Айтылуы тиіс әңгіме

Президентіміз Назарбаевтың ұлттың рухани жаңғыруы туралы үндеуі әрбір игі іске үлкен негіз болып тұр. Оны жүзеге асыру – баршамызға парыз. Өзім көрген, араласқан ақиқатты жасыру немесе үндемей қалу өткендер үшін қиянат болар деп қолға қалам алдым. Құран аятында «Ақиқатты айтпау, білгенді үйретпеу – үлкен күнә» делінген.

Кейкі батырды ұлықтауға, оны Отанына қайтаруда, өнегелі ісін елге танытуда ел басшыларының атқарған ісі ұшан-теңіз. Халықтың рухы көтеріліп, азаттық үшін күрескен арыстардың да рухы шат болды. Бүгінгі ұрпақтың да ұлттық сезімі оянып, жігерленуде.

Қоғамдық жүйе тыйым салған кезде де, кейбір адамдардың Кейкіні ұмытпай, оның ұрпағына қорған болған адамдардың қажырлы іс-әрекеттерін көрдім. Мен солар туралы айтқым келіп отыр.

Жұмаш Баймағанбетов (тегі Құлан). Өзі саяси сенімсіз болып жапа шексе де, Кейкінің ағасының баласы Қосжанұлы Дүйсентайды жетім қалып, қаңғып жүрген жерінен іздеп тауып, бауырына басып, өсіріп, адам етті. Үйлендірді. Өзі өлер алдында осы Амантоғайға көшірді. Бұл 1949 жыл еді. Жұмаштың қазір 7-8 немересі бар. Бәрі азамат.

Біз колхозда Дүйсентаймен бірге жұмыс істедік. Сол уақытта кейбір ағайындар «бандының тұқымы» деп көзге түртетін. Біз жетімдіктен зарығып жыласақ, ол көрген қорлығынан жылайтын.

Дүйсентай мінезге бай, еңбекқор, төртбақ, аса қайратты жігіт еді. Уақыт өте тартулы азамат, жақсы отбасы болды.

Өткен жылы Арқалық қаласында өткен Кейкі батыр конференциясында баласы Сейітқали басшыларға, көпке алғыс айтып, «мен Кейкінің ұрпағымын» деп қуанғанда, менің де жүрегім жібіп, көзіме қуаныштан жас келді.

Шошақ Боранбаев (тегі Құлан) – Кейкінің інісі, тіпті қол баласы деуге болады. Бір соғыста аяғынан жараланып, кейінгі ұрыстарға қатынаса алмаған. Біз ол кісімен 1965 жылдарға дейін бірге болдық. Бір аяғынан ақсайтын. Сонымен тынбай еңбек етті. Қайратты, өжет адам еді. Кім сұраса да, Кейкінің өмірін, ерлік істерін жасқанбай айта беретін. «Үндеместер» талай рет апарып қамады. Бірақ ол айтуын қоймады. Кейбір ағайындары оны «жынды» дейтін. Бір ұл, бір қызы бар еді, ұлы дүние салды. Одан 8-9 бала бар. Бәрі азамат. Шошақ ағасына шын берілген азамат еді. Көп уақыт бірге күрескен.

Жақан Қосабаев. Торғай облысының әкімі болып тұрғанда, 1996 жылы қыста Кейкінің Санкт-Петербургтегі басын бірінші болып тауып, ол туралы «Торғай таңы» газетіне қысқаша хабарлама берді. Бұған дейін басы туралы нақты дәлел жоқ, әртүрлі болжам ғана еді.

Мергенді ұлықтап, арнаулы іс-шара ұйымдастыру үшін Амантоғай ауданының әкімі Сабыржан Ахметовке арнаулы тапсырма берді.

Жақан Қосабаев – ұлтжанды азамат, тарихи тұлғаларды іздеп, дәріптейтін. Торғайды түлеткен ірі тұлға, қоғам қайраткері еді. «Жақан Торғай өңірінің тарихи тұлғаларының аруағын көтерді. Оны аруақтар көтерді» деп халық айтатын. Құрметті Әмірханов Ғазиз қажының да бір сөзі бар: «Торғайдағы мұражайларды ашып, оны құжаттармен, экспонаттармен толтыру үшін бір жыл осы жұмыстан айырмады. «Қақа, осы істі дұрыс ұйымдастырмасақ, екеумізді ұрпақ кешірмейді» деп, талап қойды».

Қалап Қанафиннің сөзі: «Жақан Торғайды көркейту үшін, өзін де, өзгені де аямады. Жоқтан бар жасаған азамат. Оған біздің ренжуіміз жәй пендешілік» дейтін.

Мәскеуге қаралуға барғанда ар жағындағы Петербургке соғып, кунсткамераның басшысына жолығып, ретін тауып, ішке кіруге ұлықсат алыпты. Адам кірмейтін сенбі, жексенбі күндері екі күн аралап таба алмай, түнгі кезекшіге өтініш жасаған. Сәті түскенде ол күзетші түнде Кейкінің басын тапқан. Дүйсенбіде Жақан тапқан жерін, номерін, жазуын оқып, көшірме алыпты.

Бұл әңгімені Аманкелді ауданында Бөгетбай Әлмағанбетовтың үйінде отырғанда айтып еді. Онда Уәли Хайруллин, Темір Тілемісов, Аманқұл Жақыпов және мен де болдым. 2000 жылдың қыркүйек айы болатын.

– Істі қалай шештің? – дегенде, Жақан:

– Бастығымен мәселені коньяк, ал қызметшілермен істі ақша шешті», – деді.

Жақан Алматыдан Кейкінің өліміне себепкер болған ақтың екі офицерінің ұрпақтарын да іздеп тауып, сөйлескен. Ол екі офицер Кейкіні өлтіріскен соң бұрынғылары кешіріліп, советтің әскери қызметінде болып, Алматыда шалқып өмір сүрген. Олардың ұрпақтары да демалысқа шыққан әскерилер екен. Облыс басшысынан тапсырма алған Сабыржан Ахметов Кейкіні зерттеп, елге таныстыру үшін істің басы-қасында болатын Кейкінің ағайындарын іздеді.

Ол кезде Амантоғай ауданы әкімдігінде жоспарлау бөлімін басқаратынмын. Мені Сабыржан шақырып, жағдайды айтты. Осы шаруаға қатысты әркімдердің атын атады. Менің қосқан ақылым: «Әубәкірді айтуың дұрыс. Ол кісі – ерекше намысқой. Бірақ қолы қысқа, ұзап шыға алмайды. Бұған жүріп-тұратын, қаржысын да, бейнетін де көтеретін, жөн білетін азамат керек. Бұл іс тек Тайгелдин Шамшиденнің қолынан келеді. Бірақ, оған сіздің қолдауыңыз бен көмегіңіз керек» дедім. Сабыржан ұсынысты мақұл көріп, Шамшиденді осы игі іске кірістірді. Ол қысылып, маған келді: «Мені мына ауыр іске қосып жүрген сіз ғой?!» – деді. Мен: «Шырағым, мұндай игі іс өзі істелмейді. Жаныңа Өтеш ағаңды қосып ал. Екеуіңді Кейкінің аруағы қолдайды. Ел де қарап қалмас?!» – дедім. Азамат еріксіз көнді.

Шамшиден Тайгелдин – жас болғанымен намысқой, қоғамшыл, барын аямайтын азамат. Дос-жолдастары сыйлап, құрметтейтін адал, ұйымдастыру қабілеті мол, елгезек, көпшіл еді.

Ағасы Өтеш Қылышбаев екеуі бірігіп, көп іс тындырды. Шамшиден – Кейкі атасымен аталас. Екеуі де Құланның Медет деген атасының бір бұтағынан тарайды. Кейкінің Дүйсентайдан кейінгі ұрпағы.

Шамшиден мен Өтеш аудан әкімінің қолдауымен Кейкінің шағын мүсіндерін інісі Дүйсентайға ұқсатып жасатты және көнекөз қариялардан мерген туралы естеліктер жинауға күш салды. Ағайынның намысы қозғалып, елдің рухындағы сең қозғалды. Әр жерден Кейкіні көрген, жақсылығын пайдаланған адамдар ойын ортаға салды. Шамшиден осы іспен алты айдай бел шешпей айналысты. Оны жұмысы жөнінен Сабыржан да мазаламады. Осы уақыт ішінде 3 мүсін дайын болды. Біреуін Арқалықтағы мұражайға, екіншісін «Ақтас» орта мектебіне, үшіншісін Амантоғай орта мектебіне қойды. Ол жерлерде арнаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, Кейкінің рухына дұғалар бағышталды. Ағайынның атсалысуымен Амантоғай ауданының орталығында Кейкіге арнап үлкен ас берілді. Күрес ұйымдастырылды. Ол асқа облыс әкімінің орынбасары Ырысты Сариева және аудан әкімі Сабыржан Ахметов қатысты. Алдағы атқарылатын іс-шараларға пәтуа жасалды. Ол астың көрінісінен түсірілген бейне жазбаның үзінділері менде сақтаулы. Түйіндеп айтқанда, марқұм Шамшиденнің атасын халыққа танытудағы еңбегі ерекше.

«Орнында қалған – оңалар» деген рас екен. Өткен жылғы Кейкінің асында Шамшиденнің балалары Бақытжан, Абылай, Айнұр, жұбайы Күнжамал, інісі Сиражиден ешкімнің нұсқауынсыз сәулетті киіз үйлер тігіп, асқа жиналған руластарына, алыстан келген ағайындарына ас-су беріп, құрмет жасады. Басын қосқан Құлан ағайындар аталары туралы еңбек жазған Серік Тұрғынбековке, Ақанның інісі Қаратайға, бұрынғы түйе палуан Рүстем Шалабаевқа орталарына алып, алғыс айтып, сый-сияпат жасады. Оның сыртында күрес бәйгесіне екі жоғары бағалы сыйлық ұсынды. Бұл игі істі жүзеге асырған – Сиражиден Тайгелдин мен Ахметов Таңатар. Шамшиденнің балалары 300-дей адамға құрмет жасап, үйлерінен ас-су берді.

Олар жастығына қарамай, аталарына қызмет етіп, әке жолын абыройлы жалғады. Оларды Алла жарылқасын! Ісі ұрпақтарға үлгі болсын!

Бірер сөз артқа шегінсек. Мергенге кесене салынып, ас берілген жер – немере атасы Сәбденбектің еңбектеніп алған жері. Оның қалай болғаны ел есінде. Байтума қопасында қысылып отырған ағайын үнемі азулы болыс Шашанбайдың Рахметімен қырғи-қабақ болады. Еті тірі, өжет Сәбденбек кедейлігіне қарамай, мол сулы, құнарлы жерден қоныс іздейді. Руласы Бидайшы балаларына жақын болу үшін «Тастыдан жер үлесін алып бер» деп, Торғай үйезінің басшысы Яковлевке бірнеше рет шағымданады. Ақыры «кәрі үйез» атанған Яковлев жер дауымен келіп, съезд өткізеді.

Съезде қаралған жер мәселесіне Бәйтәжі балалары қарсы болып, даудың орынсыз екенін дәлелдейді. Амалсыз Яковлев Сәбденбектің арызын аяқсыз қалдырады. Амалы таусылған Сәбденбек сол жерде атына міне салып, жиналған топты айналып, шауып жүріп айтқаны: «Ей, көпшілік! Менің зарымды тыңдайтын көкте құдай жоқ, жерде Ойбас жоқ! Қайдасың, Арғын Ақжол би, ұрпағың мені зарлатты ғой?» деп, екі қолын көкке жайып, зарлаған екен.

Сонда шыдамаған Қараман Досай би:

– Әй, Сәбденбек, тоқта зарланбай! Кел бері! – депті. Досай:

– Әй, Бәйтәжінің балалары! Мына Сәбденбек әруақты тебірентті. Жерді беріңдер! Ағайынды бауырыңа басыңдар! Сендер аға болыңдар, Құландар іні болсын! Бірақ олардың қонақтық үлесі болсын! – депті. Сөйтіп, іс шешіліп, Сәбденбек жерге ие болады. Содан бері екі ру татуласып, бірге өмір сүріп келеді. Дәл сол жиын болған қырқаға, міне, кеше сұрмерген Кейкі батыр келіп жатты. Бұдан 140 жылдай бұрынғы оқиға жалғасын тапты.

Былтыр жазғытұрғымда болған іздеуде Кейкінің сүйегі табылмады. Болжам әртүрлі. Құлан Сыздықтың баласы Әбжамал деген ағай болды. Оның әкесі Сыздықты көрдім. Тіке айтатын, түсі суық кісі еді. Бақсылығы да болатын. Сол Әбжамалдан естігенім: «Әкемнің айтуынша, Кейкі қаза тапқаннан кейін, бір-екі жыл өткен соң, түнде барып сүйекті қазып алып, Байтумадағы өз қорымымыздың ортасына қойдық деген. Басқа қорымнан балшығы молдау, әрі шашыраңқы. Үстін ескі шөптің қыртысымен жаптық», – деп еді. Менің естігеніме де 40 жылдан асты. Байтума – Жалаулыдан 17-18 шақырымдай жер.

Егер Үрпектегі кәсіпкер ұрпағы Таңатар Ғабдуәлиұлы асықпай қараса, сүйек табылуы бек мүмкін. Аруақ та бір белгісін берер. Негізгі іс орындалды ғой. Бұл – алдағы міндет.

Өткенді еске алғаны,: тарихшылар мен зерттеушілерге ұсыныс, келешек ұрпақтың да білгені артық болмас деген ой.

Мұхтар қажы ХОДЕНҰЛЫ,
Аманкелді ауданы

Сурет tobyl-torgai.kz сайтынан алынды

Пікірлер