Сот сараптамасы саласындағы салғырттық: кемшілік кімнен?

Сот сараптамасы қызметін реформалау ҚР Әділет министрлігіне қойылған міндет болатын. Іс бойынша шынайы фактілерді анықтау – сараптама қорытындысының сапасына тікелей байланысты. Сондықтан сот сараптамасы институтының рөлі құқықтық мемлекет орнатуда ерекше орын алады. Сот сараптамасын сапалы жүргізу – қылмыстық құпияны ашу ғана емес, бұның артында түптеп келгенде талайлардың тағдыры жатыр...

Осы дүйсенбіде, яғни, 15 қаңтар күні ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев Мәжіліс қабырғасында өткен Үкімет сағаты аясында елдегі сот сараптамасы қызметі туралы баяндады. Министр бәрі дұрыс деп мәймөңкілеген жоқ, депутаттар алдында жүйенің кемшіліктерін жіпке тізіп берді. Сонымен, Қазақстандағы сот сараптамасы қызметінің кемшіліктері қандай?

Марат Бекетаев елімізде стандарттарға толық сай келетін, сот-сараптама жұмыстарын жүргізуге арналған бірде-бір ғимарат жоғын мойындап отыр. Сараптама қорытындысының тым ұзақтығы, сапасының төмендігі мен саладағы сыбайлас жемқорлық жағдайды одан сайын ушықтыра түседі. «Өзінің жеке пайдасы үшін сарапшы пікіріне әсер етуді қалайтындар әрдайым болатыны белгілі. Сараптама жүйесі дағдарысының себептері бір қарағанда, анық сияқты. Бұл өз кезегінде аз еңбекақы, әлсіз инфрақұрылым, біліктіліктің төмендігі, кәсіби кадрлардың кетуі секілді жағдайлар. Мәселені шешу үшін жүйеде тек қаржыландыруды ұлғайту жолы таңдалады. Алайда, егер орынды жұмыс істейтін модель болмаса, кез келген қосымша қаражат тиімді болмайды», – дейді сала басшысы.

Министр елдегі сот сараптамасы қызметінің мұндай күйге түсуінің бірнеше себебін атады. Кадр тапшы, білікті мамандар тапшы. Мәселен, Астана қаласында, Ақмола, Алматы, Ақтөбе мен Қарағанды облыстарында бейне-фото, психикалық-филологиялық, құрылыс-экономикалық сараптамалар жасайтын қызметкерлер жетіспейді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаеваның айтуынша, қазір Қазақстанның 92 аудан орталығында сот-медициналық сарапшы жоқ. «Құқық қорғау органдарына осы мәселені шешу үшін, сараптама жүргізу үшін басқа аудан, облыс орталықтарына баруы керек. Ал, бұл бюджетке артық шығын әкелетінін естен шығармауымыз қажет», – дейді депутат.

Мақаланың толық нұсқасын электронды жазылу үшін төлем жүргізгеннен кейін оқи аласыз.   Жазылу>>

Пікірлер