«7-20-25» бағдарламасы таяуда іске қосылуы мүмкін

«7-20-25» бағдарламасы аясында банктер халыққа жақын арада несиелер бере бастайды. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті деп хабарлайды  Қазақпарат.

«7-20-25» бағдарламасына тоқталған Ұлттық банк басшысы: «Елбасының «Әрбір отбасы үшін баспана алудың жаңа мүмкіндіктері» әлеуметтік бастамасын іске асыру үшін құқықтық орта құру қажет. Ол кредитор мен қарыз алушының мүдделері арасында теңдікті қамтамасыз етеді. Бағдарламаның болашақта орнықты болуының маңызды талабы – банк пен борышкердің нарықтық принциптерді сақтауы. Оның ішінде проблемалық берешекті сотқа дейін реттеу маңызды», — деді.

Сонымен қатар, Данияр Ақышев кепіл институты жан-жақты болуы керек екенін, кепіл ұстаушының өз талаптарын қанағаттандыру үшін кепіл мүлкін кедергісіз әрі дереу сату мүмкіндігі болуға тиістігін атап өтті.

«Мұндай түзетулерсіз 7-20-25 бағдарламасын сәтті іске асыру мүмкін емес. Заңнамалық түзетулер қабылданған жағдайда, банктер халыққа жақын арада несиелер бере бастайды», — деді ол.

Пікірлер