16 шөлмек сыра үшін 250 мың теңге…

Қостанай ауданындағы кәсіпкер 16 бөтелке сыра үшін 250 мың айыппұл төлейтін болды.

Жеке кәсіпкерге қатысты әкімшілік іс Қостанай аудандық сотында қаралған. Бұл туралы Қостанай облысы сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімшілік іс мамыр айындағы тексерістен кейін жүргізілген. Тексеріс кезінде Затобол кентіндегі дүкендердің бірінде ілеспе құжатсыз сөреде тұрған 16 шөлмек сыра тәркіленіп, хаттама толтырылады. Жеке кәсіпкер ілеспе құжатсыз арақ-шарап сатса, «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңының 9-бабы, 5-тармағын, сондай-ақ ҚР Үкіметі бекіткен Этил спирті мен алкоголь өніміне ілеспе құжаттарды дайындау ережесін бұзу болып есептеледі.
Сот отырысында ЖК өкілі заң талаптарын бұзғанын мойындады. Қостанай аудандық соты кәсіпкерге 360 750 теңге көлемінде айыппұл төлеуге, тәркіленген алкоголь өнімін мемлекет кірісіне қосу туралы үкім шығарды. Кәсіпкердің кінәні мойындауына байланысты, әкімшілік айыппұл 30% – 252 525 теңгеге қысқартылды.

Пікірлер