Наурыз мейрамы сүмелексiз болмаған

Наурыз мерекесi ЮНЕСКО-ның адамзаттық материалдық емес құндылықтар мұрасының тiзiмiне алынған. Үш мың жылдан берi Балқан тауы мен Орта Азия халықтары тойлап келе жатқан Наурыз мерекесi БҰҰ-ның арнайы Қарарымен ресми түрде жер-жиһанда да аталып өтіп жатыр. Мыңдаған жылдық ғұмыры бар Наурыз құндылықтары туралы Шығыстың жетi жұлдызының бiрi, әлемге аты Мәшһүр Омар Һаямның қазақ оқырманына беймәлiм «Наурызнама» атты тағылымдық еңбегiн аударып, оқырманға тарту еткен белгiлi ақын Исраил Сапарбайды мереке қарсаңында әңгiмеге тартқан едiк.

«Наурызнама» рисаласы

– Исраил аға, біз өткен жылғы сұхбатымызда наурыз айына қатысты жеке-жеке ай аттарына тоқталып, олардың ерекшеліктері туралы нақты мысалдар келтіргенбіз. Жалпы,  Наурыз атауы қазақ тiлiне Соғда мен Хорезм арқылы ежелгi парсы тiлiнен енген көрiнедi. Бұл айды соғдалықтар «наусарыз», хорезмдiктер «наусарджи» деп те атапты. Данышпан Омар Һайам Шығыс әлемiнде алғашқылардың бiрi болып «Наурызнама» рисаласын жазғанын өзiңiзден естiп, бiр жасап қалған едік. Ендi осы еңбек туралы айта кетсеңiз?

– Дүние ғылымының сан саласын меңгерiп, әлемге мәшһүр ғұлама атанса да, көпшiлiк жұртқа Омар Һайам Шығыстың жетi ұлы шайырының бiрi есебiнде, әсiресе, ауыздан-ауызға тарап кеткен әйгiлi рубаиларымен кеңiнен танымал. Ал ендi осы ұлы шайырдың Шығыс әлемiнде алғашқылардың бiрi болып «Наурызнама» рисаласын (трактат) жазып шыққанын, өкiнiшке қарай, бүгiнге дейiн бiрiмiз бiлсек, бiрiмiз бiлмеймiз. Бұл аса құнды еңбектiң ең кемiнде мың жылдық ғұмыры бар. Оқырман бұл кiтаптан өзiмiз жыл сайын мерекелеп жүрген Наурыз мейрамына қатысты көптеген тың деректерге (Наурыздың шығуы, тойлануы, тарихы, т.б.) әдет-ғұрып, салт-дәстүр, аңыз, хикаяттарға қанығады.

Омар Һайам бұл еңбегiнде, бiр ғана Наурызға байланысты емес, әрi этнограф, әрi жұлдызшы, әрi тарихшы, әрi шипагер тәуiп есебiнде де әйгiленедi. Ол адам ағзасының заманнан-заманға, ұрпақтан-ұрпаққа ауысқанда қандай өзгерiстерге ұшырайтынын назарға ала отырып, бүгiнгiлерге де емдiк, есендiк кеңес-мәслихаттарын ұсынады.

Сондай-ақ, Наурыз мерекесi дастарқанының құтты тағамы – «Сүмелек» және оны қалай жасау жайын да оқуға болады.

– Омар Һайам атының өзi арабшадан аударғанда «Шатыр тiгушi» деген ұғымды бередi екен. Ғұлама ақын өз дәуiрiнде бiр ғана ақындықпен айналыспағанын, iлiм-ғылымның сан саласымен айналысқанын байқаймыз. Шайырға кезiнде әкiмдiк қызмет те ұсынылыпты ғой...

– Шындығына келгенде, Омар Һайам айналыспаған iлiм-бiлiм саласы кемде-кем. Ақынның кешкен ғұмыры мен қарақан басындағы қиыншылықтарын бiр сәт көз алдымызға елестетсек, мұның шындығына көз жеткiзер едiк. Бiрде оның жан досы Низам-ул-мүлiк Селжүктер әулетiнен шыққан Мәлiкшах патшаға уәзiр болады. Ол өз мансабын пайдаланып, досы Омар Һайамды Нишапур қаласынан әкiм етiп тағайындауға рұқсат сұрайды. Сонда ақын: «Әкiм болып халық үстiнен үкiм жүргiзу қолымнан келе қояр ма екен, – дейдi, – одан да сен анау қазынашыларыңа айт, маған бiр жылда бiр рет нәпақа бөлiп тұрсын. Мен үшiн күнiне бiр кесе шай, бiр түйiр нан да жетедi. Атақ-даңқ, ғылым шыңын алсам, сол да қанағат». Осыдан соң Низам-ул-мүлiк Нишапаурдан келетiн алым-салық есебiнен досына он мың динар тағайындапты.

Омар Һайамның «Наурызнама» рисаласы оның тарихи, этнографиялық, халық салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптарын аса жетiк бiлетiндiгiне дәлел. Ғұламаның бұл еңбегi Мәлiкшах пен Низам-ул-мүлiк қайтыс болғаннан кейiн жазылған. Мұның өз себебi бар. Мәлiкшах пен Низам-ул-мүлiк Омар Һайам сияқты бiрқатар ғалымдарды Ғарышхана (обсерватория) салуға және онда астраномия пәнiн көркейту үшiн күш жұмсауға шақырды. Патша мен уәзiр Ғарышхана құрылысы үшiн жеткiлiктi қаржы бөлiп, ғалымдардың жағдайын жақсартқан. Бiрақ, өкiнiшке қарай, құрылыс әлгi екеуiнiң өлiмiне байланысты аяқсыз қалады. Басталған iстi бiтiру үшiн және Мәлiкшахтай патшаның абыройы мен атағын Ғарышхана құрылысына пайдалану мақсатында, әрi бұрын-соңды өткен патшалардан ғалымдарға көрсеткен жақсылығы мен қамқорлығын кейiнгiлерiне үлгi-өнеге ету үшiн Омар Һайам «Наурызнама» кiтабын арнайы жазған.

Ең ғажабы сол, Омар Һайам сол Ғарышхана құрылысы барысында жаңа «Күн тiзбесiн» дүниеге келтiрген. Бұл тiзбе қазiргi қолданылып жүрген Григориан тiзбесiнен гөрi әлдеқайда дәл де анық.

Омар Һайам «Наурызнамада» күн тiзбесiнiң тарихын баяндайды. Сол тiзбе бойынша Иран патшаларының Наурыз күнiн қалай белгiлегендiктерiн және мейрамды қай мезгiлде өткiзгендiктерiн тарихи дәлел-дәлдiктермен сипаттайды.

Бiр Наурызға байланысты емес, Омар Һайам бұл еңбегiнде әрi этнограф, әрi тарихшы, әрi шипагер тәуiп есебiнде де көрiнедi. Ол адам ағзасының заманнан-заманға, ұрпақтан-ұрпаққа өткенде қандай өзгерiстерге ұшырайтынын да назарға алып, аса құнды, қажеттi емдiк мәслихаттарды алға тартады. Мәселен, басқаны былай қойып, бiр ғана арпаның мың дертке дауа екенiн дәлелдейдi. Ал мұны бiз қазiр қаперiмiзге де iлмеймiз. Немесе жүзiм шырынынан әзiрленген сусынның, шараптың пайдасы мен зиянын мөлшерлеуде нендей жәйттерге назар аудару керектiгiн де еске салады. Бұл арада айта кететiн бiр жай, Омар Һайам сөз етiп отырған шарапты қазiргi спирттiк iшiмдiктерге ұқсатуға мүлдем келмейдi. Аса пәкиза күйде, таза жүзiм сөлiнен жасалған емдiк, шипалық сусындарға ол кезде екiнiң бiрiнiң қолы жете бермеген.

– Әлгiнде Сiз Наурыздың мыңжылдық тарихи барын айттыңыз. Наурыз мейрамының өте ерте заманнан келе жатқанын, оның көктем мейрамы есебiнде әлем халықтарының көпшiлiгiнде бар екендiгiн көрсетедi. Екiншiден, бұл пiкiрдi «нау» сөзi де сипаттайды. Әртүрлi өзгерiстерге ұшырай отырып, ол бiрталай тiлдерде сақталып келедi: (орысша – новый, немiсше – нойе, латынша – нео, т.с.с.) Сонда «нау» индо-еуропалық халықтар дараланудан бұрынғы сөз болып шығады. Оған кемiнде 5 мың жыл болғаны дәлелденiп отыр. Осы жөнiнде не айтар едiңiз?

– «Наурыз» парсы сөзi болғанымен, ол өте ерте заманда кiрiгiп, қазақ тұрмысына сiңiп кеткен сөз. Наурыздың жария етiлу себебiн айтар болсақ, оны былайша түсiндiруге болады: Аптаптың екi айналуына орай, олардың бiрi төмендегiше – Аптап әр үш жүз алпыс бес күн iшiндегi күндiз-түннiң төрттен бiрiнде Амал айының бiрiншi минутына шығып кеткен кезiнiң өзiнде тағы да қайтып келедi және жыл сайын бұл кезең кеми бередi.

Жәмшид бұл күндi түсiнгеннен кейiн оны Наурыз деп атады да, мерекеге айналдырды. Жәмшидтен соң мұны өзге патшалар да және жәми жұрт мейрам ретiнде қабылдайтын болған.

Жұрттың айтуына қарағанда, Ажамның бiрiншi патшасы Каюмарс таққа отырғаннан хабардар болып, көне кабисаны қайта жандандыруға және жылды өз орнына қайтаруға жарлық берген. Мұны жүзеге асыру үшiн сол замандағы Хорасан ғалымдарын шақыртқызған. Олар қолдарынан келгенше аянбай биiк ғимарат тұрғызып, оған астраномиялық өлшеу аспабын орнатып, басқа да iстердi атқарып, Наурызды Фарвардинге көшiрген. Бiрақ замана патшаға бұл игiлiктi iстi ақырына дейiн жеткiзуге мүмкiндiк бермеген. Сөйтiп, кабиса аяқталмай қалған.

Наурыздың шығу тарихы, мiне, осындай. Бұлардың бәрiн бiз ата-бабаларымыздың кiтаптарынан тауып, ғалымдардың аузынан естiп-бiлдiк.

Дүниеге нұр себер мейрам

– Наурыз қазақ тұрмысына ислам дiнiнен бұрын келiп сiңiскенi ендi мойындалып жатыр. Алайда, ислам дiнiндегi айт мейрамдары оны едәуiр ығыстырған көрiнедi.

– Наурыз мерекесiнiң исламға еш қатысы жоқ. Бұл – Шығыс халықтарының төл мейрамы. Дүниеге нұр себер жарық та шығыстан шығады. Әлемге бүкiл мәдениет те, барлық жақсылық та, шапағат та мұсылман әлемiнен тараған. Әлемде қанша соғыс болып жатса да, сол сұм соғыс ешқашан мұсылман елiнен шықпаған. Ислам – мәдениеттер елi, ислам – руханияттар елi, ислам – ғылым-бiлiмнiң елi. Сондықтан әлем ерте ме, кеш пе, осы құдіреттi мойындаулары тиiс болатын. Бұл жолы Бiрiккен Ұлттар Ұйымы осыны бағамдап, мойындап отыр. Бұл – үлкен жақсылық. Шындығына сайсақ, Наурыз – Шығыс халықтарына ортақ, үлкен, ұлық мереке. Ендi оны халықаралық деңгейде атап өтiп, тойлап жатсақ, нұр үстiне нұр болмақ. Бұл әрiден соң, мәдениетаралық өзара түсiнiстiк пен ынтымақтастықтың мүдделерiне сай келедi.

Мақаланың толық нұсқасын электронды жазылу үшін төлем жүргізгеннен кейін оқи аласыз.   Жазылу>>

Пікірлер