Амантоғай алқабындағы ерекше атаулар (2)

Аманкелділік ақсақал Мұхтар қажы Ходенұлының газетімізде жарық көрген қай мақаласы да жерлестерін бей-жай қалдырған жоқ. Үндеуіне қолдау білдірді, «Амантоғай алқабындағы ерекше атаулары» nurlytan.kz сайтындағы оқылымды мақалалардың бірі. Газетіміздің 50-ші нөмірінде жарияланған топтамасының жалғасын беріп отырмыз.

Қазына көмген. Кемердің үстінде Ақсуатқа баратын көтерме жолдың бергі бетінде, Жиенбике билігінің батысындағы шошақ, дөңгелек төбе. Ел аузында «Қазына көмген» деп атайды. Төбенің басы беті аздап ашылған шұңқыр. Оның айналасында шашылған күйдірген көмір бар. Кесектің, тастың шашылған сынықтары кездеседі. Бұрын кімнің қазына іздегенін кім білсін. 1900 жылдың басында Бәйтажы атамыздың үш жігіті қазып көрсе керек. Біреуі шұңқырдың ішінде өліп, екіншісін орта белінен топырақ басып қалады. Сырттағы үшіншісі, топырақ алып тұрған Қорқыт өзен бойындағы ауылға шауып барып хабарлайды. Аршып аламыз деп келсе кеудесінен топырақ басқаны да өліпті. Тереңдегісін қазып алуға қорқып, өлі денесін сонда қалдырады. Сырттағыны арулап жерлейді. Үшінші жігіт есі ауысып, ауырып өліпті. Бұл – аңыз. Бірақ ешкім олардан кейін ол төбеге тиіспеген. Зерттеуді қажет ететін орын. Оның шындығы белгісіз.

Қаражар. Арқалық-Амантоғай тас жолының оңтүстігінде, жолдан қашықтығы 0,5 км терең аңғар. Қарынсалды өзенінің жағасы. Жардың ұзындығы 5-6 км жарты ай тәрізді биік жарқабақ, биіктігі етегінен 130-150 метрдей. Жар астында мойыл қарағашы өседі. Қарсы бетінде Үшқат, тал аралас қалың тоғай. Ішіне кірген мал шықпайды. Тоғай арасының шөбі қалың, қатты қыста малға пана. Ұры мен қасқырдан қорықпаса, қандай қыста да мал өзін-өзі асырап шығады. Оның қары Амантоғайға қарағанда 15 күн кейін еріп, мал далаға шығады. Арасы 15 км. Мал анасы атанған қоныс. Жардың басында үлкен қорым, қолдан үйілген оба бар. Бұл қорымға Қараман, Төлек, Таңатар жерленген. Оларға ұрпақтары көрнекті сырлы кесенелер тұрғызған. Жаулар қиратқанымен, орны сақталған. Ел ұлықтаған, халық құрметтеген құтты мекен. Қаражар – ру басы Қараман мен Төлек тұқымдарының отаны. Кіндігі байланған қасиетті жер. Қилы кезеңде халық қозғалғанымен, есін жинағанда қайта келетін қара қонысы.

Жермола. Қаражардың сілемі, Жалдама өзеннің оң жағасындағы қорым. Тұрған жері құмайт, жері қатты. Асты лақат қазуға қолайлы. Бұрын оба, кесене болмаған. Сондықтан Жермола атанса керек. Совхоз орталығы орнағанға дейін қорымда шырақ жанатын. Көшкен малшылар мал сойып дұға оқытатын. Олай етпесе шығынға ұшырайды. Бұл талай болған ақиқат еді. Жерінің қолайлы болуына байланысты 1960 жылы құрылыс басталып, 1961 жылы басқару аппараты көшіп келді. Ел қонысы көркейіп, тұрақты орынға айналды. Қорым қасына үй салып, басқа ұлттар шошқа ұстады. Харам әрекеттеріне сай олар тиісті жазаларын да алды. Жермола талай жаугершілік соғыстар болған, шәйт кеткен боздақтардың және жол үстінде қаза болғандардың жерленген қорымы. Аруақтар мекені.

Тайлақ атқан. Жермолаға жақын (4 км). Ертеде Ырсымбет атамыздың ауылы Жермоланы жайлаған дейді. Әкесі Таңатар ел ағасы, халықтың ақылманы. Ырсымбет атамыз Қараманның немересі. Жастай ерлігімен елге белгілі болады. Әйелі өзі сұлу, өзі сал, ерке болса керек. Ырсымбет ай жүріп жортуылдан келсе, әкесі ауылында жоқ. Ел ісімен сыртта болса керек. Әйелін сағынып келген батыр кеш тұрады. Суға келген Ақтайлақ боздап су ішіп, қырға шығып тағы боздайды. Ұйқысынан оянып кеткен Ырсымбетке әйелі назданып, осы түйе-ақ әулие болды. Күнде боздап маза бермейді деп шағынады. Албырт, аңғал батыр жігіт өзен жағасында боздап тұрған Ақтайлақты садақпен атады. Жараланған түйе төбе басына барып шөгіп, шығысқа қарап жатып өледі. Ел естіп қайғырады. Бір жеті бойы нөсер жаңбыр жауып, дауыл болады. Оны аттырған әйелі жынданып кетеді. Елге келіп, жағдайды білген Таңатар баласы Ырсымбетке: «Ұрпағың өспесін, дәулетің кем болсын» деп бата береді. Ақтайлақ атанған Рубасы Қараман атамыздың түйесі екен. Киелі жануар деп оған ешкім тимейді. Ел тілегін тілейтін киелі жануар дүниеден осылай өтті. Өлі түйе тасқа айналды. Төбенің үстіндегі ақ тастар 1960 жылға дейін жатты. Оны да сырттан келгендер құртты. Оқиға аңыз сияқты болғанымен, әңгімедегі адамдар өмірде болған, жер аты сақталған.

Ақмола. Жермоладан (орталықтан) 4 км жерде, Жалдама өзенінің оңтүстік жағасындағы ұзынша биік төбе, ұзындығы 300 метрдей. Биіктігі 70-80 м. Шығысы – ойлы, биік жарқабақ, батысы – ұзынша, басына шығуға қолайлы. Қай уақытта екені белгісіз, қолдан әдейі үйілген оба, қарауыл төбе. Етегіндегі ойлардан топырақ алынған, маңайында тау-тас жоқ. Бірыңғай топырақтан үйілген оба. Маңдайы мен солтүстігі өзен суымен қорғалған. Батысы өзенге дейін қалың тоғай. Одан көзге ештеңе көрінбейді. Обаның үстінен айнала анық көрінуімен қатар, оның орналасуында геометриялық есеп те бар. Обаның айналасында жаумен үлкен шайқастар болуы кәміл. Өйткені оба үстінде жерленген адамдардың моласы көп әрі олар аласа, асығыс таяз қатар-қатар жиі жерленген. 1800 жылдардың бас кезінде Тай деген найман осы обаға жерленді деген ел аузында сөз бар. Оның моласының үстіне әдейі ақ балшық жабылған. Содан кейін де Тайдың Ақмоласы аталса керек. Қазір Тай есімі ұмытылып, жәй ғана Ақмола деп атайды. Маңайы мал ұстауға қолайлы. Ығы бар, шөбі мол. Досай Қажы осы обаның етегіне жүзден астам киіз үй тігіп, қонақ күткен. Сондағы ошақтар ізі әлі де сақталған. Бұл орынның өзіндік құндылығы болғандықтан, осы орын таңдалған. Совхоз кезінде қоралар, үйлер, малшылар болды. 1970 жылдардың аяғында бетімен кеткен трактористер адам жатқан қорымды трактормен тегістеген. Содан адам ауырып, мал жынданып, кейін орынды тастап кетті. Биік оба –тарихи орын, құпиясын бауырына бүгіп жатыр. Адамнан ұят кетсе, ештеңеден сескенбейді. Онда аяушылық, құрмет деген жоғалады екен.

Ақөткел. Қазіргі үлкен қара бөгеттің тұрған жері. Ақмоладан 3 км, орталықтан 6 км алыста. Айналасы арық, бұрынғы суармалы егістік жері. Бұрынырақта Жалдама өзені жалпақ әрі терең болған екен. Онда жалғыз өткел осы Ақөткел ғана. Айналасы ақ құм болған. Керуен қанша көлікпен өтсе де лайланбай, түбінің ақ құмы көрініп жатады. Содан, халықтың айтуынша, Ақөткел атаныпты. Кім атады? Қашан атады? Ол жағы белгісіз. Қазір бұл атауы ұмытылған. 1935 жылы №6 және №7 ауылдың адамдары жиналып, сулы егіс үшін бөгеген. Оған себеп – Жалдаманың табаны Бестараудан ауысып, Сарысаймен кетуі. Өзен таяздап, суы тасымай қалған. Шабындыққа, сулы егіске су жетпеген. Аштықтан енді есін жинаған ел осы бөгетті бірнеше жыл қолымен тұрғызды. Кейін, 1954 жылға дейін біз де қатыстық. Соған дейін бөгет жұмысы қолмен атқарылды. Оның жиегіндегі талдар да қолдан егіп, өсірілді. Ақөткелден сулы егіс үшін 4 үлкен бас арық қазылды. Орны әлі көрініп жатыр. Ақөткел байлық көзі, ел ырысы. Халық оны әлі еміп келеді. 40 жылдан асты, оған қол тиіп, қамқорлық істелген жоқ.

Ақсуат. Қазіргі Тыным мен Ихсан отырған қоныстан 1 км төменірек, Жалдама бойындағы қазіргі өткел. Мал өсіру үшін қолайлы, шөбі шүйгін, суы да жақсы. Көлемі кең, айналасы құм. Қанша жылқы кешіп ішсе де суы лайланбайтын, жиегі ақ құм суатты жергілікті халық Ақсуат деп атаған. Аштыққа (1931 ж.) дейін Ақсуаттың арғы бетін ақташының ұрпақтары, бергі бетін қырықмылтық ұрпақтары қоныстанып келді. Ел өз игілігіне жараған қасиетті жерін ұмытпай қадірлейді. 1934 жылы аштықтан қалған аз отбасы «Ақсуат» серітестігі болып ұйымдасты. 7-8 үйден ұйымдасқан үш серіктестік 1939 жылы колхоз атанды. Малы өсіп, өрістеген мекенде 1953 жылы Жанкелдин колхозы құрылып, құрамына 4 колхоз қосылды. 1980 жылы наурыз айында арғы беттегі Ақкісі, Қоғалыкөл, Чкалов, Шақпақ бөлімшелерінің есебінен Ақсуат қой савхозы ұйымдасты. Колхоз, совхоз жойылғанымен, жер атауы сақталып қалды.

Махат. Қазір жер аты. Арқалық-Аманкелді тас жолының оңтүстігіндегі қоныс. Қасында ұзындығы 2 км, жалпақ су көзі бар. Тасқын сумен толады. Бірақ астында көзі бар, ортаймайды. Үлкен Махат, Кіші Махат аталған сулы алқап. Суы тұщы. Совхоз кезінде 6-7 табын ірі қара қыстап, жақсы өнім берген жер. Бұрын қырықмылтық балаларының атамекені болған өңір.

Махат атының шығуына келсек. Шамасы 1800 жылдардың орта кезінде найман жігіті ғашық жарын сағынып, асығып келе жатып, атымен осы аталған суға батып кетіпті. Ел аузындағы аңызға қарағанда, екінді уақытында арғы беттен бір жас жігіт өткел сұрайды. Астында ауыздығымен алысқан сүліктей қара жорға, күміспен күптелген ер-тоқымы күнмен шағылып жалт-жұлт етеді екен. Бергі беттен жауап берген қарт адам батысқа қарай 2-3 шақырым жүрсең суы таяз өткел бар дейді.

– Ата-ай, асығып келемін. Сарының бойында қалыңдығым бар еді. Соған жетіп қонуым керек, – депті.

– Шырағым, аптықпай жөніңді айтшы.

– Тегім – найман, атым – Махат, тұрағым – Ұлытау.

– Махат балам, бұл тұстан өте көрме, мына су «Махат, Махат!» деп шақырғанына үш күн болды. Өткелге тарт, алдыңнан адам жіберем. Сабыр ет, балам, – деп дауыстайды. Ауылдың 2-3 жігіті өткелге тұра шабады. Су шақырған Махат оған жетпей суға қойып кетеді. Ажалы шығар, жас жігіт атымен суға кетеді. Ел адамдары ат пен адамды судан шығарып, қырға жерлейді. Содан ол жер, су Махат атанып кеткен. Қоғаның қырының қабағында Махаттың қорымы басына ағаш шығып тұр. Қанша жыл өтсе де ағашы қурамайды. Жолдан қарағанда оңтүстік жағынан көрініп тұрады. Ұмытылмаған аңыз.

Мұхтар қажы ХОДЕНҰЛЫ
Аманкелді ауданы
(жалғасы бар)

Пікірлер