Ахаң мұрасына арналды

Лисаков қалалық мұражайында «Қазақ ұлтының рухани көшбасшысы» атты іс-шара өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, мұражай қалалық білім бөлімімен бірлесе ұйымдастырылған шарада Ахмет Байтұрсынұлы шығармалары оқылып, келушілерге киелі жерлер, тарихи ескерткіштер туралы түсінік берілді. Көпшілік Ахаңның туған жері жайында мол малұматқа қанықты. Шараның беташарында қала тұрғыны Мөр Тілеубаева Алаш арысына арнаған өлеңін оқып берсе, Бақдаулет Бешей Ахмет Байтұрсынұлының «Аққұм» әнін орындап берді.
Іс-шара байқау түрінде өтті. Қазылар алқасы құрамында білім бөлімі, тілдерді оқыту орталығы, мәдениет бөлімі, Лисаков техникалық колледжі, жергілікті телеарна өкілдері болды. Өз шығармаларын оқу сайысында бірінші орынды Азат Омаров (№3 ОМ) жеңіп алса, екінші орын Аруна Өнербековаға (мектеп-лицейі) бұйырды. Үшінші жүлделі орын Анастасия Кучерявая (№1ОМ) еншісінде.
Екінші сайыс – Ахаң жазған өлеңдерді мәнерлеп оқу. Бұл сайыста шеберлігімен басым түсіп, бірінші орынды Қарақат Өмірзақызы (№3ОМ) еншіледі. Екінші орынды Яна Ерофеева (мектеп-лицейі) және үшінші орынды Макар Большаков (мектеп-лицейі) қанжығаларына байлады. Қалған қатысушылар «Жас қаламгер», «Жас әдебиетші», «Дарабоз», «Жас көркемсөз оқу шебері» номинациялары бойынша марапатталды. Барлық қатысушыларға мадақтама, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Байқауға қатысқан оқушыларды дайындаған қала мектептеріндегі қазақ тілі мұғалімдері де құр алақан қалмады. Ахмет Байтұрсынов шығармашылығын насихаттау мақсатында өткізілген мұражай байқауына оқушылары белсене қатысқаны үшін ұстаздарға алғыс хат берілді. 
Көрнекті қайраткер туралы шағын көрме қойылды. Көрмеге Қостанай облысының тарихи-өлкетану мұражайы ұсынған суреттері мен құжаттарының көшірмелері және Лисаков орталықтандырылған кітапхана жүйесінен Ахмет жайлы кітаптар қойылған. Шағын көрме ақпан айына дейін жұмыс істейді.

Айман ҚАДЫРХАНОВА,
мұражай қызметкері
Лисаков қаласы

Пікірлер