Амантоғай алқабындағы ерекше атаулар (3)

Қазақтың қай жері де тылсымға толы. Сондай сыр бүккен даланың бірі – Амантоғай алқабы. Шежірелі қария Мұхтар қажы Ходенұлының газетімізде жарияланған мақаласы осы сөзімізге дәлел іспетті.

Тасоба. Махаттың солтүстік қырында, Бозқырдың етегінде. Бергі аңғардан қарағанда биік оба сайы бар. Басында тастан үйілген қорым бар. Ол жақпар-жақпар табиғи тастармен жабылған. Обаның басына кім қойылғаны белгісіз. Тас оба кім үшін үйілгені де беймәлім. Зерделеп қарағанда табиғи оба (төбе) сияқты. Халқымыз биік төбелерге құрметті, ел қорғаны болған батырларын, ақылман қартын жерлеген. Қорымның үстін топырақпен жауып, тас үйген. Бұл да сондай қорым. Бірақ обаны халық жаугершілік кезінде қорғанысқа пайдаланған. Басқа обалар бір-біріне анық көрінеді. Белгі беруге оңтайлы. Жанында паналап, жасырынатын Бестөбеге дейін терең сайы бар. Сайдың жиегіне келіп қарағанда табаны көрінбейді, кез келген жерінен түсіп шыға алмайсың. Обаның өзін халық киелі санайды. Жанына көп бармайды. Қасиетті орын дейді. 1980 жылдың басында Әміртай деген кісі арақ ішіп, оба басына көмген асықтарым бар деп, машинамен Темірді алып шығыпты.Олар обаның үстіне жетпек түгіл, етегінде машиналары қирап, жаяу өрмелеуге тура келген. Әміртай содан бері Тас обаға тағы бара алмай, асығын ала алмай жүр. «Халық – ие, жер – кие» деген осындайдан шыққан болар.

Доғалақ (Ақшат). Аманкелдіге кетіп бара жатқанда жолдың оң жағында шығыстан батысқа қарай созылған ақшатты қырқа немесе биік жота. Доға сияқты иілгеннен Доғалақ атанса керек. Бергі етегі қызыл топырақты. Басы үш тармақ болып, жанынан Қызылбай сайы өтеді. Доғалақтан ақ балшық, қызыл жоса алады. Терістік жақ иінінде үңгір бар дейді. Ішіне бойлай енгенде қазан шұңқырды жағалай өскен құрақты көресің. Су ішінде балық бар дейді. Үңгірдің ішінде ертеде жылан мекендеді деген аңыз бар. Бертінде ол үңгірді ұрылар пайдаланған. Соғыс кезінде қашқындар жасырыныпты. Жай адамдар қорқып, Доғалаққа барып, үңгірге кірмейді.

Жылантүбек. Ашутастының бойында, Кемерден 5 км жердегі өткел. Екі жақтан келіп түйіскен қара жол. Осы өткелден өтіп, оңтүстікке бет алады. Суы таяз. Жаны қалың құм. Өзеннің екі беті қияқты. Осы түбекте жыландар көбірек кездеседі екен. Ақ құмға қыздырынып жатады дейді. Жері құнарлы, шөбі қалың, суы ақпар, мал мен жанға жайлы жер. Аты ұмытылмай келеді. Қосымша аттар ескіреді.

Қособа. Жалдаманың оңтүстік беткейіндегі қырқаның үстіндегі екі оба. Ақсуатқа баратын көтерме жолдың жанында. Орталықтан көрініп тұрады. Турасынан есептегенде 6 км қашықтықта. Қариялардың айтуында және ру шежіресінде 1600 жылдардың кезінде құба қалмақтар Торғай өңіріне шапқыншылық жасағанда ел қапыда қалып, аз қолмен қарсы шығады. Мал-жанды аман сақтау үшін елді үдере көшіріп, жауға тосқауыл жасау керек болады. Сол ауыр шақта Ырсымбет қолы тосқауылда қалып, қалың жаумен Жалдаманың жазығында қырқысады. Неше күнге созылғанын бір Алла біледі. Сол шайқаста екі жақ та көп шығынға ұшыраса керек. Ырсымбет жасағы түгелдей өлім құшады. Көшкен ел аман қалады. Жаудан құтылған ел Ырсымбет пен оның жасағының сүйектерін жинап, бір обаға Ырсымбетті, екіншісіне жасақтарын жерлейді. Ерлік обасы – жанын қиып, ұрпағын қорғаған қыршындардың мәңгілік белгісі. Бұлар да Қаражар, Амантоғай, Қара оба сияқты тарихтың беті, ерліктің символы, ұрпақтың киесі. Кейін ел қайта қоныстанғанда қараманның немересі Ырсымбеттің ұрпақтарына Жалдаманың оңтүстік бетін Қуаныштан Шақпаққа дейін берген. Олардың басы кем, дәулеті аз болғанымен ешкім оларға қызығып көз алартпаған.

Қараоба. Жалдаманың қырында. Тас жолда айқын көрініп тұрады. Бұл Торғай даласындағы қазақ халқының жаугершілікте елін қалай қорғағанын көрсететін тарихи ескерткіш. Халық қолымен үйілген қарауыл оба. Атты адам шығуға арналған шығыс жағы бар. Арнаулы жол үшін жүлге жасаған. Батысы өте тік. Жан-жағы көмкерілген оба. Бұрынғылардың айтуына қарағанда астында қорғанатын орын және су сақтайтын құрылым болған дейді. Қазір олар көзге көрінбейді. Әдейі құпияланған деуге болады. Қара обаның орны биік, төбесіне шығып қарағанда айналадағы қорған төбелер мен обалар анық көрінеді. Дала халқы өздерінің қауіпсіздігі үшін жердің қолайлығын шебер пайдаланғаны даусыз. Қажет етсе қорған төбелер мен қарауыл обаларды, тас қорғандарды, терең судың иіндерінде пайдалана білген. Қара оба басқаларымен салыстырғанда кейінірек салынған сияқты. Құпиясы бар орын. Арнаулы зерттеуді күтіп жатыр.

Орыс көлі. Суы аз, табаны бидайық, көбіне шөбін шауып, мал азығына пайдаланады. Бұрын табанында құдықтар болған. Көлге тасқын судан аздап түседі. Ел аузында қарақшы, тонаушылығы аты шыққан «Атты орыстар» деген ат бар. Кезінде қызылдардан жеңіліп, Батыс пен Аралға тұрақтай алмаған ақ гвардияшылар. Шығысқа кетіп бара жатып, жолдағы ауылдарды тонап, өлтіріп малын алып, жас әйелдердің арын таптаған азғындар мен ел аузында қалған қашқындар 1918-1919 жылдар арасында осы өңірді басып өтті. Олардың артында қан мен қырғын қалды. Сол кезде Ақташының азаматтары ел тонаған шалғыншы топтың тоғыз офицерін өлтіріп, осы көлдің ортасындағы құдыққа көмген.

Малшыбай түбегі немесе Жорғабай. Жалдаманың жағасы, орталықтан 1,2 км. Шеңбер болып иіліп келген бір ауыз үлкен түбек. Оралып келген өзеннің екі иіннің қашықтығы 100 м, аузын жауып ішіне мал ұстайды. Шөбі қалың, тоғайы ну, айналасын өзен суы қоршаған ашық қорған. Малшыбай Елеусізұлы дәулетті, өзі ер жүректі болған тұлға 1916 жылғы көтерілісте жүзбасы болған әскери қабілетті адам. 1929 жылы (Репрессияға) жазалауға ілігіп, баласы Ташмағанбет екеуі атылып кетті. Ал Жорғабай, Жартақай, Қорғабай, Малшыбайдың жалдамалы жұмыскерлері. Кеңестік дәуірде Малшыбайдың атын өшіру үшін қонысты Жорғабай аттандырды. Жермоладан Қойшыбай көңіне дейін иемденген осы күнгі Қарақұдық, оның бергі жағындағы ұзын сайдың бойындағы қара сулар Малшыбайдың жері, иелігі. Ол атамыз үлкен жер иесі, алпауыттар қатарындағы адам.

Қаратам. Қарынсалды өзенінің оңтүстік жағасындағы иін қабақта. Есілден келетін қара жолдың қасында. Іргесінде бұлақты көк шалғын бар. Ауыз су үшін таяз құдықтар қазып, суын пайдаланды. Қаратам Қараман ұрпақтарының үлкен қорымы. Бестаудан 2-3 км жерде. Бестаудағы қорым кейін қойылған. Аштықтың әрекеті. Қаратамның ерекшелігі атақты ержүрек батыр атамыз Қожеке жерленген. Аталарымыз қара балшықтан қаралы қайғының куәсі есепті қара там салған. Жұма күндері қараңғы түнде жылтырап шырақ жанатын. Жастар, әсіресе, әйелдер тамға жақын бармайтын. Қорым тазалықты сүйеді. Аруақтар рухы кір, ластықты кешірмейді. Көпшілік жекешеленіп, шаруа қожалықтарын құрғанда орыстар жалдап тұрды. Қаратамның маңайына Біркен баласы Асқарбек шошқа ұстады. Малы  өспей,шаруашылығы кері кетті. Әртүрлі қиыншылықтарға душар болды. Кейін киелі орын екенін естіген соң шошқаларын құртты. Қаратам – елін қорғаған ардақты атамыздың белгісі. Ел құрмет тұтатын киелі орынның бірегейі. Аруақтар тірілерді жібей де біледі, өзін қорғай да алады. Алланың сүйікті құлдары екі дүниеде де өз орнын сақтай алады. Біз көбіне мән бере бермейміз.

Аманға ас берген Қарасу немесе Аман Қарасуы. Қаратамның қарсы бетінде. Қарынсалдының солтүстік бетінде. Жарты ай сияқты биік қабақ. Қарынсалдыдан тасыған су Қолтықсай арқылы шығып, осы Қарасуға құйып, молайтып әрі тазалап отырады. Қабақ пен өзен жағасының арасында қалың шөпті жазық бар. Жаз ауылдың киіз үйлер тігіп отыруға өте қолайлы, кең алқап. Қарасудың суы мол, сүлік пен балық көп болады. Осы Қарасуға ауыл қондырып, үйлер тігіп тұрған Аман деген сыйлы, ақсақал атамызға Жиенбике балалары үлкен ас беріпті. Жайлауда ел басын қосатын орын. Содан бері Аманға ас берген Қарасу атанады. Шамасы 19-ғасырдың бас кезінде өткізілсе керек. 1930 жылы жаз айында Бәйтәжі Нұрманның ер баласының бір жасқа толған тойын әкем ұйымдастырып, осы Аманға ас берген Қарасу басында өткізген. Соңғы және ең үлкен той деп атайды. Есіл, Науырзым, Батпаққара ауданының адамдары бас қосқан той. Оны біздің елдің өткізуі Нұрман Ізтілеудің құдасы,Жүсіптің атасы. Ірі көрші.

Мұхтар ХОДЕНҰЛЫ
Аманкелді ауданы

Пікірлер