«Ерді Тәңір сақтайды…»

Ел арасында Шақшақ Жәнібек батыр туралы аңыз-әңгімелер көп айтылады. Солардың ішінде хатқа түскен бірқатарын жас ғалым, Арқалықтағы Дала өлкесі тарихы музейінің ғылыми қызметкері Батырлан Сағынтаев баспаға ұсынды.

Жәнібектің Уақ Бармақты сынауы

Тосын деген құмайт жер бар. Осы жерді бір кездері қалмақ жұрты мекендеген екен. Қалмақтың Садырбала деген батыры күнде Қарсақбасының басына шығып алып, қазақтарды жекпе-жекке шақырып мазалай беріпті.

Сонда өзі батыр, мәмлегер, қалмақты ел шетінен көшіруді ойлап жүрген Шақшақ Жәнібек Тархан жекпе-жекке шығатын Уақ Бармақты алдыртуға шақырушы адам жібереді. Бұл кезде Бармақ Нарын құмы жақта тұратын болса керек. Қос атпен кеткен шақырушымен Уақ Бармақ үш тәулікте Қаракөл–Қарсақбасыға жеткен екен.

Келгеннен кейін Уақ Бармаққа Шақшақ Жәнібек барлық мән-жайды түсіндіреді де:

– Жекпе-жекке демалып, ертең түсесің бе, әлде бүгін шайқасып көресің бе? – дейді. Бармақ:

– Қазір шығамын, – депті. Жәнібек келісімін беріп:

– Сенің Сандалкөгің шаршап келді ғой, менің Қазмойын қара тұлпарымды мін, – деп ұсыныс айтады.

Сірә, қырғын, қантөгіске жол бергісі келмесе керек, ел арасында Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек қалмаққа айтқан екен деген мынандай сөзі бар: «Екі батыр жекпе-жекке шықсын. Қай жақтың батыры жеңсе, со жақтың дегені жүреді».

Қарсақбасының (Шың-тау) дәл төбесінде қазақтың батыры Уақ Бармақ пен қалмақтың батыры Садырбала жекпе-жекке кездескен бетте, қалмақ батыры атын бұрып алып, кейін қарай қаша жөнеліпті. Ал Бармақ батыр қашқан қалмақтың жолын кесіп, алдынан келіп шаншып түсіру үшін ұмтылғанда, астындағы аты Қазмойын қара тұлпар жете алмай қалады. Ол кезде қашқан жауды желкеден соғу батырға мін болған көрінеді.

Содан Бармақ батыр қайтып келіп, өзінің Сандалкөк арғымағын ерттетіп, қалмақты жекпе-жекке қайта шақырады. Қалмақтың батыры Садырбала бірінші рет қашып барғанда қалың қол «Не болды?» деп сұрапты. Садырбала:

– Халқым, сендермен қоштасайын деп келдім. Осы жолы менің ажалым жеткен шығар. Осы келген Уақ Бармақ батыр болса керек, – дейді.

Екінші жекпе-жекте тағы қаша жөнелген Садырбаланың алдын орап келіп, қақ маңдайынан Уақ Бармақ батыр шаншып түсіріпті. Қалмақтың батыры өлген Қарсақбасыда «Садырбала сайы» деген сай бар.

«Ақ шабағы май татыған,

Қара суы бал татыған

Қайран Тосын қалдың ба?» – деп қалың қалмақ жер ауған екен.

Жәнібектің Уақ Бармақты сынауы – Аңыз мәтіні «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (9-том. Алматы: Ел-шежіре, 2009. 165-166-бб.) атты жинақта басылым көрген. Түпнұсқасы ОҒК-нің қолжазбалар қорында (1178-бума) сақтаулы. Жинаушысы – Ж.Көпеев. Айтушысы белгісіз.

Қабыл болған бата

Тіленшінің «Түбіңіздің бір шикілігі бар-ау» дейтін әзілінің, Жәнібектің «Мен жақсының атқан бір оғы емеспін бе?» дейтін сөзінің мәнісі былай екен.

Шақшақ Жәнібек жолаушылап келе жатып керейдің бір үйіне қонады. Үйде бір кемпір мен келіншек қана болады. Кемпір батырды сырттан киелі кіс деп еститінін, келінінің біраз жылдан бері бала көтермей жүргенін айтып бата сұрайды. Батыр ықылас білдіріп, бата береді. Келіншек кейін құрсақты болып, ұл туады. Кемпір «жақсының шарапаты тиді» деп немересіне батырдың атын қояды және жеті жасқа келгенде батырды шақыртып сынатады.

Жәнібек баланы жалаңаштап көріп, «қатарынан кем болмас» дейді. Және өкіл әке болып: «Он жетіге толғанда келіп, еншісін алып кетсін»,–дейді. Бала ер жеткен соң іздеп барса, батыр қартайып, қолынан билік кеткен кезі екен. «Еншісіне бір айғыр үйір жылқы беріңдер», – десе, балалары қимапты. Батыр баладан қалағанын сұраса:

– Сауытыңызды қалап келіп едім, бірақ оңашада атып көргенімде саржай өтіп кетті, – дейді бала.

Босағада шаң-топырақ басып жатқан сауытын қағып-сілкіп, керегенің басына іліп:

– Енді атып көрші,–дейді батыр. Атса, садақтың жебесі өтпейді.

– Ерді темір сақтамайды, Тәңір сақтайды, – деп, батыр өкіл баласына «көктерек» дейтін сауытын сыйлапты.

Сосын жылқысын аралатып бір бурыл тайға бұғалық тастатып:

– Балам, жылқының жүзін алма, бірін ал! Жақсы ат жауға тастамайды. Жолдастың мыңын алма, бірін ал, мың қолды бір ер бастайды, – деп Шақшақ Жәнібек батыр өкіл баласына батасын беріпті.

Аңыз мәтінін ел арасынан жинап, қорға тапсырған – Е.Құлпейісов. Қолжазба ӘӨИ-дің қолжазбалар қорында (1125-бума, 34-дәп.) сақтаулы. Мәтін бір жолды оқушы дәптеріне көк сиямен кирилл әрпінде жазылған. Айтушысы белгісіз.

Керей Жәнібек батырдың тууы

Жәнібек батырдың әкесі Бердәулет Арғынның қаракесек руынан шыққан Қазыбек бидің қызымен үйленгеннен кейін әйелі бірнеше жыл бала көтермей жүріп, соңында Жәнібекті көріпті. Перзентке зар ата-ана жас нәрестенің шілдехана тойын жасап, болашақ батырдың алғашқы таңын әнмен атырады. Әйелдерді шақырып, қалжасын беріп, ат шаптырып, бесік тойын жасайды.

Әкесі Бердәулет баласына ат қойғызарда Арғынның шақшақ руынан шыққан қарт Жәнібекті жорықтан келе жатқан жолынан тосып, сәлем беріп, қуанышты көңіл күйін айтады. Балаға зар болып жүрген Бердәулеттің тілегіне бар ықыласын берген Шақшақ Жәнібек оның үйіне түседі. Қуанышты ата-ана ағынан ақтарылып, адал ниетімен, «ақсарбас» қойын айтып сойып, қарсы алады.

Ақ күндікті ана мен айыр бөрікті ата аяулы көретін аруақты батырлары Шақшақ Жәнібектен: «Баламызға ат қойып беріп, аруағыңызбен қорғай жүріңіз», – деп тілек етеді.

Ата-ананың қуанышынан жүрегі тебіренген батыр бесікті алып, бесік көрпені ашып, балпанақтай баланы көріп, тебірене бата беріп, бүй дейді:

Керей деген елің көп,

Ел айналар шешен бол!

Жағаласар жауың көп,

Жауға шапсаң, есер бол!

Ел ішінде дауың көп,

Жұрт алдында көсем бол!

Жабылған жауды жапырып,

Шайқасқанда есен бол,

Жекеге шықсаң желденіп,

Жауыңның басын кесер бол!

Сонан соң бетін сипайды да, ата мен анаға қарап:

– Бесігін көтергенде көңілім толды, өз атымды қояйын, аты Жәнібек болсын! Біреулерге атын ататып боқтатпа, ат жалын тартып мінгенде алған бетінен тоқтатпа! – дейді. Шақшақ Жәнібекті пір тұтқан ата-ана: «Әмин!» – деп бетін сипайды.

 Керей Жәнібек батырдың тууы – Аңыз мәтінін ел арасынан жинап «Жұлдыз» журналының 1995 жылғы № 3 санында жариялаған – Асқар Татанайұлы.

Пікірлер