Мәдениет: өткен жыл несімен есте қалды?

Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында облыстық мәдениет басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігінің талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Жанар Досаева қатысты. Сондай-ақ, жиынға қалалар мен аудандардағы мәдениет саласының қызметкерлері де шақырылды.

Өткен жыл Қостанай облысының мәдениеті үшін ерекше болды. Мемлекет басшысы ұсынған ұлттық сананы жаңарту және рухани жаңғыру ұлттық идеясы жаңа мәдени саясаттың стратегиялық арқауына айналды. Шақшақ Жәнібек ескерткіші, Кейкі батырдың сүйегін жерлеу, Ыбырай Алтынсариннің кесенесін қайта жаңғырту, алғашқы республикалық домбырашылар байқауы, Таран және Жанкелдин аудандарындағы «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына арналған шаралар – осының бәрі өткен жылдың басты жаңалықтары қатарынан. Осы секілді іс-шараларды облыстық мәдениет басқармасы басшысы Ерлан Қалмақов жіпке тізді. Оның айтуынша, өңірде барлығы 686 мәдени нысан бар: 371-і – кітапхана, 292-сі – мәдени демалыс ұйымы, 10 музей, 4 театр, 5 кинотеатр.

– Алдыңғы жылмен салыстырғанда 17 нысан оңтайландырылды. Қостанай қаласында «Zodiac cinema» кинотеатры ашылды. Былтыр облыс кітапханаларының қызметін 351,5 мың оқырман пайдаланды. Жалпы мәдени-демалыс ұйымдары 23 989 іс-шара өткізді. 63 көркем шығармашылық ұжым «Халықтық» атағына ие, – деді Ерлан Қалмақов.

2017 жылы облыс музейлері 10 мыңнан астам экскурсия өткізіпті. Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармония 335 концерт, театрлар 998 спектакль (25 премьера) қойды. 2017 жылғы мәдениет саласының бюджеті – 4855,9 млн теңге. Материалдық-техникалық жабдықтауға 370,2 млн теңге жұмсалды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 2 есе артық (184,0 млн теңге).

– Былтыр өнерпаздарымыз халықаралық деңгейде 50 жүлделі орынды иеленді. Тағы бір айта кетер жаңалық, Қостанай облысының делегациясы ІІ республикалық өлкетанушылар форумына қатысты. Қостанайлық үздік өлкетанушылар – Қалқаман Жақып және Ибрагим Ағытаев «Үздік өлкетанушы» төсбелгісімен марапатталды. Аймақтың археологиялық ескерткіштерін зерттеу және жүйелеу мақсатында облыстық бюджет қаражаты есебінен 3 археологиялық экспедиция жүргізілді. Соның нәтижесінде Аманкелді ауданының 200 археологиялық ескерткіші, Әулиекөл ауданының 51 ескерткіші туралы есеп жасалды, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, мәдениет басқармасы басшысы облыстың осы саласына тән мәселелерін тізіп өтті. Біріншіден, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлінетін инвестиция жеткіліксіз. Қазір Торғайдағы музейлер кешені, облыстық дала өлкесі музейі, Арқалық қаласының қалалық мәдениет сарайы, Қарабалық ауданының аудандық мәдениет үйі және Денисов ауданының кітапханалар жүйесі жөндеуді талап етіп отыр. Бұған қоса мәдени нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесі өзектілігін жойған жоқ.

– Мәселен, Қамысты орталық кітапханасы жүйесі тек 13% компьютерлендірілген. Науырзым ауданындағы ауылдық кітапханаларда телефон жүйесі жоқ. Арқалықта бұл жетістікпен бір ғана ауылдық кітапхана мақтана алады. Көптеген кітапханаларда автокөлік жоқ, – дейді Ерлан Қалмақов.

Сонымен бірге, басқарма басшысы мәлім еткендей, облыстың мәдениет саласына кәсіби мамандар жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін мәдениет басқармасы облыс әкіміне 2018 жылы 20 хореограф және 11 режиссерді оқыту үшін грант бөлуді сұрап отыр.

Кеңейтілген алқа мәжілісінде өңірдің үздік өлкетанушылары марапатталды. Қуанышбай Орманов пен Шөптібай Байділдин «Үздік өлкетанушы» төсбелгісін тағынса, Елена Цвентухқа Құрмет грамотасы тапсырылды.

Алмас БАЙДРАХМАН

 

Пікірлер