Торғай ақындары шығармаларындағы Кенесары-Наурызбай бейнесі

Биыл қазақтың азаттығы үшін күрескен Кенесары Қасымұлы басқарған көтеріліске 180 жыл толып отыр. Хан Кене жайлы, оның соңына ерген батырлар туралы өлең-жырлар, түрлі аңыз әңгімелер халық арасында кеңінен таралған. Солардың ең негізгісі – хан Кененің жорық жырауы болған Нысанбайдың «Кенесары-Наурызбай» дастаны. Одан басқа да көптеген ақындардың поэма-дастандары ел аузында жүр. Кенесары-Наурызбай жорығы жүріп өткен жердің барлығында ерліктің дастаны қалды. Сондай өлкелердің бірі Торғай өңірінде де мұндай жырлар молынан кездеседі.

Хан Кене жайында Торғай өңірінде таралған жырлардың ішіндегі ең сүбелісі – «Абылай-Кенесары» дастаны. Жырды 1939 жылы Қостанай фольклорлық экспедициясы кезінде жазып алған. Жырлаушысы Торғай өңіріне аты шыққан белгілі жырау – Қашқынбай Қазиев. Жырды жазып алушылар жыраудың аты-жөнін қате жазып алғандықтан, әр жылдары шыққан жинақтар мен зерттеулерде Қашқынбай Қараев деп көрсетіліп жүр. Жырдың түсіндірмесінде Қашқынбай мұны Жұмабай ақыннан үйренгенін жеткізеді. Жыраудың ұстазы болған Жұмабай Шалабайұлы Торғай өңіріне уақ Жұмабай деген атпен танылған ақын. Дегенмен «Абылай-Кенесары» жыры халық мұраларының қатарында фольклорлық туынды ретінде аталып жүр. Аталған жырдың уақ Жұмабай ақынның төл туындысы екендігіне күмән жоқ. Егер бұл жыр шынымен де фольклорлық туынды болса, оның басқа нұсқалары да болуы керек. Халқымыздың фольклорлық мұрасын қарасақ, кез келген қомақты көлемдегі жыр-дастандар бірнеше нұсқада кездесіп жатады. Ал «Абылай-Кенесары» жырының бір ғана нұсқада болуы және тек уақ Жұмабай ақынның шәкірті Қашқынбай жыраудың айтуы осыған меңзейді. Жұмабай ақынның Шақшақ Жәнібек батыр әулетінің маңында болып Қорғанбек, Дәуренбектердің жанында жүргені де аян. Ақынның шыққан тегі уақ болса да, өзінің айтысында «мен Шақшақтың ақыны, айға шауып мерт болма, бұрынғының нақылы» дейтіні бар. Осыған орай «Абылай-Кенесары» жырында да Шақшақтан шыққан батырлар мен Шеген би ерекше дәріптеліп отырады.

Кенесары хан болды,

Заманында Шегеннің.

Серігі еді бұл Шеген,

Елдің қамын жегеннің.

Ақылгөйі сүйеніш,

Шеген болды сол күнде,

Кенесары зереңнің.

Шақшақтан шыққан батырлар,

Көмегі болды қолқанат,

Наурызбай сынды береннің.

Ойда Шеген болғанда,

Көмегі болды қырдағы,

Жазы менен Бегеннің.

Орта жүздің саңлағы,

Жар болған соң төреге,

Дұшпандығы көп қымбат,

Пәлен-түген дегеннің.

 

Бұл жерде енді тұрмай мен кетейін,

Ерлерді тілімді алған тербетейін.

Ел еді аталарым дәурен сүрген,

Еліне ер Шегеннің мен жетейін.

Кенесары жайында көп жырлаған ақындардың бірі – Омар Шипин. Омардың «Наурызбайдың Досбол датқаны шақыра барғанда жолбарысты шанышқаны», «Кенесары, Наурызбайдың Адырлы мен Байтақ қаласын алғаны», «Иман батыр» жырларында көтеріліс барысында болған оқиғалардың барлығы дерлік қамтылған. Қара сөзбен өлең аралас жазылған «Жеті батырдың қысқаша тарихы» жазбасы да нақты тарихи деректерімен құнды. Ол деректерді көтеріліске қатысқан куәгерлерден не болмаса олардың әңгімесін естіп, білген жақын туысқандарынан жазып алып отырған. Кезінде «халық ақыны» атағын алып, бірнеше мәрте жыр жинақтарын шығарып, зор даңққа бөленсе де Омардың Кенесары жайлы жазғандары кеңестік кезеңде жарыққа шықпады. Дегенмен ақын бұл тақырыпқа арнап өлең-жыр жазуын тоқтатпаған. Ақынның осы турасында Алматыда үлкен ортада жүрген Мәриям Хакімжановадан кеңес сұрап хат жазатыны да бар. Онда былай делінген: «Мәншүк батырың кітапқа шықты ма, шықса бір данасын маған жібер. Омаров Ілиястың дені сау ма, қызметке орналасты ма? …Зеңбірекпен Кенесарыны Арқадан …тауға асырғаны туралы, Кенесарының Балғожаны қалай шапқаны туралы өлең жазсам қандай маңызы бары-жоғын Ілияспен ақылдас…». Омар Шипин 3/ІІ-1952».

Омар Кенесары жайлы жазған жырларын түрлі тақырыптармен қолжазба қорларына өткізіп отырған. Мысалы, «Наурызбайдың Досбол датқаны шақыра барғанда жолбарысты шанышқаны» деп аталатын жырдың атауынан батыр Науанның дала тағысын жеңгені туралы аңыз болып қана көрінуі мүмкін. Шын мәнінде бұл жыр хан туының астына тұтас қазақтың бірікпегенін, өз мүддесін ойлаған кей шонжарлардың Кенесары көтерілісін қолдамағанын көрсететін туынды.

Бір күні Кене жиды жұртын тегіс,

Сөйлесіп, мәслихатпен айтты кеңес:

«Ресей, Қоқан, Қытай ортасында,

Ойлаймын ел болмақты ертелі-кеш.

 

Алтыбай, Жанғабылмен жаппастағы,

Олардың іздегені – бастың қамы.

Датқалық бастарына шенді беріп,

Азғырды ол екеуін Қоқан ханы.

 

Екеуі Кіші жүзді шенге сатты,

Датқалық жұртын сатып алды атты.

Қазақтан зекетті жинап беріп,

Қоқанның бегі боп тұр инабатты.

 

Жоғары, жері қашық ұлы жүздің,

Естимін олардан да кеткен тізгін,

Жер бермей Алатаудан Орман, Жантай,

Қоқанда бір жағынан шабад құзғын».

Жырда Кенесарының азаттық үшін күресіндегі ойы мен мүддесі ғана емес, ханның атқарған істерінің саяси астары да көрінеді. Оны Наурызбайды Сыр бойына жібергелі тұрғандағы ханның мына сөздерінен байқауға болады:

Елімен Досбол мұнда көшіп келсе,

Ұлы жүз, Кіші жүзбен келеді анық.

Омардың хан Кенеге қатысты ойларының жалғасы кейін жазылған Аманкелді жайлы дастанында да көрініс тауып жатады. Ақын 1916 жылғы көтерілісті Кенесары көтерілісімен ұштастырып жазған. Мұнысы сынға ұшырағандықтан, кейін қысқартып қайта жарияланған.

Торғай өңірінен Кенесары-Наурызбай жайында ең шоғырлы жырды айтқан – Қашқынбай жырау. Қашқынбайдың айтқан жырларды КСРО Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалының экспедициясы 1938 жылы жазып алған. Жырау Кенесарының атасы Абылайдан бастап, Қасым, Саржанға қатысты жырларды, Жасауыл қырғыны мен Топжарған оқиғаларын хронологиялық тәртіп бойынша біріктіріп жырлайды.

Тағы бір айтатын жай, Қашқынбай жырды орындаушы ғана емес, әрмен қарай дамыта жырлаушы ақын. Ол жыр құрылымына біршама өзгерістер енгізген. Мысалы, Нысанбайдың жырында Кенесары-Наурызбайдың өлімі суреттелмейді. Ақын олардың қырғыз жерінде қалғанын баяндағаннан кейін бірден жоқтау жыр басталады. Қашқынбай айтқан жырда Наурызбай батыр Кенесары тұтқынға түскеннен кейін, жанындағы батырларымен қош айтысып, өзі барып қолға түседі. Қырғыздар өзара кеңесіп, Кенесары мен Наурызбайды өлтірмейік деген шешімге келеді. Оларды жекелеген би-манаптар бөліп алып, құрметпен ордасында қонақ етеді. Кенесары інісінен бұрын өмірден өтеді. Кәрбоз манап ханның қазасын Наурызбайға естірткенде бұрыннан шеменде жүрген батыр құсадан қайтыс болады. Мұндай қорытынды жасау жырды айтқан Қашқынбайдың Наурызбай өз өлімімен өлді, бауырлас екі халық бұл оқиға үшін бір-біріне кек сақтамасын деген көзқарасынан туған болуы керек. Сонымен қатар, батыр өз дұшпанынан майдан даласында жеңіліс тапқан жоқ, ағасы қолға түскесін өз еркімен берілді. Ағасына «ақырғы демім біткенше сенімен бірге боламын» деген сертінде тұрды, Кенесары өлгесін өзіне бостандық берілсе де намыстан, ауыр қайғыдан өлді деген тұжырым да бар. Мұның бәрі Қашқынбай жыраудың өз қоспасы. Жырдағы арғымақ аттың жығылғанын, т.б. жайларды болжап білетін Нысанбай да Қашқынбай ақынның қосқан кейіпкері.

Кенесары-Наурызбай жырының зерттеліп, жинақталуына зор еңбек сіңірген белгілі ғалым Е.Ысмайылов Қашқынбай жырлаған жырды ең көркем, ең толық нұсқа деп баға берген.

Кенесары-Наурызбайға арналған жырлардың бір парасы ханға серік болған батырлар жайында. Бұлардың ішінен Лұқпан Кенжеұлының «Жанқожа батыр», Сансызбай Қармысовтың «Ағыбай батыр», Саяділ Керімбековтің «Байсейіт батыр», Омар Шипиннің «Иман батыр» секілді туындылары айрықшаланып тұрады. Осындай туындылардың бірі – Файзолла Сатыбалдыұлының «Ер Толыбай» дастаны. Аталған туынды автордың «Шерлі жылдар, шерулі жырлар» жинағында жарық көргенімен әлі күнге дейін ешбір зерттеушінің назарына түскен емес. Мұнда Толыбайдың ерлік істері ғана емес, Кенесары көтерілісінің басты мақсаты, қазақ халқының бостандық жолындағы жорықтары тамаша бейнеленген. Біздің шамалауымызша, Файзолла бұл жырды өмірінің соңғы кезеңдерінде 1950 жылдары жазған. Жырдың басында қысқаша анықтама сөз бар. Онда былай делінген: «Бұл әңгіме 1840-1847 жылдар шамасында Кенесары-Наурызбай заманында болған. Басы Сарыарқада басталып, аяғы қырғыз Алатауының бір тармағы Кекіліктауда аяқталған сұрапыл жорықтарға қатысқан Толыбай батырдың ерлік ісі туралы баян етілді».

Жырда Иман батыр бастаған Толыбай, Шәкір, Жәуке, Тауық секілді Торғай өңірінен шыққан батырлардың көтеріліске қосылуы, Шеген мен Шоқай бидің хан Кенеге бата беруі, Балқожа бидің шабылуы секілді оқиғалар барынша толық жырланған. Ақын жырдың соңғы бөлімінде Кенесарының жорық жолдары мен қаза табуына қысқаша тоқталып, азаттық жайлы өзіндік толғамын айтқан.

Батырлан САҒЫНТАЕВ,

Дала өлкесі тарихы облыстық

мұражайының ғылыми қызметкері

Арқалық

(жалғасы бар)

Пікірлер