Әйелін сыйлаған ел – ең биік ел

Жаһандану саясаты қоғам өмірінің барлық саласын өзіне бағындыруды қолға алып жатыр. Ол бүкіл адамзат баласын бір құндылыққа табындыруды көздейді. Одан ешкім де сырт қалмайды.

Жаһандану процесі дүние жүзінде әйелдерді саяси қозғалысқа батыл және жоспарлы түрде енгізе отырып, жаңа тәртіп орнатқысы келеді. Оның идеологиясын түзген Батыс әлемі «барыңдар, өзге халықтарды үйретіңдер, бәрі біздей болсын, біз ұстанған құндылықтарды үйренсін» деген ежелгі христиандық көне прозелитизм ұстанымдарын басшылыққа алып отыр.

Батыс идеологтарының ұсынысымен осы мақсатта 1992 жылы Рио-де-Жанейрода әлемнің 190 мемлекетінің қатысуымен қоршаған ортаны сақтау мәселесін талқылаған, 1995 жылы Копенгагенде қоғам дамуының негізгі мәселелерін қараған және одан бертінде Бейжіңде әйелдердің қоғамдағы орны мен проблемасын талқылаған алқалы жиын болып өтті.

Бейжіңдегі жиыннан кейін, әсіресе, мұсылман елдерінде әйелдердің орынсыз талап қойған бей-берекетсіз толқулары бас көтерді. Біздің елімізде де гендерлік саясат аясында аста-төк жиындар ұйымдастырылды.

Соңғы ширек ғасырда Батыс әлемі өздерінде жоқ демократияны сынақтан өткізу үшін өзге елдерге экспорттауға құмарлық танытып келеді. Мәселен, өздерін әлемдегі ең мәдениетті елміз деп санайтын Францияда алғашқы сайлау 1795 жылы өткізілген. Ал, сол француз әйелдері дауыс беру құқығына араға 160 жыл салып ие болған. Егер француз әйелдері қолдарына сайлау қағазын тұңғыш рет 1955 жылы алса, қазақ әйелдері оны олардан бұрын ұстағанын ескергісі де келмейді.

Батыс әлемі ұзақ жылдар бойы ислам елдерінде әйел үнемі еркектерге тәуелді деп келді. Бірақ, қоғамда әйелдердің басты міндеті – ұрпақ тәрбиесіне жауапты екендігін қаперіне алмады. Ислам әлемінде әйелдердің демократиялық жолмен билік басына келіп жатқанын ескермеді. Мысалы, Батыс үнемі сын садағынан түсірмейтін Иран Ислам Республикасында демократиялық жолмен вице-президент болып екі рет сайланып, қатарынан 8 жыл бойы билік тегершігінде болған әйел Массуме Эбтекарды айтқысы келмейді. Реформалық жаңару партиясының негізін салған Массуме кезінде Тегерандағы АҚШ елшілігін басып алған студенттер тобында белсенді көзқарастағы студент болуымен де танымал еді. Эбтекар қазір де Тегеран қалалық кеңесінің мүшесі ретінде қоршаған ортаны қорғау мәселесімен айналысып жүр. Ислам төңкерісі кезінде президент Хотамидің әйелдер ісі жөніндегі кеңесшісі болған Шоджай ханыммен бірге елдегі реформаның батыл жүруіне қолдау білдіріп келеді.

Балқан түбегіндегі Косово Республикасының президенті 35 жастағы Атифет Яхьяга осы жас мемлекеттің әйелден шыққан тұңғыш президенті ретінде танымал. Бүгінгі таңда Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы елдер арасындағы тұңғыш иығына әскери пагон таққан полиция басшысының орынбасары, генерал-майор Атифет Яхьяга жаңа Косовоны жаңғырту жолында барын салып еңбек етуде.

Ауғанстан әйелдерінің бет-пердесін сыпырып тастау жолында бастама көтеріп, олардың көлеңкеден жарыққа шығуына жол бастаған Анахита Ратебзад ауған үкіметіндегі тұңғыш министр. Осының өзі Ислам шариғаттары ең қатал сақталатын жоғарыдағы елдерде ашық демократияның болғанын айғақтайды.

Әйел билеген көптеген елдердің басынан құт қашып, соғыс өртінің әлі күнге дейін тыншымай отырғандары да бар. Мәселен, Бангладеш Республикасында соңғы ширек ғасыр бойы үкімет билігін алма-кезек екі әйел билеп келді. Соңы қырғи-қабаққа ұласқан биліктің кесірінен бұқара халық зардап шегіп отыр.

Бангладеш Республикасының тұңғыш президенті, «ұлт әкесі» Муджибур Рахманның қызы шейх Хасина Вазед 1996-2001, 2009 жылдан бүгінге дейін Бангладештің премьер-министрі қызметін атқарып келеді. Осы жылдар аралығында бірнеше рет түрмеге де қамалды. Сыртқы күштердің арандатуымен ол өз анасы Бангладештің 1991-1996 және 2001-2006 жылдары премьер-министрі болған Халеда Зияға қарсы позиция ұстанды. Өзіне бірнеше рет қастандық жасалса да, ол билікке деген өлермендігінен алған бағытынан бас тартқан жоқ.

Әйелдерді жоғары биліктен шектеп отыратын елдер бар. Мысалы, Ұлыбританияда қыз-келіншектердің билікке араласуы 13% болса, Америкада ол 11%. Біреулер кезінде сол Ұлыбританияны темір Маргарет Тетчер ханым басқарғанын айтуы мүмкін. Сол темір ханым 12 жыл премьер-министр болса да бірде-бір әйелді министр етіп тағайындамаған. Тіпті, ол өз ойын «менің кабинетімде бірде-бір әйел министрге орын жоқ» деп ашық білдірген.

Ислам елдеріндегі билікте жүрген әйелдер өзіне жүктелген міндеттермен қатар, отбасы тәрбиесін де ұмыт қалдырмаған. Билікте болған Шығыс әйелдерінің отбасында 2-3-тен бала болуының өзі олардың аналық парызына жауапкершлікпен қарайтынын байқатады.

Ал, бұл мәселе әлемнің өзге елдерінде басқалай бағыт алған.

Қазір Скандинавия елдерінде еркектер отбасындағы биліктен баяғыда айрылған. Олар билікті күйттеуден де қорқады. Дания, Швеция, Финляндия елдерінде, тіпті, күш құрылымдарының өзінде әйелдер қолбасшылық етеді. Әйелдерді жоғары лауазымды қызметке тартқан Еуропадағы Дания, Швеция, Норвегия, Финляндия елдерінің болашағы тұман. Бір қарағанда тұрмыс жағдайы жоғары осы елдерде әйелдердің жоғары лауазымды қызметке әуестігі соншалық, олар қарапайым медбике, хатшы болуға арланады екен. Сондықтан да бұл елдерде медбикелердің еңбекақысы өте жоғары көрінеді.

Демографиялық жағдайлар да бұл мемлекеттерде мәнді емес. Өлім аз болғанмен, өсім жоқ. Әскерге баратындар мен күш құрылымдарына қызметке шақырушылар саны да жеткіліксіз. Әйелдері нәзіктік пайым-қасиетін жоғалтқан елден не күтуге болады?

Әйелін сыйлаған ел – биік ел. Бірақ, 3-4 әйелді министр, тағы бірнешеуін әкім етіп тағайындау арқылы биіктігімізді көрсетеміз деу қаншалықты дұрыс? Біз ұлт тәрбиесі, ұрпақ дамуына үлес қосу арқылы биік ел бола аламыз. Мысал керек пе? Мәселен, Черчилль: «Ананың сүті сәбиге дарыған сайын, елдің экономикасына қан жүгіреді» депті. Ағылшын премьерінің сөзін дәлелдеу үшін осы елдің белгілі экономисі Беккер деген ғалым дүниеге ұрпақ әкелген әйел мен сәби көрмеген, алайда, ұзақ жылдар бойы лауазымды қызмет атқарған әйелдің экономикаға салатын инвестициясы туралы зерттеулер жүргізген. Зерттеу амалдары сәби өсіріп, сол елге азамат әкелген әйелдің дивиденді әлдеқайда мол болып шыққанын көрсеткен. Әйелдердің үйде отырып қана экономикаға қосатын үлесінің қомақты екенін дәлелдеген ғалымға осы еңбегі үшін Нобель сыйлығы берілген. Ұлыбритания үкіметі осыдан соң ұлт, отбасы жалпы гендер мәселесіне ерекше қарайды.

Әйел мен бала тәрбиесін зерттеген жалғыз ағылшын экономисі емес. Қазақ ғалымдары онымен үнемі айналысып келеді.

Ұлттың қалыптасуы оның денсаулығы, ана мен балаға жасалған қамқорлықпен өлшенетіні аян. Оларға жасалынатын қамқорлықты бүгін жасамасақ, ертең кеш болатынын біздің ғалымдар айтудан жалыққан емес. Экономика ғылымының докторы, профессор Болат Тәтібеков бір зерттеуінде былайша ой өрбітеді: «Жалпы, біздегі баламен үйде отырған әйелдерге жалақы тағайындау керек. Осы туралы докторлық диссертация да жаздым. Кез келген жұмыс – жоғары құрметке лайық. Соның ішінде бала тәрбиесі де. Үйде бала тәрбиелеп отырған ананың мәртебесі министрден, кәсіпкерден кем болмауы қажет. Өйткені, олар біздің болашағымызды тәрбиелеп жатыр. Көп бала әкелген сайын ананың жалақысын арттыра түсу керек. Дамыған елдерге қарап отырсаңыз, сан бар жерде сапаның өсетінін анық аңғаруға болады. АҚШ халқы – 300 млн, Жапонияда – 100 млн астам, Қытайда – 1 млрд артық адам бар. Яғни, бұдан шығатын қорытынды – адам көп болған сайын сана да жақсара түседі. Сондықтан, «Бұл мәселені индустрияландыру жүріп жатқан кезеңде қалай шешуге болады?» деген сауалға жауап іздедім. Меніңше, негізінен, адам саны өсімін экономикалық негізге алу керек. Сонда бұл проблеманы дұрыс шешуге мүмкіндік аламыз деп есептеймін. Бұрын бала туу көрсеткіші отбасы мәселесі болса, қазір ол мемлекеттің проблемасына айналып отыр. Өйткені, ең алдымен, мемлекет халқының санының өсуіне мүдделі. Неге жәрдемақы мен жалақының есептеу тәсілі, тіпті, мазмұны мүлде бөлек? Мысалы, «Балаға жәрдемақы емес, «жалақы аламыз» деп айтудың өзі әйел және оның айналасындағылардың психологиясына оң әсерін бере бастар еді. Егер балалы ана жалақы аламын десе, оған деген көзқарас өзгереді. Ол қоғамға тиімді еңбек етіп жатқан адам ретінде қабылданады. Яғни, ол мемлекеттен жәрдемақы дәметіп, алақанын жайып отырған емес, еңбек етіп жатқан адам ретінде бағаланып, сыйланар еді. Урбанизация жүріп жатқанда үйде бала тәрбиелеп отырған әйелге деген көзқарасты өзгерту арқылы демография мәселесін шешу ұсынылып отыр. Бұл арада, жәрдемақыны жалақымен алмастыруымыз керек. Әрине, бұл – бала туу деңгейін ынталандырудың бір құралы ғана. Біз осындай құндылықтарды көтеру арқылы да қоғамдағы әйелдің рөлін көтере аламыз», – дейді ғалым.

Рас, жыл сайын қоғамдағы әйел мен баланың әлеуметтік жағдайының жақсаруы жолында кешенді шаралар қолға алынуда. Бұл жолда біз аумақтағы көрші елдерден көш ілгеріміз. Әйелдердің билікке араласуы жөнінен де алдамыз. Мемлекеттік басқару буындарында, Парламентте, Үкіметте, әкімшілік институттарында, сондай-ақ, құқық қорғау органдарында да қыз-келіншектер қызмет атқарады.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Пікірлер