Сыр тұнған Құмкешу

«Нұрлы таң» газеті бүгінде уақыт озған сайын, елдің зор ықыласына бөленіп келеді. Басылым беттеріндегі көлемді мақалалардың мағынасы, мазмұнымен қатар, сарапталып, саралануы да ерекше. Ел көкейінде жүрген әлеуметтік мәселелерді шебер көтере біледі. «Сөз.Мұра» айдарын ұлы тұлғалардың нақылдарына, түрлі аңыз әңгімелерге арнап отыр. Газеттің №18 санында «Туған жерім аңызға бай десеңіз…» атты жаңа жобаны бастады. Ол жобаға белгілі өлкетанушы Шөптібай Байділдин ағамыз үлес қосты.

 

Көп адамдар тарихи жерлердің, сыры кетсе де сыны қалған көне ғимараттардың, туған облысы, ауданындағы, ауылындағы жеке географиялық атаулардың, өзен-көл, жоталардың аталу себептерін біле бермейді. Шөптібай ағамыздың мақалаларынан бұрын естімеген қасиетті де, киелі жерлер барын оқып білдім.

Білмеуіміздің бір себебі – өңірде өлкетанушы аға-апаларымыз аз. Тек Қуанышбай Орманұлы мен Шөптібай Байділдиннің зерттеу жұмыстарынан сусындап отырамыз. Әлі де ашылмай, зерттелмей, көмескеленіп жатқан тарихи деректер мен жер-су аттары көп.

Жас болсам да, өз басым туған жерімнің атауларының тарихы жайлы білуге әуеспін. Шөптібай ағамыздың деректеріне жүгініп, өзімнің естіп білгенімді жинақтап, солардың бір парасын «Нұрлы таң» газетіне ұсынып отырмын.

Мен туған жер – Амангелді ауданынан Торғайға қарай 30 шақырым жердегі Кұмкешу ауылы. Сол өңірдің өзінде бірі білсе, бірі білмейтін көптеген топонимдер мен ойконимдер кездеседі. Ауыл атының өзі табиғаттың тылсым мінезіне орай «Құмкешу» деп аталған. Ауыл іргесіндегі майда құмдар төбе-төбе болып, бір жерден екінші жерге желмен көшіп тұрады. Бүгін көрген төмпешік құмды екі-үш күн өткен соң ол маңнан таппай қаласың. Жел үрлеп басқа жерге үйіп тастаған. Бірақ, бір қызығы, шеңбер сызып белгілеп қойғандай, ауылды айналып үдере көшеді.

Балабөгет. Ауылдың шығыс беткейінде, 1 шақырым жерде бөгет бар. Ертеректе елді мекенді тасқын судан қорғау және шабындыққа су жіберу үшін мектеп оқушыларының көмегімен көтерілген. Ауыл ақсақалы Ғалымжан Төленов атаның айтуынша, балалар қапқа құм салып тасып, бөгет қалаған. Сондықтан халық бұл жерді «Балабөгет» деп атап кеткен. Ол бүгінге дейін бұзылған жоқ.

Жанқара. Құмкешуден үш шақырым шығысқа қарай жерде жеке там болған. Сырттан келген жолаушыға өзеннің бергі бетінде отырған ақсақал: «Сен судан өтпе, үш күннен бері су «Жанқара, Жанқара» деп шақырып жатыр», – депті. Қарияның сөзін тыңдамай, тасып жатқан судан өтем деп әлгі жолаушы суға кеткен. Көп уақыттан кейін судан денесі табылады. Троицкіге қалыңдығына кетіп бара жатқан дәулетті азамат болса керек. Жерлегенде оның қымбат заттарын жанына қоса көмген екен. Бүгінде зираты жермен жексен болған. Ол тамның дәл қай жерде екенін білетін үлкен кісілер де өмірден озған. Қазір ауыл халқы жобалап қана біледі.

Әулиетұз ойпаты. Құмкешуден 18 шақырым, көтерме жолдан 5 шақырым батысқа қарай Әулиетұз ойпаты бар. Жағалай қара батпақ, жоғары жағынан тұщы су ағады. Емдік қасиеті бар. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары зерттеп, емдік санаторий ашу жоспарланып, тіпті, құрылысына кететін шығыны да есептелген. Бірақ, әлі жоба жүзеге асырылмай жатыр.

Бұл өлкені қасиет қонған кісілер де мекен еткен.

Күмісбай әулие. ХІХ ғасырда қазіргі Қызбел ауылында, Жылқайдар әулетінде дүниеге келген (Жангелдин ауданы). Жас кезінде әулиелігін ағайындары елемей, сырт қараған.

Әулиенің істеген ісін, жүріс-тұрысын ағайындары жақтырмағанға ұқсайды. Ағайынға өкпелеп, бала-шағасымен тасып жатқан Қоңыраулы өзеніне келіп: «Құдай мықты болсаң, көкке тарт, Сүлеймен мықты болсаң, суға тарт» деп судың үстімен жерді басқандай жылжып жүре берген.

Суға кетеді деп сырттай бақылап тұрған ағайыны Күмісбайдың тегін адам емес екеніне сонда сөзі жетіп, істеген қысастықтарына ұялған деседі. Әулие сол бетімен осы Құмкешу маңындағы Торғай өзені жағасында отырған руы қарамойын Елғон деген кісіні паналап, тұрақтап қалады.

Арада жылжып жылдар өтеді. Қартайып, өмірден озарында: «Осы жерге аманат деп жерлеңдер. Мен өлген соң 18 жылдан кейін осы Құмкешуден біреу қажыға барып келеді. Мешіт салдырады. Міне, сол кезде мені қайта сол мешіт жанына жерлеңдер», – деп өсиет айтқан. Болжаған мезгілінде дүниеден озып, әулиені Торғай өзені жағасына жерлейді. Уақыт өте әулиенің өсиеті ұмытылады. Содан көрші Жангелдин ауданы жағынан бала бақсы келіп: «осы арада аманат айтқан бір әулие жатыр, неге қайта жерлемегенсіңдер?» деген екен. Сонда ғана әлгі өсиет еске түсіп, ауыл үлкендері бейітті қаздырыпты. Ашып қараса, әулиенің денесі сол қалпы сақталған, тек бір үлкен башайының ғана басы сәл қарайған екен дейді.

Қайтадан кебіндеп, Құлкей қажының маңына жерлейді. Әулие денесі жиырма жылға жуық жерде жатса да бұзылмаған. Сол Күмісбай әулие басына саманнан шағын там орнатылған. Бүгінде кесегі езілген, шөккен.

Ауыл азаматы Рамазан Мырзабайұлы басына құлпытас орнатқан. Оған «Шағайұлы Күмісбай әулие 1888 жылы қайтты» деп жазылған. 2006 жылы табиғи тастан қашалған үлкен құлпытас қойылды әулиеге. Астында «ескерткіш Кенжеахметовтер әулетінен» делінген. Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде ауылдың бір азаматы әулиенің тамына ер тоқымын, керекті заттарын аманат деп қалдырып, өзі соғысқа кетеді. Ол майданнан аман оралып, қойған затын сол қалпында, қайтадан өзіне алған екен.

Тобаяқтың Мұханбетжаны. Өткен ғасырда өмір сүрген Тобаяқтың Мұханбетжаны өте киелі, әулие ұста болған адам екен. Әкесі Игісін де аса шебер, киелі кісі болған. Ол ХІХ ғасырда кедейшілікпен ғұмыр кешкен. Бірақ шебер атағы Торғай аймағынан әрі асқан. Қолына түскен қаңылтыр, темір кесінділерін қорытып, неше алуан алмас қылыштар, тұрмыстық заттар істеген.

Жыланшық бойындағы бір байға жалданып, шелектен асыл пышақтар, балта, кетпен жасаған адам. Шеберлігіне халық тәнті болып, көрмекке құмартқан. Құмкешуде отырған кезеңінде дәулетті бір бай адам Игісін ұстамен сәлемдеспекке жолға шығады. Мезгіл қыс кезі болса керек. Жобалы жерге жетіп, ұстаның үйін таба алмай айнала адасады. Сөйтіп торығып келе жатқанда алдынан көріксіздеу мыжырайған қисық аяқ (тобанаяқ) шағын шал кездеседі. Ат айдаушы бұрылып, жөн сұрамаққа жинақтала бергенде бай жақтырмай, «қой мынадан жөн сұрағанша, адасып өлгеніміз жақсы шығар» деп жаңағы кездескен кісіні менсінбей, басқа жаққа бұрыл деп пәрмен береді. Әрі адасады, бері адасады. Өлдім-талдым дегенде айдалада тұрған жалғыз үйге тап болады. Өздері адасқан, тоңған жолаушылар амалсыз бәкене, көріксіздеу үйге кіреді. Кірсе төрде манағы өздері жолда кездестірген шал отырады. Амал жоқ тілдесіп, өздерінің атақты ұста Игісіннің үйін іздеп жүргенін айтады. Сонда төрде отырған көзге қораш әулие шал «қарағым, іздеген адамың мен боламын» деген екен. Бай өзінің астамшылығына қатты қысылып, шеберден кешірім сұраған. Сол Тобаяқтың /Игісін/ баласы Мұханбетжан да өте киелі шебер, ұста адам болған. Кешегі 50-ші жылдары колхозда ұсталығымен танылып, бүкіл елдің қажетін шығарған. Өте дәлдікті қажет ететін үзіліп кеткен ДТ-54 тракторының коленвалын отқа салып қыздырып отырып, біріктіріп жұмысқа жаратқан.

Бір шәйдің үстінде келген ер адамға пышақ, әйел болса күміс сақина соғып береді екен. Сол кісінің қолынан шыққан күміс сақиналар Құмкешу ауылы тұрғындарынан әлі де кездеседі. Ұстаханасы ауылдан 2 шақырым жерде Тоқанай сайы бойында болған. Ол кісі өмірден озғаннан кейін де ұстаханадан түнде балғаның соққан гүрсілі естіліп тұратын еді дейді ауыл қарттары.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Пікірлер