Қараш қартты сақтаған бойтұмар-өлең

Сонау 60-жылдары жоғарғы сыныпта оқып жүргенде ұстазым, Жаңа ауыл орта мектебінің директоры Тәукенов Қоңыртай ағайымның «30-жылдардағы қазақ совет әдебиеті» тақырыбын әңгімелеу барысындағы айтқандары есіме түседі. Сонда қазақтың алашордашыл ақын-жазушыларының есімдерін алғаш рет естідім. Бірақ ол кісі Сәкен, Бейімбет, Ілияс, т.б. сол кездің ақын-жазушыларымен қатар, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтардың есімдерін не себепті ешкімнен қорықпай айтқанын, 70-жылдары Қызылорда педагогикалық институтында оқып жүргенде, атақты түркітанушы доктор-профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың лекциясынан кейін барып, бір-ақ түсіндім.

Мен де осы бір сәтті пайдаланып, оқырмандар мен тарих зерттеушілерінің қаперіне мынандай бір шағын қысқа естелікті ұсынғым келеді. 90-жылдардың аяғына дейін біздің Аманкелді селосында Қараш деген иманды ақсақал тұрғанын аға және орта буын өкілдері жақсы біледі. Жұрт ол кісінің 1929 жылғы Батпаққара көтерілісінен кейін, 16-17 жасында, үкіметтің «халық жауы» тізіміне ілігіп, совет заманының айдауында болып келгенін айтатын. Өзінің бітім-болмысымен кейбір қарттарға ұқсамайтын ерекшеліктері бар еді. Өзіне ғана белгілі жағдаймен, ешкімге тіс жарып, өткен жайлар туралы бөтен әңгіме айтпайды деп естігенбіз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң шыққаннан кейін, жасы сексенге қарай аяқ басқан кезде, «енді осы құпияларды жұрттан қашанғы жасырамын?» деді ме екен, ақсақал бір оңашада мына бір әңгімені айтқаны есімде:

«…1930 жыл. Ақтеңізде айдауда жүрген кезіміз. Тәңірдің бұйрығы шығар, құдайдың құдіретімен бір күні айдауда жүрген Міржақып сабазбен кездесіп қалдым. Біз бір-бірімізге жақын, ілік болып келеміз, екеуміздің де қыржігітке (ру аты) жақындығымыз бар. Бір-бірімізді бұрыннан, елден білетінбіз…

…Ой, шіркін, дүние-ай! Мың-мың адам осы күнгі «Беломор» каналын қазып жатқанбыз. Үстінде күпәйке, бұтында қалың-мақталы шалбар, басында сәбеттің сотталғандарға кигізетін қара құлақшыны, қолында ұстаған санитар сумкасы бар, бізге қарай Міржақып Дулат келе жатыр. Қара жұмыс істеп жатқандарды аралап келе жатқанын байқап қалған мен: «әй, бір шіркін, кездесіп қалсам дұрыс болар еді» деп, жан-жағыма алақтап, дайындала бастадым. Құдайдың сәтін салғанын қарасай… Тура мен жаққа қарай жүрді. Айдалып барған бетте-ақ жанымдағы орыстардан: «Мирякуп Дулатов деген саяси қуғын бар, өте сауатты, қаырымды адам, фельдшер, науқастарға көмектесіп жүреді» дегенді естігенмін. Сөйтсек, Міржақып сот үкімімен Карелия жеріне айдалып барысымен, сол тұтқындар лагері ішіндегі қысқа курстан медсанитарлық-фельдшерлікті оқып, үйреніп алыпты. Мен оны ауырып-сырқағандарға көмектесіп жүрген кезінде кездестірген екенмін. Жарықтық мені көре салысымен, ұмтыла, құшақтай кеп алды. Мен булыға, өксіп, жылап жібердім. Тез-тез амандық сұрасқан болдық. Екеуміз де жан-жағымызға қарап, жалтақтаудамыз. Іле: «Аға, тағы көрісеміз бе, көріспейміз бе? Ескерткіш болсын, бойтұмар қып ұстап жүретін бірдеңе айтпайсыз ба? Жазып берсеңіз, тіпті жақсы болар еді», – дегенімде, «әй, оны саған ұстата қояр ма екен?» деп, қойнынан блокнот, қарындашын ала берді. Жыртып алған тілдей қағазды тізесіне қойып жіберді де:

«Қарашқа.

Жаңа талап балдырғандай баласың,

Жүрсің шарлап Ақтеңіздің жағасын.

Келешегің кемел болып, Қарашым,

Туған елге аман-есен барасың!» – деп, бір ауыз өлеңді сүйкеп жіберіп, қолыма ұстата салды. «Жаттап алып, жыртып тастарсың» деді. Сөйтті де, сабазым жүріп кетті. Бұл төрт жол өлеңді Жақып сабаз жазып жатқанда-ақ жаттап алдым».

Қазір Торғай-Аманкелдіде бұл төрт жолды жорналист Хамитбек Мұсабаев жатқа айтып, тиісті жерінде жазып жүреді. Естелік-жинақтарына енгізген.

«Қарақтарым-ай, біз елге аман-сау оралдық-ау. Қайран, Ахаң-Жақаңдарды айтсайшы. Талай жанның өзегін өртеген өкініш пен ыза, жоғалғанның орны толмайды ғой…».

Қараш қарт кірпік қақпай, біраз үнсіз отырып қалды. Тағы да сөйлеткім келіп, мен бір оқыс сұрақ қойып қалдым:

– Аға, осы Міржақып қашан, қалай атылды?

Қарекең маған жалт қарап:

– Тек! Міржақып атылған жоқ. Жарықтықтың басына кейін бір жара шығыпты ғой. Құданың құдіреті, сол жара ажалына себепші болыпты. Қайран, есіл ер! Сөйтіп, әне, ол сабазың да сол жақта қалды…

Кейін, 1992 жылы елдің азаматтары Жақан аға Қосабаевтың бастамашыл қамқорлық-қолдауымен, Торғайдың тас түлек-қыраны, «Мұңды сапар» естелігінің авторы Қайсар Әлім, тағы басқа көптеген жанашыр жігіттеріміз Карелиядан Міржақып Дулатовтың сүйегін туған жеріне алып келіп, қайта жерлегенде Қараш ақсақал қалай тебіреніп сөйледі десеңші…

Қайтсін енді?!… Сонда бүкіл ел-жұрт: «Бұған да шүкір!» – деп еді…

Әбдіқадыр ӘБДІРАЙЫМҰЛЫ,
жетекшілік-тәрбие жұмыстарының ардагері
Қостанай

Пікірлер