Азаматтарға арналған үкімет: сан мен сапа

Барды бар деп айтуымыз қажет. Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы жақсарып келеді. Оны құлақ естіп, көз көріп жүр. Аз уақыт ішінде мемлекеттік қызмет көрсету саласының сапасы жақсарып, электронды үкіметтің жұмысы жүйелене түсті. Соның арқасында Қазақстан UNDESA электронды үкіметті дамыту индексі аясында 27-ші орынға тұрақтады.

2007 жылы ҚР Әділет министрлігінің, оның сол кездегі басшысы Зағипа Балиеваның алдында елімізде отыз Халыққа қызмет көрсету орталығын салу міндеті тұрған еді. Арада 10 жыл өтті, еліміздегі ХҚКО саны осы уақыт ішінде 30-дан 349-ға жетті. 2011-2017 жылдары аралығында Ұлттық экономика министрлігі құрған реестрде мемлекеттік қызметтердің саны 5 есеге ұлғайып, жалпы саны 746-ға жеткен.

Ел бойынша жұмыс істейтін 14 мамандандырылған ХҚКО-ның жемісті жоба болғанын айтып өткен жөн. Осы жылдың қаңтар мен қазан айлары аралығында 314 мыңнан астам жүргізуші куәлігі беріліп, 1 млн 218 мың көлік есепке алынып не шығарылған. Мамандандырылған орталықтардың ортақ қазына қаржысын еселеуге де септігі тиіп жатыр. ҚР Ішкі істер министрлігі соңғы 3 жылда осы мамандандырылған ХҚКО арқылы 15 мың 760 ерекше көлік нөмірін сатып, бюджеттің бүйірін 5 млрд 548 млн теңгеге толтырған.

Қазақстан қағазбастылықтан арылмай қойды. Бір ғана мысал, былтыр 37 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, соның тек 15 млн мекенжай анықтамасына тиесілі. 2,6 млн баспананың жоқтығын растайтын анықтама берілсе, зейнетақы жинақтары туралы анықтамаға 2 млн сұраныс түскен. Бұл жайында ҚР Парламенті Мәжілісініде өткен үкімет сағатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты. Осы ретте депутат Омархан Өксiкбаев қарапайым халықтың әлі де болса кезекте тұрып, қағаз соңында жүргенiн айтып, бұл қызметтерді жекенің қолына беру мәселесін көтерді. «Мемлекеттiк қызмет көрсету саласында жұмыстардың атқарылып жатқанын көрiп отырмыз. Онсыз да осылай болуы тиіс. Өйткенi, бұл салаға Елбасының өзі мұқият көңiл бөлуде. Дегенмен, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қашан барсаң да адам толып отырады. Әрине, өмiрде керектi қызметтер көп, бiрақ халықтың сол жерде кезекте тұратыны сұрақ тудырады. Менiң ойымша, бұл мемлекет көрсететін қызметтiң көптігінен орын алуда. Президент оларды мүмкiндiгiнше азайтып, бәсекелі ортаға беру керек деген болатын», – дедi Омархан Өксiкбаев. Ал, оның сұрағына жауап берген Ұлттық экономика вице-министрi Айбатыр Жұмағұлов халыққа ұсынылатын мемлекеттiк қызметтер санын көп деп санамайды. «Бүгiнгі таңда бiзде барлығы 746 мемлекеттiк қызмет бар десек те, болашақта бұл тізілім санын арттыруды көздеп отырмыз. Өйткені, шет мемлекеттермен салыстырсақ, кейбiр елдерде көрсетілетін қызмет саны 2 мыңға жуықтайды», – деді вице-министр.

Ал, сала басшысы Дәурен Абаев ағылған халық нөпірі мен жылжымайтын кезек мәселесін цифрландырумен шешеміз дейді. Ол үшін жеке тұлғаның қатысуынсыз құжат дайындау қызметі іске қосылмақ. Мысалы, енді сіз баланың туу туралы куәлігін үйден шықпай-ақ жасай аласыз. Бала туғанда телефонға автоматты түрде смс хабарлама келеді, жауап ретінде баланың аты-жөнін, жәрдемақы алу есепшоты мен балабақшаға кезекке тұруға мекенжай мәліметін жазып жіберсеңіз болғаны. Дайын құжатты үйге тапсырыспен алдыра аласыз. Бірақ, осы игіліктерден ауылдағы ағайын қалыс қалып жатыр дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұхтар Ерман. Ал, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ауылдағылардың да электронды үкіметтің қызығын көретін күні алыс емес екенін жеткізді. «Бізде қазір 122 қала өте жылдам интернетпен қамтылған. 1100 елді мекен, 2 мыңнан астам ауылдың интернеті жоғары деп айтуға болады. Бізде қалып отырғаны 4 мыңға жуық ауылды мекен. 2021 жылға дейін ауыл тұрғындарының 86-88% кең жолақты интернетпен қамтылады деп жоспарлап отырмыз», – деді министр.

Сондай-ақ, Дәурен Абаев «Анықтамасыз қызмет көрсету» жобасының жыл аяғына дейін жүзеге асатынын айтады. Яғни, енді бір жапырақ қағаз алу үшін ХҚКО-ға сабылмайсыз. Оның үстіне, бұл осыдан бір ай бұрын қоғамда резонанс тудырған жеке мәліметтерді қолды ету фактісін азайтады дейді министр. «Барынша анықтамаларды қысқарту қажет деп есептейміз. Яғни, анықтамаларды тікелей мәліметтер базасынан алуды қарастырып жатырмыз. Адамдар ерсілі-қарсылы жүрмейді, себебі ақпараттық жүйелер бірігеді. Екіншіден, халықтың бұл саладағы сауаттын арттырамыз. Біз қазір тұтас бір алгоритмді әзірлеудеміз. Ұйымдар белгілі бір азамат туралы мәліметті тек сол адамның рұқсатымен алатын болады».

ХҚКО-да сақталатын мәліметтердің қауіпсіздігі мәселесін депутаттар назардан тыс қалдырған жоқ. Себебі, депутат Снежанна Имашеваға жауап беру барысында министр Алматыдағы ХҚКО орын алған оқиғадан соң, өзіне қатысты деректерге алаңдаушылық білдірген азаматтардан арыз түскенін айтты. «Бізге «ХҚКО қызметкерлері рұқсатсыз жеке мәліметтерімді пайдаланды» деген 60 арыз түсті. Алайда, біз тексерген барлық дерек расталмады. Яғни, адамдар өздері келіп анықтама алғанын ұмытып кеткен. Егер біз қазір азаматтардың ыңғайына қарай жығылмасақ, онда ХҚКО тағы да ұзын сонар кезек болады. Сондықтан біз үшін екі жол бар: азаматтар өздерінің дағдыларын жақсарту керек, содан кейін біздегі бар ақпарат жүйелерін интеграциялау керек», – дейді Дәурен Абаев.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін интернет бетінде алматылық Анна Дмитриевич «ХҚКО-ның қызметкерлері жеке мәліметтерімді заңсыз пайдаланды» деп ақпарат таратқан болатын. Кейін осы мәліметтерді таратқан ХҚКО қызметкері жұмыстан қуылды.

Халыққа қызмет көрсету саласында 22 мыңға жуық қызметкер істейді. Олардың этикасы мен қызмет көрсету сапасының төмендігіне жиі шағым айтылады. Бірақ, олардан мінсіз қызмет күту әбестік шығар, себебі жалақылары тым төмен. Депутаттар сала қызметкерлерінің жалақысын өсіру керектігін тағы көтерді. Жалақының аздығы, түптеп келгенде, жемқорлыққа жол салады дейді депутаттар. «Елімізде орташа жалақы 150 мың теңгеден асып отырған қазіргі кезде, небәрі 75 мың теңге жалақы алатын қызметкер өзінің жағдайына көңілі толып, алаңсыз жұмыс істейді, көлденең табыс табуды ойламайды дегенге сену қиын», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман. Бұған қатысты Абаев мырзаның жауабы: «Біз бұл жағдайды өте жақсы түсінеміз. Сондықтан, мен қазір депутаттардың алдында бұл мәселені айттым. Келесі жылдан бастап бюджет арқылы жалақыны көтеруді көздеп отырмыз. Екінші, осы мемлекеттік корпорацияның өзінің ішкі жұмысын жетілдіріп, қызметкерлер жалақысын көбейтеміз. Адамдар әрі-бері, бір мемлекеттік органнан екінші мемлекеттік органға апармау үшін біз осы мемлекеттік органдар арасындағы ақпараттық жүйені интеграциялау мәселесін қарастырып жатырмыз. Сол кезде көптеген анықтаманы келіп алу мүмкіндіктерін осы автоматтандыру арқасында азайтамыз деп сенеміз».

Гүлжан МАРҚАБАЙ

Астана

Дерек пен дәйек

— Электронды үкімет порталы арқылы 700-ден астам қызметтер мен сервистер ұсынылады.

— Бүгінде порталға тіркелгендердің саны 6 млн жуықтады, оларға 180 млн тарта қызмет түрі көрсетілген.

— 2017 жылдың 10 айында жалпы 34 млн 200 мың мемлекеттік қызмет көрсетілсе, соның 66% электронды түрде жүргізілген.

— Халыққа қызмет көрсету орталықтары 548 мемлекеттік қызмет түрін ұсынады.

— mgov мобильді қосымшасы арқылы 80-нен астам қызмет пен сервистер көрсетіледі.

Пікірлер