Есенәлиевтің ескірмеген сөздері

 Біз туғанына 90 жыл толуына орай, мемлекет және қоғам қайраткері Михаил Есенәлиевтің (1928-1999) әр жерлерде, мінберлерде айтқан сөздерін беріп отырмыз.

Менің елге, халыққа деген ұлтжандылығыма келетін болсақ, мен ешқашан, ешкімге дес бермеймін. Ал кейбір сылдыр көмей, жезтаңдай «бұлбұлдардың» мені ұлтшыл етіп көрсетуге тырысқан әрекеттері сәтсіздікке ұшырайды.

Интеллектуал – ойы қисынды және не нәрсеге де өзіндік баға беретін адам ретінде қолайсыз болып көрінеді, бірақ ол түсінігі бар, кең ойлайтын адам.

Мәдениет – ешқашан да ескірмейтін жанды ұғым, ол тарихпен ұштасып жатады. Өз тарихын ұмытқан ұрпақтың қол жеткізген мәдениеті ешқашан да толыққанды болмақ емес. Сондықтан, күллі адамзат қауымы сияқты біздің түркі перзенттері де көнеден тамыр тартқан киелі тарихын қастерлеп, ежелгі мұраларға қамқор көзбен үңіліп, өткеннің сабақтарын зерделеп, келешекке жеткізуге мүдделі.

Қазақ тілі, тарихы, мәдениеті, дәстүрі, ең алдымен осы жерде, тек қана осы жерде дамиды.

Біздің ана тіліміз – қазақ тілі, кез келген жанды нәрсе сияқты құнарлылықты, ылғалды ауа мен күнді талап етіп отыр.

Қазақтар – ежелден кеңпейіл, бауырмал халық. Қонағына төрінен орын беретін, өзінен бұрын өзгені құрметтейтін халық. Мәселен, Тарас Шевченко украин халқына қалай қымбат болса, Махамбет есімі де қазақ халқына солай қымбат. Дәл қазір республикамызда Махамбет есімімен аталатын бірде-бір қала жоқ болғанымен, украин кобзарының атымен аталатын екі қаламыз бар. Міне, бұл қазақ халқының қанына сіңген қонақжайлығының, бауырмалдығының іс жүзіндегі көрінісі.

Тәуелсіздік жолы ауыр да бұралаң. Оны жариялаумен іс бітпейді. Жарияланған тәуелсіздікті нақты мазмұнмен толықтырып, саяси және экономикалық жағынан нығайта беруге тиіспіз. Өйтпеген күнде біз сол бұрынғы қалпымызша біреудің көлеңкесіне ұқсап күн кеше беретін боламыз.

Қорқып, жалтақтаудың заманы өтті. Халқымыздың қамын жейтін күн туды. Қашанғы бұға бермекпіз?!

Қоғамдық пікірмен санаспай, ісіміз алға баспайды. Халқымызға, дәлірек айтқанда, ұлтымызға жанымыз ашымай, көсегеміз көгермейді.

Республикамыздағы тыныштық – ең бірінші қазақ халқының қанына сіңген төзімділігінің нәтижесі. Азапты да, мазақты да көп көтерген қазақтар Голощекин, Сталин, Хрущев, Брежневтердің «қолтаңбаларынан» әлі есін жия алмай келеді. Көп таяқ жеген елміз ғой. Тарих олардың «тәлімін» ешқашан да ұмытпайды. Қазақстанда жағдай жақсы деп желпінудің өзі саяси сауатсыздық. Қазақтың төзімділігінің де, кеңпейілінің де шегі бар.

Қазақтың Отаны – Қазақстан ғана. Қазақтардың басқа барар жері, басар тауы жоқ. Республикамызда қорғаныс мақсатындағы кәсіпорындар ондап, жүздеп саналады. Сонда еңбек ететіндерге Қазақстанның егемендігі, тіл жөніндегі заңы ұнамайды. Олардың тұрмыстары қазақтардан әлдеқайда жоғары. Сонда да жергілікті ұлттың өз алдына ел болғандарын олар қаламайды. Қазақтың бар екенін де көздеріне ілгісі келмейді.

Егемендікті жалғыз Президентіміз ғана емес, қазақтар да, бүкіл қазақстандықтар да қолдайды. Қазақ халқының озық ойлы ұлдары мен қыздары осы жолда жан аямай күресетін болады. Бұл – шыңғырған шындық.

Осы ғасырдың басында өмір кешкен қазақ халқының аяулы азаматы Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» деп жар салды. Қазақ әлі толық оянып болған жоқ. Енді ғана көзін тырналап ашып, айналасына қарай бастады. Түптің түбі қалың ұйқыдан оянар. Бірақ онда бәрі де кеш болуы мүмкін.

Біздің негізгі мүддеміз – Қазақ республикасының толық тәуелсіздігі, территориясының тұтастығы, қоғамдық өмірді демократияландыру…

Біз америкалықтардың көптеген нәрселері үшін кінәлай аламыз, алайда бір нәрсесіне айып таға алмайсың: нәсілдік, ұлттық және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, олардың бәрі өз Отанының патриоттары. Осы секілді барлық қазақстандықтардың да Қазақстан Республикасының патриоттары болғанын тілер едім.

Ұлтты сақтап, тілді дамыту – кез келген мемлекеттің бірінші кезекті міндеті. Ол үшін біреулерді жазғырып, ұлтшылдық белгілер іздеудің қажеті жоқ.

Ұлттың өзін-өзі айқындауы – империялық отаршылдық саясаттың мәнін ашу. Қазақтар еш уақытта біреудің жерін жаулап немесе басып алған емес. Олар ғасырлар бойы өздерінің атамекенінде тұрып келеді.

Ұлт дегенің – ұжымдық субьект, оған қиянат істеу – қандай да болмасын бір халықтың ұлттық мәртебесіне қиянат жасаумен бірдей.

Қазақстанда тұратын барлық ұлттық топтар мен ұлыстардың да тілі, тарихы, дәстүрлері сақталып, дамитын тарихи Отандары бар. Тек қазақтардың ғана Қазақстаннан өзге Отаны жоқ, сондықтан да өз атамекенінде, ата-бабаларының жерінде қоғамнан шетқақпай ұсталатын аборигендердің жағдайында болғылары келмейді.

Барлық орыс тілді жолдастардың мынаны түсінетін уақыты келді: егер сіздер өздеріңіздің жағдайларыңыз жақсы, ертең бұдан да жақсы болғанын қаласаңыздар, бұл тілектеріңіздің бәрі өз жерінде мейлінше шетқақпай болып, жұтаң күй кешкен қазақ ұлтының әлеуметтік-экономикалық проблемаларының республикада қалай шешілуіне атсалыспай, жеке өз бастарыңыздың қызығы мен тып-тыныш өмір сүруге ешқандай үміт артуларыңызға болмайды.

Егер орыстар Ресейде немесе немістер Германияда, еврейлер Израильде және тағы басқалар өз болмысын сақтау үшін орталықтар құрса қалай болар еді? Тіпті, естіген құлаққа ұят. Ал бізде Степногорскіде қазақ ұлттық мәдени орталығы ашылған.

Ата-бабаларының жерлерін кесіп ала бастаса, халық ішінен тыныш отыра береді дейтіндердің ойы балаңдық. Ақылға келіңдер, мәселені асқындырмаңдар! Далаға от ұстап келуші болмаңдар!

Кім айтпасын, кім қолдамасын, кез келген талаптар мен оқшаулану көңіл-күйіне тек ұйымдасқан күш арқылы ғана қарсы тұруға болады.

«Қазақстандағы орыстарды қорғау» деген жалған карта ойыны қажетсіз болып, арам пиғылды саяси әрекеттерге берік тосқауыл қойылатыны сөзсіз.

Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа жол беру – бұл мемлекетті құлату болып шығар еді.

Әлдекім тәуелсіз мемлекет ретінде дүниеге келген Қазақстанның аяқ алысынан кейін бүркіт болатын түлекті көріп, биік шырқап ұшпауы үшін оның қанатын бірден кесіп тастады. Сонымен тәуелсіздіктің қорғаусыздығы жөнінде негізі бар күмән туды. Мәселе осындай.

Қазақстанда ұлттық белгілері бойынша автономиялық құрылым құруға болмайды, оның территориясы бүкіл азаматтары үшін ортақ үй, ұлттық-автономиялық бөліс жоқ үй, бұл өңірде кеңес өкіметі кезінде ғана емес, патша режимі кезінде тек әкімшілік бөлініс ғана болған. Мен мәскеулік өкілдерге бір автономияны құрсақ, осындайды басқалар да талап ететінін, өзге ұлттар пәтерлерге бөлінген құрақ көрпені елестетінін дәлелдей бастадым. Сонда қандай проблемалардың туындайтындығын түсіндірудің қажеті болар ма екен?

…Ресейдің кейбір саяси күштері бұрынғы одақтық республикалар тәуелсіздігінің түпкілікті екендігіне сенбейді. Кремль маңындағылардың пікірінше, Ресей Федерациясының сыртқы саясаты жөніндегі тұғырнамада сыртқы саясат үшін оны қоршаған «тәуелсіз мемлекет» деген жоқ, тек «бұрынғы одақтас республикалар» деген термин ғана бар. Жалғыз Украина ғана бұл саяси құжатқа жем болмаған.

Әрбір әйел үшін бала табу қаншалық табиғи қажеттілік болса, әрбір халық үшін де ұлттық мемлекеттік дәл солай қажет. Бұл – даусыз нәрсе.

Дайындаған Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Пікірлер