«Өнер-білім бар жұртпыз»

Жақында Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Өнер-білім бар жұртпыз» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шараға арнайы Көкшетау қаласынан Ақмола облыстық Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек бастаған экспедиция келіп, өңірдегі мәдени ошақтарды аралады.

Шара барысында ұлы ағартушы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин мен Кеңес Одағының Батыры, академик, педагог Мәлік Ғабдуллиннің арасындағы рухани сабақтастық, сондай-ақ қоғам дамуына қосқан өнегелі өмірлері туралы мәліметтер айтылды.
Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Ғажайып өмір баспалдақтары» атты жылжымалы көрмені музейдің аға ғылыми қызметкері А.Махметова таныстырды.

Батырдың 1943 жылы елге оралған сапары жөнінде деректі фильм көрсетілді. Бұл фильм музейдің алтын қорында сақталған ең құнды жәдігер болып есептеледі. Мұнда қазақтың маңдайына біткен, біртуар, дарабоз тұлғалардың жарқын бейнесін анық көруге болады. Қазақтан шыққан тұңғыш Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинді сол кезде 98 жасар жыр алыбы Жамбыл Жабаев өзі қарсы алып, батасын берген сәтін байқадық.

Жерлесіміз, Ы.Алтынсарин мектебінің түлегі, ағартушының өмірі мен қызметін зерттеуші, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Қалқаман Жақып құттықтау сөзін айтып, қонақтарға алғысын білдірді.

Қос тұлғаның рухани сабақтастығы мен педагогикалық байланысы насихатталған тағылымды кеште ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен еңбек жолы баяндалатын деректі фильм де көрсетілді.

25 желтоқсан күні Ы.Алтынсарин музейінің экспозициялық залында өткізілген іс-шара Таран ауданында жалғасын тапты. Би-ағаңның елімен танысып, халқымен кездесуді мақсат тұтқан М.Ғабдуллин музейінің қызметкерлері Б.Майлин атындағы музейге бас сұқты. Қазақтың көрнекті жазушысы, алаш қайраткері, кемеңгер тұлға Бейімбет Майлин мен қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің арасындағы рухани сабақтастықты зерделеген жиын ұйымдастырылды. М.Ғабдуллин 15 жасында Алматы қаласына келіп, ауыл шаруашылығы институтында оқып жүргенде жасынан жазу-сызуға бейімі бар бала сол кезде Бейімбет Майлин басқарған Алматы баспасынан алғаш кітабын шығарды. Осы алғаш таныстығы басталған кезден-ақ, Би-ағаң оны жанына жақын тартып, «Латынша әріп танисың ба?» деп сұрайды. Жасынан зерек болып өскен Мәлік «Иә, білемін» дейді. Төте жазудан латын графикасына енді ауысып жатқан кезде латын әрпінде сауатты жазатын адам баспада тапшы болатын. «Ендеше, сен бүгіннен бастап маған аудармашы болып жұмысқа кел, әр бетіне 80 тиыннан аласың» деп Би-ағаң қызмет ұсынып, қарамағына алған екен.

Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек өз сөзінде тарихи деректерге тоқталып, осындай рухани байланысты насихаттады.

  

  

SONY DSC

Тұлғалық музейлер арасында қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасу мақсатында Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің директоры Марғұлан Оспанов пен Ақмола облыстық Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мыразбек арасында өзара ынтымақтастығы жөнінде меморандумға қол қойылды.

Ақын-жазушылардың шығармашылығын дәріптейтін «Шашу» бағдарламасы Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің дәстүрлі іс-шарасы. Орайы келгенде «Көкшенің көк тұйғыны» атанған айтыскер ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, мәдениет саласының үздігі Құдайберлі Мырзабекті Қостанай халқымен кездестіріп, шығармашылығын дәріптеудің сәті түсті. Бұл кездесу кешінде Ақмола облысынан арнайы келген ақынның шәкірттері Абзал Балтабаев, Мерген Тоқсанбай және әнші Аслан Мұхамедияров кеш иесінің шығармаларын орындап, өз өнерлерін көрсетті.

Арқалықтан арнайы жеткен айтыскер Тоба Өтепбаев жырдан шашу шашып, інілік ілтипатын білдірді.

«Айтыстың таптым деп ем бел баласын,

Өзің де талайларға енді ағасың.

Оңайға иілмейтін өр басымды

Иілткен талантыңмен сен ғанасың.

Жақындау жүрмесең де өте маған,

Мен сені деген жоқпын бөтен адам.

Киесі Көкшетаудың сен деп білем,

Батасын беріп кеткен Көкен ағаң», – деп айтыс жүргізушісі, ақын Жүрсін Ерман да өз бағасын берген екен, кезінде.

Құдайберлі Мырзабек жақында ғана 2017 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл патриоты» атанып, ҚР Мәдениет министрінің марапатына ие болған еді. Осындай жетістіктерімен құттықтай келе, өз тілегін айтқан Қостанай облысы мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов кеш иесіне құрметпен шапан жапты.

Құдайберлі Мырзабек біз біліп, білмейтін жиырма шақты әннің авторы. Ол әндерінің мәтінін де өзі жазады. Кейбірін өзі де орындайды. Жақсы әндерінің көбі қазақ эстрадасында жүрген танымал әншілердің репертуарында бар.

Кеш соңында жұртшылық ақынның ата қонысы Ащылы Жекебояқ жайлауы туралы жазылған әніне түсірілген бейнебаянын тамашалап тарқасты. Орындаған – шәкірті Аслан Мұхамедияров.

Қостанай облысына «Рухани жаңғыру, Ұлылар ұлағаты» атты экспедициясымен келген Ақмола облыстық М.Ғабдуллин музейінің ұжымы сапарының соңында Қостанайдағы мәдени ұйымдарының нысандарын аралап, қала көркіне көздері тойып, көңілдері марқайып қайтты.

Ақерке ТҮЛКІБАЕВА

Пікірлер