Косманавтика тарихы не дейді?

Кезінде ағылшын премьер-министрі, Уинстон Черчилльден: «Сэр, тарихты қалай түсінесіз?» деп сұрапты. Сонда ол: «Тарих – жалған, өйткені оны тарихшылар жазады, ал нағыз тарих әріп арасында қалып қояды» деген екен. Әккі саясаткердің айтқанындай, біз осы уақытқа дейін кеңестік космонавтиканың толыққанды тарихын білмей келдік. Жеке құрамы бір батальоннан асатын ғарышкерлердің алғашқы легін білгенмен, кейінгілерін білмейміз.

 Ғарышты жақындатқандар

Ф.Достоевскийдің: «Мына бір өсиетімді есте сақтандар. Ешбір оқиғаны, ешбір қақтығыс-шиеленісті ойдан шығармаңдар. Өмірдің өзінде не бар, соны алыңдар. Өмір біздің ойдан шығаратындарымыздың бәрінен де бай. Кәдімгі, күнделікті өмірдің беретінін ешқандай ой-қиял бере алмайды, өмірді құрметтеңдер», – деген сөзі осы тұста еріксіз ойға оралады. Қазір аспан асты, жер үсті тіршілігінде болып жатқан қозғалыстардың бәрі де құпиялықтан қалды.

Жалпы, бүгінге дейін космосқа 509 ғарышкер ұшырылыпты. Олардың басым көпшілігі Америка құрлығынан – 313, Ресей – 133, Еуропа – 41, Азия – 21, Африка 1 космонавт ұшырған екен. Олар әлемнің 37 мемлекетінің өкілдері. Бір ескертетін жағдай, дереккөздердегі космонавтарды мемлекеттерге бөліп қарау ережесінде біздің екі ұшқышымызды КСРО – Ресей ғарышкерлеріне қосып жазыпты. Әрине, ғарыш кеңістігін зерттеу кезінде оны ескеру де қажет болар. Космонавтардың құрамында 47 әйел бар.

Космосқа ұшқандардың ең жасы – Герман Титов. Ол «Восток-2» әуе кемесін бағындырғанда жасы 26-да болыпты. Ал, ең үлкені Джон Глеш америкалық «Дискавери 8 Т8-95» кемесімен 77 жасында аспан әлеміне аттанған.

Ашық аспан астында ең ұзақ болған космонавт – Сергей Крикалев. Оның космоста болу мерзімі – 755 күн. Космосқа ең көп ұшқан (7 рет) АҚШ ғарышкерлері Джерри Росс пен Франклин Чанг Диаз. Жер орбитасынан ең алыс қашықтыққа ұшқан – «Аполлон-13» кемесі. Оның жерден ұшу қашықтығы – 401 мың 56 шақырымды құраған. Алғашқы үкіметтік емес космонавт – америкалық Криста Мак Олиф. Тұңғыш жеке космонавт –Майкл Мелвилл. Ең бірінші турист космонавт – Деннис Тито.

Өмірі қысқа болған ғарышкерлер

Космос дәуірі басталғаннан бері әуе кемесін дайындау кезінде және ұшу, жерге қайта оралу сәтінде 22 космонавт қайғылы қазаға ұшыраған. Оның 17-сі АҚШ, бесеуі Ресей ғарышкерлері. «Аполлон-1» (АҚШ) әуе кемесінде атмосфералық таза кислородтың өртенуінен 3 ұшқыш қаза тапса, «Челленджер» аппаратының жерден көтерілу кезеңінің 74-ші секундында күшті жарылыстан 7 адам өлім құшқан. «Колумбия» кемесінің жерге қону сәтінде атмосфера қабатының тығыздығынан аппаратта жарылыс болып, экипаждың 7 мүшесі жарық дүниемен қоштасты.

Мұндай жағдайлар КСРО космонавтикасы тарихында да орын алды. Кеңес дәуірінде 7 ғарышкер қайғылы қазаға ұшыраған. Бірақ кезекті дайындық кезінде қаза тапқан №1 ұшқыш Ю.Гагарин мен В.Серегин бұл тізімнен орын алмайды. Себебі олар космостан тыс әскери ұшу алаңында көз жұмған.

Бірінші ұшқыш демекші, Юрий Гагаринді ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ соңғы кезде Ресей космонавтика тарихына «0-ші» ұшқыш деген түзету енгізіп отыр. Енді осы жөнінде біршама тоқталып өтсек.

Космонавтар жасағының алғашқы құрамында ғарышкер Валентин Бондаренко ең бірінші болып тіркеліпті. Космосты бағындырушылардың бірегейі ретінде саналған үміткердің тарихи оқиға болардан 20 күн бұрын әуе кемесінің барокамерасында жоспарлы тәжірибеден өту кезінде қаза тапқанын сол тұста айту мүмкін емес еді. Қайғылы оқиға былай болыпты. Сол күні жұмысқа беріліп кеткені соншалық, Боңдаренко кешкілік тамағын әуе кемесінің ішіндегі электрлі пешке ысытыпты. Қабылдағыш құралдарын кеудесіне қойып, оның босаған жерлерін қатайтып жатқанда, байқаусызда спиртке малынған сүрткіш мақтаны ашық жердегі электропешке түсіріп алған. Барокамерада сол мезетте-ақ өрт лап етеді. Ес-түсінен айрылған Валентин Бондаренко соңғы сәтте есін жиып: «Менің өліміме ешкімді кінәламаңыздар, бәріне өзім кінәлімін» депті. Ол осы оқиғадан 3 сағат уақыт өткеннен кейін жан тапсырады. Нөмірі бірінші космонавт сол кезде небәрі 23 жаста болыпты.

Қазан төңкерісінің 50 жылдығына орай, асығыстық жағдайда «Союз» космос кораблінің бірнеше сериясы жасап шығарылады. Оның техника-тактикалық жағдайында бірнеше кемшіліктер бар еді. Әйтсе де, оған ешкім назар аудармайды. «Союз» әуе кемесін ұшуға дайындаған Мемлекеттік комиссияның мәжілісінде комиссия мүшелері корабль командирі Комаровтан ұшуға дайындығын сұрайды. Космонавт әуе кемесінің ұшуға дайын еместігін, оның бойында техникалық ақаулардың бар екенін дәлелдеп айтып береді.

Мемлекеттік комиссия мүшелері оған: «Демек, қорықтым деңіз» депті. Осыдан кейін оның кейін шегінуге дәрмені қалмайды. Сөйтіп, ол өмірдің барлық құпиясын біле тұра, өлімге ұмтылады. Дұрысы, кеңестік жүйе космонавты саналы түрде өлімге итереді.

1967 жылы «Союз» кемесі ғарышқа ұшырылып, Жерге қайта оралу кезіңде қозғалтқыштың тегершігі істен шығып, соның әсерінен капсулада өрт болып, Комаров қаза табады. Ержүрек космонавт бар болғаны 40-ақ жыл өмір сүрді. Оның ғарыш кемесінен Орталық үшу басқару пунктіне берген соңғы сөзі: «Жанып барамын, өте ыстық!».

20 секунд ішіндегі үш өлім

Өмір сүру биік өнер болса, онда көп ойнап, тәуекелге аз бару керек екен. Олар шын мәнінде көзсіз теуекелге барды.

«Союз ІІ» кораблі жерге қонуға 150 шақырым қалғанда құрамында Г.Добровольский, В.Пацаев, В.Волков деген ғарышкерлер бар топ ашық космоста ерлікпен қаза тапты. Тағы да техникалық ақау. Кеменің ауа айдайтын қақпақшасы мерзімінен бұрын іске қосылған. Оны жабу үшін 50 секунд уақыт керек болған. Алайда космонавтар бұл уақыт ішінде қақпақшаны жауып үлгірмейді. Кабинадағы ауа небәрі 20 секунд ішінде сыртқа шығып кетіп, ұшқыштар аздан кейін естерінен танып қалған.

Кейін тексеру амалдары көрсеткендей, бар кінәрат инженер-техник қызметкерлерінің салғырттығынан болыпты. Ғарыш кемесін ұшуға дайындау кезінде корабль жүйесінің бірнеше бұрандасы соңына дейін бұралмаған. Олардың арасындағы Виктор Пацаев – біздің отандасымыз, ақтөбелік азамат. Космонавтардың ғарыш кемесінен жолдаған соңғы сөзі: «Коньяк дайындай беріңіздер, ертең кездесеміз!».

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Пікірлер