Жер байлығы – ел байлығы

Жақында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс» жобасы таныстырылды. Бұл заң жобасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 74, 75 тармақтарына сай әзірленген болатын. Сонымен, жаңа құжатта неге басымдық берілмек? Нендей жағдайлар ескерілді?

 

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтарбай Өтелбаевтың ел газеті «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатын оқып шықтым. Сол сұхбаттың арасында математик ағамызға газет тілшісі «Қазақстанның 100 жылдан кейін бай мемлекетке айналатынына күмән келтірмейтін адамсыз. Осыны қандай ғылымға негіздеп айтып жүрсіз?» деген сұрақ қойды. «Қазақстанның жер асты, жер үсті байлығы мен кең-байтақ жері осы далада мықты мемлекет құруға негіз бола алады. Болашақта біздің елімізде бай халық тұрады. Қазіргі техникалық даму деңгейінде Қазақстанда 80 миллионға жуық адам мұқтажсыз өмір сүре алады» деп пікір білдіріпті ғалым ағамыз. Қазақстанның жер асты тұнған қазына екені рас. Тек сол жер байлығы қашан ел байлығына айналады?…

Зерттеушілердің бағалауыша, Қазақстан табиғи ресурстар қоры бойынша әлемде алтыншы орын алады. Менделеев кестесіндегі 110 элементтің 99-ы Қазақстанның жер қойнауынан табылып, оның 70-і зерттелген, ал алпысы бүгінгі күні нақты пайдаланылып жатыр. Қазақстан цинктің, вольфрам мен бариттің барланған қоры бойынша әлемде бірінші орын, күміс, қорғасын, уран мен хромиттің қоры жөнінен екінші, мыс пен флюоритам бойынша үшінші, молибден бойынша – төртінші, алтын бойынша алтыншы орынды иеленеді.

Қыркүйек айының аяғында ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс жобасы келіп түсті. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен Энергетика министрлігі бірігіп түзген бұл құжат еліміздегі көмір сутегі шикізатын игеру мен пайдалану мәселелерін реттеуге бағытталған. Атап айтқанда, геологиялық барлау саласына инвестор тарту, салық жүйесін оңтайландыру, заң жобасындағы әкімшілік кедергілерді алып тастау, сарқылған кен орындарының қоршаған ортаға кері әсерін болдырмау тетіктері жаңарған.

«Кодекстің басты мақсаты – халықаралық стандартқа көшу» дейді министрліктегілер. Жаңа Кодексте жер қойнауын пайдаланушылар мен инвесторлар үшін рәсімдерді барынша жеңілдету ұсынылған. Нақтыласақ, жер қойнауын пайдалану құқығын австралиялық «бірінші келген – бірінші алады» деген әдіске негізделген жеңілдетілген тәртіппен ұсынуды енгізу жоспарланып жатыр.

Бүгінде елімізде барлау саласына бөлінетін қаржы өте аз. Мәселен, қазір Қазақстанда 1 шаршы шақырымға бөлінетін қаржы көлемі жеті-ақ долларды құрайды, ал басқа елдерде бұл көрсеткіш отыз есе артық. Сонымен қатар, барлау жұмыстарын жүргізу үшін, лицензия алу немесе келісімшарт құжаттарын рәсімдеуге 12-18 ай уақыт кетеді екен. Ал жаңа құжат бұл мерзімді 10-12 күнге қысқартуды көздеп отыр.

Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың мәліметінше, жаңа құжатта геологиялық барлауды ынталандыру мақсатында бірқатар салықтар біріктірілген. «Бізде маңызды кен орындары бар, олар көп шығынды талап етеді және қазіргі уақытта инвесторлар үшін тартымды емес. Бірқатар салықтарды жер қойнауын пайдалануға баламалы салыққа біріктіру ұсынылды», – деп хабарлады.

Құжатты талқылаған тұста пайдаланылған кен орнын жою мәселесі үлкен пікірталас тудырды. Кен орындарының топырағын қайта қалпына келтіруге өндіру көлеміне сәйкестендіре отырып депозиттерді алдын ала орналастыру туралы ұсынылған ережелер көптеген жер қойнауын пайдаланушыларды қанағаттандырмады. «Бірінші келген – бірінші алады» қағидасын енгізу келешегі жер қойнауын пайдалану нарығында серпін болмақ. Сәйкесінше, көптеген кен орындары пайда болады деп есептейді заңгер Тимур Одилов.

«Егер жер қойнауын пайдаланушы жай ғана салық немесе басқа да төлемдер төлеп тұрса, мемлекет ол үшін кен орындарын жойып береді деген әлемдік тәжірибеде жоқ нәрсе. Қағида мынандай: жерді қаздың ба, соңынан жинастырып кет. Егер жер қойнауын пайдаланушы жою бағдарламасын іске асыра алмай қалса немесе банкротқа ұшыраса ғана мемлекет кен орнын жоюмен айналысады. Сонда ғана мемлекет қамтамасыз ету шаралары арқылы оның қаржысына қол жеткізіп, кен орнын жояды», – деді заңгер.

Қазіргі топырақты қайта қалпына келтіру жүйесінде кәсіпорындар қазақстандық банктердің депозиттерінде орналасқан жою қорларына қаражат аударулары тиіс, сонымен қатар, 2009 жылға дейін салықтан ұстап қалу мүмкіндігі беріліп келген еді. Аударым сомасы уәкілетті органдармен келісім жөніндегі консервация бағдарламасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушының жоюға жұмсап үлгерген қаражаты көлеміне азаюы мүмкін. Бұл жүйенің басты кемшілігі – ол жою жөніндегі жұмыстардың құнымен мүлде үйлеспейді. Өзге елдерде де кен орындарын жою мәселесі айтарлықтай өткір деуге болады. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, АҚШ пен Австралияда 50 мыңдай, Канадада 10 мыңдай жойылмаған кен орындары бар. Австралиядағы Квинсленд штатындағы 15 мың кен орнын жоюға 1 млрд доллар жұмсалады екен.

Соңғы 10 жылда шикізат секторына құйылған тікелей инвестициялар 132 млрд долларға жеткен. Бұл Қазақстанға тартылған жалпы инвестициялар көлемінің 60% құрайды. Соңғы жылдары геология саласына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле бастады. Минералдық шикізат қорын толықтыру үшін геологиялық зерттеуге мемлекеттік бюджеттен соңғы 5 жылда 43 млрд теңге бөлінген. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 5 жылда пайдалы қазбалардың басым түрлерінің болжамды ресурстары мен қорлары өсе түскен. Ал 2017 жылы геологиялық барлауға бюджеттен 9,8 млрд теңге бөлінген. Пайдалы қазбалар қорының биылғы өсімі мынадай: алтын қоры –26,1 мың тоннаға, күміс қоры – 13,7 мың тоннаға, мыс қоры – 1,5 млн тоннаға, темір кені – 15,9 млн, мұнай қоры – 51,9 млн тоннаға өскен.

ҚР Инвестиция және даму министрінің орынбасары Тимур Тоқтабаев, геологиялық барлау саласында әлі де атқарылар жұмыстар жеткілікті екенін айтады. Сапалы шикізаттың жетіспеушілігі әлемдік нарықтағы бәсекелестік қабілеттің төмендеуіне әкеп соқтырып отыр. Сондықтан, кен орындарын тереңдетіп игеру – маңызды мәселелердің бірі. Демек, геологиялық барлау жұмыстарының қарқынын арттыру үшін инвестиция тарту қажет. «Жаңа Кодекс кейбір олқылықтың орнын толтырады деген сенімдеміз. Заңдылық саланың дамуына оң ықпал етпек», – дейді ол. Бұрын жер қойнауын пайдалану үшін аукционға қатысу, құжаттар жасақтау мерзімінің тым ұзақтығы түрлі-түсті металды заңсыз игеруге әкеп соқтырды. Тіпті, соңғы кездері мұндай деректер тым көбейіп кеткен. Жаңа заңнамада бұл келеңсіздіктер ескерілген. Құрал-жабдықты қолдану, тереңдікке шектеу қою, жер қойнауын игеру мерзімі, құжаттар мен келісімшарттарды халықаралық стандартқа сай келтіру және тағы да басқа мәселелер анық көрсетілген. «Кодекс жобасы Парламент Мәжілісіне ұсынылды. Ол әлі де талқыланып, жыл соңына дейін қабылданады. Ешбір ұсыныс ескерусіз қалмайды», – дейді Тимур Тоқтабаев.

Гүлжан МАРҚАБАЙ

Астана

 

Пікірлер