлің көлігі тұруы тиіс белгіні көргенде «бізде осындай жағдай қашан болады екен?» деп ойлайтынмын. Қазір бізде де қойылып жатыр. Ғимараттарға пандустар, лифттер орнатылды. Сондықтан, менің ойымша, біздің істеп жатқан жұмыстарымыз, айтып жүрген әңгімеміз желге ұшып кеткен жоқ, бірте-бірте орындалу үстінде.

Көп елдерді көрсем екен деген де арманым бар. Саяхаттағанды қатты ұнатамын.

– Жоғарыда айтып өттіңіз, дегенмен, осы ретте астын сызып сұрағым келіп тұр. Сіз үшін бақыттың басты өлшемі не?

– Он екі мүшесі сау болса да өз орнын таба алмай, не отбасын құрмай жүрген, не тұрақты жұмысы жоқ қаншама адам бар. Сондықтан, менің ойымша, қамшының сабындай қысқа ғана өмірде бақыттың басты өлшемі – өз орныңды табу. Абай айтқандай: «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та бар қалан». Спортпен айналысып, қоғамға көмектесіп, қалаған ісімен айналысса ол адам бақытты деп есептеймін.

Кішкене күнімнен заңгер болам деп армандайтынмын. Биыл магистратураны бітіргелі жатырмын. Осы оқуымды аяқтаған соң, университетке жұмысқа тұруға талпынып көрем. Бақыт деген осы: ертеңіңе қам жасап өмір сүру.

– Қоғамдағы Аруна Жақсағұлованы жақсы білеміз, бүгін одан сайын тани түстік. Ал отбасында қандай адамсыз? Мысалы, үйдегі бір күніңіз қалай өтеді?

– Үйде болсам тамақ дайындап, отбасыма көбірек көңіл бөлемін. Бауырларымды еркелетіп, олардың қал-жағдайларын білемін. Бәрі орнында тұрғанын қалайтын адаммын және тазалықты жақсы көремін. Көбіне сенбі-жексенбіде үйде боламыз. Туған-туыстарымыз қонаққа келеді. Мен де сол күндері барлық әйелдер сияқты үй шаруасымен айналысамын.

– Ауырып жатсаңыз да уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін көп рахмет!

Аслан ҚАНҒОЖИН

Пікірлер