Баға жетпес байлық

«Көнерген мәдениеттің бәрін бойына сіңірген адам ғана өзін мәдениетті адам санай алады» деп Лев Толстой айтпақшы, кітаптың міндеті – адамзат баласының жасаған мәдениетін игеру. «Кезінде біздің еліміздей кітап оқығыш ел болған жоқ, қазір кітап оқымайтын елге айналдық» деп айтушылар көп.

Әрбір үшінші адам – кітапхана оқырманы

ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының мәліметтері бойынша бүгінгі таңда елімізде 315 баспа мен кітап шығару ісімен айналысатын мекеме ресми тіркеліпті. Олардың 208-і Алматы қаласында орналасқан. «Алайда, мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген кітаптар 2 мың данамен ғана басылып, олар кітапханаларға ғана таратылатындықтан, оқырмандарға жетпей отыр. Ал, көпшілік оқырмандардың кітапханаларға бас сұға бермейтіні айқын» дейді баспагерлер.

Жыл сайын Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан 380 аталымдағы кітап шығарылады екен. Бұл – соңғы 2-3 жылдың көлеміндегі көрсеткіш. Бұлардың бәрі бүгінгі күннің әдебиеті, проза, поэзия, драма туындылары.

Қазір елімізде дерекқоры 7 миллионнан асатын 4100 кітапхана тұрақты жұмыс істейді. Оған қоса, қазақстандық ұлттық электронды кітапхананың (ҚазҰЭК) қоры жылма-жыл толықтырылып отырады.

ЮНЕСКО халықаралық ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде 1 млрд 700 мың оқырман кітапханалардың қызметіне жүгінетін көрінеді. Демек, жер бетінің әрбір үшінші адамы әлі де кітапхана оқырманы десек те болады.

Қай ел көп оқиды?

Маркетологтардың зерттеуі бойынша әлемде кітапты көп оқитын елдердің бірі – жапондар. Жапон кітап дүкендерінде бір жылда 25 мыңнан астам кітап сатылады екен. Күншығыс еліндегі бірнеше мыңнан астам баспа жылына шамамен 500 млн астам кітап басып шығаратын көрінеді. Кітап басып шығару ісі бойынша Ұлыбритания көш бастаса, екінші орында Германия, ал, үшінші орында Америка тұр.

Қазақстан жастары да әлемдегі ең көп кітап оқитындардың санатына енген. Экономикалық серіктестік және даму халықаралық институты 65 мемлекетті зерттей келе, жастардың кітап оқу деңгейін анықтапты. Зерттеу қорытындысы Қазақстан, Қытай, Таиланд, Албания елдері жастарының 90% кітап оқитынын дәлелдеген. Біздің еліміз бастаған топтан кейін Германия, Америка, Италия, Ресей, Франция, Испания жастары тұр.

Қазақстан кітапхана қоры жөнінен ТМД-да алдыңғы қатарда. Мәдени-ақпараттық әлеуетімізді жандандыруда Ұлттық кітапхана қорында тұрған 6 миллионнан астам басылымның берері мол.

Осыншама мол құндылықты сақтап, оны халыққа сол күйінде ұсынып отырған кітапханашыларға деген құрмет жоқтың қасы. Соғыс аяқталғаннан кейін неміс билігі 10 мамыр күнін «Кітапхана күні» деп жариялапты. Ал, Қазақстанда 15 қазанды «Кітапханашылар күні» деп белгілейік деген ұсыныс қолдау таппай келеді. Бүгінде Алматы қаласының кітапханашылары 16 сәуірді «Кітапханашылар күні» деп мерекелеп жүр.

Өмір сүруге жол ашатын ақпаратты адам тек қана кітаптан алады. Адам өз өмірінде күніне 50 бет кітап оқығанның өзінде, орташа есеппен жетпіс бес жыл өмір сүрген адам үш мың кітап оқиды екен.

Егер адам өз өмірінде ешқандай кітап оқымаса, онда ол бәрібір бір кітапты тауысады. Ол кітап – өзінің өмірі. Әсіресе, ұрпақ тәрбиесіне бағышталған А.Чеховтың, ағартушылар Сухомлинский мен Абайдың кітаптары нағыз өмір сүру заңдарының мәнін ұрпаққа ашу болатын. Ол еңбекте адам мен адамгершілік, ар мен ұят, ерлік пен ездік, қуаныш пен қайғы, күштілік пен әлсіздік, жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, шындық пен баянсыздық, байлық пен кедейлік, ақыл мен ой құндылықтары тұнып тұр.

Шенеуніктер бір жылда кемінде бес кітап оқуы тиіс

Бірақ, осымен шектелуге бола ма? Бұл жерде ұйымдастыру жұмыстарын да, керек болса, міндеттеу шараларын да қолға алса, дұрыс болар еді. Әрине, ондай шаралардың өткізілу тәжірибесі де жоқ емес. Мәселен, 2006 жылы Бразилияның Кашуэйра-ду-Сул қаласының мэрі Марлон Сантус өзінің аппаратында қызмет істейтін адамдарға ай сайын бір көркем немесе саяси кітап оқуды міндет етіп қойыпты. Оның ойынша, кітап оқымайтын адам ел басқармақ түгілі, өзін де тәртіпке сала алмайды. Мэрдің ең сүйікті кітабы – «Спинозаның этикасы» еңбегі. Сол сияқты еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің «Әдеп кодексі» ретінде Абайдың қара сөздерін оқытсақ болмас па еді?!

Жалпы, шенеуніктер бір жылда кемінде бес кітап оқуы тиіс көрінеді. Мәселен, Қытайдың Шаньдун провинциясының партия комитеті мемлекеттік қызмет басшыларына осындай қатаң талап қойған. Партия өкілдерінің мәліметінше, шенеуніктер көркем әдебиет оқығанмен, социализм теориясын терең білмейтін болып шыққан. Сондықтан, оларға экономика, ғылым мен техника, тарих пен философия жайында білімдерін жетілдіру міндеттелген. Партия ұйымдарының тапсырмасын мойнына алған шенеуніктер енді жыл сайын оларға қазіргі заман білімдері жайлы қанша кітап оқығаны туралы есеп беріп отырмақ.

Соңғы жылдары Америка халқы кітап оқуға көңіл бөле бастады. 2002 жылдан бері АҚШ-та кітап оқушылар саны жыл сайын өсе бастаған көрінеді. 2008 жылы әлеуметтанушылардың жүргізген сауалнамалары бойынша адамдардың 50,2% жылына кемі 1 пьеса, әңгіме, өлең және роман оқитынын білдірген. Оған «Офра Уинфридің кітап клубы» секілді жобалардың жұмыс істеуі әсер еткен деген түсінік қалыптасқан. Демек, бізге де осындай игі шараларды мемлекеттік тұрғыда өткізу керек болып тұр. Мұндай шараларды елімізде жекелеген оқу орындары өз күштерімен ұйымдастыруда.

2012 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің еріктілері қысқы демалыс уақытында «Жаңа жылға – жаңа кітаппен!» атты қайырымдылық акциясын өткізді. Еріктілер кітапханашылармен бірге кәмелеттік жасқа толмағандардың бейімдеу орталығына, жетімдер үйіне барып, балаларға ертегілер оқып, кітаптар тарту еткен. Аталмыш оқу орнында соңғы кездері «Қазақша кітап оқиық!» акциясы өткізіліп, ол бүкіл облыс көлемін қамтып отыр.

Ал, өскемендік кітапханашылар көркем шығармадан алыстап кеткен оқырманды кітап оқуға шақырудың жолын өзінше іздестіріпті. Кітапханашылар ақыл-ойымен үш мың кітаптан өрілген биіктігі 4 метрге жететін мұнара тұрғызу арқылы жұртшылықты кітапханаға тартыпты.

«Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек»

Америка қоғамы көркем әдебиетті жүйелі оқыту жобасын әлі күнге дейін сақтап отырған көрінеді. Бұл елде жыл сайын түрлі әдеби сайыстар жиі өткізіліп тұрады. Ал, мектеп оқушыларына жазғы демалысқа шығар алдында әдеби шығармалар оқу бағдарламасы бойынша арнайы кітаптар тізімі беріледі екен. Оқушылар кезекті сабаққа келер кезінде жаз бойы оқыған кітаптары бойынша арнайы тест тапсырады. Сынақты ойдағыдай тапсырған оқушыға сыйлық берілетін болған. Жазғы демалыста кітап оқымаған оқушылар жыл сайын өткізіліп тұратын «Балмұздақ» кешіне қатыстырылмайтын көрінеді.

Министрлік пен Ұлттық академиялық кітапхананың жыл сайын дәстүрге айналдырып келе жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясының оқырман үшін берері көп. Ұлттық идея аясында өткізіліп отырған акция соңғы жылдары жоғары оқу орындарымен қатар, барлық мектептерде өткізілді. Онда кітап көрмелері, әдеби кештер ұйымдастырылып, жазушылардың шығармалары негізінде түрлі оқулар, ашық сабақтар жүргізілді. Жалпы, бұл акцияның идеясы Американың «Бір кітап – бір Чикаго» және «Егер де бүкіл Сиэтл бір кітапты оқып шықса…» атты көпшілікке танымал жобаларының негізінде дүниеге келген.

Осы ретте кітап туралы атақты ақын Расул Ғамзатовтың ішкі күйзелісін атап өтпесек болмас. «Қараңғылықтан, надандықтан, алауыздықтан Дағыстан қаншама бөбектерінен айырылды. Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек. Өзгені де тану үшін кітап керек. Кітабы жоқ халық көзін таңып алған кісімен бірдей. Ол дүниені көрмейді. Кітабы жоқ халық – айнасы жоқ адаммен бірдей. Ол өз жүзін өзі көрмейді…». Атақты ақынның осы сөзіне не қосуға болады?

Бай мемлекетпіз, дәулетіміз асып, әлем біздің аузымызға қарап тұр дейміз. Алайда, ұрпағымызды кітап оқуға үндеуді естен шығармасақ игі. Ертең сол ұрпағымыз ғылым, білім қумай, дәулет қуып кетсе, ол біздің кінәмізден болатынын естен шығармайық.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Пікірлер