Әлем лидерлерінің бестігіне енген Елбасы

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық деңгейдегі лидер­лердің бестігіне кіреді. Ал әлемдегі барлық дамушы елдер арасында Қазақстанның қабілеті ең жо­ғары деңгейде. Бұл – халықаралық саясаттанушылардың ұйғарымы.

 Ұзақ күтуді уақыт көтермейтін

            Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күн­нен бастап, дербес сая­сат жүргізіп келеді. Семей ядролық поли­гонының жабылуы, Ата Заң – Конс­титуция­мыздың қабылдануы тарихи үлкен бастама болды. Ұзақ жылдар бойы күрмеуі шешілмеген шығыстағы Қытай мен батыстағы Ресей империясымен арадағы шекара мәселесінің шешімі табылып, оның картасы БҰҰ мұрағатына тапсырылуы, Қазақ ордасының Алматы­дан Сарыарқа кіндігіне қонып, жаңа Астана қаласының бой көтеруі, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының өткен төрт съезі ел бастаған көсемнің пешенесіне жазылған аз несібе болмаса керек.

Елбасының бүгінгі әр сағаты қазақ қауымының, қоғамының, елінің тағдыры үшін күреспен өтіп келеді. Тәуекелге барып, тұғыры мықты тәуелсіз мемлекет құрды. Халқын сан ғасырлар армандаған мұратына жеткізді. Қазақстанды ғана емес, әлемді иіріп, түркі әлемінің көш­басшысына айналды. Осы ретте Түркияның ірі саясаткерлерінің бірі Намық Кемел Зейбектің: «Қазақстан ең алғаш Тәуелсіздігін алғанда біз «Қазақстан үшін Түркия – үлгі боларлық мемлекет» дедік, ал, 17 жыл өткен соң, біз Түркия үшін Қазақстан үлгі боларлық мемлекетке айналғанын мойындауға мәжбүрміз», – деуі Қазақстанның әлемнің геосаяси алаңында белді ойыншы екенін көрсетіп берді.

Халқына тыныш та қолайлы өмір сүру жағдайын жасаған адам ғана тарихта ерекше атпен қалады. Нұрсұлтан Әбішұлы тарих көшіне Қазақстанның тұңғыш президенті ретінде ғана емес, бейбітшілікті сақтаушы президент болып та еніп отыр.

Кезінде күшті империяның қалдықтарын жоюды армандаған талай қайраткерлердің қанаты жарты жолдан қайырылған-ды. Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарымен 1960 жылы колониализм жойылған соң, Батыс идеологтары қайтадан реколонизацияны ойлап тапты. Осы мақсатта олар экономикалық экспансияға көшті. Әлемнің орталықтарын қолдарына алу үшін Бүкіләлемдік қайта құру және Даму банкін құрып алды. Бұл банкті басқару тетігін Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Испания, Италия және Алмания елдері өз қолдарына алды. Бұл мемлекеттер әлемдегі билікті қолдарына алу үшін «трансұлттық компания» деген ірі компанияларды құра бастады. Ол компаниялар дамушы елдердің билік басындағылармен байланыс жасауының платформасын жасап, мемлекеттік трансұлттық монополия болып алды. Бұл жаһанданудың белгілі бір коньюнктуралық стратегиясы еді.

Үшінші әлем обсерваториясын, негізінен, Азия, Африка елдері құрады. Бұрын биполярлық деп аталып келген әлем жалғыз полярлыққа көше бастады. Оған иелік етуге Америка құлшына кірісті. Жаһандану идеясы осындай өзге елдерге ықпалын жүргізуден туындаған еді.

Тәуелсіздігін жаңадан алып, енді қалыптасып келе жатқан елдерге, соның ішінде, Қазақстан үшін де бұл үрдіс қауіпті еді. Мемлекеттің саясатын енді ғана саралап келе жатқан, сонымен қатар, экономикасын қалыптастыруға көшкен елге «есік-терезеңді ашып қой, қай уақытта кіргіміз келсе, рұқсатсыз кіреміз, шыққымыз келсе, шығамыз» деген негізсіз талаптар қойылып жатқан кезең еді. Болашақты әріден ойлаған Елбасымыз бұл күрделі лабиринтке жол бермеді. Сырттан тасымалданатын түрлі ұсыныстарға контрагент (көпжақты шартқа қатысушы­лардың ең ықпалдылар қатарынан көріну) болып тікелей араласуға жол ашты. Оның бастамалары халықаралық қауымдастық тарапынан үнемі қолдау тауып, іс жүзінде саяси сахналарда үлкен резонанс тудырып отырды.

Қалыптасқан күрделі жағдайды бірден қолына алып, халыққа ауыртпалық әкелетін келеңсіздіктерге жол берілмеді. Қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында оның дер кезінде қабылдаған шешімдері дағдарыс әсерін азайтып қана қоймай, елімізді осы кезеңде де дамытудың берік негізін қалауға мүмкіндік берді.

Президент: «Мен үшін киелі халқыма қызмет етуден қымбат ештеңе жоқ… Осы жолда күшімді де, білімімді де, тәжірибемді де сарп етемін және бұл ойымнан ешқашан да айнымаймын», – деп берген уәдесінен ауытқымады. Бірақ, бұл үшін уақыт қажет еді.

ХХ ғасыр басындағы Ресейдің реформаторы Столыпин Мемлекеттік Думада оппозициямен пікірталас барысында: «Сіздерге ұлы сілкіністер керек, ал бізге ұлы Ресей керек», – деген екен. Бұл сөзді Қазақстан жағдайында біздің радикалды оппозицияға да айтуға болар еді. Бүкіл Ресейді уысында ұстаған сол Столыпин жаңағы сөзін «бізге 20 жыл тыныштық беріңіздер, сонда сіздер Ресейді танымайтын боласыздар» деп аяқтапты. Осы әңгіменің жалғасын осыдан ширек ғасыр бұрын Қазақстан жағдайынан да көруге болатын еді. Бізге мықты Ресей ғана емес, күшті АҚШ, күшті Қытай да қажет еді. Сондықтан да, Нұрсұлтан Назарбаев осы үш алып мемлекетпен тең дәрежедегі стратегиялық әріптестікке тез арада қол жеткізе білді.

Президенттің бойындағы ерекше адамгершілік қасиеттері – күшті темперамент, күш-қуат, стратегтік көрегендік, иілгіштік, қалыптасқан жағдайды дәл түсінушілік, дер кезінде ескіден бас тартып, өзгеріс жасау керек екенін мойын­дау.

Үнсіздікпен ортақ үй тұрғыза алмайсың

          2050 жылы әлемде шамамен экономикалық жағынан қуатты 100 мемлекет болатын көрінеді. Алдағы уақытта Латын Америкасы мен Азиялық Тынық мұхиты айма­ғындағы елдердің арасынан экономикалық ілгерілеуі қатты дамитын елдердің қатарында Қазақстан да бар екен. «Әлемдік бәсекеге қабілеттілік бойынша шолу» рейтингінде Қазақстан 4-орынға көтерілді. Дүние­жүзілік экономикалық форумның рейтингінде Қазақ­стан макроэкономикалық тұрақтылық факторы бойынша жағдайын жақсартып, әлемнің 142 елінің ішінен 26-орын­нан 18-орынға көтеріліп, Ортаазиялық өңірде көшбасшы атанды. Сондай-ақ, Қазақстан Дүниежүзілік экономи­калық форумның рейтингінде ұлттық жинақ көрсеткіші бойынша, әлемнің 142 елінің арасында 12-орында тұруы­ның өзі еліміздің даму бағытындағы әлеуетін көрсетеді.

Әлемдік бақылау институттарының назарынан ешнәрсе тыс қалған емес. Бүкіләлемдік экономикалық форумның (БЭФ) ақпараттық технологиялар бойынша жарияланған ғаламдық есебіне сәйкес, Қазақстан Желілік дайындық индексі бойынша 55-деңгейге қол жеткізіп, ТМД елдері арасында алдыңғы орынға шықты. Еліміз бұл жетістікке 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын іске асырумен қол жеткізіп отыр.

Қазақстанның ғаламдық бәсекеге қабілеттілік рейтингі бойынша алға басуы елімізге тікелей шетелдік инвестициялардың келуіне жағымды ықпал етеді. Мемлекеттің алдына айқын мақсат қойып, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру міндетін жүктеген Елбасы тапсырмасы нәтиже берді. Қазіргі таңда әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуге ұмтылудамыз. Мұның бәрі саяси еркіндігіміздің әсері.

Өзін өркениетті, ізгілікті санайтын Еуропаның Ұлы­британия, Португалия, Франция сияқты отарлау­шылары Үндістаннан, Египеттен, Алжирден айырылмау үшін небір қитұрқы саясатқа, зорлық-зомбылыққа барғанын тарих әлі ұмыта қойған жоқ. Дәл осы сценариймен бірдей бақылау орнатқан КОКП мен Кеңес одағы уысынан табанды мәміле жасай отырып босағанымыз, біріншіден, тағдырдың сыйы болса, екіншіден, азаттық жолындағы ұлт көсемдерінің арманын жүзеге асыру еді. Еуроцентристік идеология қысымынан ұлтсыздануға әзер қалған Қазақстанда басқаша болуы мүмкін емес-тін.

Тәуелсіздік өткеннің қарызы мен парызын өтеумен ғана емес, өркениетке ұмтылып, көшке еріп, ұлттық идеяны ұсынумен де қымбат. Президент осы жолда барын салып келеді. 1991 жылғы 17 желтоқсанда, яғни, Тәуелсіздіктің алғашқы күнінде Елбасы қалыптасқан ахуалдың өте күрделі сипат алып отырғанын қоғамға ашық білдірді. Ол өз сөзінде: «Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе, жастар салқынқанды­лықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл бол­са, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік», – деді. Осы үндеу арқылы Қазақстан тұрақтылық пен жасампаздық бастаған дұрыс жолды таңдай білді.

Көпвекторлы саясат пен ұлттық мүдде – бір-бірімен сабақтасып жатқан дүние. Бұл геосаяси аренада сыннан өткен. Ұлттық мүддеміздің негізгі бағыты татулыққа, айна­ла­дағы өзге елдермен бейбіт қатар өмір сүруге негіз­делген.

«Кіммен дос болу, кіммен жақындасу, кімнен өзіңді алысырақ ұстау – ұлтты сақтаудың кепілі». Ұлт көшбасшысының бұл сөзінде тәуелсіздіктің ширек ғасырында тұрған Қазақ елінің тыныштығы жатыр. Дауы таусылмайтын елдің жауы да таусылмайды. Ал жаудың ең үлкені – ынтымақ үшін ымыраға бара алмау. Біртұтас экономикалық кеңістік, Кеден Одағы Қазақстан экономикасын әртараптандыру­ға ықпал етті.

Еуразиялық интеграция жобаларының жүзеге асырылуы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси және экономикалық реформаларға деген жүйелі көзқарасының қаншалықты терең екенін байқатады.

Үнсіздікпен ортақ үй тұрғыза алмасымыз белгілі. Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт (ҰҚШҰ) ұйымы құ­рылды. Ұйымға мүше елдердің қорғанысы бірлесіп әрекет ететін болды. Ұйымның басты ұраны – бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ең алғашқы болып ұлттық қауіпсіздік қал­қаны – Қарулы күштер жасақталды. Мемлекеттік басқару құрылымдары реформаланды. Еліміздің әлемдегі орнын табу жолында ТМД ықпалдастық ұйымы құрылды. Осының бәрі Қазақстан Президентінің басшылығымен аз ғана уақыт ішінде өмірге келді. Бұл – Елбасының әлемдегі қағидаларды философиялық тұрғыдан терең түйсініп, стратегиялық жоспарлар мен тиімді такти­калық шешімдердің үйлесім таба білетін қасиетін білдіреді.

 Басқарудың қазақстандық моделін әлемге таратқан саясаткер

          1992 жылғы 5 қазанда Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан На­зарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында сөйлеген сөзінде Азиядағы өзара Ықпалдастық және Сенім шара­лары жөніндегі кеңес құру жос­парын ұсынды. Осы жылдар ішінде Қазақстан Давоста, Мәскеуде, Венада, Хельсинкиде, Түркияда, Па­рижде, Вашинг­тонда, Үндістанда мүд­десін әріден көздеген түрлі форматтағы ресми кездесулер өткізіп, дипломатиялық қатынастардың орны­ғуына жол салды. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарудың қа­зақстандық моде­лін бүкіл әлемге таратты және өзін әлемдік деңгейдегі белгілі тұлға ре­тінде таныта білді.

Бүгінде еліміз әлемге адам­зат мүддесі үшін ұстам­дылық танытып, пла­нетада бейбітшілік пен тұрақ­тылық­қа қолдау білдіру­де ерікті түрде үлгі болып отыр.

Тәуелсіз Қа­зақ­станда бә­секе­ге қабілеттілікті арттыру мәселесі басты басым міндет ретінде көте­ріліп, әсіресе, соң­ғы уақыт­тардың бедеріне алдыңғы шепке шығуы ті­келей ел Прези­денті Нұр­сұлтан Назар­баевтың есімімен байланысты. Осы бағытта соңғы жылдарда елімізде көптеген мақ­сатты жұмыстар жүргізілді.

Еліміздің бәсекеге қабілеттілік деңгейінің соңғы бір жылдың ішінде ғана бірден 21 сатыға көтерілуі үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы траекториясының дұрыс жолға қойылуының әсері, ең алдымен, макроэкономикалық тұрақтылықтың оң бағыт алуымен тығыз байланысты. Осы жайға Елбасы индустрия мен өнеркәсіп тізгінін ұстаушылардың, ғалымдардың біліктілігін жұмылдыру арқылы қол жеткізді.

Бүгінгі таңда жаһан көшбасшылары көшін дамыған еуропалық елдер бастап келеді. Оның қатарында Швей­цария, Финляндия, Ұлыбритания, АҚШ, Гонконг, Жапония елдері бар. Лозанна халықаралық менеджментті дамыту институтының ғаламдық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде оған қатысушы елдер 369 көрсеткіш бойынша бағаланатынын ескерсек, осы тізімге алынған Қазақ­станның аса қабілетті ел екенін бағамдауға болады. ТМД елдерінің арасынан аталған рейтингтік талдауға Қазақстан, Ресей және Украина ғана кіретінінің өзі көп нәрседен хабар берсе керек. Осы жағдайдың бәрі Қазақ­станда саясаттың дұрыс екенін, соның нәтижесінде кәсіпкерлік қозғалыстың жақсы дамып, жыл өткен сайын алға басып келе жатқанын білдіреді.

Қазақстан басшысы 2007 жылғы БҰҰ Бас Ассамб­леясының 62-сессиясында ғаламдық проблемаға қатысты жаһандық энергетика-экологиялық стратегияны құру мен оны «РИО-20» орнықты дамудың әлемдік саммитінде талқылауды батыл ұсынды. Қазақстан Президентінің бұл бастамасы халықаралық форумда бірнеше рет талқыланды. Нәтижесінде, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық энергетика-экономикалық стратегиясын құру туралы бастамасы әлем елдерінде қолдау тапты.

Халықаралық аренада үлкен беделге ие болған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – еліміздің ең басты брендіне айналған. Әлемдегі ең алғашқы әрі ең үлкен ғарыш айлағы саналатын Байқоңыр – еліміздің екінші бренді. Мұнай – ел байлығын айқындайтын брендіміз. Азия, ТМД елдері бойынша Қазақстанның ең алғашқы болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі – саяси брендіміз. «Астана» велокомандасы – еліміздің ұлттық мақтанышы, елдік брендіміз. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі – Қазақстанды бүкіл дүние жүзіне танымал еткен бренд. Астана мен Алматы қалаларында өткен VІІ Қысқы Азия ойындары да елімізді сыртқа таныстырудағы ұлттық брендіміз болып қабылданған. Міне, бұлардың бәрі – мемлекеттің, мемлекет басшысының дұрыс ұстанымының арқасында қол жеткен табыстарымыз.

«Бүкіләлемдік ақыл» идеясы

         Қазақстан Президенті болып сайланғанда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Дана бабалар дәстүрімен осы салтанатты сәттегі сөзімді алдымен ата жұртыма, қасиетті халқыма арнаймын! Бүгін – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Шүкір, кештеу де болса ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын тіге бастадық. «Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дархан еліме, ата-бабаның аруағына сүйенемін. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенімнен айрылмайық, бауырларым!» – деген сөзіне адалдығын сақтап қалды.

Ол жыл сайынғы Жолдауларында адам капиталын ең басты орынға қойып келеді. Еліміздегі адам капиталының сапалы өсуіне әсер ететін екі негізгі фактор бар. Олар – білім беру және денсаулық сақтау. Жолдаудағы басым­дықтардың қайсысын алсаңыз да, ауқымдылығымен және мәселенің уақыт күттірмейтіндігімен, сондай-ақ, халық пен мемлекет мүддесіне негізделгенімен, көпшіліктің көңіліне қонымды. Адам капиталын дамыту мәселесін қолға алудың әрбір қазақстандық үшін өмірлік маңызы зор. 1990 жылдан бері қолға алынған БҰҰ Адам дамуы туралы есеп бойынша, ол адамның әлеуметтік жағдайы, сауаттылығы, білімі және өмір сүру ұзақтығы ретінде қарастырылған. Қазақ елі бұл бағыт бойынша 169 елдің ішінен 66-орынды иеленіп отыр.

«Бақытты елдердің» рейтингін зерттейтін Жер институтының болжамы бойынша 156 мемлекеттің ішіндегі бақыттыларын саяси бостандығына, халықтың әлеуметтік қорғалуына және тұрақты отбасылардың көптігіне бай­ланысты анықтауда Қазақстан Ресей, Балтық жағалаулары елдерінен озық шығып, 59-орынға орналасқан. Ал мемлекеттілігі берік ел ретінде посткеңестік елдердің арасында ең алдыңғы қатарда тұр.

Бүгінгі таңда республикамызда Ұлт көшбасшысының саяси моделі толық қалыптасты. Тарих сахнасында Нұрсұлтан Назарбаев феномені толық орнықты.

Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бүкіләлемдік ақыл» идеясы деңгейіндегі бастамасымен қабылдаған, әлем мойындаған және көптеген елдер үлгі тұтып жүрген тарихи шешімдері мен әлемдік ықпалы бар ұсыныстарын қазақ өз перзенті ретінде ұзақ уақыт мақтаныш ететін болады. Қазір әлемдік ақыл-ойдың элиталары қатарына жататын сарапшылар Қазақстан Президенті ұсынған бағдарламалардың ақиқатқа айналғанын айтуда. Оның нәтижесін өзіміз көзбен көріп отырмыз.

Бізге жеткен Қожа Ахмет Йассауидің бір сөзі бар: «Дихан болсаң, қолыңа кетпен ал да, халқыңа нан бер. Ғалым болсаң, қолыңа қалам ал да, халқыңа мән бер». Оған шығыс данышпаны әл-Хорезмидің «сөз – бар болғаны гүл ғана, ал іс – сол гүлден түйнеген жеміс» деген сөзін қосыңыз. Ғұламалар ойының астарлы түйіні – біліміңді халқыңа жеткіз, еліңе қызмет ет, бағын аш дегенге саяды. Қазақстан Президентінің бүкіл іс-қимылы осыған жауап береді.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Пікірлер