Амантоғай алқабындағы ерекше атаулар

Өткен жолы аманкелділіктерге үндеу жолдаған оқырманымыз енді өлке тарихы туралы көрген-білгенімен бөлісіп отыр.

Амантоғай алқабы теңіз деңгейінен 250-270 метр биіктікте орналасқан. Қыратты дала. Енді осы өлкедегі мекен атауларын таныстырайын.

Бестау. Бір-біріне жақын орналасқан бес төбешіктен тұрады. Қарынсалдының (өзеннің) жағасынан қарасаң, Бестау тұлғасы әжептәуір биік көрінеді. Тау деп теңіз деңгейінен 500 метр немесе одан да биік төбені айтады. Бестау сол стандартқа өте жақын. Үстінен қарағанда батысындағы Жалдама аңғары көп жерге дейін айқын көрінеді. Үстінде таңбалы тас бар. Онда адамның табаны мен тізесінің, атының бір тұяғының ізі бар.

Жанқасқа. Қарынсалды өзенінің солтүстігінде орналасқан биік шашақ төбе. Өзен жиегінен қарағанда ол да биік көрінеді. Жанқасқаның төбесінен қарағанда Бестауға дейінгі жер айқын көрінеді. Бұрынғы аты белгісіз. Жаугершілік қырғын соғыс кезінде Жанқасқа деген қолбасы батыр жігіт қайтыс болады. Соны сол тауға жерлепті. Содан Жанқасқа аталып кеткен деседі. Батырдың тегі белгісіз.

Көктау. Биік қыратты аймақ. Жері салқын. Тау басындағы шөптер көпке дейін сарғаймайды. Алыстан қарағанда қыратты биік көкпен астастырып, үнемі көз тартып тұрады. Биігінен қарағанда айналасы ап-айқын, әсіресе, батыс Ашутастының құйғаны еркін көрінеді. Көктау – суы салқын, шөбі құнарлы, өзені иірімді, қойнауы малға жайлы жер. Жазығы егіндік, құйқалы дала.

Халқымыз жер атауына ерекше мән берген. Оның адамға пайдасы, жердің қасиеті, табиғи құндылығын бағалап, сол жерге атауын береді. Кейде ұлықтаған адам аттары да кездеседі. Елге ұнағаны сақталады, ұнамағаны ұмытылады.

Амантоғой алқабы онша үлкен болмағанымен атағы айналасына кең тараған құтты мекен. Жалдаманың кең аңғары екі жағы бірдей ел қонысы, малдың өрісі. Екі беті егінжай. Өзен жағалауы суармалы егіске қолайлы. Халықтың өсуіне, оның кәсібіне берері мол киелі жер.

Өзеннің солтүстік аңғары ертеде қалың тоғай, ну болса керек. Ол тоғай жаугершілікте халықты, жұтта малын сақтаған. Елге қорған, малға азық болған құт дарыған қонысты ел Амантоғай атаған. Амантоғайдың шығысында Бестау, оңтүстік шығысында Жиенбике төбесі, Оңтүстігінде Ақмола, солтүстік желкесінде Тасоба, батысында Қараоба. Олардың ішінде табиғаттың, адам баласының қолдан тұрғызғаны да бар. Кеңірек ғылыми зерттеуді қажет ететін орындар баршылық. Олардың бәрі адам тарихына байланысты. Берері де аз емес.

Ақтас. Тастыдан шығып қазіргі Ақтастың өткеліне бара жатқанда қара жолдың оң жақ бетінде үйдің көлеміндей үлкен-үлкен ақ тастар болатын. Жылтыр тастардың беті күнге шағылысатын. Олар 1960 жылға дейін жатты. Жанында шағын оба болатын. Кейін тастарды уатып, құрылысқа алып кетті. Бірақ Ақтас аты қалды. Тастар негізі табиғи болуы да мүмкін.

Қараман көңі. Қазіргі Ақтас өтетін өткелдің шығыс жағында өзенге құятын сай бар, сол жерде үйлер және мал қорасы болды. Оның қырында азық құятын қойма (сусек) орналасқан еді. Ленин атындағы колхоз сол орынды 1960 жылға дейін пайдаланды. Көк кемерден егін салып, азығы мен тұқымын қоймада ұстады. Үй мен қорада мал ұстады. Ол үйлерді Райымбек балалары Хамза, Ғаппас, Омарлар салған. Ақ гвардияшылардан қашып, соны паналаған дейді. 1930 жылы саяси қуғынға түскенше сол жерді қоныстанды. Олардың атын атаудан қорыққан жұрт «Қараман көңі» деп атаған еді.

Айғыржол. Тастының өткелінен өткен соң, Бүркітке дейін жолдың оң жағында (немесе солтүстігінде) төбелер бар. Соны «Айғыржол жотасы» дейді.

Қарағаш. Ашутастының бойында Солтүстік бетте ақ шатқал жарқабақ бар. Соның астында Қарағаш шығатын үлкен алқап жатыр. Қарағашқа мойыл өседі, басына құс ұя салады. Күнге қараған жағында жылан мекендейді. Ұры қуыстары көп жер. Аты ағашына байланысты. Халық қоныстанған мекен. Суы – ағынды. Кей жері терең айдын өзенінде көмір, күміс, түсті металдар қоры бар. Табиғи байлығы бар, құпиясы мол жер.

Ақшатау немесе Ақшат. Маңайында қызыл төбешіктер көп. Киіз үй сияқты шашақ төбе. Ақшатау – шөп шықпаған жалаңаш, әктас сияқты балшықты жер. Ашутасты өзенінің солтүстігіндегі қыратты аңғар жерінде темір және боксит рудаларымен қоса, ауыр метелдар болуы мүмкін. Өсімдігі сирек, қары тез кетіп, буланып жатады. Мал онша маңайламайды..

Бұқаның обасы. Ашутасты өзеніне қарай еңкейіп тұрған шошақ төбе. Басында қорым бар. Аңызға қарағанда Бұқа деген дәруіш (бақсы) жерленген дейді. Ол кісінің тегі және қашан жерленгені белгісіз. Ел аузында «Бұқаның обасы» деген ат сақталған. Қорым уақ тастармен жабылған болатын. Оның жанынан сауын сиырға орын салды. Обаның басында және айналасында жылан көп болады. Ертеде обаға адамдар жақын барып шыға бермейтін. Жүргіншілер мүйістен өткенде дұға оқып қол жаятын. Кейін онша елемейтін болды. Ол адамдардың рухқа, жерге құрметінің кемігені шығар.

Жиенбике биігі немесе обасы. Арқалық-Амантоғай тас жолының оңтүстігінде орналасқан үлкен биік төбе. Ол жердің өзі де, оба да биік. Ауасы таза, ашық күнде, әсіресе, таңертеңгілік Аманкелді ауданының орталығы анық көрінеді. Ал аудан орталығынан қарағанда обаның төбесі анық байқалады. Бұл төбе барлығынан биік, еңселі. Басында Сақ дәуірінің тас мүсіні болатын. Қашалған адам бейнесін Жиентай Жайсаңбайдың үйінен 1970 жылдары алып кетіпті. Биіктің шығыс жағында бұлақ бар. Екі пәтерлі үйдің аумағындай жерге долана ағаштары өседі. Жемісі ірі және дәмді. Сол биік төбеге Жиенбике анамыз жерленіпті. Ол кісі Қожыкенің інісі Қожаның жолдасы. Одан төрт ұл дүниеге келген. Қожа өлгеннен кейін қайнағасы Сүйіндік әмеңгерлік жолымен некесін қияды. Одан тағы бір ұл дүниеге әкеліпті. Бес ұлдан тараған ұрпақты жиенбике балалары деп атап, анамызды Қараманның былайғы ұрпақтары құрметтейді. Қарынсалды мен Жалдаманың бойын осы анамыздың ұрпақтары қоныстанып келеді. Жиенбике биігінен Жалдаманың Торғайға қосылар жері алақандағыдай көрінеді. Анамыз тау биігінен ұрпақтарына қарап жатқандай. Баурайында қиын-қыстауды басынан өткізіп, тіршілігін жалғаған ұрпақтары. Қорым уақ тау тастарымен көркерілген. Кейін бетімен кеткен келімсектер едәуір аздырды. Обадан тас тасып, топырақ алды. Адамнан ұят кетсе, сыйлау да, қорқыныш та кетеді екен. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген. Алайда тарихи тұлғалар, ел сыйлаған аруақтар бірнеше ғасыр бойы өздерін қорғап келеді.

Әулиетам немесе киелі төбе. 1700 жылдардың бас кезінде осы төбеге Аталықұлы Құтан атамыз жерленіпті. Қорым мола уақ тау тасымен қапталып жабылған. Халық келіп, дұға оқып, өзінің қиыншылығына көмек сұрап, Аллаға құлшылық етіп, әулиеден жебеу сұрайды. Әулие атамыздың ескертуі бойынша ұрпақтары 1960 жылдың аяғында там салып, тас қойды. 1994 жылы халықтың басын қосып, ас беріп, дұға оқытты. Жан-жақтан ұрпақтары жиналып келген. Оларға жергілікті халық көмектесті. 2007 жылы Ұлытаудығы (Жезқазған) ұрпақтары келіп, бұрынғы тамның сыртынан сәулетті кесене тұрғызды. Түнейтін адамдарға қолайлы болу үшін бұлақ басынан үй салып, ыдыс-яқтар салды. Амантоғай ауылының адамдарын жинап, дұға бағыштады. Атамыздың негізі – Найман. Тұрағы Көкшетау болған. Ел аузындағы аңызға қарағанда ауылы жайлауға көшіп келе жатқанда қатты ауырса керек. Ағайындары абыржып, кейін қайта көшпекші болыпты. Бірақ Құтан: «Көшу тоқтамасын. Мен көз жұмғанда арулап денемді өзім мінетін түйеге теңдендер. Түйе шөккен жерге денемді жерлеңдер» депті. Ағайындар өсиетін орындаған. Киелі түйенің шөккен жері осы төбе. Қарынсалдының аңғары. Шығысында Бестау, батысында Кемер, оңтүстігінде Жиенбике биігі. Солтүстік батысында Қаражар. Жанында сылдырап аққан бұлақ. Етегінде Жиенбикенің ұрпақтары. Қараманның қайта қоныстанған тұқымдары. Құтан әулиеге деген ел ықыласымен құрметі кеміген жоқ. Ол кісінің шапағаты туралы аңызға бергісіз әңгімелер өте көп.

Кемер (Гончар) – Қарынсалды мен Ашутасты өзендерінің арасындағы ұзыннан созылған қуыс аңғар. Етегінен үстіне дейінгі биіктігі – 150 метр. Су тасығанда табанына су толады. Қабағында Қарабұлақ бар. Кемердің қабағы батысқа қарап, дұғаша иілген. Құс тұмсығындай созылған иінде кезінде ауыл болған. Қаражарға қарсы қарап тұр. Жері қатты құмақ, сайындағы құдықтардың суы тұщы. 1928-1935 жылдары №6 ауыл Бестау ауылдық кеңесінің орталығы болды. 1935 жылы аштықтан қырылып, әр жерде қалғандарды жинап, Жалдама бойындағы Қойшыбай қыстауы мен Мешіттің жанынан қоныс салып, оны қала деп атады. Ауылдық кеңестің орталығын көшірген.  Кеңеске керекті кеңсе, сауда үйі, қойма, бұрынға сауат ашу (бастауыш) мектебі және басшылар отыратын үйлер болды.

Кемердің айналасында қашықтығы 2-12 километрден аспайтын 15 ауыл орналасқан. 200-ге жуық отбасы бір-біріне жақын тұрды.

Аудан орталығынан 53 километр. Қостанайдан,Қараөткелден келетін екі керуен жолы осы Кемерді басып өтетін. Ол жол Күлік Жыланшық, Қарақұм арқылы Ақмешіт, Ташкент кетеді.

Кемер географиялық жағынан орталық болуға өте қолайлы еді. Соғыс кезінде Кемер аты жойылды. Қалыптасқан ел қонысты «Ходен көңі» деп атайды. Ол билікке ұнамады. Содан Гончар атап кетті. Кемер бойына көп құпия сақтаған құтты орталық.

Мұхтар ХОДЕНҰЛЫ
Аманкелді ауданы
(жалғасы бар)

Пікірлер