Өзбекстан – бізден, біз – Ресейден…

Биыл елімізде 3,5 миллион картоп жинап алынды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда өнім 1,6 мың гектарға кем. Осы жылдың қаңтар-тамыз айларында  республикадан экспортталған картоптың жалпы көлемі 107,7 мың тоннаны құрап, 17,4 млн АҚШ долларына бағаланды. Жалпы өнімнің 106,6 мың тоннасы Өзбекстанға экспортталған. Ал 2017 жылдың қазан айында Өзбекстанда егіс науқаны басталғандықтан, ондағы картопқа деген сұраныс күрт төмендеді.

Ал бізде картоп бағасы тұрақтамай тұр. Қыркүйек айында 1 кг өнім 80-90 теңге болса, қазан айында бірден 125 теңгеге қымбаттаған.

Картоп және көкөніс өндірушілер одағының төрағасы Қайрат Бисетаев бағаның құбылуы оның жеткізілуіне тікелей байланысты екенін айтады. Мысалы, Ресейден әкелінетін картоптың бағасы 85 теңгеден басталса, Павлодардан жеткізілетін өнімнің бағасы 100 теңгеге дейін барады. Себебі, Павлодар картобын базарларға жеткізетін жүк тасушылар келісіне 8 теңгеден қосады. Мұның себебі – жанармайдың қымбаттауы. Картоп елімізде жеткілікті болса да, Ресейден жеткізілетін картоп бағасы 10 теңгеге арзан. Себебі оларда қазір егін жинау науқаны жүріп жатыр және қыркүйек-қазан айларында картоптың көп болуына байланысты қоймаға сыймаған картоптар арзан бағада сатылуда.

Пікірлер