БҒМ білім беру мекемелерін жекешелендіруге қарсы

Бұл туралы Білім жəне ғылым министрлігінің өткен Алқа жиналысының отырасында министр Ерлан Сағадиев мәлімдеді деп хабарлайды ҚР БҒМ Баспасөз қызметі.

«Сенімді басқаруға беруді себеп қылып, жергілікті жерлерде балабақшалар мен колледждерді жекешелендіру жүргізіліп жатыр деген ақпарат бізге келіп түсуде. Біз жекешелендіруге үзілді-кесілді қарсымыз. Өткен жылы 700-ден астам жаңа балабақшалар мен мини-орталықтар ашылғаны жақсы болды, көбісін жеке кәсіпкерлер ашты. Біз ондайды қолдаймыз, бірақ ештеңені жекешелендіру қажет емес. Балабақшаларды қайта сатып алу басымыздан өткен. Білім беру объектілері əлі де біраз уақыт жеткіліксіз болады», – деп БҒМ министрі өз позициясын білдірді.

«Білім жəне ғылым министрлігінің жеке мектептер желісін кеңейту қажеттілігі туралы мәлімдемесін дұрыс түсіну керек. Сөз тек жаңа мектептер туралы қозғалуда. Жаңа мектептердің құрылысын жеке инвестицияларды тарту арқылы да ынталандыру қажет. Дегенмен барлық мемлекеттік мектептерді сақтап қалу жəне жеке сектор бармайтын жерлерде салуды жалғастыру керек», – деп ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ басшысы Асқар Ибраимов түсіндіріп өтті.

Шынымен де мектептер салу қажеттілігі үлкен, бұл халық санының өсуімен де, қала тұрғындарының артуымен де байланысты. Министр Ерлан Сағадиевтің мәлімдемесі бойынша, əрбір екі жыл сайын 300-ге жуық мектеп салу керек, оған бюджеттік қаражаттан 350-400 млрд теңге қажет болады. Білім беру ведомствосы басшысының ойынша, жеке капитал тартуды ынталандыру керек. Сонымен қатар, министр «мемлекет мектептер құрылысын, əсіресе, ауылдық жерлерде салуды жалғастырады» деп ерекше айтып кетті.

Пікірлер