Нұржан ӨТЕГЕНОВ: Әрбір ұсыныс ескерусіз қалмайды

Биыл Аманкелді ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Алғашында Батпаққара деген атаумен ашылған өлкеге батыр есімі 1936 жылы берілді. Бүгінде ауданда 17 мыңнан астам адам тұрады. Жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі, мерейтойға дайындық қандай деңгейде? Бұл туралы аудан әкімі Нұржан Өтегеновпен болған сұхбатымызда айтылады.

– Нұржан Қайыржанұлы, 17 қаңтарда ауданның құрылғанына 90 жыл толды. Құтты болсын! Мерейтойды қашан, қалай атап өтпексіздер? Дайындық жұмыстары басталды ма?

– Рахмет! Ауданның тоқсан жылдығын тойлауға қатысты арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған осы жердегі беделді азаматтар, зейнеткерлер, кәсіпкерлер, барлығы 20 шақты адам мүше. Іс-шаралар жоспарын дайындап қойдық. Бірақ әлі бекіткен жоқпыз. Әуелі облыс әкімдігімен келісіп алуымыз керек. Өзіміздің шамалауымызша, ақпан айының ортасынан іс-шаралар легі басталады. Ал мектептеріміз ауданның мерейтойына байланысты сынып сағаттарын қазірден өткізіп жатыр. Жергілікті «Аманкелді арайы» газеті ақпан айынан бастап арнайы айдар ашпақ. Аудан тарихы жөнінде кітап шығару да ойымызда бар. Негізгі іс-шараларды, үлкен тойды қыркүйек айында өткізсек деп жоспарлап отырмыз.

Биыл ауданның мерейтойымен бірге әйгілі жерлесіміз, Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаевтың 70 жылдығы қатар тойланбақ. Осы екі атаулы датаны лайықты атап өтуді біз былтыр жобалап, жоспарлап қойған едік. Облыс әкімінің қолдауымен Ә.Боранбаев атындағы орта мектепке биыл күрделі жөндеу жүргізілмек. Оған облыстық бюджеттен 194 млн теңге қаржы бөлінді. Қаңтар айының соңына дейін әлеуетті мердігермен келісімшартқа отырып, мамыр айында жөндеу жұмыстары басталып кетеді деп отырмыз.

Мерейтой қарсаңында ішкі жолдарды реттеуді де назарға алдық. Өткен жылы аймақ басшысының кезекті іссапарында мәселе қылып көтеріп едік, аудан орталығында Мәметов, Мәуленов, Байтұрсынов, Дүйсенбин көшелеріндегі тас жолға ағымдағы жөндеу жүргізуге бюджеттен 80 млн теңге қаражат бөлінетін болды. Оның да тиесілі құжаттары дайындалу үстінде.

– Ауданға инвестиция тарту мәселесі, соның ішінде жеке сектордың үлесі қандай?

– Бұл бағыттағы былтырғы көрсеткіштеріміз өте жоғары деңгейде. 2016 жылмен салыстырғанда тартылған инвестиция көлемі 2,3 есеге өсті. Ол инвестицияның дені – мемлекеттік. Олай болатын себебі, Арқалық-Торғай тас жолының осы Аманкелді аумағындағы 118-128 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Құйылған қаражат – 1,3 млрд теңге. Одан қалды, Әулиекөл-Жалдама тас жолына орташа жөндеу жүргізілді. Оған 1 млрд теңге жұмсалды. Ал жеке сектордан тартылған инвестиция көлемі былтыр бізде 800 млн теңге болды. Ауданға биыл да қомақты инвестиция құйылмақ. Шаруа қожалықтары жаңа техникалар, комбайндар сатып алуды және астық сақтайтын қойма салуды жоспарлап отыр. Бәрі ойдағыдай болса, биыл тартылатын инвестиция көлемі 2017 жылғыдан кем түспейді.

2015 жылы мал шаруашылығымен айналысатын «Евразинвест» деген әлеуетті серіктестік Аманкелді ауданына кірген болатын. Соның өзі екі жылда жарты миллиардқа жуық қаражат құйды. Серіктестік сырттан 150 бас асыл тұқымды ірі қара, 1,5 мың бас жылқы сатып алып келді. 2018 жылы да 1,5 мың бас Қамбар ата тұқымын алдырмақ. 2020 жылға қарай жылқы басын 5 мыңға дейін жеткіземіз деген мақсат қойып отыр.

– Облыс әкімінің өткен жылғы есеп беру кездесуінде аудан тұрғыны 2007 жылы көктемде бір бөгеттің жарылып кеткенін алға тартып, тасқынға қарсы жұмыстарға алаңдаушылық білдірген. Бірақ былтыр сіздерде апат бола қойған жоқ. Құдай бетін ары қылсын дейік. Алдағы көктемгі тасқынға қарсы дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр? Аудандағы бөгеттердің қазіргі күйімен таныссыз ба?

– Жалпы аудан бойынша 11 бөгет бар. Соның біреуі ғана елді мекенге, Қарасу ауылына жақын, қауіп тудырады, қалғандары жайылымдарға су бөгеуге арналған. Облыс әкімінің есеп беру кездесуінде тұрғынның айтқаны сол – Қарасу ауылындағы, ел арасында «Машдвор» аталып кеткен бөгет. Тұрғынның көтерген мәселесі есепке алынып, аталмыш бөгетті жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасауға облыстық бюджеттен 2,3 млн теңге бөлінді. Биыл осыны игеріп, жөндеу жұмыстарына тағы қаражат  қарастырамыз.

– Өңірлік коммуникалық қызметінде БАҚ өкілдерімен өткен брифингте былтырғы тоғыз айда «Сыбаға» бағдарламасының жылдық жоспарын асыра орындағандарыңыз туралы айтқан едіңіз. Одан басқа бағдарламалардың орындалу барысы қалай? Мал шаруашылығына басымдық берген аудансыздар. «Жайылымдарды суландыру» бағдарламасы сіздер үшін аса маңызды. Осы жоба аясында жұмыстар жалғасып жатыр ма?

– Әрине. 2015 жылы екі, 2016 жылы үш, былтыр екі құдық салынды. Бұл өте жақсы бағдарлама, 80% дейін субсидия береді. Шаруа қожалықтары мұны қуана құп алатыны сондықтан.

Біздегі шаруалардың 55-60% малмен, қалған бөлігі өсімдік шаруашылығымен айналысады. Аудан бойынша 800-ге жуық жеке кәсіпкер бар, соның 480-і шаруа қожалығы.  24 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі бар. Осылармен қоса, тоқсанға тарта шаруа қожалығы мал басын асылдандырумен айналысады. Бұл бағытта біздің ауданның көрсеткіші өте жоғары. Қолдағы 18 мың аналық малдың 13 мың 900-і осы асылдандырумен қамтылып отыр. Тиісінше, бұған мемлекет тарапынан берілетін көмек те аз емес. Өткен жылдың өзінде біз 252 млн теңге субсидия игердік.

2017 жылдан бастап қолға алынған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында мал бордақылаумен айналысатын екі кооператив құрылды. Оның біреуі – «Сымбат-Агро», екіншісі – «Аманкелді-Агро». Алғашқысы пилоттық режимде іске кіріскен еді. Оның құрамындағы отыз адам 60 млн 200 мың теңге несие алып, оған 370 бас ірі қара сатып әкелді. Сондай-ақ осы «Сымбат-Агро» 22 млн теңгеге мал сою пунктін сатып алды. Ал екінші кооператив бағдарлама аясында мамыр айында құрылды. Оған 32 адам мүшелікке кірді. Оның 24-і 62 млн теңге несиеге қол жеткізіп, 390 бас ірі қара сатып алды. Бұл кооператив еншісінде де қазір мал сою пункті бар. Іске қосты. Қуаттылығы – тәулігіне 5 бас.

Міне, осындай азды-көп жұмыстар атқарылып жатыр.

– Кейбір дереккөздерінен білгеніміздей, Аманкелдіде 320 орындық жаңа мектеп салынады дейді. Бұл қандай қажеттіліктен туындап отыр?

– Аудан орталығында 1964 жылы салынған Аманкелді орта мектебі бар. Содан бері білім ошағы күрделі жөндеу көрмепті. Былтыр тозығы жеткен ғимаратқа экспертиза жасатып, «апатты жағдайда тұр» деген қорытындысын алдық. Мәселені облыс әкімінің алдында көтеріп, сол кісінің қолдауымен 16 млн теңге қаржы бөлінді. Оған астаналық мердігер компания 320 балаға арналған жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттарын жасап жатыр. Оны наурыз айына қарай бітірсе, содан кейін республикалық бюджетке енгіземіз. Бұл – аймақ басшысының да, облыстық білім басқармасының да, біздің де қадағалауымызда. Жаңа ғимаратқа қазіргі Аманкелді орта мектебі түгелдей көшіріледі.

– Сіз мұнда әкім болып келгелі жыл сайын той болып жатыр. 2016 жылы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы, былтыр Кейкі батырдың бассүйегін жерлеуге арналған ас, 2018 жылы – ауданның мерейтойы. Бұның бәрі аудан бюджетіне едәуір салмақ. Осындай үлкен іс-шараларды өткізуге жергілікті кәсіпкерлер атсалысып тұра ма?

– Өзіңнің шаңырағыңдағы той болсын, мұндай маңызды іс-шаралар болсын, бәрі жұмыла кіріскенде ғана абыроймен атқарылатыны анық. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген атам қазақ.

2016 жылы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы шаруа қожалықтарының жетекшілері мен кәсіпкерлердің бір кісідей атсалысуы арқасында абыройлы өтті. Шамамен 30 млн теңгедей «Аманкелді» қорына жиналды. Одан бөлек, сыртта жүрген жерлестеріміз, бизнесмен азаматтар көп көмек көрсетті. Барлығы 50 млн теңгеден артық ақша жиналды. Әрине, оның бәрін тойлауға жұмсаған жоқпыз. Оған А.Иманов атындағы мемориальдық мұражайдың ішіне жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Батыр атамыздың ескерткіші тұрған алаңды қалпына келтірдік. Үрпек ауылындағы клубты жаңарттық. Көшелерді абаттандырып, орталықтағы саябақтарды жөнге келтірдік. Жиналған қаражат осындай игіліктерімізге жұмсалды.

Кейкі батырдың асына да жергілікті кәсіпкерлер үлес қосты. Мысалы, Тасты орта мектебін жөндедік. Оған аудан бюджетінен 14 млн теңге қаражат қаралған, қалған 5 млн теңгені сол жердегі шаруа қожалықтары жинап берді.

Сондай-ақ Елбасының «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде, былтыр Есір ауылында бұрынғы мектеп ғимаратын клуб етіп ашу үшін қайта жөндеу жұмысы қолға алынды. Ол да жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жүріп жатыр. Ақпан айында клубты толықтай қолданысқа береміз.

– Тоқсан жылдық қарсаңында «Нұрлы таң» газетінде Аманкелді ауданының құрметті азаматы Мұхтар Ходенұлының үндеуі жарық көрді. Онда 1930-1960 жылдары елде еңбек еткен азаматтардың есімі ескерілуі турасында айтылған еді. Басқа тұрғындар тарапынан осындай ұсыныс-тілектер түсіп жатыр ма? Олар қаншалықты ескеріледі?

– Иә, Мұхтар Ходенұлының үндеуі менің жеке өз атыма да келіп түсті. Онда айтылған ұсынысты орынды деп есептеймін.

Аудандық ішкі саясат бөлімі әлеуметтік желілердегі парақшалар арқылы халыққа үндеу жариялаған болатын. «Тоқсан жылдыққа орай ұсыныс-пікірлер болса беріңіздер, жоспарға қосайық» деген сыңайда. Қандай ұсыныстар түседі, оның бәрі міндетті түрде ескеріледі. Соның ішінде құрметті ақсақалымыздың үндеуін де ұмытпаймыз. Ол өзі бұрыннан ойда жүрген дүние еді. Жоғарыда айтып өткенімдей, тоқсан жылдыққа орай шығатын кітапта оның бәрі қамтылады.

– Рахмет! Іске сәт!

Аслан ҚАНҒОЖИН
Қостанай-Аманкелді-Қостанай

Пікірлер