Балаларды зиянды ақпараттан қорғайтын заң жобасы мақұлданды

Бүгiн Сенат депутаттары «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигiзетiн ақпараттан қорғау туралы» ҚР Заң жобасын қабылдады, деп жазады www.Baq.kz.

«Соңғы кезде талқыланып жатқан өзектi және маңызды мәселелердiң бiрi – мемлекеттiң өскелең ұрпағын жаңа түрдегi апараттық қауiп-қатерден, яғни балаларды қашықтықтан басқарудан қорғау. Өйткенi, бұл қауiптiң әсерi жыл өткен сайын күшейiп бара жатыр. Келешек ұрпақты зиянды дерттерден қорғау мәселесiн жоғары дамыған елдердiң өзi ұлттық қауiпсiздiк тұжырымдамаларында басты мәселенiң қатарына қойып отыр. Сондықтан, заңнамаларда олар айқын көрсетiлген. Көптеген елдерде БҰҰ-ның «Балаларды қорғау туралы» 1989 жылғы конвенциясына сәйкестiндiрiлген заң бар», — дедi заң жобасын таныстырған Мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеухан.

 

Оның айтуынша, депутаттар Еуропа Одағының «Компьютерлiк қылмыстар туралы», «Электрондық БАҚ-та зорлық-зомбылықты көрсету туралы» декларацияларын, ТМД елдерiне арналған «Балаларды ақпараттан қорғау жөнiндегi үлгi заңын» терең зерттеген.

 

«Сонымен бiрге АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Нидерланды, Норвегия, Италия, Оңтүстiк Корея, Жапония сияқты басқа да дамыған елдердiң осы тектес заңдары сараланды. Оларда балаларды адамгершiлiк сезiмнен суытатын, психикасы мен денсаулығына зардабын тигiзетiн, қатыгездiктi насихаттайтын, бiр сөзбен айтқанда, жеткiншектердi рухани аздыратын ақпараттан қорғауға арналған құқықтық шаралар ескерiлген», — дедi Бекболат Тiлеухан.

 

Пікірлер