Зейнеткер қылмыскер

Қол астында Рудный мен Қостанайдың 10 тұрғыны героин саудалаған 61 жасар Валентина Сульдина қауіптілігі орташа түзету мекемесінде 19 жылын (бәлкім, қалған ғұмырын) өткізеді. Ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа мүшелері 7 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Үкімді жақында Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық соты шығарды.

Естеріңізде болса, ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері 2016 жылдың желтоқсан айында ұсталған-ды. Тінту кезінде Валентина Сульдина үйінде бірнеше қару-жарақ, көп мөлшерде оқ-дәрі, ұнтақтайтын құрал, 3 келі героин және 64 ұялы телефон табылды. Келесі 3 күнде Ирина Комячко, Оксана Петренко, Людмила Петренко, Анатолий Ким, Давид Блинов, Виталий Евтерев, Нина Богатинова, Валерий Михель, Левани Чхетия және Татьяна Савенкова ұсталды.

Сот процесі тек 2017 жылдың қыркүйек айында басталды. Айыптау қорытындысында Сульдинаның «кәсібі» шамамен бір жыл жұмыс істегені айтылады. Героин таратушылар болып зейнеткердің туыстары мен нашақор таныстары қызмет атқарған. Сотталғандардың көбісі бірінші рет айыпталып отырған жоқ. Оңай олжаға кенелгісі келгендердің мойындарында есірткі сату, ұрлық және қарақшылық секілді істер бар. Қорғаушылардың айтуынша, сотталушылардың бірнешеуі өмірлерінің көп бөлігін абақтыда өткізген.

Зейнеткер ортақ іске бірге тұратын көршісі Валерий Михельді де тартқан. Валентина Сульдина осылайша арнайы ұйымдастырылған топқа жұмысы жоқ және есірткіге тәуелді жандарды қосқан. Топ құрамында анық болған тағы үш адам іздестіріліп жатыр. Сондай-ақ, Сульдина қай жерден көтерме саудамен героин сатып алғаны да белгісіз. Бұл факт осы сынды істерде көбінесе беймәлім күйде қалатынын да атап өту керек.

Тергеу барысында полицейлер қылмыстық топтың фигуранттары қатаң иерархияны ұстанғанын және кімнің қандай жұмысты атқаратыны бойынша рөлдерді бөліп бергенін анықтады. Героинді өткізгендер ақшаны қылмыстық топ басшысының есеп-шоттарына төлем терминалдары арқылы аударып жүрген. Ол есірткі жеткізушілермен астыртын байланыс жасаған.

Сульдина алдымен бұрынғы күйеу баласы Лукьяненкомен байланысқан. Ол да бұрын сотталған. Яғни, осы салада көмектесе алатын таныстары бар. Белгісіз жерден героин тасымалдаған да осы Лукьяненко. Сульдинаның көмекшілері қатарында Монахов пен Бойченко да болған. Біріншісі курьерлердің қауіпсіздігіне жауап берсе, екіншісі олардың қызметін қадағалап отырған. Қалғандары тауарды өткізумен айналысқан. Аталмыш топ героинді басқа облыстарға да таратқан.

– Олар бір-бірінен жасырын жұмыс істеген. Сульдина топ мүшелерін әртүрлі аймақта пайдаланған. Сонымен қатар, ұйымдастық қылмыстық топтың құрамында бірін-бірі танымайтын адамдар бар. Яғни, қылмыстарды жекеше жүргізген. Ал олардың барлығын Сульдина басқарып отырған. Қостанай қалалық ішкі істер қызметкерлері Сульдинаны үйінде 9 желтоқсанда (2016 жылы – ред.) ұстады, – деді судья.

Айыпталушылардың бәрі де алғашқы отырыстан бастап өздері кінәлі еместігін және бұл полицейлер жасап отырған былық екенін айтумен болды. Іске қатысы барлар тергеу процесін жалған, бұрмалау және қысым көрсету деп атады. Олардың айтуынша, осалдығын және бұрынғы істерін пайдаланып, құқық қорғаушылар героинді мойындарына іле салған.

Сотта 50-ге жуық куәгерден жауап алынды. Нәтижесінде Сульдина 19 жылға абақтыға қамалды. Комячко – 11 жыл 3 ай, Нина Богатинова – 10,5 жыл, Ким – 17 жыл, Людмила Петренко мен Михель – 16,5 жыл, Оксана Петренко, Чхетия мен Евтерев – 16 жылға бас бостандығынан айырылды.

Валентина Сульдина Қазақстан Республиканың Қылмыстық Кодексінің 262-бабының 1 бөлімі – ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу, 297-баптың 4 бөлімі – есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу, 287 бап – қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау және алып жүру бойынша сотталды.

Экспертиза қорытындылары көрсеткендей, тұтқындау кезінде зейнеткердің саусақтарынан героин қалдығы табылған. Дәл осындай белгілер кофе ұнтақтағыштан да анықталған. Үйінен табылған қару-жарақтан оқ атылғанын да экспертиза қорытындылары дәлелдеп берді.

Барлығының да заттары тәркіленгенімен, жабылған колония қауіпсіздіктері әртүрлі: орташа, максимальды және ерекше режимде. Блинов пен Савенкова қалғандарынан аз уақыт алды. Судья олар қылмыстық топтың мүшесі болмағандықтан, ҚР ҚК 262-бабы бойынша қылмысты қудалауды тоқтатып, екеуіне 7 жылдан берді.

Сот үкімі бойынша, Сульдина үйінен табылған алтыатар (револьвер) мен оның оқ-дәрілері жойылатын болады. Ал «Сайга» маркалы аңшы карабині Қостанай облыстық Ішкі істер департаментіне тапсырылмақ. Сондай-ақ, ІІД атына тексеру кезінде жүргізілген қателіктер жайлы жеке қаулы жіберілді.

Үкіммен қоса, судья сотталғандардың кәмелетке толмаған балалары жайлы да қаулы шығарды. Мәселен, Татьяна Савенкова тергеу изоляторында босанған. Қазір оған шамамен жарты жыл болды. Баланың әкесі де сотталғандар қатарында. Ал айыпталушылардың туыстары, алғашқы отырыста белгілі болғандай, баланы қамқорлыққа алуға келіспеді. Савенкова үкімнің орындалуын бала кәмелеттік жасқа толғанша кейінге шегеруін сұрағанымен, судья оған келіспеді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ және сотталушылар шағым беретіні түсінікті. Себебі, барлығы үкімге келіспей, құқық қорғаушылардың оларды қинап, бұл істі мойындарына әділетсіз ілгенін айтумен болды.

Қостанайда соңғы уақытта есірткі саудасы көбейіп кетті. Оның үстіне, Сульдина героинмен ұсталған бірінші зейнеткер емес. Мәселен, 2015 жылы құқық қорғау қызметкерлері Рудныйда 65 жасар «Баба Машаны» (есірткі тұтынушылар арасында осындай атпен танылған) құрықтаған. 2017 жылы қыркүйекте Қостанай түрмесіне есірткіні тоқашқа салып, «сәлемдеме» жібермек болған 47 жастағы еркек ұсталды. Жақында ғана қылмыскер көлігінен 1 келі героин табылды. Героин сатумен айналысқан қылмыстық топқа көмектескен полицейдің ұсталғаны да бар. Ал нақты бұл іс есірткіге тәуелділер тек өзі ғана емес, өзі түскен шыңырауға өзімен қоса тағы да бірнеше тағдырды қоса алып кететіндігінің тағы бір дәлелі. «Адам жалғыз өзі адаспайды. Әр адам адасқан кезде өзінің адасуын айналасындағыларға да таратады. Адасудың қауіптілігі де сонда», – депті ұлы философ Сенека.

Алмас БАЙДРАХМАН

Дерек пен дәйек
ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің мәліметінше, 2017 жылы ішкі істер органдары есірткінің заңсыз айналымына қатысты 8 мың 591 қылмысты тіркеді. Есірткі сатудың 1774 фактісінің жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 33 тонна есірткі құралдары, оның ішінде 129 келі героин тәркіленіп, есірткі бизнесімен айналысатын 6 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылған. Есірткі контрабандасының 111 фактісі анықталып, жалпы сомасы 10 млн теңгенің есірткі кірістерін заңдастыру фактілері бойынша 3 қылмыстық іс қозғалған.

Пікірлер