Балабақша есепшісі 21 млн теңгені жымқырған

2015-2017 жылдар аралығында Әлия Досымбаева Қостанай ауданы Затобол кентіндегі «Петушок» балабақшасында есепші қызметін атқарған кезінде 21 млн теңгеден астам қаржыны жымқырғаны анықталып отыр.

Әлия Досымбаева 2015 жылы – 7 313 890, 2016 жылы – 7 288 472, 2017 жылы – 7 173 790 теңге мемлекеттік қаражатты өзінің есеп-карточкасына ешбір кедергісіз аударып отырған. Жылына 7 млн теңгеден астам қаражатты есепші Досымбаева төленетін салықтың көлемін азайту және өзінің еңбекақысын көтеру арқылы жымқырған деген айып тағылды. Қостанай аудандық сотында үш жыл бойы есепшіге үлкен сенім артып, тіпті электронды кілтін беріп қойған балабақша директоры Екатерина Федорова есепшінің басшылық тарапынан неліктен ешбір қадағалаусыз болғанын түсіндіре де алмады. Бар айтқаны – сенім артқаны. Сот отырысында аудандық прокуратура қызметкері айыпталушы Әлия Досымбаеваға қызметін асыра пайдаланып, өте үлкен көлемде экономикалық қылмыс жасағаны үшін ҚР ҚК 189-бабынаң 4-бөлігі, 2-тармағы негізінде 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Сот шешімі алдағы жұма – 20 қазанда қабылданады.

Пікірлер