Ғайнижамал БЕРДАЛИНОВА: Келініме арнап кітап жазсам, бұл – аналық ризашылығым

Белгілі журналист, ақын Ғайнижамал Бердалинова келіні туралы кітап жазған алғашқы ене десем қателеспейтін шығармын. Өйткені бүгінге дейін енесінің келініне риза болғаны соншалықты, кітап шығарыпты деген әңгімені естімеппін. Ал мен қателесіп жатсам, тек қуаныштымын, өйткені Ғайнижамал апамыз сияқты мейірімді аналар, елеулі енелер, аяулы әжелер ортамызда көп болғаны үлкен бақыт емес пе!

Мен осы әңгімені естіген бетте апамызбен жолығып, кітап арнаған келіні жайында әңгімелеп беруін сұрадым. Апамыз: «Ыңғайсыз болар, келінім жайында қалам тербесем, бұл – аналық ризашылығым, болашақта ұрпағы мақтан тұтсын, кейінгілерге үлгі-өнеге болсын деген ниетім еді», – деп қарапайым қалпымен сыпайылық танытып жатты. Бірақ, бүгінде енелері келіндерін, келіндері енелерін мақтамай, көбіне тек даттайтынын жиі көретініміз жасырын емес. Кейбір келіндер қартайған ата-енелерімен бірге тұруды ауырсынып, сылтаулатып, бөлек шығып, түрлі себептермен тіпті қатынаспай да жатады. Соңғы уақытта бұл үрдіс қоғамда қалыпты дүниеге айналып барады. Біздің дана халқымыз «Қызым саған айтам, келінім сен тында» деп, әрдайым қыз баланың жатжұрттық екенін ескеріп, тәлім-тәрбиеге көп көңіл бөлген. Болашақта біреудің жары, бір әулеттің келіні, дүниеге ұрпақ әкелуші ретінде қыздарына қырық үйден тыйым салып, бойжетендерімізді ізеттілікке, сыпайылыққа, кішіпейілділікке, мейірімділікке тәрбиелеген.

Келін дегеніміз – отбасының шырақшысы, шаңырақтың ұйытқысы мен берекесі. Бірі келінді қызындай көрсе, енді біреулер келінді үй қызметшісі ретінде қабылдайды. Ал, негізінде екі арадағы жылы қарым-қатынас екі жаққа, яғни, енеге де, келінге де байланысты екені сөзсіз. «Жақсы елге барған келін – келін, жаман елге барған келін – келсап», «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген мақалдар бекер айтылмаса керек.

– Ғайнижамал апа, дана халқымыз «Келін – қайын енесінің топырағынан» деп жатады, келініңіз өзіңізге тартқан ба?

– Қызмет бабымен әкесіне еріп, Атырауда еңбек етіп жүрген балам Берік Сақинатпен танысып, бір-бірін ұнатып, көңіл жарастырған еді. Балам бастапқыда ауылдарға көлікпен су тасып жұмыс атқарды. Болашақ келініміздің үйіне де су құйып жүргенде сыпайы да ибалы, инабатты, қазақы тәрбие көрген қызды байқап жүреді. Қыздың қылығы, жүріс-тұрысы ұнап, біртіндеп танысып, араласып кетеді. Бір қызығы, екеуінің әкелері қызметтес болды. Екі жас қос елді жақындастырды. Ол кезде Жітіқарада тұратынбыз, үлкен той жасап, қазақы салт-дәстүрмен келін түсірдік. Жалпы мен «келін» деген сөзді ұнатпаймын, «келген», «енген» деп, адамды алыстатып тұратын сияқты. Сондықтан, алғашқы күннен Сақинатты туған анасындай бауырыма тартып, қызымдай көріп кеттім. Ол кейіннен менің сырласыма айналды. Өзімнің қыздарымдай жақсы көремін. Менің аналық міндетім – оларды қолдап, қорғау, аналық мейірімге бөлеу. Ана – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі ғой. Сондықтан, бұл – біздің аналық парызымыз! Сақинат біздің отбасының табалдырығын аттаған күннен бастап, өзінің ақ жарқын мінезімен, адамға адалдығымен, мейірімді жүрегімен барлық туыс-туғанды жаулап алды. Міне, жиырма жылдан астам уақыт сол сыйластықпен, тек біздің әулетіміздің ғана емес, елінің батасын алып, алғысына кенеліп келеді.

– Бүгінде жаңа түскен келінмен тіл табысып кету көптеген отбасыларға оңай емес. Қостанай облысында уақыты ең қысқа неке үш сағатқа ғана созылған, ал елімізде шаңырақ көтерген әр­бір төртінші некенің ғұмыры ұзаққа бармайды екен. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген осыдан шығады. Сіздің келініңіз туралы кітабыңыздың бірінші бетінде «Осы кітапты жазуға мені итермелеген келінім Сақинатқа деген ризашылығым болды. Жүрегімдегі ыстық сезімдерім сыртқа шыққысы келіп, кеудемді жарып барады…» деп бастапсыз. Осындай қарым-қатынастың қыр-сыры неде?

– Тек сыйластық пен адамгершілікте деп ойлаймын. Өзгені сыйлай білсең, өзіңді де сыйлата аласың. Әрбір ана отбасының берекесі, егер мен келінімнің тек кемшілігін ғана көріп, түртпектей берсем, оның алдында қандай қадір-қасиетім болады? Әр ана, әр ене, тіпті әр адам сөзімен емес, ісімен үлгі бола білсе, болашақ ұрпағымыз да тәрбиелі болары сөзсіз. Келінім туралы кітап жазу Сақинаттың әкесі, біздің құдамыздың мерейтойы қарсаңында ойыма келген. 1990 жыл болатын, «Аман болшы, ақылдым!» деген атпен естелік кітабым дүниеге келді. Бұл кітапты «Ризамын, қалқам, ризамын» деген атаумен 2017 жылы толықтырып қайта шығардым. Менің бұл әрекетім біріншіден, келініме деген ризашылығым болса, екіншіден, басқа өңірге келін болып түскен қыздарының сол елге сыйлы болуын көру тәрбиелеп, мәпелеп өсірген әке-шешесіне үлкен бақыт деп ойлаймын. «Аман болшы, ақылдым!» деп атауым да жай емес еді, тіл-көзден сақтасын деп ырымдадым. Осы кітапты құдамыздың мерейтойында сыйға тартқанымызда, баласы үшін марқайып, шаттанған ата-ана, қыздары үшін мақтанған жұрты, елі осындай сыйластығымызға тәнті болды. Бұл еңбегімді келініме үлкен аналық ризашылық сезіммен жазған соң, жүректерге жетті. Кітап тек шынайы сыйластықтың арқасында ғана дүниеге келді. Ал, сыйластық, адалдық қарым-қатынас болған жерде отбасының да бірлігі нығая түседі.

Сақинат қызым 1986 жылы Алматыда оқып жүргенінде Желтоқсан оқиғасына қатысты деген жалған жаламен оқудан шығарылған студенттердің қатарында болды. Сөйтіп, желтоқсанның қаһарлы желі менің келініме де тиіп, оқуынан қол үзіп қалған еді. Бірақ туа біткен ұстаздық қасиетінің арқасында мектепке орналасып, бастауыш сыныптарға сабақ берген келінім Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының сырттай бөліміне оқуға түсіп, бесіктегі балаға қарамай бітіріп шықты. Қай жерде де ортасына сыйлы бола білді. Кейіннен екінші мамандық алуына жағдай жасадық. Әрдайым қолдадық, мүмкіндік бердік. Әлі есімде, кішкентай немеремді құшақтап алып, институтқа барып отыратынмын. Сабақ арасындағы үзілісте баланы еміздіріп, қайта алып кетемін. Бұл менің балаларымның болашағы үшін жасаған аналық парызым, аналық қызметім еді. Әрбір ата-ана балалары үшін өмірдің барлық ауыртпалығын көтеруге дайын болады деп ойлаймын. Мен ешқашан енемін деп кербезденбедім, мен тек анамын деп ойладым. Бірер жыл бұрын немерем отбасын құрып, Сақинаттың өзі де ене атанды, ол немере сүйіп, мен шөберелі болдым. Бұдан артық анаға бақыт бар ма?! Бүгін үш баламнан он немере, бір шөбере көріп отырмын.

– Сонда, сайып келгенде, барлығы да тәрбиеге байланысты демексіз ғой.

– Отбасындағы тәрбие өте маңызды. Атам қазақ «Қызым келіннен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі» деп көрегендікпен айтқан. Отбасында тәлімді тәрбие алып, иба мен инабаттылықты жанына серік еткен қыз бала барған жерінде бағы ашылып, сыйға бөленеді. «Тастай батып, судай сің» дейді мұндайда қазақ, яғни, жұбайының отбасына сіңісе алған келіннің ғана жұртының алдында қадірі артады. Өкінішке қарай, Кеңес заманының кертартпа саясатының кесірінен, бүгінгі жаһандану желегімен ата-баба салт-дәстүрінен жұрдай болып барамыз. Қазақ келіндерінің әдебі мен әдеті ұмытыла бастады. Кейде жастарға ескерту жасап, әдепке шақырсаң жақтырмай жатады, үлкендерге қарсы сөйлейді, тіптен тіл тигізіп те жатады. «Жас келіндер қара шаңырақтың немесе ақсақалы бар үйдің төріне шықпайды, әйел адам орындықта отырғанда аяғын айқастырмайды, көп алдында керілмейді, бала ата-ананың, келін ененің сөзін екі етпейді, әйелдер жолаушының, еркектің алдын кесіп өтпейді, қазақ әйелдері кісіге қарсы қарап отырмай, бір қырындап отырған» – бұлар қыздарымыздың тәрбиесінде ескеретін дүниенің тек бастапқысы ғана. Демек, қыздарымыздың басты тәрбиешісі – анасы ұлттық дәстүрден сусындаған болса, ол қызының бойына да сол қасиеттерді қалыптастырады. Ақылды да дана аналардың көрегендігі отбасындағы ынтымақтың бірден-бір себепшісі. Ендеше, келіннің «келсап» болмай, жақсы келін, жақсы жар, жақсы ана болып қалыптасуы оның еріне деген сый-құрметіне, отбасында көрген тәлім-тәрбиесіне байланысты. Бүгін келін болып отырған жас қыз, ертеңгі күні өзі де ене атанып, келін тәрбиелейтіні – өмір заңдылығы. Бүгін ол анасынан, енесінен үйренгенін ертең өз келініне үйретеді. Міне, дәстүрлі тәрбие мектебі, осылайша, ұрпақ­тан-ұрпаққа жалғасып, қанат жайып кете береді. Бұл – нағыз халық­тық педагогика, яғни, ата-бабаларымыз­ арқылы ғасырлардан бұлжымай орындалып келе жатқан заңдылық.

– Ғайнижамал апа, маңызды пікіріңізге рахмет. Сізді және келініңіз Сақинатты келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймыз! Отбастарыңызға амандық, зор денсаулық тілейміз.

– Сіздерге де рахмет! «Нұрлы таң» газеті халқына танымал болып, өркендей берсін. Бұл жұмыстың оңай емес екенін мен білемін, өмірімді журналистикаға арнадым ғой. Талаптарыңызға нұр жаусын!

Сулейман МҰРАТҰЛЫ

Пікірлер