Қазақстанда жұмыссыз жастардың саны 80 мыңнан асқан

Биыл Қазақстанда жұмыссыз жүрген жастардың саны 84 мыңға жеткен, — деп хабарлайды tengrinews.kz сайты Finprom.kz сарапшыларына сілтеме жасап.
Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, 2018 жылдың алғашқы үш айында жұмыссыздық деңгейінің ең жоғарғы көрсеткіші Алматыда тіркелген.  «Қазақстанда 2018 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,1% болды. Ал былтыр бұл көрсеткіш 3,9% болды. Жұмыс күші 1,2% (24,6 мың адамға) өсті, яғни, 2,05 миллионнан 2,07 миллион адамға дейін», — делінген сарапшылардың зерттеуінде.
Мәліметте Алматы қаласында 16,2 мың адам (жастар) жұмыссыз жүргені айтылады. Бұл – елімізде 15-28 жас аралығындағы жұмыссыз халықтың 19,3%. Осы тізімде екінші орында ОҚО өңірі тұр. Онда да жастар арасындағы жұмыссыздық 54,3% жеткен — 8,7 мың адамнан 13,5 мың адамға дейін. Одан кейінгі орында – Қарағанды облысы. Онда жұмыссыз жүрген жастардың саны 7,3 мыңға жеткен. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,2% көп екен.
Сондай-ақ, сарапшылардың зерттеуіне қарағанда жұмыссыздық деңгейінің төмен көрсеткіші СҚО мен Астанада байқалады. Астанада жұмыссыз жүргендердің саны азайғаны айтылады. Онда жұмыссыз жастардың саны бір жылда 6,8 мың адамнан 5,8 мың адамға дейін қысқарған.

дереккөз: tengrinews.kz
сурет интернеттен алынды

Пікірлер