Ренат ЕЛУБАЕВ: Бірдеңе ойлап таппасам, отыра алмаймын

Жерлесіміз Ренат Елубаев өнерсүйер қауымды жағымды жаңалықтарымен жиі қуантып жүр. Суретші осыдан үш жыл бұрын Беларусь мемлекетіндегі өнер олимпиадасында лауреат атанса, АҚШ-та өткен халықаралық байқауда «Алтын қыран» медаль жеңіп алған болатын. Астанада тұратын жерлесіміз қазақ бейнелеу өнеріне тағы бір тың серпін әкеліп, елді елең еткізді.

– Ренат, Астанада Тұңғыш Президент мұражайында көрмең өтіп жатыр екен. Теларнадағы сюжеттен мықты суретшілердің шығармашылығың туралы жап-жақсы пікірлерін білдік. Бұл Қазақстанда өтіп жатқан нешінші көрме?

– Жалпы, қатысқан көрмелерді айтсам, отыздан асып кетеді-ау. Ал, бұл Отанымда өткізіп жатқан үшінші жеке көрме. «Мәңгі елес» деген атау бердік. Мұнда қырыққа тарта картина қойылды.

– Тағы қандай жаңалықтарың бар, бөлісе отырсаң…

– Суретшілер одағының мүшесі болдым. Елімізде жазушылар мен суретшілер одағының талаптары қатаң. Шетелде, республикалық деңгейде кем дегенде үш көрме өткізу керек. Жеке көрме ғана емес, жалпы көрмелер де болады. Әрине, жұмыстарыңды қарап, арнайы комиссия шешеді. Үлкен, үш метрлік картиналарға көшіп, сол бағытта еңбектеніп жатырмын.

– Жақында көпшілікті елең еткізген бір қасиетің – көзді жұмып сурет салу. Бұл өнерді қайдан, кімнен, қашан үйрендің?

– Мен бірдеңені ойлап таппасам, отыра алмаймын. Бұл тәсіл әлемдік деңгейде қолданылады екен. Әсіресе, 10 жасқа дейінгі балалар арасында. Себебі, олардың сезімі, ішкі жан дүниесі, түйсігі ерекше болады. Ал, бірақ кәсіби түрде ден қойып жүргендер жоқ-ау. Интернетті қаншама ақтарып, ондай адамды таппадым. Көзді жұмып салудың бір ерекшелігі – түйсігің оянып, көз алдыңа жаңа картинаның сұлбасы келе қалады.
– Былтыр да әлеуметтік желіде бір жаңалығыңмен бөліскен едің, сол туралы кеңірек айтсаң. Портретте адамның бетін кенептен (полотно) шығыңқы етіп салу басқа елдің суретшілерінде болмаған ба?

– Бұл, негізі, жартылай жаңалық екен. Кейін, іздене келе бейнелеу өнерінде бұндай ерекшеліктің қолданылғанын білдім. Натюрморт, пейзаж және өзге жанрларда бар да, тек портретте тұңғыш із салған мен екенмін. «Жартылай жаңалық» деуім сол. Сурет өнері жақсы дамыған Санкт-Петербургте өткен көрмемде алғашында түсінбей қалғандар кездесті. Кейін Евгений Куныгин сияқты майталмандарынан жылы пікір естідім.

– Жаңа әдіспен кімдердің портретін салдың?

– Әзірге І Петрдің ғана портретін жарыққа шығардым, қалғандары құпия бола тұрсын. «Саят», «Тымаққа салу» деген картиналарымда да тың әдіс қолданылды.

– Қазақ суретшілерінің соңғы жылдардағы жетістігі деп нені айтар едің?

– Жетістік көп, қайсыбірін айтайын. Дәурен Қастеев, Нұрлан Қилыбай, Талғат Тілеужан деген суретшілерді айрықша атар едім. Елдің өнерін бір биікке көтерді. Ал, мен соларға жетуді армандап жүрмін. Ол үшін әлі де тер төгу керек. Мен бейнелеу өнері аренасына енді ғана ендім ғой, сондықтан бәрі уақытқа байланысты.

– Ақындар өлең шығарып жатқанда сәтті теңеу, орамды ой келе қалса, жаңалық ашқандай қуанатынын айтады. Суретшілерде сондай сезім бола ма?

– Негізінде суретшілер көп сөйлемейді. Өз ойларын тек картина тілімен жеткізеді. Бірақ, мен сәл басқамын. Ақындар сияқтымын. Бірден халыққа бәрін жайып салғым келіп тұрады. Өлең жазатыным бар еді, содан да шығар. Мәселен, Санкт-Петербургке бармай жатып, соңғы жаңалығымды әлеуметтік желіге салып жіберіп, жұрттан «сүйінші» сұрадым.

– Қай суретшінің картиналарын ерекше ұнатасың?

– И.К.Айвазовскийдің «Тоғызыншы толқыны» мен «Ай астындағы Константинополь» картинасы қатты ұнайды. Нағыз гений суретші! Сонымен қатар, И.Е.Репин мен К.А.Коровиннің де еңбектері ұнайды. Қазақ суретшілерінен Ә.Қастеев пен Ж.Шарденовты үлгі тұтамын.

– Бір жылдары «Көлеңке» деген фильм түсірдің. Оны ұнатпайтын жерлестеріміз көп. Оларға айтар уәжің бар ма?

– Өзім Торғай өңіріненмін. Туған жерімді сүйемін. Арқалықты танытайық деген ниет болды осы істі қолға аларда. Қаламызды білмейтіндер көп еді, осы киномнан кейін біле бастады. Бұл жай ғана криминал кино ғой. Оғаш ештеңесі жоқ, бұзақылар туралы. Албырт кезімде түсірген фильм еді. Өнерге, өсуге деген талпынысты дұрыс түсіну керек.

– Алдағы жоспарларың? Қандай арманың бар?

– Көп. Бәрі бір Алланың қолында. Арманым – қазақ елін әлемге таныту. Елімнің мақтаныш етер бір ұлы атанғым келеді.

– Туған жеріңде, облыс орталығында көрме өткізу ойыңда жоқ па?

– Қостанай шақырса неге бармасқа?! Жан-жақтан шақыртулар түсіп жатыр, оның бәріне бірдей қаражат жоқ. Италиядағылар жылда шақырады, мысалы. Жолға қаржы табыңдар деймін. Олар ұйымдастыру мен көрме өтетін орынды ғана тауып бере алатынын айтады.

Аслан ҚАНҒОЖИН

Пікірлер