«Ахаңды Мәскеуге апарған Әлекең»

Жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әнес Сарайдың оқшау ойлары, қазақ тарихына қатысты пікірлері, тың деректері оқырмандарды бей-жай қалдырмасы анық.

Біздің дәуірге дейінгі X мыңжылдықта жер бетін топан су басқан. Табиғаттың дүлей тасқынынан кейін жұрттың бәрі құрғақ жерге ығысады. Ол кезең VI ғасырда аяқталған. Сол уақытта, менің ойымша, шумерлер, самарлар және басқа да тайпалар қазақ жеріне келіп, жаңадан рулық топ құрады. Біз бұған дейін түріктің шыққан отаны алтай деп келдік. Түріктің түпкі тегі Алтайдан емес, Үнді өзенінің бойынан тараған.

Байырғы заманда Үнді өзенінің бойында харап мәдениеті болған. Хараппалықтар солтүстікте Пенджабқа дейін жетіп, ол өлкенің шығыс аймағында 30 қала тұрғызған. Гималай тауларының асуларын меңгеріп, сол жерлерден үй салатын құрылыс материалдарын, ағаш тасыған. Оңтүстікке жылжи отырып, Катхиявар түбегін игеріп, 40 қала тұрғызған. Бомбей шығанағындағы Лотхал порты да осы дравид түркілерінің қолтумасы. Келе тұра олар Шри-Ланка өлкесін де игерген.

Үндістанның астанасы Дели – ежелгі дравид түркілерінің отаны болып саналады. Үндістан халқының 25% түркілер, бүгінде олар – 260 млн. Түркі тілдерінен ең дамығаны – тамиль тілі, түрік тілді әдеби шығармалар негізінен осы тілде жазылады. Дравид түріктер Делиден басқа Бомбей деген қалада тұрады. Олар 3-4 жыл бұрын Бомбейді «Мыңбай» деп өзгертті. Сондықтан бізге келген шумерлердің арғы тегі түрік болуы мүмкін. Ертеде ол жерлерде басқа да мемлекеттер болған. Олар толық анықтала қойған жоқ. Бірақ жазуларының түрік тілінде болғаны жайында деректер кездеседі. Алайда, шумерлердің қазақ топырағымен тағдырлас болуының өзі-ақ теңдесі жоқ жаңалық. Олардың Сумер өлкесінен, Шығыс Қазақстанның Ақсу өзені бастау алатын Белуха (Сумер тауы осы) алқабынан кеткені анық. Олардың оңтүстікке жылжыған көш іздерінен хабар беріп Түрікменстанда Сумер өзені, Еділ бойында Қажытархан мен Сарай-Бату арасындағы Сумеркен қаласының орны да жатыр. Моңғолдарға 8 жыл бойы берілмеген бұл қала кейін Ас бекінісі, яки азық тайпасының кіндік бекінісіне айналды.

***

Ресей патшалығы 1824 жылы әкесі Бөкейдің орнына Жәңгірді арнайы указбен хан тағайындады. Халық оны өзі сайлаған жоқ. Бәрі де жоғарыдан бекітілді. Жәңгір ханды Ордадан мектеп, банк ашты деп айтамыз. Бірақ сол кезеңде қанша хан болғанмен жоғарыдан тіреу болмаса банкті ашу қиын еді. Ол банкте Жәңгір ханға 27 сом деңгейіндегі істі қарауға рұқсат етілген. Одан артық істі қарай алмаған. Орынбор шекара комиссиясының төрағасы болған Генс деген азамат «Кіші орданың дамуы» деген көлемді еңбек жазған. Сонда ол кіші орданы дамыту үшін мектеп, банк, почта ашып, жерді оңтайландыру, әр ауылды нөмірлеу керек деген ұсыныс айтып, бағдарлама дайындаған. Жәңгір хан Патша үкіметі әзірлеген бағдарламаны халықтың игілігіне жаратуға құлшыныс білдірді. Оның бәрі билеуші үкіметтің қаржысымен жүзеге асты. Жәңгір хан соны іске асыруға бас-көз болды. Алайда, Исатай мен Махамбеттің азаттық көтерілісінде мыңдаған қазақтың қаны төгілді. Егер біз, ұлт-азаттық көтерлісті басып төмендетсек, қазақ рухынан айырылады. Сондықтан біз ұлт-азаттық көтерілісті жалаулатып, алға ұстауымыз керек.

***

Жалпы, алашордалықтар Ресей үкіметіне күш қолдануға қарсы бағыт ұстанған жоқ. Оны мен «Алаштың кемшілігі неде?» деген мақаламда айттым. Бізде бір нәрсені мақтасақ, түбіне дейін өсіріп, жамандасақ, құрдымға жібереміз. Оның ара-жігін ашып айту жоқ. Біреулер «батыс алашордалықтар сепаратистік жасап, бөлініп кетті» деп жазды. Бұл – қате пікір. Батыс алашорданың басында отырған азаматтар Қаратөбе съезіндегі бағдарламасында: «Біз алашорданың мүшесіміз. Одан бөлінбейміз. Олардың барлық бұйрықтарын тыңдаймыз және жүзеге асырамыз» деп айтқан. Ол уақытта Алашорда үкіметі Семейде болды. Екі аралықтың жолы ұзақ. Сонда олар Семейге барып отыруы керек пе? Бастап отырған халықты қайда тастайды. Батыс алашордашылар айқай-шуды қойып, әуелі әскер құрайық, әскер құрмайынша ісіміз оңға баспайды деді. Алашорданың басшылары басымызға бәле болады деп әскер құруға қарсылық көрсетті. Ішкі тәртіпті сақтайтын милиция құрайық деген сөзді айтты. Ақыры, батыс алашордалықтарың пікірі дұрысқа шықты. Олардың 5 мыңға жуық әскері мен милициясы болды.

***

Менің полковник Оспан Көбеев деген атам Форт-Шевченко қаласының түбіндегі Форт-Александровкада Керенский басқарған уақытша үкіметтің өкілі болып, бір-екі жыл сол елді мекенді басқарған. 1918 жылдың аяғы мен 1919 жылдың басында Әліби Жанкелдин интернационал жасақ құрып, Маңғыстаудың Түпқараған деген мүйісіне келіп түседі. Елсіз, мидай дала. Қуарып тұрған шөлді көріп, әскердің зәресі ұшады. Бір жұтым су таба алмай қиналады. Содан далада аштан өлеміз деп қару-жарақты бір жерге жиып, екі адамды қалдырып, басқалар қайтып кетеді. Әлгі екі адам үйіліп жатқан қаруды күзетіп отырса, анадай жерде түйе бағып жүрген бір қара көрінеді. Соған барып Әліби: «Мына жердің басшысы кім?» деп сұрайды. Ол кісі: «Осыдан 18 шақырым жердегі Форт-Александровкада отырған Оспан Көбеев» деп жөнін айтады. Содан Жанкелдин түйеге мініп алып, Көбеевке барып, жағдайды түсіндіреді. Енді қызықты қараңыз. Екеуі екі үкіметтің адамы. Біреуі Лениннің мандатымен жүрсе, екіншісі Керенскийдің мандатымен отырған өкіл. Бірақ екеуі қазақы жолмен тіл табысып, Оспан атам қырдағы Тобанияз болысты шақыртып, түйемен керуен ұйымдастырып, қару-жарақты ырдуан арбаға тиеп, Жанкелдиннің қасына өзінің інісін қосып, Шалқарға аттандырады. Сонда Әлекең Тобаниязбен танысып, оны Адай уезінің революциялық комитетінің төрағасы етіп тағайындайды. Шалқарда оларды Ахмет Байтұрсынов пен Аманкелді Иманов күтіп алатын болған. Ал қару-жарақты Колчак әскеріне қарсы қолдануға алып барған.

Мен Әлекең жөніндегі дұрыс пікірдегі адаммын. Ол өзінің идеясы үшін күрескен азамат. Ахмет Байтұрсыновты Мәскеуге алып кеткен осы кісі. Сонда ол Ахаңа: «Елдің болашағына көзім жетпей тұр. Сондықтан сен менімен жүр» деп ертіп кетеді. Ахметті ағарту министрлігіне қызметке орналастырады. Сол жерде Ахаң көптеген кітаптарын жазды. Әліби Жанкелдин зұлым адам болмаған. Кезінде мен ол кісінің қызыл керуені жайында мақала жазғам. Ол деректерді архивтен алдым. 1922 жылы Арқада сұмдық аштық басталды. Сол уақытта Жанкелдин қызыл керуен ұйымдастырып, аштықтан тұралап жатқан қазақ ауылдарының іргесінен дәу қазанмен ботқа пісіріп, жұртқа таратып, аштықтан адамдарды аман алып қалған. Бірақ осы ізгілікті ісі өз басына соққы болып тиіп, қуғынға ұшырайды. Жазушы Сәбит Мұқанов маған Әлекең туралы бір әңгіме айтып берді. «1932 жылы Алматыдағы базарға барсам Әліби Жанкелдинді көрдім. Үстіне киіп жүрген костюмін сатып тұр екен. Мен көрмеген болып, теріс қарадым. Ол мені көріп қалды да ыңғайсызданып, білдірмеген қалыппен базардың сөресінде тұрған домбыраны сатып алды. Содан кейін барып амандастым. Жағдайы өте нашар екен. Жазушылар одағының хатшылығын пайдаланып, он екі күнге Алатау демалыс үйіне жолдама алып бердім. Содан кейін көрген жоқпын» деген еді Сәбең. Жанкелдин 1936 жылдан бастап қана адам қатарына қосылды. Оның өзінде де Сталиннің қолдауымен. 1936 жылы барлық республикаларды наградтау басталды. Сонда Сталин Қазақстаннан марапатқа ұсынған азаматтардың тізімін қарап отырып: «Әлгі Лениннен мандат алатын қазақ бар еді ғой» деп сұрапты. Сонда Әлекеңді ешкім танымаған. Әйтеуір, соны анықтап, тізім тұрған жерге «Әліби Жанкелдин Ленин орденімен наградталсын» деп қол қойған. Содан кейін ғана қызметке тартылады. Өмірде қайырымды, кісіге залалы жоқ, өзі де артынан бір ауыз сөз ертпеген азамат болған.

Жазып алған Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікірлер