Ақ халатты абзал жандарға құрмет

Елімізде 2003 жылдан бері маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні ретінде тойланып келеді.  Осы мерекеге орай, Қостанайдағы «Мирас» мәдениет үйінде үздік медицина қызметкерлері марапатталды.
Облыс әкімі  Архимед  Мұхамбетов ақ халатты абзал жандарға халық алдындағы жауапты еңбектері үшін алғыс айтып, аймақтың денсаулық сақтау саласындағы жетістіктеріне тоқталып өтті.
– Өңірдегі денсаулық саласында 15 337 адам еңбек етуде. Оның ішінде 1 794 дәрігер мен 6 354 медицина қызметкері бар. Былтыр 2 млрд 200 млн теңге бөлініп, 7 реанимобиль, 11 санитарлық көлік, тағы басқа да жабдықтар сатып алынды. Осы жылы материалдық-техникалық жабдықтауға 2 млрд 700 млн теңге жұмсалмақ. Кардиохирургия, рентген аппараттары, цифрлы құрылғылар әкелінеді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыруға облыс бюджетінен 1 млрд теңгеден астам қаражат қаралып отыр, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, биыл аймақтағы денсаулық сақтау мекемелеріне жаңадан мың жарым компьютер орнатылатыны туралы да айтылды.
Үздік деп танылған медицина саласының 20 қызметкері аймақ басшысының қолынан марапат алды.

сурет ng.kz сайтынан алынды

Пікірлер