Рысты ЕРДЕНҚЫЗЫ: Мен Торғай қызы болғаныма мақтанамын

Есімі Тобыл-Торғай жеріне танымал өнер иесі Рысты Ерденқызымен кездесуіміздің басты себебі 16 ақпан күні өтетін шығармашылық ән кеші еді. Уақытпен санаспай, кешті ұйымдастыру жұмыстарымен бір өзі айналысып жүрген апамызбен әңгімелесудің сәті түсті.

– Шығармашылық кеш өткізу ойымда да жоқ еді, бір кеште шешілген шаруа болды. 65 жасқа толғанда елге барып концерт берген едім. Кешкісін үйге шақырылған қонақтарға Еркеш ағаларың: «Апаларың енді 70 жасында концерт беремін деп отыр, бұйыртса сол кездегі дауысын бір естісек» демесі бар ма?! Өкінішті, Еркеш ол күнге жетпей өмірден озды. Сол сөздері ойыма қайта-қайта орала береді, ендігі жерде ағаларың тірі болғанда 2017 жылы өткізілетін кеш еді, бірақ Алланың жазғаны осы күн екен…

Осыдан бірер жыл бұрын өткен «Тәуелсіздікке тағзым» атты кештің басы-қасында Еркештің өзі жүріп еді. Ал, бүгін өзім шапқылап, бар ауырлық, бар салмақты бел қайысқанша көтеріп-ақ жатырмын. Кейде жаяулатып жүгіріп жүргенде жылап та аламын. Орны толмас қайғы – Еркешімнің жоқтығы жаныма қатты батады.

– Рысты апа, қиындыққа мойымай, өнер жолында өрлеп келесіз. Өмір – қас-қағым сәт, кірпік қағумен тең. Өткен өмірге, балғын балалық шақтың қайта оралмас сәттеріне тоқталып кетсеңіз.

– Мен Торғайдың Көкалат деген ауылында өстім. Ал туған жерім – Қызбелдің Сарықопа деген жері. Мектепті Торғайдың өзіннен бітірдім. Әлі есімде, біздің ауылға театр қойылымдарымен, концертпен әртістер көптеп келетін. Ұмытпасам, 1959 жылы Торғайдан ат шанамен өнер адамдары келді. Оның ішінде менің туған апам Базаркүл де болатын. Ол медицина қызметкері болғанымен, жаны өнерге жақын адам еді. Назарбек Бектемісов, Надим Сапарғалиев, Сәмен Жаңабергенов, Сейіт Кенжахметов, т.б. майталмандар ауыл-ауылды аралап Мұхтар Әуезовтің «Абай» спектаклін қойып жүр екен. Ол кезде мен 4-5 сыныптың оқушысымын. Ауыл клубы салқын, от жағылмайды, қараңғы. Соған қарамастан, бір қойылымнан қалмай, ауыл болып жиналып, өнер адамдарына қошемет, құрмет көрсететінбіз. Сондағы қойылымның бір эпизоды әлі күнге көз алдымда: таң атып келе жатқан уақытта ұлы Абайдың өлең оқып тұрған сәті. Қарапайым декорация, қарапайым киім. Сол қойылымның маған берген әсері соншалықты, болашақта әртіс боламын деп шештім. Үшінші сыныптан бастап сахнада өлең айтып, түрлі фестивальдерге қатысып жүрген менің өнерге деген құштарлығым одан сайын арта түсті. 1960 жылдары Болат Хамзин ағамыз консерваторияны бітіріп келіп, мәдениет үйіндегі қызметіне қоса мектепте сабақ беріп жүрген кезі еді. Сол кісіден тәлім-тәрбие алып, өнер жолында шыңдала түстім.

Мектеп бітірген соң, Алматыға барып консерваторияда оқимын деген арманым бір сәтте үзілді. Өйткені әке-шешем қолдамай, «әртіс болсаң азасың, ақылымызды тындамасаң, теріс батамызды береміз» деп қарсылық танытты. Олар әртістерді жеңілтек өмір сүретін адамдар деп түсінетін. Ата-анаға қарсы келмеген, қазақы тәрбиеде өскен мен олардан аттап кете алмадым. Сөйтіп, арман қуып Алматыға да келдім, ҚазГУ-дің биология факультетіне оқуға түстім. Бір жылдан кейін тұрмысқа шығып, кішкентайлы болған соң, елге оралып, оқудан қол үзуге тура келді. Сөйтіп, Торғайдың мәдениет бөліміне жұмысқа орналастым. Бұл енді менің тағдырым деп ойлаймын. Ешбір адам Алла Тағаланың маңдайына жазуын өзгерте алмайды. Яғни, тағдыр үкімі бір жағы себепке, бір жағы нәтижеге байланысты белгіленеді. Сондықтан менің мәдениет саласына өмірімнің 40 жылын арнауым да бекер емес.

Қыран құсты қыран етіп, аспанға самғататын екі қанаты, ал адамды адам етіп, қырандай самғататын арманы мен мақсаты. Еңбек жолындағы жетістіктер оңай келмеген шығар деп ойлаймын…

– Қай жерде жүрсем де өнерден қол үзбедім. Жаным соған бұрады да тұрады. 1977 жылы Речной совхозына (қазіргі Сужарған ауылы) кәсіподақ комитетіне жұмысқа жіберді. Ол жерде де сауыншылардың арасында ансамбль ұйымдастырдым. Содан кейін училищенің кәсіподақ кеңесінің төрайымы болдым. Кейіннен аудандық мәдениет үйінің директоры болып тағайындалдым. 1992-1995 жылдар аралығында зейнеткерлікке шыққанға дейін Халық театрының режиссері болып жұмыс істедім. Халық театры 1968 жылы Болат Хамзин ашқан драма үйірмесінің негізінде қаланған. Сахна төрінде халқымыздың ұлттық, эпостық, батырлық дәстүрлерін көрсететін спектакльдермен бірге ұлы классиктердің де туындыларын ұсындық. 1971 жылы сәуір айында Бибігүл деген қызым дүниеге келген уақыт еді. Екінші мамырда мені дереу жұмысқа шақыртып, «үйірме мүшелері ақылдаса келіп, «Халық театры» атағын алу үшін жұмыстарды бастауымыз керек» деп, аз уақытта сахналық қойылымдар дайын болуын жүктеді. Біз Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» шығармасы мен Бексұлтан Нұржекеевтің «Әке тағдыры» шығармасын сахналауға кірісіп те кеттік. Күні-түні еңбектеніп, бір аптада дайын болдық. Мен Шұғаның рөлін ойнадым. Содан осы екі спектакльді алып, он күн бойы ауыл-ауылды араладық. Халық өте жақсы қабылдады. Ал 1972 жылы «Халық театры» атағын алу үшін Алматыдан комиссия шақырылып, Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының режиссері Қадыр Жетпісбаев арнайы келді. Мен сонда халық театры байқауының лауреаты атандым. Кейіннен «Қыз Жібекті», «Қозы Көрпеш Баян сұлуды», «Аманкелдіні», «Қаракөзді», т.б. қойылымдарды сахналадық. Сондағы «Халық театры» актерлері қарапайым жұртшылық арасынан шыққан талантты адамдар. Қасиетті мекен Торғай топырағы ежелден талантқа кенде болмаған өлке ғой. Сондықтан, әрдайым рухын биік ұстаған, ата салтына, дәстүріне берік Торғай халқының алдында басымды иемін.

– Өткен өмірдің берер сабағы, үлгі-өнегесі көп-ақ. Әйел адамға өнердің ауыр жолын отбасымен бірге алып жүру қаншалықты оңай немесе қиын болды?

– Осы менің Ерденова болып қалыптасуыма бірден-бір себепкер адам, иманы тасып жатсын, енем еді. Алла берген балаларымыз дүниеге келіп жатты. Сол балаларды әлпештеп бағып-қаққан, менің жұмысыма кедергі тудырмай, барлық шаруашылықты үйіріп отырған сол кісі болатын. Енеммен 37 жыл бірге тұрып, бір ауыр сөзге келмей сыйласып өттік. «Даналықты үйрену – адамды мықты, әрі жанын жомарт етеді» дегендей, ата-енемнің келіндерін қолдауы, бұл олардың даналықтарының белгісі екенін бертінде түсініп жаттық. Мен де бүгін 20 жылдан астам келін жұмсап отырған енемін. Келінімді қызымдай көріп, балаларымның отбасын әрдайым қолдап отырамын. Ал, жолдасым Еркеш менің өнерімнің жанашыры ғана болып қоймай, өзі де спектакльдерге қатысып тұратын. Бірақ әйел, ана болған соң, өмірдің жүктеген міндеттері әр уақытта алдыңда тұрады. Ана отбасыңның ұйытқысы, шаңырақтың жылуын, беpекесін сақтап, балаларына имани, жақсы тәрбие беpу – мақсаты. Сондықтан, кешке жұмыстан келе отбасының тамағын беріп, шаруашылықты тындырып, репетицияға кететінмін. Түнде келіп кір жуып, пеш ақтап, балалардың киімдерін дайындап, сөйтіп жүріп спектакльдің сөздерін де жаттап үлгеретінмін. Бір шаршадым демеппін. Бұны менің өнерге деген құштарлығымнан деп білемін.

– «Тамашаны» қалай ұйымдастырдыңыз?

– «Тамаша» – менің Қостанайдағы зейнеткерлікке шыққандағы өнер жолым. «Тамашаға» келуіме бірден-бір себепкер болған марқұм Абай Әмірханов еді. «Апа, сізге үйде отырған жараспайды, бірдеңе ұйымдастырсаңыз қайтеді?» деп қолқа салды. Мені өзі облыстық филармонияның бастығы Владимир Васильевич Рыченкоға ертіп апарып таныстырды. Сол жерде қазақша театр үйірмесін ұйымдастыратын болып келісіп шықтық. Сонымен, 1998 жылы өзімнің Айнұр деген қызымды, күйеу баламды, студенттерді жинап алып, бір зейнеткердің УАЗ машинасын жалдап, Торғай, Аманкелдіге жол тарттық. Жолай көрінген ауылдардың бәріне тоқтап, мектептерде «Тамашаны» тарту еттік. Шіркін, мұғалімдер деген керемет жандар ғой. Балаларды үйді- үйге жүгіртіп, халықты мезетте жинап алып жататынбыз. Сол жылдары бізден басқа ауылды елеп, концертпен келіп жатқан ешкімді естімедік те, көрмедік те. Халық концертке ақша төлемек түгел, нанын әрең тауып жүрген уақыт еді. Сонда да, қазақ өнер десе ішкен асын жерге қойған халық қой, қолда бар тиын– тебенін төлеп, қолдап жатты. Кез келген ауылға барсақ, қайта құру кезеңінің кесірінен айрандай ұйып отырған құт мекенін тастай көшкен жерлестерім кездесіп, жағдайымызды жасап, күтіп жатты. Он күн жол жүріп, Қостанайға олжалы оралдық. Сол уақытта енді айналымға түскен күміс ақшамен 35 мың теңге табыс тауып келдік. Бұл барлық шығындардан кейін қолда қалған ақша еді. Сонда филармония бастығы біздің қайда барып келгенімізді де білмейді, «ақшаны қабылдаңыз» десем, «қайдағы ақша?» деп табысымызға таң қалғаны бар. Сөйтіп, Рыстыдан бірдеңе шығатынын білген ол кісі мені штатқа жұмысқа қабылдап, қойылымдарға киім тіктіріп, жағдайымызды жасай бастады. Солайша, бұл жерде де өнерімді, еңбегімді мойындаттым. 2002 жылы Алматыда өткен республикалық әзіл-ысқақ театрларының конкурсына қатыстық. «Өсеміз бе, өшеміз бе?» деген денсаулық сақтау саласына арналған сыни шығармамды сахналадым. Сол сайысқа қазіргі белгілі Тұрсынбек Қабатов (ол кезде 3 курс студенті), Айгүл Иманбаевалар қатысты. Менің шығармам өзектілігімен басым болып, «Ең өзекті шығармасы үшін» деген номинация бойынша лауреат атандым. 2005 жылы Еркеш ағаларыңның сұрауымен, «Тамашамен» қош айтыстым.

– Ағамызды еске алдыңыз, неше жыл отастыңыздар?

– Біз бір мектепте оқыдық, арман қуып Алматыға да бірге бардық. Ол ҚазГУ-дің химия факультетінде екі жыл оқып, отбасын құрған соң, оқудан қол үзді. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт еді. 19 жасымызда қосылып, 51 жыл отасқан жан жарымның қасымда жоқ екеніне әлі күнге дейін сене алмаймын. Шүкір, жанымда балаларым бар, бар байлығым солар. Бірақ, мен Еркешсіз рухани жалғыздықты бастан кешіп жүргендеймін. Дүниенің бәрі сенен теріс айналып кеткендей күйде болдым, бұл ауыр екен. Енді қамшының сабындай шолақ өмірдің мағынасы – балаларым мен немере-шөберелерімде.

– Әңгімеңізден бір өкініштің барын сеземін…

– Иә, өкінемін. Ерекеңнің балаларының қызығын көре алмай кеткеніне күйінемін. Сонымен қатар, Торғайдағы еңбегімнің еленбегені жаныма батады. Халқым жақсы көріп, еркелетіп жатқанда, билік басындағыларға мінезім жақпады, мен жағынбадым. Екі рет мені Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері деген атаққа ұсынғанда өтпей қалып жаттым. Шындықты бүкпей, бетке айтатын мінезім әкемде бар еді. Үнемі әділдікті жалау етіп ұстаған әкем өзіне жасалған әділетсіздіктің кесірінен өмірінің 13 жылын Сібірдің орманында өткізгенін айтып отыратын. «Қызым, адал бол, өтірік айтпа, ешкімге қиянат жасама, кісіде ақым кетті деме, Алла өзі қайтарады. Адал еңбек қана мұратқа жеткізеді», – деп үйретті. Әке өсиеті өмірлік жадымда сақталып қалды. Қазақта «қыз қартайса – кінәмшіл» деген нақыл сөз бар екен. Бұл менің күнде, көрінгенге айта бермейтін жан сырым ғой, уақыты жеткенде, мен де қартайған соң базымды айтып жатқаным бар. Осындай ойлардан кейін мынадай шумақтар жүрек түбінен жарып шығып жатады:

Қыран болып ұшпасам да ел көгінде,

Қарап қалған күнім жоқ жерге мүлде.

Мен біреудің сенбеймін сүйеуіне

Сүйенемін өзімнің еңбегіме…

– Немен мақтанасыз?

Мен қай жерге барсам да Торғайдың қызы деп танып жатады. Біздің әншіміз дейді. Мен халқымның есінде еңбегіммен қалып отырмын. Мен үшін бұл барлық атақтан да артық дер едім. Мен Торғай қызы болғаныма мақтанамын!

– Өмірде бақытты болудың бір жолы – тоқтаусыз алға қарай талпыну, нені армандайсыз, нені сағынасыз?

– Жалын атқан жастық шақты сағынамын. Театр сахнасын, құрбы-құрдас, достарды сағынамын. Өкінішті, көбі өмірден озды, бірақ менің есімде мәңгілік. Өмірге қайта келер мүмкіндік болса, бар ғұмырымды өнерге арнар едім деп ойлаймын.

– Сіздің бойыңыздағы өнерге деген махаббат қай балаңызға берілді?

– Балаларымның бәрі де өнерге жақын. Немерелерім де құр қол, қара жаяу емес, әнге де, биге де құмар. Кенже қызым Әсел Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірді. «Жас қанат» байқауының лауреаты, «Күміс қанат» иегері, Қорғаныс министрлігінде ансамбль әншісі болып төрт жыл еңбек етті. Бүгінде сәби сүйіп, демалысқа шықты. Балаларым – бақытым. Жеті баламыздан 12 немере, 5 шөбере көріп, солардың тілеуін тілеп отырғаным бар. Өмірде бұдан артық бақыт бар ма екен!

– Рысты апа ,әңгімеңізге рахмет, шығармашылық табыстарға жете беріңіз!

Сулейман МҰРАТҰЛЫ

Пікірлер