Жапондық мінездің сыры неде?

Жапон елі үш бірдей апатты – зілзала, цунами, атомэлектор станциясы апатын бастан өткерді. Осыншама қиындықты аз ғана уақытта басынан өткеріп отырған халықтың сабыры мен қайсарлығын көріп таңданбасқа шараң жоқ. Сол тұста жарияланған ресми деректер бойынша, Жапониядағы жер сілкінісінен қаза тапқандардың нақты есебі 9 мың 523 адамға жеткен. 20 мың адам із-түссіз жоғалып кеткендердің қатарында.

Табиғи апаттың Жапонияға келтірген материалдық шығыны 15-тен 25 триллион теңгеге (185-тен 308 млрд доллар) жуықтайды екен. Жапон үкіметі елдегі стихиялық апаттан зардап шеккен тұрғындарына 127 млрд доллар қаржы бөлген. Ал, «Фукусима-1» АЭС апатынан болған зардапты әлі есептеу мүмкін емес көрінеді.

Экономикалық зардаптардың орны толығар. Бізді таңғалдырып отырған осынау қасіретті сын сағаттағы жапондардың ұстамдылығы мен сабыры болып отыр. Басқару жұмысын өздерінің ұлттық мінез-құлықтары негізінде қалыптастыруы оларды кез келген қиын жағдайдан жол тауып шығуға итермелеп келеді. Бұл елде менеджмент (басқару) ұғымы әлемнің кез келген еліндегі классикалық басқару концепсиясынан мүлдем өзгеше. Ол жапондық ежелгі дәстүрге негізделген. Сондықтан жапондар ұлттық мобилизациялау туралы сөз қозғалса, осы жолды қолданады. Жапон менеджменті сол ұлттың этнопсихологиялық ерекшелігімен астасып, кірігіп кеткен. Олар үшін табыс сыры адамдар. Елдегі басты ұран ретінде «Адамнан артық байлық жоқ» деген ұғым қалыптасқан. Адам факторы доктринасында интеллектуалдық ресурсты пайдалану идеясы бірінші кезекте тұрады.

Мақсат қойғыштық, еңбексүйгіштік, үнемділік және салқынқандылық секілді қасиеттер жапондар бойында тұрақты басқару ұстанымдарын қалыптастырған. Бүгінгі сын сағатта да жапон халқының сабыры қоғамға бұрынан тән қор жинақтау психологиясымен тығыз байланыста болуы табыс әкеліп отыр. Ал мұның бәрі жапон даналығында ертеден қалыптасқан үлкенді құрметтеу дәстүріне келіп саяды. Перзенттік кұрметтеу Сяо заңы бойынша, балалар атааналарының айтқандарын орындап қана қоймай, оларды сүюі және құрметтеуі тиіс. Олай болмайды екен, әлгі заң бұзылады. Сяо заңына сәйкес, бала өз ата-анасын жанындай сүюі және не айтса соны орындауы керек. Бұл заңды орындамау өліммен тең. Конфуций ілімінің сабақ боларлық жағы да осында.

Жапондардың өлгендерге деген құрметі – жүздеген жылдар беделінде болып өткен әлеуметтік аласапыранға қарамастан, сандаған ұрпақтың ұстанып келе жатқан перзенттік киелі дәстүрі. Жапон елінің бүгінгі қол жеткен табысы да жоғарыдағы ұлттық мінез-құлықпен өріліп келген.

1945 жылдардан кейін капиталистік жолға нық түскен күншығыс елі 1960 жылдары экономикасы дамыған ірі мемлекет ретінде танылды. Жер көлемі жағынан 62-ші орында тұрған Жапония 1968 жылы өнім өндіру көрсеткіші бойынша дүние жүзінде екінші орынға шыққан. Бүгінде бұл ел жалпы ұлттық өнім көлімінен де алдыңғы орында келеді. Дамуға бөлген қаржысы мен автомобиль өндірісі жөнінен бірінші орыннан түспеген.

Таза қоғам әләумет мүддесі жеке мүддеден биік тұрғанда ғана орнайды. Соңғы уақыттары жапон қоғамында ежелгі дәстүрден сырт айналу көрінісі белең алып бара жатқанды. Оны мерзімдік басылымдарда жазылып жатқан түрлі мақалалардан оқуға болар еді. «Материалдық өркениет тығырыққа тірелді» деген үндеулер жапон газеттерінде қаптап кеткен. Журналистер «әлемді шарпыған қаржы дағдарысы қауіпті емес, рухани дағдарыстан қорқу керек, казіргі қоғам рухани кедейленіп барады» деген үндеу тастауда. Материалдық тұрғыдан бай бола тұра, рухани азғын һәм тойымсыз болса, нағыз байғұс сол. Қарапайым тіршілік етіп, рухани бай болса бақытты жан деп соны айтуға болады. Бұл – жапон қоғамындағы бүгінгі ұран. Халықты ортақ идея үшін күресуге шақырған бұл ұран бүкіл халықты біртұтас ел ретінде жұмылдырып отыр. Осы идея қазіргі жапон қоғамының бар саласына кірігіп, ұлттың жалпы психологиялық, мінез-құлықтық және идеологиялық қондырғысына айналуда. Тіпті, қоғамнан оқшау сүріп жатқан жапондық мафиялардың өзі халыққа қол үшін тигізуін немен өлшеуге болады? Зілзала, апат кездерінде бүкіл елді үрейде билеген Ямагути-гуми деген ірі қылмыстық топ арнайы орындар ашып, халыққа өздерінің жүк көліктерімен гуманитарлық көмек берген. Сондайақ Иногава-кай деген мафиялық құрылым да бақылауына алған аймақтардағы тұрғындарға азық-түлік апарып, жәрдем көрсеткен. Дәл осы көлеңкедегі құрылым Хитатинаки муниципалитетіне 50 тонна жүк жіберіп, басқа да қажетті заттарды үлестірген. Қалыптасқан аймақтағы радиацияның күштілігіне қарамастан, олар қорғаныс заттарын пайдаланбай, өз еріктерімен қызмет етіп жатқан көрінеді. Мафия мүшелерінің бірі журналистерге берген сұхбатында: «Қиын сәтте жәрдемдесу – міндетіміз. Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Басшымыздың құрбандыққа барып отырғанын жұртқа жарияламасаңыздар екен», депті. Міне, мұның өзі қоғамның өзге ойлы бұзықтарының өзінен самурайлық мінез-құлықты ұлт санасында орнықтыруға игі ықпал жасап отырғанын байқаймыз. Конфуций ілімі: «Бәрінен де бауырмалдық пен перзенттік парызды ұмытпа, туған-туысқандарға қайырымды бол, тәубешілік пен үнемділікті бағала, бойыңдағы ашу мен ызаны басуға үйрен, білім мен біліктілікті жоғары қой, қөңіліңе сай келмейтін ілімнің бәрінен арыл, басқаларды осындай ағат жолға қадам басудан сақтандыр», – дейді. Бұл ұлттың ерекше қасиеті де осында. Сол себепті, қазіргі жапондардың санасында шынайы өмір ақиқатына қалай қарап, оған қай қырынан келу керек деген ұстанымы қатты дамығанын көреміз. Бұл – сөз жоқ, Конфуций ілімінің нәтижесі.

Әлеумет, қоғам, ел мәселелерінен ұлттық мүдде туындайды. Ұлтсыздану отбасынан басталады. Ал бұған жапон қоғамы жол бермейді. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, жапон жерінде көптеген супермаркеттер мен дүкендердің қожайындары апатты аймақтан көшіріліп әкелген мыңдаған халыққа азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттарды тегін таратып берген. Ажал тырнағына ілігіп, қажыған жұрт айқай-шу шығармай, өз кезегімен жанжақтан келген гуманитарлық көмекті де тең бөліп алған. Ең бір қиын сәтте де Токио тұрғындары бір-бірін туған күнімен құттықтап, сый-құрметін жасап жатуы не деген жанкештілік дерсің!

Жапонияда орын алған апаттан соң барлық халықаралық қауымдастар мен шетелдіктер өз елдеріне кеткен. Әйтсе де, осы бір қиын кезде өздерін тастап кетіп жатқан шетелдіктерге жапон халқы реніш білдірген емес. Тіпті, Ресей мемлекеті Жапониядан бірқатар азықтүлік өнімдерін енгізуге тыйым салған. Бұл негізінен «Фукусима-1» АЭСтағы апаттан бірқатар аймақтарға таралған радиацияға байланысты. Бұған дейін ресейліктер Жапониядан тасымалданатын теңіз өнімдерінен, оның ішінде балықтан бас тартқан болатын. Дәл осы сәтте, АЭСтағы радияцияның «үнін» өшіруге 50 жапон азаматы басын қауіп-қатерге тігіп, апатты аймақта жанкештілікпен жұмыс істеп жатқан болатын. Бұл туралы «Московский комсомолец» газеті «Жапонияны ақырзаман отынан қорғау үшн 50 батыр араша түсті» деп жазған еді. Миллиондаған жапон азаматының тағдыры үшін басын құрбандыққа тіккен олар туыстары мен отбасыларымен кездесіп, қоштастып та қойған еді. Ақпараттар бойынша сол кезде 5 адам қаза тауып, 21-і қатты жарақаттанған, бес жұмысшы із-түссіз жоғалған. Қазір олардың орнын жаңа еріктілер басып отыр. Нағыз патриотизм деп осыны айтса керек. Жапондардың осындай отаншылдық қасиетті кез келген үрейді су сепкендей басатыны анық. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де Жапония аяғынан тез арада тік тұрып, әлемдегі қуатты елге айналды. Бүгінгі жапондар бәріне сабырмен қарап, «бәрі өткінші, бұл да өтеді» деген принцип аясында өмір сүруде.

«Осал кінәні өзгеден іздейді» дегендей, қандай жағдай болса да себебін өзгеден көруді әдетке айналдырып алдық. Алайда, жапондардың әлемге көрсеткен үлгісіне жаһан жұрты таңдай қағып отыр. Мұнда да жапондық мінез-құлықты көріп отырмыз. Мәселен, 2007 жылы Ұлыбританияның батысында су тасқыны болған кезде автокөліктермен сусындар және басқа да материалдық резервтер талан-таражға түсті. Өткен жылдары Гаити мен Италияда және Чилиде жер сілкінісі болған кезінде ұрлық-қарлық, тонау әрекеттері орын алып, оған күш құрылымдарының араласуына тура келгені бар. Жапонияда мұндай көріністің бірдебіреуі болған жоқ. Алапат тасқынның кезінде де құтқару саласының қызметкерлері бір саппен бой түзеп келе жатқанын көресің. Жапон императоры Акихитоның байыпты түрде халқынан кешірім сұрауының өзі ұлтты біріктіруге негіз болғанын байқадық.

Соңғы уақытта Жапон елінде қоршаған ортаға орасан зор зиян келіп, жалпы қоғамның күйреу процесі жүріп жатыр. Қоғамның озық ойлы зиялылары дәл осы апаттың алдында «ежелгі ата-бабаларынан қалыптасқан рухани тіршілікке оралу қажет» деген ұран тастаған болатын. Жазушы Наконо: «Пролетариат дегеніміз – кедейлік емес, ол мейлінше таза тіршілік ете отырып, рухани бай болу. Яғни, қанау, озбырлық, ашкөздік, тойымсыздық, ұрлық, тонау, алаяқтық және азғындықтың болмауы» деуі қоғамда үлкен қозғалыс тудырды.

Әрине, жапон халқының өзге елден үйренгені де бар. 1600 жылдан 1868 жылға дейін өзге жұрттың адамын еліне кіргізбей, өз адамын сыртқа шығармай, шекарасына адам жуытпаған жапондар XX ғасырдың екінші жартысында батысқа есік ашуға мәжбүр болды. Шетелге оқуға кеткен жастарға: «Барған елдеріңде Жапонияға қажет мәліметтерді жинай жүріңдер, ешкімнен қарыз алмаңдар, шетелдікпен ұрыспаңдар» деумен қатар, азаматтығы мен дінін айырбастамау, шетелдіктерге тұрмысқа шықпау жөнінде қатаң тапсырылды. Бүгінге дейін қоғамның ең басты талабы да осы болып отыр. Міне, жапондық мінез дегеніміз осы болса керек.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Пікірлер