ТЕКТІ

Биыл Наурыз мерекесінде қатарынан бес күн демалдық. Үйде жатқаннан кейін бір уақ теледидар қарайсыз. Обалы нешік, отандық телеарналар Ұлыстың ұлы күніне мұздай дайындалған екен. Салт-дәстүрді дәріптеген сазды бағдарламаларды ұсынды. Арасында соңғы жылдары түсіріліп, көрерменге жол тартқан Қазақ хандығының құрылғанына арналған «Алмас қылыш» пен «Жаужүрек мың бала» фильмі берілді. Классикадан «Қыз Жібекті» көрсетті. Сонда да көңілім елегзіп, Шәкен Айманов атамыздың «Атаманның ақыры» немесе режиссер Шәріп Бейсенбаевтың «Өтелмеген парыз» фильмі беріліп қала ма деп дәмеленіп отырдым. Халқымыздың ғажайып болмысынан сыр тартатын «Гауһартас» киносын тағы бір құмарым қанып көргім келді.

Бұл туындыға ерекше неге аңсарым ауды? Оның себебі бар. Осы наурыз айының он төртінші жұлдызында аталған фильмдегі бас кейіпкер Тастанды сомдаған Қазақстанның халық әртісі, дарынды актер, асыл азамат, жерлесіміз, марқұм Әнуар Боранбаевтың туғанына жетпіс жыл толды. Талантты тұлғаның мерейтойына орайластырып арналардан осы бір ұлттық қазынамызға айналған киноны көрсете ме деп ойлап едім. Бірақ оны ескерген ешкім болмады. Мәселен, Ресейдің арналарында өмірден өткені бар, арамызда тірі жүргені бар, халық қадір тұтқан өнер адамының мерейтойы ешқашан назардан тыс қалмайды. Оның туған күніне орайластырып деректі фильм көрсетеді. Мазмұнды шығармашылық кеш ұйымдастырады. Бізде ондай өнеге әлі қалыптаса қойған жоқ. Осылай талай жақсылар ұмытылып барады. Ал Әнуар ағамыз – ешқашан естен кетпейтін тұлға.

Біз сөз етіп отырған көрнекті қаламгер Дулат Исабековтің повесінің желісі бойынша түсірілген «Гауһартас» фильмі қазақ киносының бір биігі. Жетпісінші жылдардың орта кезінде көрерменге жол тартқан туынды бірден жұртшылыққа ұнады. Ондағы рөлдерді ойнаған актерлар құрамы да керемет. Бәрі де бір-бір тұлға. Қазақтың қатпарлы мінезді қара шалының бейнесін Кәукен Кенжетаев келісті бейнеледі. Баласына мейірімі түсіп тұратын ана – Әмина Өмірзақова қандай! Ақжүрек Қайыркен ше?! Халқымыздың ибалы келінін көркемдеген Жанна Қуанышеваға қандай мақтау айтса да жарасады. Әсіресе, бір қарағанда жан-дүниесі томырықтау, бірақ еркектік айбары басым Тастанды Әнуар ағамыз тамаша сомдады. Кино көріп отырғанда Тастанды іштей жек көріп отырасыз. Оның Салтанатқа деген қатыгездігін түсіне алмайсыз. Бірақ фильм соңына таман Тастанның жаны гүлдей нәзік екенін қапысыз ұғасыз. Осы кинодағы Боранбаевтың бейнесі елдің есінде мәңгі қалды.

Алайда, арқалы актердің жұлдызы театрда жанды. Алыс ауылдан арман қуып келген бозбала Құрманғазы атындағы өнер институтына оқуға түсіп, профессор Рәбиға Қаныбаеваның шеберлік сыныбынан дәріс алды. Одан кейін Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрына жұмысқа қабылданды. Алғашқы рөлі – ұлы Мұхаңның «Түнгі сарынындағы» Сапа. Оны жас актер сәтті алып шықты. Содан бастап Әнуардың бағы өрлейді. Сол театрға алғаш келген жылдары режиссер Қадыр Жетпісбаев ақын Құдаш Мұқашевтың Ілияс Жансүгіровтің жастық шағынан елес беретін «Дала дастаны» атты спектаклін қойды. Ондағы басты рөл Ілияс Әнуарға бұйырды. Актер бұл рөлге барын салады. Өз бетімен ізденіп, мұқият дайындалады. Ақыры сахнада ақынның бұла кезін керемет көркемдейді. Оған әріптестері мен көрермендер дән риза болады. Бұл туралы жақын досы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай әл-Тарази: «Әнуар сол қазақ театрында асқан жағымды үнімен бірге керемет сахналық сүйкімімен келген қайталанбас, ешкімге ұқсамайтын жаңа актер пайда болғанын жұртшылыққа паш етті. Жақсы ойнады, Ілияс рөлі Әнуар табиғатының оң жамбасына келіп, кірігіп, бірігіп кетті. Жаңа автор, жаңа спектакль, жаңа режиссура, жаңа актер – бәрі-бәрі өте жарасымды болып, сахна мен көрермен залы қуаныштан теңселгендей болды», – деп ақтарылады.

Жалпы, өткен ғасырдағы алпысыншы жылдардан қазақ театрының дәуірлеген дәурені басталды. Атақты режиссер Әзірбайжан Мәмбетов қойған драмалық шығармалардың даңқы Одаққа тарады. Міне, сол кезде қасиетті өнер ордасына қайратты жас буын келді. Солардың арасында жасындай жарқылдап Әнуар жүрді. Жетпісінші жылдардан бастап әкемтеатрда қойылған туындыларды Боранбаевсыз елестету мүмкін емес. Оның өнерге бірге келген замандастары да олқы емес еді. Бәрі де бәйгеге жаратып қосқан жүйріктер болатын. Бірақ солардың ішінде Әнуардың болмысы бөлек еді. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Әуезов театрының сахнасында 70-ке жуық рөлде ойнап, нағыз майталманға айналды. Театр өнерін биікке көтерді. Ол жайында Әшірбек Сығайдан асырып айту мүмкін емес. «Тарихи һәм осы заманғы қаһармандарымен шұрқыраса табысып, өнер жанкүйерлеріне әрдайым көл-көсір эстетикалық қуаныш сыйлаған актер Ілияс, Сырым, Әубәкір, Люченцио, Бірсімбай, Незнамов, Жадаев, Уильям Кэтсби, Сотанвиль, Сабырбаев, Тұрсынбай, Еламан, Момын шал сынды сан ұлт өкілдері мен әр дәуір адамдарының өміршең шежірелерін «тірілтті». Кейіпкер бойына қан жүгіртіп, тірі кеудеге жан беретін актерлік тылсым сиқырдың барлық сырларын меңгерген сахна шебері», – депті марқұм, белгілі театр сыншысы.

Дарынды өнерпаз қазақ киносын дамытуға да елеулі үлес қосты. «Түрксіб туралы ән» – Т.Рысқұлов, «Орал от ішінде» – Таңатаров, «Жұлдызыңды өшірме» – Қасымов, «Соңғы көш» – әке, «Жау тылындағы майданда» – Байсанбаев секілді бірнеше бейнелерді ойнады.

Асыл азамат көзі тірісінде туған жерінің баһадүр батырлары Аманкелді Иманов пен Кейкі Көкембайұлының қаһарман бейнелерін кинода көркемдесем деп армандапты. Бірақ жұмыр басты пендеге арман деген арғымақ жалын ұстата бере ме?!

Актермен жақын сыйласқандар оның адами болмысы туралы тамсанып айтады. Достарының жазған естеліктері жетерлік. Ол кісінің елде кішкентайдан бірге өскен Айтбай Шүкенов деген досы бар. Әнуар аға ауылға келгенде Айтбай аға екеуі үнемі бірге жүреді. Өзенге суға түседі, балық аулайды. Атқа мінеді. Елдің адамдарымен жүздеседі. Қазір Айтекең – зейнеткер. Ауылдың бір қазыналы қариясы. Жан досы жайында толғанып сөйлейді. «Әнуар екеуіміздің достығымыз алғашқы бала күннен танысып, табысқан күн мен мәңгі қош айтысқан күннің арасына созылған 45 жыл екен. Оның азаматтығы, мінезінің кеңдігі, кісілік келбеті, қазақы қасиеті оны басқалардан ерекшелеп тұратын. Ақылды, адалдықты, кішілікті ол өмірдің өзінен үйрене біліп өскен табиғаттың сирек тұлғасы іспеттес еді», – деп сағына еске алады.

Әманда, өнер жолы атан түйе теңдеп тартқан жүктей ауыр. Әсіресе, қара үзіп келген жүйріктердің тағдыры күрделілеу. Әнуардың өмірі қызыққа толы болды дей алмаймыз. Ғұмырының соңғы жылдарында көп бейнет көрді. Болашағынан үміт күткен ұлы оқыста қаза болды. Жағасына ауыр дерт жармасып, ақыры бір аяғынан айырылды. Киелі сахнамен қоштасуға тура келді. Ол театрдан кетерде жата қалып еденді құшты дейді көзкөргендер. Қабырғалы суреткер Сәкен сері Жүнісов актердің ішкі ой күйзелісін былайша өреді: «Егер бұдан былай қойылымдарға қатынаса алмасам да, театрға келуден бір күн де тыйылмаймын. Кешегі сахнаның қадау-қадау қазықтарындай, ата-әжелерімнің, аға-апаларымның көтеріп кеткен өнер ғимаратының сақшысы болсам да, академиялық театрдың атын жоғалтпай, затын жүдетпей ұстаса екен деп өзімнен кейінгі ұрпаққа күнде ақылымды айтып, мысқылдай пайдам тие берсін деп армандаймын», – деп толғаныпты. Кейін ағамыз сахнаға қайта оралды. Өнерін сағынған көрерменімен қауышты. Он үштен астам рөлдерді ойнады. Ақыры айналдырған дерт талантты актерді елу екі жасқа қараған шағында алып тынды. Оған жаңа мыңжылдықтың дәмін тату бұйырмады.

Міне, содан бері доптай зымырап жиырма жылдай уақыт өтті. Туған елі дарынды ұлын ұмытқан емес. 2000 жылы Қостанай облысының Аманкелді ауданының орталығындағы №4 мектепке Әнуар Боранбаевтың есімі берілді. Мектеп жанынан мұражай ашылып, актердің еңселі ескерткіші орнатылды. Оның ашылуына Қазақстанның халық әртісі Әшірәлі Кенжеев қатысты. 2006 жылы Арқалық қаласында Ә.Боранбаев атындағы кинотеатр ашылды. Жақында ағамыздың жетпіс жылдығына орай актердің жұбайы Ақбөпе мен қызы және туыстары елге барып, туған жерінде еске алу кешін өткізіп, ас берді.

Ертеректе ауылдағы ақсақалдар арамызда жоқ бұрынғы жақсылар туралы әңгіме айтқанда «ол қайта тумайтын адамның асылы еді ғой» деп тамсанып отыратын. Шындығында, жігіттіктің жалауын желбіретіп, өмір мен өнерде еркін жүріп, артына өшпес із қалдырған Әнуар ағамыз да жарық дүниеге екі қайта келмейтін адамның асылы болды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікірлер