Назымбек МОЛДАХМЕТОВ: Қазақтың мол мұрасын келер ұрпаққа дұрыс аманаттау – менің парызым

Жақында «100 жаңа есім» жобасы қорытындыланып, халық арасынан таңдалған үздіктермен Елбасы Астана төрінде кездесті. Аты ұлықталғандар арасында Қостанай облысынан үш есім бар. «Нұрлы таң» газеті осы жобаға үміткер болғандар мен өңірде еңбегімен еленген азаматтарды оқырмандарға кеңінен таныстыруды жалғастырып келеді. Бұл жолғы кейіпкеріміз – Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония жанынан құрылған қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Назымбек Молдахметов.

 Біздің анықтама:

Назымбек Молдахметов Арқалық қаласы маңындағы Қайыңды ауылында, көп балалы отбасында дүниеге келген. Арқалық музыка училищесінде, кейін Құрманғазы атындағы консерваторияда оқыған. 1994 жылдан Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясында еңбек етіп жүр.

2006 жылы ҚР мәдениет қайраткері атанса, 2009 ҚР еңбек сіңірген қайраткер атағы берілді. 2012 жылы Қостанай облысы меценаттар клубы сыйлығын иеленді.

2008 жылы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің негізін қалады. Бүгінде аталмыш ұжым көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты.

– Назымбек аға, бірі білсе, бірі білмес, алдымен өнер жолына келуіңіз туралы айтып өтсеңіз. Бұл біз үшін қарапайым, «кезекші» сұрақ болғанымен, оқырмандар үшін қызық…

– Ата-анам өнер адамдары емес. Әкем бас инженер болып істеді, анам біздің тәрбиемізбен айналысты. Бірақ үйде үнемі музыка ойнап тұратын. Әкем көптеген аспаптарда ойнады. Шешемнің әп-әдемі дауысы бар еді. Қонақжай үй болдық. Меймандар келген соң белгілі емес пе, ән айтылады, күй тартылады. Сол кезден музыканы құлағымызға сіңіріп өстік. Бес жасымнан домбырада ойнадым. Отбасылық ансамбліміз де болған. Қазір, құдайға шүкір, жиендерімізге дейін домбыра тартады немесе басқа аспаптарда ойнай алады. Алғашқы ұстазым – Тұрсынбек Әлмағамбетов. Арқалықта сол кісіден сабақ алдым. Домбыраны кәсіби ойнауды сол кісіден меңгердім. Қазақтың қасиетті аспабы табиғаттың үнін, ғасырлардың сырын, бабалардың аманатын бізге музыка тілімен жеткізеді. Осылайша, үлкен өнерге ғашық болдық.

– Естіп-біліп жатырмыз, он жылға жуық уақыт ішінде сіз құрған оркестр көптеген жетістіктерге жетті. Былтыр көрші елде ұлттық өнерімізбен кезекті рет талайды мойындатып келдіңіздер…

– Иә, өткен жылы Уфа қаласында өткен халықаралық фестивальге қатысып келдік. Бұйырғаны – бас жүлде. Ресей Федерациясының, көршілес елдердің майталман музыканттары қазылар алқасында отырды. Құдайға шүкір, оркестріміз кәсіби тұрғыда жылма-жыл өсіп келе жатыр. Ондағыларды таң қалдырғаны – туындыларды таза ойнағанымыз деп ойлаймын. Одан қалды, әрбір ұлттық аспабымыздың өзіндік үні бар. Башқұрт ағайындарымыз да оркестр құрыпты. Оларда да домбыра сияқты үш ішекті аспап бар екен. Қылқобызды да олар өзіміздікі деп жүр. Төрт ішекті прима қобызды да оркестрлеріне қосып алыпты. Бірақ оларда басты аспап – сыбызғы. Оркестрде 10-12 сыбызғышы отырады екен. Бауырлас халықтардың осындай жетістіктерін көріп, ішіміз жылып қалды.

Жетістік туралы айтып қалдың ғой, біздің табысымыз былтырғы жеңісімізбен ғана шектелмейді. Оркестріміз 2012 жылы Красноярск қаласында өткен халықаралық фестивальде лауреат атанып, бір жылдан соң Магнитогорскте «Еуропа-Азия» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Мұның бәрі ұжымның орасан еңбегімен келген жеңістер.

– Өзіңіз Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Алматыда Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестрімен өнер көрсеттіңіз. Биыл Қызылжарға сапарлап қайттыңыз. Тәуелсіздік күніне орай әр өңірде концерт беру дәстүрге айнала ма?

– Оны уақыт көрсетеді. Иә, Алматыда «Алтын дән даласының асқақ үні» атты концерт қойдық. Менімен бірге әнші Гүлмира Үмбетова, қылқобызшы Батырбек Байназаров сынды өнерпаздар да барды. Онда негізінен біздің өңірге қатысты шығармалар ойналды. Концерт шымылдығы Құрманғазының «Серпер» күйімен ашылып, Алаш арыстарының рухына арналған Қайыржан Мақановтың «Сағыныш» атты туындысымен жалғасты. «Сағыныштың» авторы өзімнің ұстазым. Тәуелсіздікке арналған кеш болғаннан кейін азаттықты аңсаған тұлғалардың болмысын ашуды жөн көрдік. Қостанай оркестрінің шоқтығы биік шығармаларының қатарында «Шақшақ Жәнібек» туындысының орны ерекше. Ермұрат Үсеновтің осы шығармасын да жұртшылық жылы қабылдады. Академиялық оркестр Айтқали Жайымовтың «Думанды Тобылын» да керемет орындап шықты. Ол да біздің ұжымның репертуарынан еді. Әбілахат Есбаев, Қалибек Деріпсалдин, Бақытжан Сәуекенов сынды жергілікті композиторлардың әндері шырқалды. Классикалық шығармаларды қазақ оркестріне лайықтаған болатынмын, соларды да көрермен назарына ұсындық. Ал Петропавлдағы концерт «Толқиды Тобыл, шалқиды Торғай» деп аталды. Онда да жергілікті оркестрмен концерт қойдым. Бағдарламада өзіміздің өңірге, ел тарихына байланысты бірталай шығармалар қамтылды. Былтыр Ы.Алтынсариннің 175 жылдығына орай, тапсырыспен «Ұстаз арманы» деген шығарма жаздырған болатынбыз. Қызылжар қаласында оны да орындадық.

Менің бұл концерттерді өткізудегі бірінші мақсатым – өңірімізден шыққан тұлғаларды бүкіл елге таныстыру, дәріптеу.

– Таяуда Челябі қаласында өткен үлкен форум аясында екі елдің президенттері алдында өнер көрсеттіңіздер. Бұл да бір жетістік.

– Онда «Ақжелең» ансамблін апардық. Негізі дайындап апарғанымыз екі шығарма еді. Онда барған соң орыс композиторларының туындыларын сұрады. Ол деген бізге сөз болып па, ойнап бердік. Кешкі басқосуда да сценарий бойынша екі композиция орындау керек болған, бірақ екінші шығарманы аяқтай бергенде ұйымдастырушылар үшіншіні сұрады. Жақсы дедік. Л.Гайдайдың фильмдеріндегі А.Зацепиннің музыкалық шығармаларынан попурри орындадық. Танымал әуендер, бәрі елең ете қалды. Маңайындағыларға әңгіме айтып отырған Владимир Путин мырзаның да назары ауды. Болдық деп, енді тұруға ыңғайланғанда төртінші туындыны ойнауымызды өтінді. «Адайға» кезек келгенде Елбасы риза болып, арасында көрші елдің президентіне бірдеңе айтып отырды. Күйдің тарихын түсіндірген болуы керек.

– Бәрекелді! Оркестр туралы жалғастырайықшы. Қазір құрамында қанша адам бар? Олардың қатарын толықтыру жоспарланып отыр ма?

– Оркестріміздің құрылғанына келер жылы 10 жыл толады. Қазір екі дирижерді қоса есептегенде 44 оркестрант бар. Басшыларымыз алдағы жылы құрамымызды 65 адамға жеткіземіз деп отыр. Жастарды шақыру үшін қызметтік пәтерлер бөлінеді деп те қуантып қойды. Сонымен қатар, жаңа аспаптар сатып алынады.

Әр жылы маусымның ашылуында үлкен өнерде танылып жүрген бауырларымызды шақырып тұрамыз. Биылғы таңдауымыз Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестрінің бас дирижері Арман Жүдебаевқа түсті. Ол бірер уақыт біздің оркестрімізбен жұмыс істеп, үлкен баға беріп кетті. «Шетел сахналарына ұялмай шығара алатын ұжым» деп айтты. Алматы филармониясындағы мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің солисті, бірнеше халықаралық конкурстардың лауреаты Береке Еңкебаева да келіп кетті. Онымен жұмыс істеген әншілеріміз біраз тәжірибе жинады. Күні кеше ғана жерлесіміз Сүндет Байғожинді Италияға шығарып салу концертіне де атсалыстық. Осының бәрі біздің оркестрімізді жетілдіре түсетін жұмыстар екенін айта кеткім келеді.

– Сізді осындай дәрежеге жеткізген өнер. Сіздіңше, өнерге адалдық деген не? Осы жолда дұрыс бағыт-бағдар сілтеген ұстаздарыңыз кімдер еді?

– Қара шаңырақ – консерваторияға түскенде дәулескер домбырашы, профессор, өнер зерттеушісі Тымат Мерғалиевтің шәкірті болу бақыты бұйырды. Қаршыға Ахмедияров, Айтқали Жайымов, Кенжебек Күмісбеков сынды атақты ағалардан дәріс алдым. Одан қалды, студент болып жүріп Құрманғазы оркестрінде ойнадым. Ол да бір мектеп.

Халықтың мол мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу, қазақтың өзіне ғана тән бояуын, ырғағын бұзбай, келесі буынға аманаттау – менің басты міндетім. Қазір эстрадаға салып немесе арасында өзінше бірдеңелер қосып, күйлерімізді бұзып жүргендер аз емес. Жарайды, кейбір күйлерді эстрадамен орындауға болатын шығар, бірақ Құрманғазының, Махамбеттің күйлерін бір формаға салып қоюын түсіне алмаймын. Менікі – тазалық, кеше бізге қалай үйретті, кейінгіге солай жеткізу.

Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский сынды даңқты композиторлар қаншама күйлерді қазақ ансамбльдері мен оркестрлеріне лайықтап, нотаға түсіріп берді. Мен де классикалық дүниелерді лайықтағанда бояуын өзгертпеуге, табиғатын сақтауға барынша тырысамын. Кеше бір газетте мына жағдайды оқып, жағамды ұстадым. Кейбір ансамбльдер сол Ахметтер қағазға түсіріп берген күйлерді, әндерді Алматыда Яков Хан деген джаз оркестрі бар музыкантқа өңдететін болыпты. Соны жерден жеті қоян тапқандай жаңалық етіп көрсеткісі келетін ансамбльдеріміз бар. Джаз жанры мүлде бөлек қой, оны ұлттық өнерге араластырып, ертеңгі ұрпақты адастырамыз ғой…

– Осы орайда мен де ойыңызды жалғастыра кетейін. Қазір «ұлттық» деген сөзді немесе «рухани жаңғыруды» локация үшін ғана пайдаланатындар көбейіп кетті. Сол шалажансар дүниелерімен ұлттың мәдениетін көтеріп жатырмыз деп ойлайтынын қайтерсің?! Ұлттың өнерін космополиттендіру кімге керек? Рас, кейде қарап отырып күйініп кетесің…

– Әркім ақылы, ой өрісіне қарай тірлік қылады ғой. Өз басым ондайға бара алмаймын. Олар – пысықайлар, табыс тапқысы келетіндер. Басқа ештеңе айта алмаймын.

– Мұхтар Мағауиннің «Көкбалақ» деген романында басты кейіпкер Тоқсабаның кейінгі домбырашыларға көңілі толмайтын тұсы бар. Бір кездері атағы шыққан күйші елеусіз ғана өмірден озады. Әңгімеміз осы романдағы негізгі оймен сабақтасатындай… Қазір кәсіпқой күйші көп, дәулескер күйші жоқ деп жататындар бар. Осымен келісесіз бе?

– Баяғыда Жәнібек Кәрменов ағамыз да «қазір домбырашы жоқ, бәрі робот болып кетті» деп айтып еді. Кім жылдам ойнаса, кім қатты сабаласа, соны әулиедей көріп жататындар бар. Бізге ұстаздарымыз ондай талап қоймайтын. Техникалық мүмкіндігің жетіп тұрса да, «күйдің мазмұны жоғалады» деп домбыраны сабалап тартуға рұқсат бермейтін. Бірақ бұл тәжірибемен келетін дүние. Жастар албырттыққа салып, жұрттың делебесін қоздырамын деп ағаттыққа барып жатады. Өсе келе оның бәрі қалады. Жалпылай алғанда, жастарға көңілім толады. Әр заманның өз үні болады. Бірақ түп негізден ажырамау керек. Мұхтар Шаханов ағамыздың өлеңі бар ғой, «тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала» деп келетін. Сондықтан, не нәрсенің де тамыры, мазмұны болса жұртқа таралады, ертеңгі күні бағаланады. Күйдің тарихын біліп, оны бойына сіңірген адамнан ғана жақсы орындаушы шығады.

– Бұдан 7-8 жыл ертерек басқа басылымда істеп жүргенде сізбен сұхбаттасқанда Қостанайда ұлттық өнерге деген көзқарас туралы айтып едіңіз. Жергілікті халықтың қазіргі көзқарасы қандай? Ұлттық мәдениетті бағалайтындар қатары көбейді деп ойлайсыз ба?

– Оркестр қаншама еңбектеніп, бір шығарманы 1-2 ай дайындап, оны әбден тазартып барып сахнаға шығарады. Бірақ концертке халық жиналмайды, еңбегің зая кеткендей көңілің түсіп қалады. Біздің Қостанайда дәстүрлі өнерімізді дәріптейтіндер қатары көбеймей тұр. Оның есесіне жұлдызсымақтар, «уақытша» әншілер келсе, жапа-тармағай ағылып жатады. Әсіресе, жастар. Билетінің қымбаттығына қарамайды. Ал, оркестрдің концертіне билетті 500 теңгеден сатыңызшы, 50 адам жинала ма? Неге біз ұлттық өнерімізді осыншама өгейсіттік?

Бұрында Құрманғазы оркестрі 80 адаммен бүкіл Қазақстанды шарлап концерт қойған. Тіпті, батыс өңірінде оркестр бір ауылдан келесі елді мекенге жеткенше, ауыл жастары бірінші барып сүйінші сұраған. Тоқсаныншы жылдары «тұрмыс-тұрмыс» деп жүріп, қоғамның көзқарасы материалдық құндылықтарға ауып кетті. Содан арыла алмай жатырмыз.

– Қазір күйден ақпарат алу деген бар ма? «Ақсақ құлан» күйінің тарихын білеміз. Ханға баласының аң аулап жүріп мерт болғанын домбыра арқылы естірткен деген тәмсіл бар, мысалы…

– Ұстаздарым айтатын, «күйдің бойында әттең-ай дейтін өкініш немесе зар-мұң болуы мүмкін, сол дыбысты ізде, домбыраны сөйлет» дейтін. Мәселен, «Қош аман бол, Ақбикеш», «Соқыр Есжан», «Айнам қалды» деген күйлер бар. Бұлар цикл болып тартылады. Тарихын қысқаша айтып берейін. Есжан Ақбикешке ғашық, бірақ қыздың ағалары ұрып-соғып, оны соттатып жібереді. Өйткені, жігіт кедей. Бірер жылдан соң, жазасын өтеп елге келіп, ауылдың шетіндегі үйге кірсе, Ақбикеш ұзатылып жатыр екен. Жұрт қыздан еліңе не айтарың бар деп сұрағанда, «Айнам қалдыны» ойнап беріпті. Содан жиылған қауым «апыр-ай, байдың қызы неге сонша айнаға зар болды екен» деп таңырқапты. Ол жерде күйші қыз «Есжан қалып барады» деп айтқысы келген. Жігіт жауап ретінде «Қош аман бол, Ақбикешті» ойнайды. Сондағы бір иірімдерді ұстазым «әттең-ай, малым болғанда қайтер еді», «әттең-ай, былай болғанда қайтер еді» деген өкініш бар деп түсіндіретін. Бастан-аяқ «Қош аман бол, Ақбикеш» деп тұрған жоқ. Міне, күйді бала жасынан тыңдап өскен адам осындай ақпарат оқып отыр. Өкінішке қарай, эстраданың сүйемелдеуімен болмаса күй тыңдайтындар азайып кетті.

Қазір «Ақсақ құланды» жоқтаудан бастайтын күйшілер бар. Дұрыс емес. Менің түсінігімде бірінші жайлауды, ойнап жүрген баланы айтып барып, содан кейін жоқтауға түсірген абзал. Қазақта қайғыны естірткенде бірден «балаң өлді» деп ешкім айтпайды ғой, алыстан орағытып әкеледі.

– Әңгіме ауанын туған жерге қарай бұрайық. Қайыңдыны сағынасыз ба? Туған ауылыңызға қаншалықты жиі барып тұрасыз?

– Сағынғанда қандай?! Жаз шықса бітті, ауылға тартамын. Жұрт шетел асып жатса, мен ауылда қымыз ішіп демаламын. Торғай өзеніне бір сүңгіп шықсам, сол мен үшін үлкен демалыс. Басқа жақтан келетін ауылдастарым да сол өзенді сағынатынын айтады. Әттең, жолы нашар, шаршатады…

Биыл Қайыңдының 60 жылдығы тойланды. Ауылдың мерейтойына жасаған тартуым болсын деп, 200 түп қайың ектім. Отбасылық ансамбліміздің концертін қойдық. Жерлестеріміз сағынып қалыпты.

– Кімдермен тығыз шығармашылық байланыстасыз?

– Барлық өңірлердегі дирижерлермен араласып, хабарласып тұрамын. Мерейтойларына, концерттеріне шақырып жатады. Жуырда Айтқали ағамыздың 70 жас мерейтойына барып келдім. Кейде, тіпті үйге тұрақтамай кетемін, сондай кездері басшыларымнан ескерту алып қаламын.

Барлық музыкантқа тәжірибе алмасу керек нәрсе. Сосын жан-жаққа шығып тұрған абзал. Қызылжарға концерт қойып келдім ғой, енді олар бізге келуге ниеттеніп отыр. Батыстағы төрт облыстың оркестрлері бір-бірімен өте жақсы қарым-қатынаста. Солтүстіктегі бес аймақ та сондай байланыста болса, шығармашылығымыз, мәдениетіміз дами түсер еді.

– «100 жаңа есім» жобасына есіміңіз ұсынылды. Сіз де лайықтылардың бірі едіңіз, өтпей қалғаныңызға іштей өкінген жоқсыз ба?

– Жоқ, атақ-даңқ қуған адам емеспін. Тіпті, сол үміткерлер қатарына мені кім қосып қойғанын да білмеймін. Бұрын қандай Назымбек болсам, қазір де сондаймын. Атағымды бұлдап, «анау керек, мынау керек» деп басшылардың кабинетін «аңдыған» емеспін. Ұстазым Айтқали Жайымов та қандай даңқты болғанымен, қасына барып әңгімелессеңіз, сондай қарапайым. Бибігүл Төлегенова апамыздан атақты адам жоқ шығар, ол кісінің де қарапайымдылығында шек жоқ. Қазіргі жұлдыздардың жанына жолай алмайсың.

– Шын досыңыз бар ма? Домбырамен жиі сырласып тұрасыз ба?

– Әрине, жан серігің болған соң сырласасың. Көбіне үйде отырғанда. Ал өмірде достарым баршылық. Осы филармония ішінде жүрген Батырбек Байназаров, Манапбек Кәдіров, Рудныйда Арман Хасенов, Балғат Жантеміров деген достарым бар. Отбасымызбен араласамыз. Кейде бәріміз жиналып, табиғат аясына шығып демаламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Аслан ҚАНҒОЖИН

Пікірлер