Уран өндiрiсiнде революция жасаған тұлға

Оның атыжөнi ешбiр ғылыми еңбектерде, энциклопедияларда аталмай келдi. Тiптi, бiр кездегi қуатты КСРОның ең жоғарғы наградасы Ленин сыйлығының өзi оған жасырын түрде тапсырылды. Бұл жөнiндегi қуанышын өзiнiң ең жақын деген адамына да айта алмады. Өзi тәрбиелеп өсiрген халқы да ұлымның есiмi даңққа бөленiп жатыр деп қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып шашу шаша алмады. Өзiнiң атын шығарған ғылыми еңбегi өзге елде танылғанда ғана көңiл түкпiрiнде шерменде болып қатып қалған түпкi ойларын айтуына мүмкiндiк туды. Ленин сыйлығының лауреатыХалел Батталұлы Әубәкiровпен бұдан бірер жыл бұрын болған әңгiмемiз кешегi мен бүгiнгi күндi жалғастырып тұрған құпияның сырын ашудан басталды.

Халел аға, бiз сiздi Ленин сыйлығының лауреаты ретiнде үлкенкiшi энциклопедиялардан да, түрлi ғылыми еңбектерден де iздеп таба алмадық. Елiмiзде болып жатқан сан түрлi саясимәдени iсшаралардан да көрмеймiз. Тiптi, сiздi жердiң астыүстiн түгел зерттеп түгестiм деп жүрген ғалымдарымыз да бiлмейтiнi рас. Осыншама туған халқыңыздан бөлектенiп, саяқ жүруiңiзге не себеп болды?

– Қарапайымдылық кiсiнi қашанда нұрландырып тұрады. Ата-анамнан жұғысты болған сол қасиет маған, менен балаларыма да көшiп алған iспеттi. Рас, ұзақ уақыт Ленин сыйлығының иесі екенiмдi жария етуiме ресми орындар рұқсат етпедi. Менi сол кездегi саяси билiк жасырып ұстауға мүдделi болды. Мәселенiң мәнiсi ашылғанда одан өзiм де суып қалдым. Әрине, әр нәрсе өзiнiң уақтында болғаны абзал, одан арғысы кеш болмақ.

Халық қашанда ұлы. Одан қанша жасырынамын десең де түбі бір ашылып қалады. Бiр адамды ұзақ уақыт алдауға болар, ал көп адамды ұзақ уақыт алдауға болмайды ғой

– Бұл ендi өз еркiмнен тыс болған мәжбүрлеу саясатының ықпалы. Уран өндiрiсi қашанда стратегиялық маңызы бар шикiзат ретiнде құпиясын бүгінге дейін сақтап келедi. Бүгін біз оның атын ғана білеміз, алайда затын білмейміз. Менiң 1953 жылдан басталған бар саналы өмiрiм осы саламен тығыз байланыста болды. Қазiр бәрiн ашық айтуға болады. Тіпті уран өндiрiсi де құпияланудан қалды. Оны ғылыми негiзде байытуға кең көлемде мүмкiншiлiктер ашылуда.

Мен осы жолға қалай түстiм, не бiтiрдiм, ендi өткен өмiр жолдарым туралы түсiнiк бере кетейiн.

1953 жылы Мәскеудегi С.Орджоникидзе атындағы Геология институтына оқуға түсiп, оның арнаулы курсын 1959 жылы бiтiрiп шықтым. Арнаулы курс дейтiнiм, бұл топта белгiлi қатаң тексерiстен өткен санаулы студенттер ғана оқыдық. Бұл топ Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң ерекше бақылауында болды. Маған дейiнгiнi бiлмедiм, сол кезде қазақтардан осы топты жалғыз өзiм бiтiрiп шыққаным аян. Содан бергi қызмет жолым Волхов геология барлау экспедициясымен тура байланысты болды.

– Ленин сыйлығын қай жылы және қандай еңбегiңiз үшiн алдыңыз?

– 1978 жылы СОКП Орталық Комитетi мен КСРО Министрлер Кеңесiнiң жабық қаулысымен маған «Геологиялық жаңа концепцияны дайындап, ойлап тапқаным үшiн» Ленин сыйлығын берiлдi. Сыйлық құпия жағдайда тапсырылды.

– Атақты халық берсе, анық бермей ме, атақты жабық берсе де халық көрмей ме? Атағынан ат үркетiн үлкен сыйлықты тығып берудiң астарында қандай құпия бар едi?

– Жоғарыда айтқаным, уран аса маңызды стратегиялық шикiзат. Оны iздестiру, табу ерекше құпия жағдайда жүргiзiлдi. Халықаралық ұйымдардың айрықша бақылауында тұратын бұл шикiзатты өндiру мен байыту жұмыстары құпия жүргiзiлмесе болмайтын едi. Сондықтан бұл саладағы кез келген жаңалық пен марапаттың өзi құпия жағдайда жүзеге асатын. Оған таңдануға болмайды. Мұндай жағдай менiң ғана басымнан өткен жоқ. Екiншiден, маған Ленин сыйлығы тапсырылғанда менiмен бiрге елiмiзде стратегиялық маңызы бар әскери кешендер мен электронды және атом су кемелерiн ойлап шығарған бiр топ құрастырушыларға да берілген болатын. Марапаттау салтанаты теледидарға түсiрiлмедi, бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталмады. Тiптi, бұл сыйлықты не үшiн алғанымыз жөнiнде және өзiңнiң осы сыйлықтың иегерi екендiгiң турасында айтпау керектiгi қатаң ескертiлдi. Бұл жөнiнде қолхат та бердiк. Жалпы, бұл жоғары атақ менiң Оңтүстiк Қазақстан өңiрiнен уран рудасын жаңа тәжiрибемен игерудегi еңбегiме берiлген-дi.

Менің жаңалығым КСРО ыдырағаннан кейiн ғана жарияланды. Осыдан кейiн бұл концепцияға қызығушылар табыла бастады. Кейiн елiмiзге қытайлық ураншы-геологтар келiп концепциямен танысты. Мен оларға бiрнеше лекция оқыдым. Осыдан кейiн менi Пекинге шақырып, тағы да лекция оқуымды сұрады. Алайда, олар менiң қағидаларыма бой ұрмай, ескi теория бойынша жүздеген скважина бұрғылап, ешбiр нәтижеге қол жеткiзе алмапты. 2000 жылы қыркүйек-қазан айларында мен Қытай елiнде тағы болдым. Олар бұл жолы менiң концепциям бойынша үш скважина бұрғылап, соның бiреуiнен уран рудасын тапты. Араға бiр жыл салып, сол жерлерде ғылыми негiздегi iздестiру жұмыстарына жетекшiлiк жасап, үлкен жетiстiктерге жеттiк. Қазiр зерттелген жерлердiң жүйелiк нобайлары жасалып, ол iске асырылуда.

– Бiз әдетте теория мен практика егiз деп жатамыз. Сiздiң тұжырымдамаңыз бұл екi аралықты бiр-бiрiнен алшақ қарастырып отыр. Жаңа концепцияның өзi үлкен жетiстiктерге жетсе де, ресми ғылымның өзi ескi қағидамен жұмыс iстеп отырған сыңайлы. Бұған не дер едiңiз?

– Иә, бұл тұжырымдама кезiнде үлкен дау туғызды. Менiң үстiмнен әрқилы хаттар да жазылды. Бiрақ, мен өз қағидаларымды дәлелдеуден тынбадым. Ақыры теория мен практиканың өзара қабыспайтынын нақты тәжiрибемен көрсетiп бердiм.

1972-1976 жылдардағы бiздiң мазасыз iзденуiмiздiң соңы бiрнеше уран рудаларының нақты аймағын ашуымызға әкелiп соқты. Әрине, бұл Мәскеу, Ленинград ғылыми орталықтарының қарсылықтарына қарамастан жасалған тәжiрибелер едi. Мiне, осы кезден бастап, ескi тұжырымдамамен жұмыс iстеуге болмайтынын айтып келемiн. Жалпы, уран рудасы жаратылуының экзогендiк теориясы негiзiнiң қате екендiгi дәлелденiп отыр. «Уран рудасының гидротермальдық процестермен жаралғаны және платформалық шөгiндiлердегi гидрогендi кен орындарының жарылу механизмi туралы» ең алғаш тұжырымдама жасағанымды мақтаныш етемiн.

Ал, ескi қағидамен жұмыс iстеу, ол әлi күнге дейiн жалғасып отыр. Осыған жауапты адамдар табиғат пен қоғамның өзгерiп тұратыны сияқты, ғылымның да жаңарып, толықтырылып отырылғанына сенбейтiн iспеттi. Оның бұдан басқа да көптеген әлеуметтiк себептерi бар.

– Ол қандай себептер болуы мүмкiн? Табиғаттың бермесiн күш қолдану арқылы бағындыруға бола ма? «Қазатомпром» Ұлттық компаниясы бұл тұрғыда нендей жұмыстар атқаруда?

– Қазақстан уран өндiруден әлемде алдыңғы қатарда. «Қазатомпром» Ұлттық компаниясы бұл бағыттағы жұмысын кешендi шаралар қабылдау арқылы жүргiзуге бет бұрып отыр. Мемлекет басшысының елiмiздi әлемдегi бәсекеге қабiлеттi елдердiң қатарынан көруге деген бағдарламасы көптеген iс-шараларды қайта қарауға итермелейдi.

«Қазатомпром» Ұлттық компаниясының уран өндiрудi қарқынды жүргiзу жөнiндегi белгiлi жоспары қазiргi жұмыс iстеп тұрған өнеркәсiп алаңдары шеңберiнде жаңадан кен орындарын iздестiруге деген ұмтылысын арттырып, оның маңызын еселей түседi. Бұл жолдағы мәселелердi шешу үшiн кен көздерiн iздестiруге деген көзқарасты түбiрiмен өзгерту қажет. Өткен ғасырдың 50 жылдары қабылданған теория түпкiлiктi көнерiп, мәнiн жойды. Кен көзiнiң қайнар бұлақ ошағы жоғары қабатта ғана пайда болады деген көзқарастың жетегiнде кетiп қалуға болмайды. Бiз өз жұмысымызбен оны Қазақстанда да, Қытайда да дәлелдедiк.

2004 жылы «Қазатомпром» Ұлттық компаниясының сол кездегі президентi М.Жәкiшовтiң ұсынысымен жаңа генетикалық концепцияның көзқарас тұрғысында уран қоры таусылды деген кен руднигiнде тәжiрибе жасап көрдiк. Жүргiзiлген жұмыстың нәтижесiнде бұрын жарамсыз деген алаңдарда кен көздерiнiң әлi де мол қоры бар екенi анықталды. Алайда, басталған iс компанияның геологиялық құрылымдарындағы кейбiр ықпалды тұлғалардың қарсылығы салдарынан жалғасын таппай қалды. Себебi, тағы да самарқаулық, өзiмшiлдiк.

– Халел аға, бiз сiздi жоғарыдағы тұжырымдамаңыздан кейiн «Уран өндiрiсiнде революция жасаған тұлға» деп танығанымыз дұрыс болар. Себебi, бұл еңбегiңiздi қазiр бүкiл әлем бiлiп, қызығушылық танытып отыр емес пе?

– Иә, бiздiң тұжырымдамамыз әлемнiң көптеген елдерiн қызықтырып отыр. 2000 жылы Бразилияда өткен геологиялық конгресте бұл жаңалыққа қызығушылар көп болды. Кезінде АҚШ, Түркия, Бразилия елдерi концепцияға өздерiнiң оңды көзқарастарын танытқан болатын. Алайда, өз елiмiзде бұл бастамаға қызығушылықтың жоқтығы менi қатты ойландырды.

– Сiз «Қазатомпромға» қолданыста тұрған кен орындарына түпкiлiктi зерттеулер жүргiзудi ұсынып келесiз. Алайда, ұсынысыңыз үнемi қарсылықтарға тап келедi екен. Бұл нелiктен деп ойлайсыз?

– Бiздiң елiмiз әлемде атом энергетикасының қарыштап дамып келе жатқанын ескерiп, 2010 жылдан бері жаһандағы уран өндiрудегi жетекшi елге айналуды көздеп келеді. Күнi бүгiнге дейiн жер қойнауынан шығып жатқан уран кенi шикiзат күйiнде шетел асып келсе, ендi ол отандық өнеркәсiпке пайда әкелетiн күрделi салаға айналуда.

Қазiргi кезде адамзаттың пайдаланатын энергиясының 90% жану процесiмен қамтамасыз етiледi. Соңғы жылдарға дейiн жану процесi тек қана жылу көзi ретiнде қарастырылып келдi. Осының салдарынан жану теориясы жалпы энергетикасының шеңберiнде ғана зерттелдi. Соңғы уақытта пайда болған қоршаған ортаны ластанудан сақтау, табиғи өнiмдердi өңдеу мәселелерi жану процесiнiң теориясы әлi жетелi зерттелмегендiгiн айқындап отыр.

Бiздiң елiмiзде уран өндiру iсi жақсы жолға қойылған. Оған қолайлы инфраструктура да жасалған. Ширек ғасырдан астам дамыған жүйесi бар кен орындарына қайтадан оралып, оларға ғылыми негiздеме жасалуы керек.

«Қазатомпром» компаниясы Қазақстандағы уран өндiрiсi 100 жылға алдын ала зерттелген деген ойдың жетегiнде жүр. Оны кiм жасапты? Кейбiр жекелеген қызметкерлер өз мүддесiн әрiден ойлайды. Жаңадан кен орындарын iздестiрудi, оның басына инфрақұрылымдар жүргiзудi желеу етiп қыруар қаржы шашуды қалайды. Күнi кешеге дейiн менiң ұсыныстарыма кезiнде «Қазатомпромның» вице-президентi болған В.Язиков қарсылық танытып келдi. Менiңше, бұл жерде патриоттық көзқарастың болмағандығы еді. Бүгiнгi таңда әрбiр адам өз елiнiң патриоты болуы керек.

– Халел Батталұлы, сiз өзiңiз бас болып негiзiн қалаған тұжырымдама жемiссiз де емес iспеттi. Сiзге Қытай Халық Республикасының шетелдiк мамандарға берiлетiн ең жоғарғы орденi тапсырылған екен. Қытай елi – еңбегiң сiңбесе елемейтiн халық. Жоғары марапатты қандай жұмысыңызға байланысты алдыңыз?

– Қытай елiнiң жоғары марапатын сол елдегi жүргiзген геологиялық зерттеулерде қол жеткен табыстарым үшiн алдым. Бүкiлқытайлық ядролық өнеркәсiп корпорациясы менi осы жоғарғы наградаға ұсынған көрiнедi. 2001 жылғы 1 қазанда – Қытай Халық Республикасының ұлттық мерекесi күнi маған Пекин қаласында Қытай Орталық комитетiнiң хатшысы осы жоғарғы Достық орденiн қазақ музыкасының шырқауымен салтанатты түрде табыс еттi. Жалпы, бұл орденмен әлемнiң 17 елiнен 50-ақ адам марапатталған екен. ТМД елдерiнен 7 адам осы орденнiң иегерi болып табылады.

– Жаңа концепция құпиясын ашқан соң, оған жариялылық та қажет болар. Оның өзi Қазақ елiне және қазақ ғылымына зор құрмет алып келмей ме?

– Мiне, мәселеге осы тұрғыдан келу керек едi. Бiрақ оған қызығушылық танытқан адамды көрген емеспiн.

Рас, шетелдiктер қызығушылық танытты. Әлемде адамның ақыл-ойын жинақтайтын қоғамдар бар. Олар сенiң жылт еткен жаңалығыңды бүге-шүгесiне дейiн зерттейдi. Бразилияда өткен халықаралық геологиялық конгресс осы тақырыпты қамтитын жинақ шығаруды қолға алды. Оған ену үшiн 300 АҚШ доллары көлемiнде жарна төлеу қажет болды. Осыған орай, сол кезде тиiстi орындар тарапынан көмек сұрап, ықпал етуiн өтiнген болатынмын. Алайда, олар бұл өтiнiшiме құлақ аспады. Егер түсiнген адамға бұл Қазақстанның iрi, қуатты елдер қатарында екенiн байқату жолдары едi. Ақыры балаларымды жұмылдыра отырып, қажеттi жарнаны төлеп, халықаралық еңбекке ендiм. Менiкi қазақ ғылымын танысын деген ой едi.

– Уран айналасында жүрген ғалымға 300 доллар деген не тәйірі?!

– Иә, ол көп қаржы болмаса керек, бірақ, зейнеткер ретінде маған үлкен салмақ салатыны анық еді. Қалай десек те, бұл жерде жаны ашымастық, көре алмаушылық тұрған еді…

– Уран кенiн өндiру саласында ұлттық кадрлар бар ма?

– Бұл бүгiнгi күн тұрғысындағы аса маңызды сұрақ. Осы уақытқа дейiн онымен ешкiм басын ауыртпады. Кiм болса, сол болсын, жұмыс жүрiп жатса болды емес пе, деп келдiк. Соның әсерiнен ұлттық кадрлар дайындамадық. Күні кешеге дейін осы салада жұмыс iстеп жүргендер өзге ұлттың өкiлдерi болып келеді. Кейбiреулерiн зейнетте жүрсе де, қайта шақырып алдық. Өзiмнiң жасым бiразға келсе де қатардан қалмай келемiн.

Ғылымы дамыған мемлекеттерге қызыға қараймын. Ғылым мен технологияны тең ұштастыра игерiп оны дамытып сырт елдерге сату арқылы өздерiн де мемлекеттi де байытып орасан зор табыс тауып отырған ел қаншама! Бiздiң елiмiз солардың қатарынан қашан табылады. Рас елiмiзде отандық технология дамымай отыр. Өнертапқыштық сала мүлдем ескерiлмейдi. Ғылыми технологияны өндiрiске, экономикаға тартуға неге ұмтылмаймыз? Сырттан келiп бiзге ешкiм ғылыми жаңалық ашып бермейдi. Сондықтан елiмiз ғалымдарының потенциалын барынша пайдалануға жол ашуымыз керек.

Ғылымға бөлiнiп жатқан мол қаржы мақсатты игерiлу үшiн бiздiң қоғамға көптеген кедергiлерден арылу қажет. Қаржыны мақсатты салаға жұмсағанда ғана ғылымда белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзуге болады.

Тәуелсiздiгiмiздi жариялағанымызға ширек ғасырдан асып барады. Бiрақ осы уақытқа дейiн арнайы бағдарламамен оқыған ұлттық мамандарымыз әлі де аз. Қазақ Ұлттық политехникалық университетiнде геологиялық факультет бар, бiрақ онда арнайы уран өндiрiсiне маман дайындамайды. Ғылым және оқу министрлiгi онымен айналыспайды. Жоғарыда айтқанымдай, бiз бұл мамандықты игеру үшiн 6 жыл оқыдық. Ұрпақ ауысатын уақыт келдi. Қазiр бұл салаға технологтар мен өзге де техникалық мамандар жетiспейдi. Әсiресе, бұл салада ұлттық мамандардың үлес салмағы басым болуы шарт.

– Қазақстанда АЭС салу жөнiндегi әңгiме аракiдiк көтерiлiп барып, басылған едi. Елімізде АЭС салуды кешiктiру – елдiң индустриялық-инновациялық дамуын тежеу болып саналады-мыс. Маман ретiнде шындығыңызды айтыңызшы, Атом электр станциясын салудың қаншалықты қажеттiлiгi бар?

– Чернобыль апатынан соң адамзат АЭС-тiң мүмкiндiгiне күдiкпен қарай бастады. Радиофобия атом технологиясының дамуына тежеу салды.

Адамзат атом электр станциясы елiмiз экономикасын бiршама алға апаратынын, көптеген саладағы тәуелдiлiктен құтқаратынын әлi түсiнiп болған жоқ. Атомды бейбiт жағдайда ғылыми-зерттеулерге, атап айтсақ, радиология, медицинада, электр қуатын өндiру, радиоизотоптарды қолдану мен өндiру ғылыми негiзде қарастырылған. Батыс елдерi қазiр тұтастай атом энергетикасына көшудiң жолдарын қарастыруда.

ХХ ғасыр физиктерi адамзатқа қатер төндiретiн оттегi, сутегi бомбаларын ойлап тапты. ХХI ғасыр ғалымдарын атом энергетикасының оң имиджiн қалыптастыратын ядролық медицина, жанар-жағармай алмастыратын оттегi мәселелерi төңiрегiндегi идеялар толғандыруы тиiс. Демек, оған үрке қараудың қажетi жоқ.

– Халел аға, уақытыңызды бөлiп, әңгiмелескенiңiзге рахмет!

 Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Пікірлер