Бахытбек қажы ТӘЖІМБЕТ: Мұсылман ғұламаларына артылған міндет көп

Астанада тұңғыш Еуразия мұсылман ғұламалары форумы өтті. Оған 21 елден қырыққа жуық делегат қатысқан болатын. Дін қайраткерлері мен теолог-ғалымдар бас қосқан айтулы шараға ҚМДБ Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет те барып келді. Форумның мақсаты не, онда қандай мәселелер қаралды? Бас имам осы және басқа да сұрақтарымызға жауап берді.

– Алдымен шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жоғары деңгейде ұйымдастырғанын атап өту керек. Экстремизм, имамдардың тәжірибе алмасуы туралы баяндамалар жасалды. Сөйтіп, форум аясында жеті бағытты қамтыған қаулы қабылданды.

Кезінде Орта Азияны мекен етіп, ислам дініне үлкен еңбек сіңірген әл-Бұхари, әт-Тирмизи сынды хадисшілерді, әс-Сарахси, әл-Марғинани, ән-Шәши, әл-Матуриди, ән-Насафи сияқты ғалым имамдарды, Бахауддин, ән-Нақышбанди, Қожа Ахмет Яссауи секілді руханият әлемінің ұстаздары мен әс-Сығанақи, әл-Итқани, әл-Исфижаби деген ғұламаларды ұрпаққа кеңінен таныту мақсатында кітаптар шығарылмақ. Мұны форумға қатысқан мүфтилер қолға алуға бекініп отыр. Бұл – қаулының бірінші тармағы.

Екінші ислам дінінің, ғалымдар мен діни көшбасшылардың қоғамдағы рөлін арттыру арқылы қазіргі ұлтаралық, конфессияаралық кейбір кикілжіңдерді шешуге ықпал ету міндеті қойылды.

Діни конфессиялар арасында, сондай-ақ билік пен діндарлар арасында диалог орнату маңызды. Бұл да қаулының бір тарауы. Қандай да бір өзгерістер діни ұйымдардың принциптерімен, мемлекет ұстанымымен үндесуі тиіс. Еуразия мемлекеттерінде тұрақтылық пен татулықты сақтау үшін білікті мамандармен және жұмыс жасау тәжірибесімен алмасып тұру керек.

Кейбір мәселелерге қатысты Еуразиядағы бүкіл мүфтилер қосылып, бірдей пәтуа шығарып отыруға келісті. Мәселен, екпеге байланысты айталық. ҚМДБ жанындағы пәтуа бөлімі екпенің діни наным-сенімге қайшы келмейтінін түсіндіріп берсе де, жат ағымның өкілдері құптамай отыр. Осындай өзекті проблемаларға байланысты, Еуразия кеңістігіндегі мүфтилер енді бірлесе пәтуа шығармақ.

Бүгінде бүкіл әлемді дүрліктіріп отырған дін атын жамылған экстремизм, терроризм, басқа да араға іріткі салушы деструктивті ағымдардың алдын алу үшін осы кеңістіктегі мұсылман қауымының иммунитетін қалыптастырған жөн. Осыған орай, ұсыныстар негізінде форум үш жылда бір өтіп тұратын болды.

– Жақында Бас Мүфти Серікбай қажы Ораз мешіттерде мутауалли қызметін қалыптастыру туралы айтты. Ол қандай қызмет, қашан қолға алынбақ?

– Қаржылық ашықтықты қамтамасыз етудің бірден-бір оңтайлы жолы – мутауалли қызметі. Яғни, белгілі бір кезең сайын мешіттің түсімі мен шығыны, тыныс-тіршілігі туралы жамағатқа жеткізіліп отыруы мүмкін. Ал ақ шапан мен сәлде киген имамдар қаржылық-шаруашылық іске мүлдем араласпайтын болады.

Имамдар да, дініміз де ешкімге тәуелді болмауы керек. Дін қызметкерлерінің беделін күшейту маңызды міндет. Мутауаллияттың бір мақсаты осы.

Жаңа қызмет жүйесі жақын уақытта жүзеге асады. Бұл ойдан шығарылған дүние емес. Орта Азияда болған. Қазір қаржы-шаруашылық мәселелерін қоса алып жүру имамдарға үлкен жүк. Елімізде дінге бет бұрушылар көбейген уағыз-насихат жұмыстарының да салмағы арта түседі. Діни ғибадаттар мен рәсімдерді жүргізуді былай қойғанда, мешіттер жанындағы сауат ашу курстары мен елдің сұрақ-жауап мәселесіндегі жауапкершілік те имамның мойына жүк артады.

Өткен жылы «Уақып» қоры құрылған еді. Сол арқылы 350-ге тарта имамға қайырымдылық көмек көрсетілді. Сондай-ақ жамағаттың арасында шын мұқтаждарға да жәрдем беріліп жатыр. Мұның өзі мешіттердегі қаржылық-шаруашылық жұмыстарды оңтайландыруға сеп.

– Мүфтияттың бастамасымен көптеген игі істер атқарылды. Әсіресе, аз қамтылған отбасыларға көп көмек берді. Жетім-жесірлерге де қамқор. Сіз де бір сөзіңізде «қазақта жетімдер үйі болмауы тиіс, жабуға барынша атсалысамыз» деген едіңіз…

– Иә, ол бағыттағы жұмыстарымыз нәтижесіз емес. Облыстық балалар үйі жабылғалы тұр. Оған біздің де ықпалымыз, септігіміз тиді деп айта аламыз. Жамағат арасында айтып жүргендіктен, балаларды асырап алуға ынталылар көбейді. Облыстағы имамдар бірлесіп, балалар үйіндегі 13 баланы қамқорлығымызға алған едік. Қысқы, жазғы киім-кешегін, аптасына бір мәрте тамағын апарып жүрдік. Арамызда мейірімді, қайырымды адамдар аз емес. Жағымды өзгерістер солардың арқасында болып жатыр.

– Парламентте «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң жобасы қарастырылып жатыр. Ондағы өзгерістерден хабардарсыз ба? Ұсыныстарыңызды айттыңыздар ма?

– Мен ол заң жобасының қазақша да, орысша да нұсқасын оқып, танысып шықтым. Діни басқарма тарапынан болмаса, біз ұсыныс айтқан жоқпыз. Құжатта түбегейлі қарсы болатындай ештеңе таппадым өз басым.

Білім алу мәселесі реттелмек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елде діни оқу орындары болған жоқ. Көбісі шетелде оқыды. Қазір өзімізде баршылық. Мамандарымыз да жеткілікті. Шетелге оқуға шығардан бұрын, отандық оқу орнынан білім алуы керек. Маған заңдағы осы тұс ұнады. Бұл – жат ағымдардың жастарды арбауына тосқауыл. Білімді болғанда ғана өзге пиғылдағы ағымдарға шырмалмаймыз.

– Рахмет! 

Аслан ҚАНҒОЖИН

Пікірлер