Торғай ақындары шығармаларындағы Кенесары-Наурызбай бейнесі (соңы)

(Басы 14 желтоқсанда жарияланған)

«Ер Толыбай» жыры Ұлытау бойын жайлаған Қыпшақ пен Найман руының арасындағы мал барымтасы жөніндегі оқиғаны баяндаумен басталады. Аға сұлтан болған Сандыбайдың Ердені сол жерді мекендеген аз ғана қыпшақ ауылының малын барымталап алады. Бекқұлы байдың ұлы Толыбай осындай барымтаның бірінде Ерденнің ұрыларын қолға түсіреді. Осыдан екі рудың арасы ашылып жауласқалы тұрған кезінде Кенесары бастаған көш Торғай өңіріне келеді де інісі Наурызбайды жүз жігітімен Иман батыр бастаған қыпшақ руына жібереді. Наурызбай Бекқұлы бай мен Иман батырға келгендегі мақсатын Файзолла өз жырында былай жеткізеді:

Ақ патша жерімізді алып жатыр,
Қаласын жыпырлатып салып жатыр.
Ұлыңды құл, қызыңды күң етпекке,
Ойына келгендерін қылып жатыр.

Ердендер айтқанына көніп жатыр,
Ыбырай, Мұса, Шыңғыс сеніп жатыр.
Мәз болып шен-шекпенге елін сатып,
Сұраған жер шұрайын беріп жатыр.

Шегендей билер сирек көнбейтұғын,
Алданып қу мансапқа сенбейтұғын.
Бес күнгі бақыты үшін қу басының,
Сөзіне кәпірлердің ермейтұғын.

Біз келдік қазақ қамын ойлағасын,
Халықтың қасіреті қинағасын.
Шыңғыстай аға сұлтан болар еді,
Ойласа Кене көкем қара басын.

Көнбеді берген шен мен мансабына,
Тиді ол оқтан бетер хан шамына.
Даласын Кене көкем қорғамақшы,
Ерсе егер қалың қазақ ел соңына.[Сатыбалдыұлы Ф. Шерлі жылдар, шерулі жылдар. – Қостанай: Баспа үйі, 2004].

Осыдан кейін Иман батыр бастаған үш жүз сарбаз Кенесары әскеріне барып қосылады.
Жырдың екінші бөлімінде Кенесарының хан сайлануының жайы сөз болады. Осы тұстарда Кенесарының бейнесі де көрсетілген:

Ер Кене қысыр сөзді ұнатпайды,
Мылжың мен мақтаншақты жаратпайды.
Кісіні бір көргеннен таниды да,
Маңына ішмерезді жолатпайды.

Айбаты – арыстандай суық кісі,
Адамның бұл да ерекше көріктісі.
Көп тыңдап, аз сөйлейді, тым сабырлы,
Дініне алабөтен берік кісі.

Тұрады кімді болсын мысы басып,
Қалады көрген кісі демде жасып.
Кісінің ту сыртынан өтер көзі,
Ерекше жаралған жан айбыны асып.

Берілген шумақтардан Кенесарының сыртқы бейнесі ғана емес, ішкі жан дүниесі де байқалады. Ханның ерекше айбатты, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген жан екендігі туралы жазып қалдырған куәгерлер мен тарихшылар көп. Байтақ даланы дүбірлеткен Кенесары жорықтары шетелдік саяхатшылардың да назарына іліккен. Ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон қазақ даласында жеті жыл болып кейін еліне барғанда жазған «Орта Азия мен батыс Сібір», «Амур бойына» саяхат секілді еңбектерінде Кенесары жайында естіген әңгімелерін баяндайды. Ондай былай делінген: «Кенесарының жеке басы көзсіз батыр, ұландары арасында шексіз беделі болатын. Оған олар құдайға құлшынатын, жетесіз кеткендерді аямайтын, оларды өлім жазасы күтетін. Жаумен кескілескен айқастарда ұран салып, айбалтасы жарқылдап, соғысқа бірінші кіретін. Бұл жігіттерге сенім беретін, оның көптеген бастамасының баянды болуына негіз қалайтын». Жырдағы Кенесары тұлғасы да ханның өмірдегі бейнесіне барынша сай келетіні көрінеді.

Кенесарының хан сайлауына жиылған көпшілік қауымға айтқан сөзінде де қазақтың ауыр күндері, замана зарпы тиген халықтың бодандықтағы күйі көрінген. Сонымен қатар еркіндікке ұмтылған елдің ер рухы да байқалады.

Қосылдық Русияға надандықтан,
Алтыауыз алтыбақан жамандықтан.
Осылай көне берсек дегеніне,
Не пайда таппақ алаш бодандықтан, — дейді Кенесары. Хан көтеру сәтіндегі Шеген би мен Шоқай бидің бата беруі де сәтті бейнеленген. Екінші бөлім Кенесарының елге серт беруімен аяқталады.
Үшінші бөлім Кенесары бастаған қалың әскердің қатарында болған Ағыбай, Дулат, Меңдібай, Бұхарбай секілді батырларды, Досқожа, Нысанбай сияқты жорық жырауларын айтудан басталады. Ақ патша қарауында болып, көтерілісшілерге қосылмаған аға сұлтан Ерден мен Балқожа бидің ауылын шауып алғаны сипатталады. Жырдың кей тұстарында ертегілік сипатта жоқ емес. Мысалы Кенесарының Толыбайды Ерденге жұмсайтын жерінде «Батырдың бастауышысы көкжал бөрі, Бөріге күндізгідей аян бәрі» деген жолдарда әр батырдың өзінің бастаушысы, киесі болады деген сенім жатыр. Балқожа бидің шабылуы, бидің ұлы Алтынсарының қаза табуы туралы да айтылған.

Соңғы бөлімде ақын Кенесары бастаған қолдың Аманқарағай, Ақмола, Стап, Бағлан т.б. патша әскерінің қамалдарын шапқандығына қысқаша тоқталып, азаттық жайындағы толғамын айтады. Жырдың өне бойында кейіпкерлердің сөзі арқылы жеткізілген автордың ойы да осы соңғы бөлімде айқын сипатта аңғарылады:

Тарихта қарап тұрсаң не болмаған,
Қазақтың ел қорғаған бәрі оңбаған.
Распа мұның бәрі шыныменен,
Әйтеуір тарихшылар жамандаған…

Орыстың құлақ кесті боданымыз,
Тарылып бара жатыр заманымыз.
Бір Алла өзі қайыр жасамаса,
Қылатын жоқ қой сірә амалымыз…

Кәпірдің қорлық көрдік зорлығынан,
Заманның тайғақ кешу тарлығынан.
Жаратқан қадыр ием көзің салып,
Залымның құтқара көр құлдығынан.

Береке, дуа кетті дінімізден,
Мейірім, қайыр кетті елімізден.
Аңқыған жұпар исі көкорайлы,
Мүңкиді кәпір исі жерімізден.

Ей, Алла, айдың, күннің аманында,
Бейдауа жаһилдердің заманында.
Құл болып кетеміз бе деп қорқамын,
Кәпірдің доңыз жеген табанында…

Жырды жазған Файзолла Сатыбалдыұлы да азаттық жолында күрескен тұлғалардың бірі. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте Торғайда хан сайланған Әбдіғапар Жанбосынұлының көмекшісі болған Файзолла Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахметсапа Жүсіпұлы т.б. Алашорда өкілдерімен де тығыз қарым-қатынаста болып, өмірінің басым көпшілігін қуғын-сүргінде өткізген. Дегенмен ақтық демі шыққанша Ахаң мен Жақаңның шығармаларын насихаттап, өзі де шығармашылықпен айналысқан ақынның туындыларында азаттық идеясы жиі байқалады.

Кенесары жайлы жазылған тамаша жырлардың бірі Нұрхан Ахметбековтің «Жасауыл қырған» атты дастаны. Дастанда Жаппас Жанғабылдың Кенесары ханның бір топ жасауылын алдап қырып салғаны жайында айтылады. Нақты тарихи деректерге сүйенсек Торғай өңірінде болған жасауыл қырғыны кезінде Кенесарының атақты батырларының бірі Байтабын қаза тапқан. Оның өлімі көтерілісшілерге қатты батқан. Батырдың қаза тапқан жері әлі күнге дейін «Байтабын соры» деп аталады. Бұл турасында Кенесарының жорық жырауы болған Нысанбай жырынан бастап ел ішінде түрлі өлең-жырлар көп таралған. Жанғабылдың жасауылдарды қырып салуына оның Алтыбай Көбекұлы үшін кек алуы, Ресей империясы мен Қоқан хандығынан шен алуы секілді себептермен бірге ханның соңына ерген кейбір жасауылдардың тентектік істері де әсерін тигізген. Жасауыл қырғыны болғаннан кейін Жаппастың қыздарының айтқаны деген мына бір шумақ өлең ел есінде әлі жүр:

Не болды жасауылдар мұнша қанап,
Он қойды жиырма деп артық санап.
Сарт ермен жекей тымақ киген ерлер,
Сай-сайда жатырмысың шекең қанап.

Осындай тарихи оқиғадан желі тартқан «Жасауыл қырғыны» туындысы Кеңестік кезеңде саясат ағымына қатысты қайта жырланып, бастапқы қалпынан өзгеріске ұшыраған. Нұрхан Кеңестік кезеңде 1932 жылғы ашаршылықты суреттейтін «Күландам» дастанын жазған үшін қуғын көріп, қысымға түскен. Ақынның осы кезеңде айтқан:

Туған жерім Жаркешу,
Көремін бе білмеймін,
Көрмеймін бе білмеймін.
Жүрген жерім тар кешу,
Келемін бе білмеймін,
Келмеймін бе білмеймін, — деп келетін ұзақ толғауы ел ішіне кең таралған. Кеңестік кезеңде Кенесары бастаған көтеріліске қарсы пікірлер бой алып, оны халықты қанаушы бейнесінде көрсетуге жұмыстар жүргізілді. Соған байланысты 1947 жылы ҚК(б)П Орталық Комитеті “Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер” туралы қаулы қабылдады. Осы тұста «Жасауыл қырғыны» дастаны үшін Нұрханның басына тағы да қара бұлт үйріледі. Ақынның досы Қайнекей Жармағамбетов Нұрханды Алматы алдырып дастанды қайтадан өзгертіп жазуға ықпал етеді. Осылайша Кенесарыны мадақтап жазылған туынды саясат ағымымен ханды әшкерелейтін шығармаға айналып шыға келеді. Тағдыр тәлкегі де сол болар Нұрхан осы «Жасауыл қырғыны» дастаны үшін «Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа» ие болды.

Кенесары жайлы жазылған жеке туындылармен бірге түрлі тарихи жырларда оның есімі, еңбегі сөз болып отырады. Торғай өңірінен шыққан белгілі дін басшысы Әлмағамбет Оспанұлының «Қазақ шежіресінде» Кенесарының патша отаршылдығына қарсы күресі сипатталады. Өкінішке орай көтеріліс жайында баяндаған шумақтың соңғы жағы өшіп қалған. Дегенмен автордың Кенесары хан қаза тапқан Қырғыз Алатауын сөз етуіне қарағанда көтеріліс жайлы тәпіштеп жазылғанға ұқсайды.

Бағынған барлық қазақ мұнан кейін,
Орысқа бодан болып сонан кейін.
Бірнеше көтеріліс болсадағы,
Шықпаған еш нәтиже онан кейін.
Ақымдап ақылменен ала берген,
Түркістан, Хиуа, Бұқар шетке дейін.
Сарыарқа, Сырдың бойы, Шыршық суы,
Ар жағы Алтай бетке дейін.
Наурызбай, Кенесары – екі төре,
Келіпті көне қоймай көпке дейін.
………………………………………
Қырғыздың Алатауы түгелдейін… [ОҒК: Қ-559, №3]

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде туған өлең-жырларда да Кенесары жайлы айтылған шумақтар жиі кездеседі. Әсіресе Аманкелді батыр жайындағы жырларда оның ерлік дәстүрін арғы атасы Иманнан бастап жырлайды. Иман Кенесарының белді батырларының бірі болғандығы тарихтан аян. Сәт Есенбаевтің, Омар Шипиннің дастандарында, Бақыт Имановтың «Қанды тас» поэмасында Кенесары көтерілісі жайында айтылады. Шындығында да Әбдіғапар, Аманкелділер бастаған көтеріліс Кенесары бастаған жолдың заңды жалғасы еді. Батыр жас күнінен аталар ерлігін естіп, біліп өскен. Бұл жөнінде Аманкелдінің жанына көп ерген Баспақбай Қоржынұлы мынадай бір қызық әңгіме айтады:

– Ел арасының дауы болып, халықты аралап жүргенде Жайсаңбай ауылына түстеніс

жасадық. Жанымызда бірнеше ақсақалдар мен жігіт-желеңдер болды. Батырдың ерлігі, бидің тілмарлығы жөнінде аңыздар айтылып, әңгімеленді. Сол ауылға келген Арғын елінің атақты жырауы Жанбатыр сөздің бір орайы келгенде Аманкелдіге:

– Жарқыным, алдыңнан ұрыстан сескенгендей ұл екенсің. Атаңның атын аташы, —

деді. Оған батыр:

– Атам аты Иман, — деп келте жауап қайырғанда, Жанбатыр жұлып алғандай:

– Ер аруақты елдің ұлысың. Атаңның атын атауға неге еріндің? Бабаң жайында

байыпты кеңес айтайын, — деп көпті көрген көне жырау сөз бастады.

– Шеру тартып, сүңгі ілген Кенесары қолы Тобылды өрлей көшті. Найзасы аумаған

ерлер таң салқынымен Адырлы қаласын шабуға бет алды. Жолшыбай Көктөбе деген жерде жау бар деген хабар жетті. Жайықты бетке алып жортқан қол таң ата жауға айқасты. Жау қолы тастан қорған салып бекінген екен… Іштен атылған мылтық батырларға жол бермей, жұрт қамалға кіре алмай тұрғанда, Науанның жанында тұрған Иман батыр:

– Анадан ұл болып тудық, ер болып қамал бұзбасқа не шара, — деп Адай бурылмен

қорғанға қарғып кіріп кеткен екен.

Сенің атаң сол Иман,
Қамал бұзып, жау қуған.
Сары арқадан аттанып,
Орта жүзден қол жиған, — деп Ақмолда ақын тек айтқан ба? Атаң атақ-ақ емес пе деп еді дейді [«Большевиктік жол» газеті, 05. 01. 1944 жыл, №4]. Аманкелдіге арналған басқа да жырларда Кенесары есімі сүйінішпен айтылады.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта да ақындарымыз Кенесары-Наурызбай ерлігін жырлап келеді. Олардың қатарында Серікбай Оспановтың «Шеген би», Бақыткерей Ысқақтың «Жау жүрек Жәуке» поэмаларын ерекше атап өтуге болады. Ахметбеков Айтбектің Байтабын батыр жайында жазған поэмасы да тәуір шығармалар қатарында. Атап көрсетілген туындылар кең тынысты, нақты тарихи оқиғалардан желі тартқан көлемді жырлар. Бұлардан басқа Кенесары-Наурызбай ерлігін дәріптейтін қысқа көлемдегі арнау өлеңдер, толғау жырлар жиі кездеседі. Олардың барлығында айтылатын ой бір арнаға келіп құяды. Ол – қазақтық азаттығы үшін күресі. Бұл жырлардың барлығы да халқымыздың аяулы ұлдарының ерлік өзек етіп алған тарихи шындықты көркем шындыққа айналдырған туындылар.

Батырлан САҒЫНТАЕВ,
Дала өлкесі тарихы облыстық
мұражайының ғылыми қызметкері
Арқалық

Пікірлер